Өткенге әділетпен қарау – болашаққа сеніммен қадам басу

Соңғы уақытта Президент Тоқаев бірнеше рет: тарих – дауласатын құрал емес, халықты біріктіретін негіз болуы керек деген пікірін айтып жүр. Оның ойынша, тарихқа объективті қарап, өткеннің жақсысы мен жаманын қатар мойындау қажет. Бұл – қоғамдағы бірлікті сақтаудың жолы.
Алайда бұл көзқарас бәріне бірдей ұнай бермейді. Жуырда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Тоқаевтың бұрын айтқан кей пікірлерімен келіспейтінін мәлімдеді. Еске сала кетсек, 2022 жылы Тоқаев Санкт-Петербург экономикалық форумында бір ұлттың атынан жаңа мемлекеттер құру идеясымен келіспейтінін айтқан еді – себебі бұл әлемдік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін деген.
Лавров оған қарсы өз уәжін келтірді: БҰҰ Жарғысында халықтардың өзін-өзі басқару құқығы да бар дейді. Оның пайымынша, егер үкімет өз еліндегі бүкіл халықтың мүддесін қорғай алмаса, онда кейбір этностардың тәуелсіздікке ұмтылуы заңды құбылыс болуы мүмкін.
Бұл пікір айырмашылықтары – қос елдің тарихқа, мемлекеттілікке және халықаралық құқыққа деген көзқарастары әртүрлі екенін көрсетеді.
Алайда сарапшылардың айтуынша, Қазақстан үшін ең маңыздысы – өткенге әділетпен қарап, тарихты халықты біріктіретін құралға айналдыру. Өйткені болашаққа сенімді қадам жасау үшін, өткенге әділетті көзқарас қажет.
«Кеңес үкіметін мүлде жаман етіп көрсетуге болмайды, деді президент Тоқаев. Оның ақ тұсы да, қара тұсы да, артықшылығы да, кемшілігі де болды. Оны мойындау керек. Артықшылықтарына келгенде мына бір ғылыми фактіні атап өтті: биыл бізге «қазақ» деген атаудың қайта оралғанына 100 жыл толып отыр. Мұны Президент Ұлттық құрылтай барысында айтты.
Сонда «қазақ» деген атауды кім қайтарды? Сәкен Сейфуллин. Алашорда идеясын ұстанатын ғалымдар мен зерттеушілер Сәкен Сейфуллинге қатысты түрлі пікір айтады: біреулері жақсы тұстарын айтса, кейбіреулері кері тұстарын алға тартады. Бірақ қалай дегенмен де, осы бір тұсын — «қазақ» деген атауды қайта алып келуге атсалысқанын мойындау керек.
Бұдан бөлек, Президент бұл туралы айтқан жоқ, бірақ іс қағаздарды қазақыландыруға, қазақша жүргізуге сол заманда Сәкен Сейфуллин ықпал еткен. Әкімдіктерде іс қағаздар қазақ тілінде жүргізіле бастады. Сол дүниені біз қазір жасай алмай отырмыз, бүгінде барлығы орысша.
Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес үкіметі кезіндегі Қазақстан тарихының ақ-қарасын ажырата білуіміз керек. Тек жаман деудің қажеті жоқ. Жақсы тұстары да, жаман тұстары да болды. Ақты — ақ, қараны — қара деп айту қажет»,- дейді саясаттанушы Пердехан Шәмшиев.

