Сәрсенбі, 16 Сәуір 2025
Ақмылтық 352 0 пікір 16 Сәуір, 2025 сағат 13:32

Лавров шындықты неге бұрмалайды?

Жуырда Алматыға ТМД сыртқы істер министрлерінің кеңесіне келген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын сынға алды.

Лавров 2022 жылдың жазында айтылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттердің территориялық тұтастығына қатысты пікірімен келіспейтінін айтты. Ол: «Территориялық тұтастық тек мемлекеттің бүкіл халқының өкілеттігі жауапкершілігіне міндеттенген үкіметтері бар мемлекеттерге қатысты құрметтеледі», - деп Тоқаевтың пікіріне түсініктеме берді.

Ресей СІМ басшысы бұл келіспеушілігін «Коммерсант» басылымына берген сұхбатында айтты. Ол журналист Андрей Колесниковтың «Ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы мен мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтау бір-біріне қайшы емес пе?» деген сұрағына жауап ретінде айтылды.

Осы мәселеге байланысты С.Лавров Тоқаевтың 2022 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумындағы сөзін еске салып, оны: «Тоқаев «Егер халықтардың өзін-өзі анықтау құқығына ғана сүйенетін болсақ, әлемде 650-ге жуық аймақтық қақтығыс бірден тұтануы мүмкін» деген еді», - деп құбылтты...

Алайда, бұл шындыққа жанаспайтын сөз. С.Лавров «Ресей Украинаға соғыс жариялаған жоқ» деген бүлк етпей айтатын «әдетіне» басып, бұл жолы да Тоқаевтың сөзінің «өңін айналдырып» өзіне ыңғайлап айтты. Шын мәнінде Тоқаев былай деген болатын:

«Егер ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы жүзеге асырылатын болса, қазіргі таңда БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің орнына Жер бетінде 500 немесе 600-ден астам мемлекет пайда болар еді. Әрине, бұл — хаос».

Лавров Қазақстан Президентінің бұл ұстанымын қолдамайтынын айтты:

«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол сөзін жақсы білемін. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз өзіміздің ұстанымымызды қазақ достарымызға түсіндірдік. Ол тек территориялық тұтастық құқығын ғана мойындайды. Бірақ мен тағы да қайталаймын: «Егер сіз БҰҰ мүшесі болсаңыз, онда Жарғыны толық көлемде құрметтеуіңіз керек. Мен «деколонизацияны» мысалға келтірдім — онда мемлекетаралық қатынастар қағидаттары туралы декларацияда жазылған нәрсе орын алды. Яғни, «территориялық тұтастық тек сол аумақтағы бүкіл халықты өкілдік етіп отырған үкіметі бар мемлекеттерге ғана қатысты құрметтеледі», - деді Ресей СІМ басшысы.

Ендеше, Лавровтың пайымынша:

1. Территориялық тұтастық тек өз территориясында (мемлекетте деңіз) тұратын барлық халықтарды өкілдік ететін үкіметтерге ғана тиесілі.

2. Бұл Қазақстанға қатысты ма, онда 124-тен астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр, әлде 160-тан астам этнос мекендейтін Ресейге қатысты ма — бұл жөнінде министр нақтыламады.

Қызықтың «көкесі» осы жерде ‑ Лавров нені және кімді шатастырып отыр – осыған жауап берейік:

1. Әрбір мемлекеттің БҰҰ Жарғысында көрсетілген дербестігі, ең алдымен, «территориялық тұтастықтан» басталады. Осы «территория» мемлекеттің сыртқы шекарасын анықтайды да, ол оның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі басты атрибуты. Ал, енді, осы территорияға сырттан келер қауып – агрессия деп аталады. Егер,  жердің бір бөлігін басқа мемлекет басып алса, ол ‑ «оккупацияланған жерлер» деп саналады. Ал, егер, мемлекеттің жерін сыртқы күш толығымен жаулап алса, онда бұл ‑ мемлекеттің жойылуын білдіреді.

2. Кез келген мемлекеттің билігі тек қана өз территориясында билік жүргізеді және осы мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық этностар мен халықтар үшін жауапкершілікті мойнына алады. Өйткені, мемлекеттегі барлық ұлт өкілдері «ұлтына, тіліне, дініне, нәсіліне, жынысына, жасына» қарамай, тек осы мемлекеттің азаматтары саналады. Сондықтан, бұл мемлекеттің территориялық аумағындағы болып жатқан барлық оқиғалар, қайшылықтар тек қана осы мемлекеттің «ішкі мәселесі» болып табылады. Өзге мемлекеттердің оған қол сұғуына БҰҰ Жарғысы үзілді‑кесілді қарсы. Оны осы мемлекеттің өзі реттейді.

Сондықтан, С.Лавров Ресейдің Украинаға қарсы «арнайы соғыс операциясын»  ақтау үшін осындай құйтырқылыққа барып отыр деуге болады. Себебі, Ресей Федерациясының өзінде де «ішкі қайшылық» жетіп‑артылады. Әрі, бұрын да, қазір де Ресей билігі өз аумағындағы барлық халықтардың «тең өкілеттігін» өз жауапкершілігіне алды дей аламыз ба? Мысалы, Ресейдегі көптеген халықтар бүгінде өз мәдениетінен, тілінен ажырауда. Олардың жанайқайын түсініп, өте үйлесімді ұлттық саясат жүргізу – бүгінде Ресей үшін өте өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Соның бірі, өткен жылдары Мәскеуде салынбақшы мешіт мәселесінде айқын көрінді.  Тізбелей келсек, одан өзге де қайшылықтар кездеседі, мәселен, Ресейдің депрессиялық аймақтарында тұрып жатқан халық саны қаншама?!.

Ендеше, С.Лавровтың мына сөзінен «Ресей Украинадан өзге тағы қай мемлекетті «Билігі өз халқының толық өкілеттігін ала алмаған» деп айыптай     алады?» деген сұрақ туындайды. Яғни, бұл пікір Ресейдің бүгінгі Украинаға қатысты «арнайы соғыс операциясын» ақтаудың бір тәсілі десек қателеспейміз.

Бірақ, әйтеуір, Алматыға жасаған соңғы сапарында Сергей Лавров ешқандай даулы мәлімдеме жасамады. Керісінше, Мұрат Нұртілеумен ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың Мәскеуге алдағы сапарын және Ресейдің Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына қатысу мүмкіндігін сабырлы талқылады.

Сонымен қатар, Ресей СІМ басшысы Сумы қаласына жасалған Ресей зымыран соққысы жайында да пікір білдіріп, бұл шабуылдың бейбіт нысанға емес, «украин әскери басшыларының Батыс әріптестерімен кезекті кездесуіне» бағытталғанын айтты.

(Ол «кездесу» неге Украинаның «ішкі мәселесі» емес?..).

Украина деректері бойынша, шабуыл салдарынан 20-дан астам адам қаза тауып, 83 адам жараланған. Арасында балалар да бар... Ол балалар «әскери басшылардың ортасында» неғып жүр екен десейші?...

Әбдірашит Бәкірұлы, сарапшы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1955
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4782
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3942