Дүйсенбі, 21 Сәуір 2025
Құйылсын көшің 646 0 пікір 21 Сәуір, 2025 сағат 13:31

«Ата жолы» картасының сәніне емес, мәніне мән беретін кез келді...

Суреттер: jasqazaq.kz сайтынан және А.Мұқибектің мұрағатынан алынды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев мырзаның назарына!

Екі жыл бойы «жыр» болған «Ата жолы» картасы!

Аталған карта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымасына сай, Еңбек және халықты әлеуметтік қоғару министрлігі жағынан жобасы жасалып, 2023 жылы 20 сәуірде «Халықтың көші-қоны туралы» заңымен бекітілген болатын.

Өкінішке орай, Мәжіліс пен Сенат бұл жобаны қараған кезінде, оның қолданылуын тоқтату және беруден бас тарту үшін негіздерін заңдастырған да, ал оны алған этникалық қазақтардың ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІН «ұмытып» кеткен.

Сөйтіп, «Ата жолы» картасы екі жылдан бері аты бар, заты жоқ жоба болып келді.

Көші-қон саясатымен ұзақ жыл айналысқан тәжірибелі маман ретінде аталған картаның бұл кемшілігін айтып, сан мәрте мәселе көтердім.

Ақыры, өткен жылдың 14 қазанында ҚР Парламентінің Сенаты: «Ата жолы» картасына қатысты шалағайлықты мойындап, «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», - деген жауап берді.

Соған қарамастан, атқарушы билік пен заң шығарушы орган аталған картаны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан: «Қазақстан азаматтығы мен қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді...», - дегізіп, арт-артынан үш мәрте айтқызып жіберді.

Нақтылап айтсақ, аты бар, заты жоқ жобамен Президентімізді шеттегі қазақтардың алдында өтірікші қылды.

Бірақ, осы жобаны жасауға және оны заңдастыруға қатысқан бірде-бір атқарушы билік пен заң шығарушы органның жауапты тұлғасы кеткен қателік үшін не Президенттен, не халықтан кешірім сұраған жоқ!

Әлі де кешірім сұраса, кеш емес!

Ал, «Ата жолы» картасына келсек, бекер облы кәне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өздерінің қателіктерін мойындап, енді сол картаны беру тетігін жетілдіруге, тиімділігін арттыруға барынша құлшынып отыр.

Олардың айтуына қарағанда, аталған министрліктің вице-министрі Асқарбек Ертаев мүдделі мемлекеттік органдардың басын қосып, алты-жеті мәрте жиналыс өткізген. Бірақ, сол кездесулерден тұшымды нәтиже шықпаған.

18 сәуір күні сол қатысты министрліктердің жауапты тұлғаларын, «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» РҚБ өкілдерімен және тәжірибелі маман ретінде мені де (Ауыт Мұқибекті) қосып, тағы бір мәрте отырыс өткізіп, талқы жүргізді.

Әрине, «Ата жолы» картасының заңдық негізін жетілдіру, тиімділігін арттыру жалғыз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аясында шешілмейді.

Оның үстіне, тағы қайталап айтайын, «Ата жолы» картасы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жолға қойылып отыр.

Сондықтан, бұл карта этникалық қазақтарды әшейін алдаусырату үшін жолға қойған жоба емес!

Егер, біз «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың мәртебесін «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 5-бабына сай көшіп-келушілерге берілетін құқықтар мен міндеттердің деңгейінде қарасақ, онда қатты қателесеміз.

Мысалы, Дональд Трамп жаңа «Алтын картаны» шетелдік ауқатты адамдарға бес миллион АҚШ доллардан сату туралы шешім қабылдады. Бұл – бір.

Ал, естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев 22 жылы inDriver компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскийді қабылдап, 2023 жылы оған Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 6 маусымдағы N1587 Жарлығының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтын берді.

Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай жолға қойылған «Ата жолы» картасы да ауқымы, мақсаты мен құқықтық салмағы жағынан Трамптың «Алтын картасының» деңгейінде болып, ол Арсен Томский секілді қалталы, іскер этникалық қазақтарды Қазақстанға тарта алатын қуатқа ие болуы керек!

Тіпті, сондай болмаса да, соған жетеғабыл деңгейде жасалуы тиіс!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Ата жолы» картасын жолға қоюдағы басты мақсаты – осы деп ойлаймын!

Кешегі вице-министр Асқарбек Ертаев шақырған жиналыстан байқағаным, мүдделі министрлік өкілдері «Ата жолы» картасының мәні мен маңызын түк те түсініп отырған жоқ!

Мысалы, жиналыс барысында сөз алған Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаменті директорының орынбасары Асель Садықова  ZOOM-ның өзін дұрыс игере алмай қор болды, оның не айтып, не қойғанын ұқпадық;

Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің бірінші хатшысы Бақытжан Сапарбаев «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтар үшін жаңа санаттағы виза беру тәртібін енгізуден ат тонын ала қашып, шеттен келетін ағайындарға беріліп жатқан виза беру тәртібі жеткілікті деп, бір шалқайды, арнайы хат түсіріңдер деп, екі шалқайды. Үшінші мәрте сөз алып, тағы бір татымсыз уәждер айтқан болды...

Есіңізде болса, өткен жылғы алапат су тасқыны кезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ...», -деп еді ғой.

Қысқасы, «Ата жолы» картасына қатысты талқылау кезінде де мүдделі министрліктер арасында осы жағдай тағы орын алуда...

Құрметті Ермек Беделбайұлы!

Қазақтың аса көрнекті ақыны Қадыр Мыра-Әлі ағамыздың мына бір керемет өлеңі есіңізде ме?

Ойқастаған жақсы атпен
Орта жолда қалмайсың.
Кішігірім мақсатпен
Үлкен адам болмайсың!

«Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтар ойқастаған жақсы ат мінгендей күй кешуі керек қой.

Көріп отырсыз, біз мынадай кішігірім мақсатпен биік белестерді бағындыра алмаймыз! Президентті тағы да ұятқа қалдырамыз!

Сол үшін, «Ата жолы» картасын беру тәртібін жетілдіру мәселесі мынадай мақсаты жер бауырлаған керанау департамент директорлары мен тірсегіне сиген комитет басшыларының емес, ең кемінде вице-министрлердің деңгейінде талқылануы керек!

Қысқасы, Олжас Бектенов айтқандай, «Ата жолы» картасының сәніне емес мәніне мән беретін кез келді...

Сізден осы мәселені Өзіңіздің назарыңызға алуды сұраймын!

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальінің, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2097
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4968
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4189