Пердехан Шәмшиев
Сурет: almaty.tv сайтынан алынды.
Кеңес дәуіріне қатысты көзқарастар қоғамда әлі де көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Бұл тек тарихшылар үшін емес, қарапайым азаматтар үшін де маңызды сұрақтар тудырады: өткенімізді қалай бағалауымыз керек? Жақсысын дәріптеп, жаманынан безіну жеткілікті ме?
«Президент Құрылтайда Кеңестік дәуірдің жақсы және жаман жақтары бар екенін айтты. Ол расында да солай, өйткені қазір қоғамда осындай көп айтылатын мәселелер бар. Бұл қазір ғана емес, тәуелсіздік алғаннан бері көп толғандыратын мәселелердің бірі. Көршілерге, өзіміздің ұлттық тарихымызға, Кеңестік замандағы қайраткерлерге байланысты сұрақтар көп. Әрине, жаманнан арылу керек, бірақ жақсы жақтары да болды. Ұлы Отан соғысы кезінде қаншама зауыттар салынды, оны да ескеру керек. Немесе Димаш Ахметұлы Қонаевтың көшбасшылығы кезінде қаншама жақсы, игі істер жасалды. Қалалар салынды, қазіргі Алматының негізі сол кезде қаланды деуге болады. Яғни, тәуелсіздік заманында да көптеген өзгерістер болды. Әрбір кезеңде жақсы да, жаман да істер болды, бірақ жақсысы көбірек. Сондықтан жақсы жақтарын көбірек көрсету керек. Бірақ жағымсыз жақтары туралы да айту қажет, өйткені ол біз үшін сабақ болуы керек. Егер біз тарихымызды ұмытып кететін болсақ, бұл өте жаман. Өйткені, тура солай келешекте жағымсыз процестер қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл туралы балаларға да, жаңа ұрпаққа да жеткізу керек»,- дейді саясаттанушы Қайыржан Әбдіхалықов.

Қайыржан Әбдіхалықов
Сурет: almalife.kz сайтынан алынды.
Кеңес Одағы ыдырағалы отыз жылдан асты. Дегенмен, сол кезеңнің ізі – қоғамдық санада да, күнделікті өмірде де әлі сезіледі. Біреу үшін Кеңес дәуірі – ұлтты жоюға бағытталған саясат, бірі үшін – тәртіп пен тұрақтылықтың, әлеуметтік қамсыздандырудың уақыты. Ал шын мәнінде, біз әлі күнге дейін сол кезеңге толық, әділетті баға бере алдық па?
Бүгінде қоғамда Кеңестік мұраны бағалауда екіұшты пікірлер жиі кездеседі. Бірі өткенге тек өкпе артады, екіншісі сол кезеңді аңсайды. Бірақ мәселе – эмоцияда емес, тарихи әділетте. Өткенді қабылдаудың ең дұрыс жолы – оны тек кінәлауда емес, сабақ алуда. Себебі кез келген жүйенің өз жетістігі мен кемшілігі болады. Ешбір дәуір толықтай ақ немесе қара бола алмайды.
Тәуелсіз Қазақстан қалыптасқан шақта бізге ең қажет дүние – өткенге рационалды көзқарас. Кеңестік кезеңде жоғалтқанымыз да көп, үйренгеніміз де бар. Бүгінгі еңбек мәдениеті, кәсіби мамандарды даярлау жүйесі, кейбір әлеуметтік институттар – сол заманнан қалған ізі.
Осы тұрғыдан келгенде, кәсіпкер Шыңғыс Үмбетаев Кеңес кезеңіне сыншыл әрі байыпты көзқарас білдіреді. Ол тарихты саясаттың құралы емес, қоғамды жетілдірудің құралы ретінде қарауға шақырады:
«Енді көп жағдайда, шынымен, көпшілік... Біз әлі де «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, 70 жылдық... әлі де сол 70 жылдық бодандықта, тәуелді болып өмір сүргеніміздің салдары білініп жатыр.
Дегенмен, әрбір жүйенің өз плюстары мен минустары міндетті түрде болады. Біз қазір белгілі бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ал ертең, елу жылдан кейін, бұл қоғам да сыналатын болады. Ол – қалыпты құбылыс, табиғи заңдылық. Міндетті түрде сыналу керек, деп ойлаймын. Себебі сын түзелген кезде, мінді түзейміз, қоғам ары қарай ілгерілейді.
Менің ойымша, Кеңес үкіметі әртүрлі реформалары арқылы беретінін берді, ал кемшіліктері – қазақи, ұлттық идеологияға қатысты. Біз сол жерде біраз нәрседен айырылып қалдық, оны тарих дәлелдеді, ғылым дәлелдеді, оны мойындауымыз керек.
Ал плюс жақтарына келсек, сол кезде жасалған реформалар, қазіргі таңда жарияланып жатқан жұмысшыларға деген құрмет, сол кезеңдегі тәлімгерлік, менторлық мектептер, белгілі бір әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету секілді плюстары болды», - деп санайды кәсіпкер Шыңғыс Үмбетаев.

