Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

(Осы тарихи оқиғаның 70 жылдығына арналады)
Қазақ жерінің шығысындағы Тарбағатай жері де тарихтың тарғалаң жылдарында бөліске түсіп, жарымы қазіргі Қытай жерінде қалғаны белгілі. Осы қасиетті топырақ ежелден атам қазақтың құтты қонысы болып келген еді, осы Тарбағатайдың арғы бетінде (1944-1962) жылдарға дейін түрлі тарихи, саяси оқиғалар болып жатты, ішінде ең көрнектісі 1944-1947 жылдар аралығында болған ұлт-азаттық күрестер еді. Деседе осы күрестер болған қазақтың төрт аймағының екеуінде яғни Алтай мен Іледе болған ұлт-азаттық күрестері туралы көп айтылып та жазылып та келеді, бірақ Тарбағатай жерінде болған күрестер айтылмай келеді, болған тарих тасада қалмау керек, ендеше Тарбағатайдағы оқиғалар қалай болды? Кімдер қозғалыс бастады? Соңы немен аяқталды? Осы сауалдарға тарихи деректермен сол оқиғаға қатысқан куагерлердің естеліктері , тарихи картиналар арқылы жауап беруді жөн көрдік. Өйткені осы оқиғаларды тек Қытайдағы Тарбағатай қазақтарының тарихы деп қарауға болмайды, себебі 1931-1962 жылдарға дейін арнайы тапсырмамен Тарбағатайға барған жүздеген Кеңестік қазақ азаматтары болды, 1955-1962 жылдары Тарбағатайдан 60 мыңнан астам қазақ бері көшті, олардың Қазақстандағы ұрпақтарының ұзын саныда 600 мыңнан әлде қайда асып кеткені белгілі, сонымен бірге Кеңестер одағы КГБ генералы Белияның Алматыда тұрып басшылық еткен «Шығыс Түркістан операциясы» қимылына 3000-10000 ға дейін Орта Азиялық қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, орыс, татар әскерлері ат салысты. Тіпті л қатарда Моңғолиядағы қазақтарда бар.
Тарбағатай ежелден қазақ жері!
Тарбағатай жерін әуелде сақтар, онан ғұндар мен телелер(оғыздар), түріктер, түргештер, қарлықтар, наймандар, керейлер мекендеп келген. Шыңғыс қағанның империясы орнаған кезде оның мұрагері Өгедай қағанның ордасы да осы тарлан Тарбағатайдың Еміл бойында болды, онан кейінгі қаған Күйік Сауыр тауын, Маңырақты жәйлаған. Бастысы Тарбағатай жерінің малға аса жәйлі болуымен байланысты екенінде күмән жоқ! Кейінгі Моғолстан мемлекетінің де құрамына осы Тарбағатай мен Алтай, Іле, Санжы (Бесбалық), Баркөл кірген. Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің әйгілі «Тарихи Рашиди» еңбегінде былай дейді: «Моғолстан шығыста қалмақ жерлерімен(ойраттармен) Баркөл, Ертіс, Еміл арқылы шектеседі» - дейді. Моғолстанда дені ұлы жүздің басты рулары (Дулат, қаңлы, жалайыр т.б ) мен орта жүзге тән кей рулар (керей, найман, меркіт, күрлеуіт) мекендеген. Деседе осынау қасиетті мекенді 15-16 ғасырлардағы толассыз соғыстардан кейін ойраттар иелеп алды. Демек 1756 жылы жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін осы мекенге қазақтар ат басын бұрып жаппай орала бастаған. Абылай хан өзінің манчжур императорына жазған хатында: « Тарбағатай ежелден ата қонысымыз еді, оны біздерге қайтарып берсеңіздер екен» - деп анық айтқан. 