Сенбі, 19 Сәуір 2025
Тарих 791 0 пікір 17 Сәуір, 2025 сағат 11:37

Қара күн ту көтерген Мұқалы ноян...

Сурет: Ұ.Дәлейұлының мұрағатынан алынды.

Біздің қазақты Шыңғыс дәуірімен, оның ұлы жорықтарымен байланыстыратын даңқты тұлғаларымыз өте көп.

Шыңғысқа қағанат құрып берген 43 ру түгел қазіргі қазақ құрамында.

Шетінен тізбелей зерттесеңіз, ұшына жету үшін ұзақ жол керек. Орта ғасырлық тарих туралы қалам тербеген кез келген тарихшы мен жазушы Шыңғыс қаған құрған ұлы қағанаттан айналып өте алмайды. Алайда, Шыңғыс пен оның әулетінің тасасында тұрып, дала тауарихын бірге жазысқан атақты бектер, уәзірлер, нояндар, үлкенді-кішілі қолбасылар, күйші-жыршылар жетерлік.

Солардың ішінде аты ғалам тарихына енген жалайыр Мұқалы ноян мен найман Кет-Бұқа күйшінің орны айрықша.

«Уақыт пен мүмкіндік болса, тұрмыс қол байламаса, екі тұлға жайлы кең-мол деректерді пайдалана отырып, екі бөлек тарихи-деректі роман жазса ғой, шіркін!» деп қоямын.

Мұқалы ноян қара күн таңбалы ту көтеріп, қағанат іргесін көтеріскен соң шүршіттер құрған Алтын (Жин) патшалығын шабуда атақты «Төррт күліктің» қатарында атой салды.

Қара ту – көшпенділер салтында өлім белгісі. Мұқалының аты кестеленген қара күн бейнелі туды көрген шүршіт пен хуашия әскері соғысуға батпай, алыстан тайып отырады екен. Көзі тірісінде-ақ аты үрейлі аңызға айналған батырдың рухы бізге демеу.

1211 жылы қазіргі Жаңжиякудың шығысындағы көшпенділер Түлкі асу (Онгын асуы), қытайлар Иехулиң деп атайтын қыратта, Хуан Ырзүй маңында тоқсан мың қағанат қолы шүршіт-хуашияның төрт жүз мың лашкерін түгел қиратқан атақты соғысты қытайлар жылап еске алады. Осынау сұрапылда Қасар мен бірге шеп бұзған батырлардың бірі осы Мұқалы ноян болатын.

Шыңғыс жорықтарына Сартауыл-Хорезм соғысынан өзгесіне дерліктей қатысқан, жай қатысып қоймаған, дулығалы бас кескен, жау шебінен ту алған. Сол арқылы қаған мерейін көтерген. Шеп бұзып, жау жапырған аса адуынды, парасатты батырдың ғұмыры да келте.

1218 жылы Шыңғыс қаған Сартауыл жорығына кетер алдында Мұқалыны әлі толық бағынбаған Алтын елінің ұлыс бегі, хан (Гоуаң) етіп тағайындаған. Әйгілі ноян 1223 жылы көкек айында, 53 жасында қазіргі Қытайдың Шанши өлкесіндегі Сижоу ауданы Тұңшүй өзені бойындағы Бәнши деген жерде қайтыс болады. Құлпытасы да сонда тұр.

Қайтыс болар алдында шүршіт астанасы Биянжияңға (Қазіргі кайфың) өтетін жолда үлкен кедергі Шәнши уәлаятын түгел қолына қаратып, Жыбэйді тазалайды. Ең таңдаулы екі жүз мың әскер бекінген Тұңгуан қамалын алуға санаулы уақыт қалған еді.

Өлер алдында барлық мыңған нояндарын жинап: «Қырық жыл бойы қолымнан қару түскен жоқ. Ұлы қағанымның жорықтарына шамам келгенше жәрдем еттім. Еш жаудан бетім қайтып, шегініп көрмедім, аттап шықсам алдымда жеңіс күтіп тұратын. Еңсем еңкейіп, рухым түсіп, бетім қайтқан емес. Бір арманым орындалмады – Биянжияң шаһарын шауып, патшаны ұстау еді. Ол енді сендердің мойындарыңа қарыз болып қалды...» депті.

Ол жайлы менде жеткілікті тарихи деректер бар. Тәңірі жар болып, аруақ қолдаса, кешікпей оған да оралармын.

Ұларбек Дәлейұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2036
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4893
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4092