Ресей агрессиясы: Молдова 72 сағатта құлар еді...

Молдова деген алақандай ғана мемлекеттің премьері Дорин Речан дейтін азаматтың әңгімесі: Импершіл Ресейдің ешқашан уәдеде тұрмайтын өтірікші һәм агрессор екенін әшкерелеп сөйлеген сұхбаттың бірсыпыра тезистерін ұсынайық...

Сурет: radiomoldova.md сайтынан алынды.
***
– Олар ең әуелі Днестрдегі соғысты қолдады. Олар әлі күнге сонда қалып отыр. 1992 жылы олар бізге: "Конституцияларыңа нейтралитетті енгізіңдер. Сонда біз кетеміз", - деді. Молдова Конституция бойынша нейтралды мемлекет болды. Бұл біздің Конституциямыз. Біз оны және оның әр бап, әр тармағын құрметтейміз. Ал Ресей не істеді? Уәдесінде тұрмады. Қазір біздің нейтралды статусымызды сақтамай отырған жалғыз мемлекет - Ресей, - дейді.
***
– Қазір Ресей өзіне ыңғайлы позиция керек бола қалса, Приднестровьеде бүлік шығарады. Бұл олардың бопса құралы болып отыр, - дейді.
***
– Ресей Молдованың еуроинтеграциялық таңдауын болдырмау үшін, Молдова халқының дауысын сатып алу үшін өзінің ЖІӨ-нің 1 пайызына тең қаражат жұмсады. Шамамен 10 пайызға жуық халықтың даусын сатып алды. Бірақ, түбі біз жеңіп шықтық, - дейді.
***
– Батыс сарапшылары алғашқыда "Украина үш тәулікте, созылғанда бір айда құлайды" деп болжады ғой. Сол кезде біз де болжам жасап, түрлі сенарийлерге дайындалдық. Егер Одесса орыстың қолына өткенде, Молдова 72 сағатта толық құлайтын еді, - дейді.
АҚПАРАТ: Приднестровье деген - Молдова құрамындағы автономия статусына ие аумақ. 1990 жылы бұл аумақ бүлік шығарып, өз суверенитетін жариялады. Әрине, Кишинев қарап тұра ма, өзін-өзі жариялап алған мемлекетсымақпен арада қарулы қақтығыс тұтана кетті. Сол жылы Приднестровьеге Ресейдің әскери контингенті кіргізіліпді.
Сол қақтығыс әлі күнге реттелген жоқ. Әлемдік қауымдастық Приднестровье тәуелсіздігін мойындамайды. Ал 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқанда, Еуропа Приднестровьені "Ресей оккупациялап алған аумақ" деп жариялады.
Бүлікшіл Приднестровье аймағында жүздеген мың адам Ресейдің азаматтығын алған және Ресей паспортының иегерлері саналады. Приднестровье мәселесі Украина соғысынан кейін ушыға түсті. Приднестровье Украина мен Молдова шекараларының арасында орналасқан.
Қайсыбір жылдары (тіпті былтыр) Приднестровье бүлікшілері Ресейге қосылу туралы бастама да көтерген. Бірақ, Кремль бұл ұсынысты ауада қалдыра тұрды.
Сарапшылар 2022 жылы "Ресей Украинаны жылдам жаулап алса, Приднестровьегі Одесса және Николаев арқылы құрлық жолын ашып, Молдованы да өз құрамына қосуға тырысар еді" деген болжамын айтқан болатын. Алайда Ресейдің әскери жоспары іске аспады, ал Қара теңіздегі Ресей флоты бірнеше кемесінен айырылып, кері шегінуге мәжбүр болды.
Сарапшылар Ресей Приднестровьені құрамына қосуды ойласа, тек қана десанттық күштер арқылы әрекет етуге тырысатынын айтуда. Алайда ондай жағдайда Молдова мен Украина күштері бүлікшіл аймаққа қарсы өз операциясын бастауы ықтимал.
Abai.kz