1771 жылдан кейін қазақтардың көші арқылы осы жерлердегі ойраттар сан жағынан ырықсыз орынға түсіп кішігірім қақтығыстардан соң шығысқа қарай ығыса берген. Алтай өңірі мен Сауыр тауына керейлер, Тарбағатайға наймандар, Ілеге ұлы жүз рулары орналасты. 1864-1883 жылдардағы Ресей мен Цинь империясы арасындағы шегара келісімдерінен кейін өзге аймақтар сияқты Тарбағатай да екіге бөлінді. Зайсан, Көкпекті, Катонқарағайды жәйлаған абақ керейлер дені Циньге қарасты жерлерге көшкен, олар 5000 нан астам түтін еді, олар Алтайға симайтын болғандықтан жаппай Тәңіртаудың Еренқабырға, Боғда тауларына, Баркөлге көшті, тағы бір бөлімі Тарбағатайдың Майлы, Жәйір, Барлық тауларына келіп қоныстанды. Іледегі елден 20000 қазақ Ресейге қарасты жерлерге көшкен(албан, суан рулары) соң олардан босап қалған жерлерге найманның қызай руы келіп орналасқан. 1883-жылы Шыңжаң провинция болып құрылды да Тарбағатай оған қарасты бір аймақ болып қалдыда ондағы қазақтар саны 30 мыңнан асып төрт үкірдай(болыс) ел болды. Тарбағатай тауы маңындағы дөртуіл елі бір үкірдай, Орқашар тауын мекендеген байжігіт рулары бір үкірдай, Барлық тауының батыс қапталын мекендеген мәнбеттер(байжігіттің бір руы) бір үкірдай, Майлы-Жәйірді мекендеген керейлер бір үкірдай, тағы Жәйірдің терістігінде 300 үйден аса уақтар екі зәңгі болды.

1897-жылғы Шәуешек базары.
1912-жылы Цинь империясы құлағаннан кейін қытай миллитаристерінің билігі орнады. 1933 жылдан бастап Тарбағатай жерінде аудандық үкіметтер орнап ауыл көлеміндей Дөрбілжін, Қобық, Шәуешек(18-ғасырдың ортасынан бері бар), Шағантоғай аудандары орнады. Ол кезде Шиху мен Сауан Үрімжі аймағына қараса, Толы ауданы әлі құрылмаған болатын.
1883-1944 аралығында Тарбағатайдағы елде аса үлкен өзгеріс болмады, ел өсіп іргесі беки түсті. 1883-жылмен салыстырғанда халық саны 3 еседей артты, оған тағы 1916-1933 жылдары кеңестік жүйедегі соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргіннен ауған қазақтар қосылып 1944- жылы қазақ саны 100 мыңнан асты.
Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрестің туындауы
1934-1944 жылдардағы Шыңжаңның дара билеушісі ШыңШысайдың озбыр саясаты бүкіл Шыңжаң халқын күйзеліске ұшыратты. 1931-1938 жылдары Баркөл өңіріндегі қазақтардың күресі болып, оған Моңғолия арқылы кеңестер одағы да әскер кіргізіп басып-жаншуға әшкере ат салысты, осының салдарынан әлемге әйгілі «Тибет асқан қазақ көші» трагедиясы басталды, Баркөлден ауған 20 мыңнан астам қазақтың жарымынан көбі қытай, дұңған әскерлерімен соғыста оққа ұшты немесе қырғандалды, біразы тибеттің ысынан қаза тапса, мыңнан аса адам Үндістандағы қапырық ыстық пен обадан көз жұмды. Осылардың арасында Тарбағатайдан Баркөлге барған Ділдәбай (найман терістаңбалы руынан 1883-жылы барған) мен Шақпақбай (1930 жылы барған, Шақпақбай уақ руынан, Зуқа батырды өте пір тұтқан адам, 1929 жылы Зуқа батыр қастандықпен өлтірілгеннен кейін үміт үзіп Баркөлге Зуқаның ұлы Сұлтаншәріпке қосылған) елдеріде бар еді.