Шыңғыс Үмбетаев
Сурет: instagram.com
/shyngys_umbetayev сайтынан алынды.
Өткенді бағалау – тек саяси емес, рухани да міндет. Ұлттық сананың қалыптасуы, тарихи жадының орнығуы қоғамның ішкі тұрақтылығы мен болашағына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, тарихты өзіміз жазу, өзіміз түсіну – ұлтты кемелдікке жеткізетін маңызды қадам.
«Өкінішке қарай, біздің тарихымыз соңғы 200–300 жылда түрлі қиын кезеңдерден өтті. Сол уақыттарда халқымыздың тарихы көбіне өзгелердің көзімен жазылды. Біз өз тарихымызды өзіміз жазған жоқпыз. Дегенмен, соңғы жылдары осы тарихи олқылықтың орнын толтыру үшін ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Президенттің өзі де тарихқа ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан тарихының академиялық жеті томдығы жазылу үстінде. Тіпті бауырлас Татарстан сияқты елдер мұндай іргелі еңбектерді әлдеқашан аяқтап қойған. Біз де енді ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі өз тарихымызды жүйелі түрде жазып жатырмыз.
Одан бөлек, «Алаш ісі» атты 12 томдық еңбек жарық көрді. Бұл – Алаш кезеңіне қатысты алғаш рет осындай көлемді және кешенді зерттеу ретінде қолға алынған елеулі жұмыс. Бұл қадамдар – ұлттық тарихи сананы жаңғыртудың нақты көрінісі.
Өйткені тарихи сана жаңғырмай, ұлттың бірігуі қиын. Егер біз өз тарихымызды терең білсек, ұлттық жадымыз кемелденсе, онда өзімізге деген құрметіміз артады. Ал бұл – кез келген ұлттың рухани тұтастығы мен болашағына апарар жол. Осы тұрғыдан алғанда, тарих – ұлтты біріктіретін ең маңызды идеологиялық негіздердің бірі деуге болады.
Сондықтан да Президенттің тарихқа ерекше назар аударып, жүйелі әрі терең жұмыс жүргізіп жатқаны – өте орынды және уақыт талабына сай бастама.
Әрине, кейбір мәселелер бар. Біз қазіргі ахуалды, геосаяси жағдайды, көршілеріміздің ұстанымдарын жақсы түсінеміз. Сондықтан әрбір қадамымызды ойланып, байыппен жасауымыз қажет. Бұл жөнінде Президент те атап өтті. Саналы, кемел ұлт болу үшін бізге бабаларымыздың жолын ұстанып, дана саясат жүргізу қажет деп ойлаймын, – дейді журналист Ержан Қалымбайұлы.

Ержан Қалымбайұлы
Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.
Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі геосаяси жағдайда Қазақстанға өте мұқият, байыпты саясат жүргізу қажет. Аймақтық тұрақсыздық, державалар арасындағы текетірес жағдайында әрбір қадам салмақты болуы тиіс. Сонымен қатар, ел тарихына объективті көзқарас қалыптастыру – ұлттық бірлік пен тәуелсіз ұстанымды нығайтудың маңызды бөлігі болып саналады. Өйткені тарихи әділет пен сыртқы сабыр – мемлекеттіліктің тірегі.
Гүлмира Сыздыққызы
Abai.kz