Бір бөлім ел қоныс тапшылығы мен Тарбағатайдағы Қытай ұлықтарымен шығыса алмай Еренқабырға тауына көшуге мәжбүр болған. Еренқабырға тауы орналасқан Усу(Шиху қаласы)мен Сауан ауданы Үрімжі аймағына қарады. Осы өңірге 1870-1890 жылдарға дейін Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында, Зайсан ауданында тұратын атақты керей Ер Жәнібек батырдың ұрпақтары мен руластарынан неше жүз үй ауып (Жәнтекейдің жәйлау, сары, есдәулет рулары) келіп мекендеген болатын, ол өңірге тағы Майлы тауынан 1919-жылы Түсіп Бозанұлы бастаған 300 үйден аса қазақтар(Барқы, қарақас рулары) келсе, 1935 жылы Майлы-Жәйірдан Қалибек райымбекұлы бастаған қазақтар ауып келді.
Осы Қалибек Райымбекұлының баласы Қасен Өр Алтай өзінің «Елім-айлап өткен өмір» атты тарихи естелігінде былай дейді: «Мен 1933-жылы Жәйірда туылыппын, әкем 1935-жылы Тарбағатайдағы қытай ұлықтарына жақпағандықтан ауып Еренқабырғаға барған. 1936-жылы сол Еренқабырғада Жүніс қажы бас болып «Ұлтты қорғау ұйымы» құрылған. Жүніс қажы бастық болып, Қалибек орынбасары болған. Олардың мақсаты Такламакан шөлінен өтіп Пәкістанға жетуді көздеген әрі оған даярлықта көрген, бірақ ел ішіндегі жансыздардың кесірінен бұл жоспар сезіліп қалып Қалибекке миллион сом қытай ақшасы айыппұл салынған». Бұған қарағанда Елісқан бастаған елдің Пәкістанға көшуімен Шыңжаңның өзге өңіріндегі қазақтардыңда байланысы барлығы аңдалады, әрине Баркөл елі 1883-жылдан бастап ауған Алтай қазақтары, 1934-жылы Елісқан әкесі Әліпке ас бергенде жер-жердегі қазақтарға шақырту жіберіп аста ашық түрде Шың Шысайға қарсы соғысуды дәріптеген.

Елісқан Әліпұлы
1938-жылдың соңында Баркөл елінің дені Гансу, Цинхайға көшті де, 1939-жылдан бастап тұтас Шыңжаңдағы ел басылары жаппай тұтқындалды. Алтайдан Шәріпқан төре, Бұқат бейсі, Қалел тәйжі бастаған 40 тан аса адам, Іледен Әуелқан төре, Махсұт бастаған отыздан астам адам қолға алынды. Осылардың қатарында Тарбағатайдағы төрт үкірдай(Омар, Қанағат, Таңғыт т.б) тағыда басқа рубасылар мысалы Уәйіс зәңгі қолға алынды. Әбдеш ілгідайда жолда бара жатып сақшыдағы күйеу баласы Сансызбай Иіс ұлының жеткізген хабарын алып бармай қалады. Еренқабырға елінен Ожаубай, Жүніс қажы, Мұхаметжан молла, Қалибектерде қолға алынды. Осылардың ішінде Омар үкірдай, Жүніс қажы, Ожаубай қатарлы адамдар түрмеде өлтірілді. Омар үкірдайдың түрмеде жазған мынадай өлеңі бізге жетіп отыр:
«Есекті жылқы екен деп малданыппыз,
Өкіл деген сөзіне алданыппыз,
Жатырмыз тас түрмеде зіндан жәйлап,
Іште кек, бойда қайрат қыж-қыж қайнап.
Дәрмен жоқ бұлқынуға амал нешік,
Қол-аяқ шынжыр арқан шандып байлап.
Ұйқысыз, не күлкісіз күні түні,
Зарығып арттағы ел мен жерді ойлап.
Жатыр-ау бала-шаға, ауыл-аймақ,
Қозданып шала жанған оттай жәйнап.
Бұл заман қара түнек басқан заман,
Бақ-дәулет басымыздан қашқан заман.
Безініп ата қоныс қара жұрттан,
Біреуді-біреу аңдып ыбыр-сыбыр.
Өтірік өсек гулеп асқан заман,
Болар ек төртеу түгел бір төбеде,
Құтылсақ бұл пәледен есен-аман».

Омар Рақышұлы
Омар Рақыш ұлы керей еліне 1935-1941 жылдары үкірдай болған(17 мыңнан астам адам), ел ішіне алты жаңаша мектеп ашып елді сауаттандыруға үлкен үлес қосқан еді. Оған 1941-жылы шығарылған үкім: «Алтайдағы Шәріпқанмен (екеуі аталас туыс) астасып Совет одағымен контрабанда жүргізіп коммунизмді үгіттеген, шегерадан жасырын қару жарақ кіргізіп елді қаруландырып керей азаматтарын үкіметті аударуға желіктірді, Сауандағы Шөмішбаймен( Қамза Ұшар ұлының әкесі) астасып ел бүлдірді...»- болған екен. Бұған қарағанда Майлы-Жәйір елінде де қытай билігіне қарсы қозғалыс дайындығы болғаны байқалады. ШыңШысай билігі дәуіренде жер-жерде тұтқындалған қазақ, ұйғырлар жане өзге ұлттар саны неше жүз мыңға жетіп 70-80 мыңы өлтірілген. Оның ішінде Кеңестер одағынан бас сауғалап келген алаш зиялыларыда көп болған, оларды анықтау, тергеуге Кеңестер одағынан келген КГБ жансыздары жұмыс істеді.
1939-жылдың соңы жаппай қазақтардан қару жинау науқанымен де әйгілі болды. 1934-1941 жылдары ШыңШысай Кеңестер одағымен достық саясат жүргізді(іс жүзінде советтің бір провинциясы болып қалды), ол уақытта көптеген жаңаша мектептер ашылып сауаттылық артты, көптеген Тарбағатай қазақтары Алматы, Ташкент қалаларында оқыды. Көптеген кендер ашылып(соның бірі Майтау мұнай кені), тас жолдар салынды, почта, телеграф желілері құрылды, қазақ тілінде газет журналдар жарық көрді.

1934-1944 Шыңжаң губернаторы - Шың Шысай.
Осы барыста Кеңестер одағының экономикалық ықпалы артып, кеңестік товарларға иек арту құбылысы жаппай көзге шалынды. Оқу-ағарту арқылы ашық ойлы, зиялы қазақ азаматтары жетіліп шықты. Бұлай болуына Қазақстаннан келген азаматтардың әсіресе «Алаш орда» зиялыларының ықпалында баса айта кетуге тура келеді, соның бірі ретінде «Шұбартау көтерілісі» кезінде ауған зиялы азаматтардың бірі Нәриман Жабағытай ұлы және Оспан батырдың кеңесшісі Ғаббас мүфтиді айтуға болады.
1940-жылы ШыңШысай әскерінің зорлығымен қорлығына шыдамаған Алтай қазақтары Есімқан, Ырысқан, Оспан батырлардың бастауында көтеріліс жасады. Жеті айға созылған соғыс арқылы Қытай үкіметімен келіссөзге қол жеткізіп уақытша тоқтады. Бірақ арада көп өтпей Қалел Тәйжі, Сүлеймен батыр бастап қазақтар тағыда көтеріліс жасады, өйткені келіссөздегі шарттардың дені аяқсыз қалып адам ұстау қайта басталған еді. Бұл көтеріліс жеңіске жетпегінімен сөніп қалмады, Оспан батыр оны батыл жалғастырып 1944-жылы биік өреге көтерді, 1945-жылы күзде «Алтай қазақтарының төңкерістік уақытша үкіметі» ін құрып Көктоғай, Шіңгіл аудандарын алды, бұл қозғалысқа Моңғолия көмек беріп 300 ден аса қарулы қазақ(бұларды Қалқабай Орын ұлы, Қабилар бастап келген) тағы мыңнан астам түрлі қарулар берді.
1944-жылдың тамыз айында Іленің Нылқы деп аталатын таулы ауданында Әкбар Есбосынұлы, Сейт Көрпебайұлы бастаған қарулы топ пайда болып 800 адамнан астыда бір мезет аудан қалашығын басып алды.
Осы уақыттарда 1941-1944 жылдары Тарбағатай өңірінде тағыда көптеген азаматтар қолға алынды, солардың қатарында жазушы Қажығұмар Шабдан ұлы, этнограф Жағда Бабалық ұлы, Балқаш Бапин да бар еді. Шәуешек қаласында Дубек Шалғынбай ұлы бастаған қазақ азаматтары «Жауынгер группа» құрды, оның көбі Шәуешектегі гимназия оқушылары еді. Олар Тарбағатайдың жер-жерінде ұлт-азаттыққа үгіттейтін көптеген әрекеттер жасады, деседе ұйымның көп мүшелері қытай үкіметі жағынан қолға алынды.
Кеңестер одағында төтеше жазумен шыққан «Қазақ елі» журналы. Үш аймаққа кең тараған ұлттық оянуға үлес қосқан журналы болған.
Аймақ туралы:
Тарбағатай аймағына ол кезде Шәуешек, Дөрбілжін, Шағантоғай, Қобық төрт аудан қараған(Шиху мен Сауан 1945-жылы қосылды). Халық саны 170 мыңдай болып, оның 100 мыңнан артығын қазақ ұстайтын. Өзге моңғол 20 мың, қытай 26-27 мың, ұйғыр 10 мындай болған, онан өзге орыс, татар, дұңған, дағұр ұлттары болған.(Үш аймақ төңкерісі тарихы. 141-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж.).

Қазіргі Тарбағатайа аймағы.
Майлы тауындағы азаттық күрес
Тарбағатай аймағындағы ұлт-азаттық күрес екі жерде пайда болды: бірі Майлы тауында, енді бірі Еренқабырға тауында тұтанды.
Майлы партизандары туралы деректерде былай делінген:
«Тарбағатай аймағының батыс оңтүстік өңіріндегі таулы райондарда қазақ малшылары партизандар отриядын ұйымдастырып, Бұраталадағы Моңғол атты әскерлер баталионының көмегімен олар 200 адамға көбейіп Шағантоғайдың Ұзынбұлақ деген жерінде гоминдаң әскери бөлімдерімен соғысты. 6-айдың 16-күні олар 300 адамға көбейіп «Майлы партизандар отрияды» болып құрылып Нұрсапа Сейтжанұлы мер Қали Қизамаденұлы жауапты болды. Олар Толы,Шағантоғай өңірінде белсенді қимыл жасап гоминдаң әскерлері мен сақшыларына соққы берді» (Үш аймақ төңкерісі тарихы.142-143 бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000ж).

Суретте: Нұрсапа Сейтжанұлы, Қали Қизамаденұлы.
Осы үш аймақтағы ұлт-азаттық күрестің куәгері әрі қатардағы жауынгері болған Қожай Доқасұлы өзінің «Отқа оранған жылдар» кітабында Майлы партизандары туралы былай мәлімет келтіреді:
«Гоминдаңға қарсы оқты тұңғыш рет Алтайда Есімқан, Нылқының Ластай тауында Әкбар Есбосын ұлы, Еренқабырғада Нұрпай, Майлы-Жәйірда Байкенже, Нұрсапа Сейтжандар атты…Бесінші үлкен топ Толы партизандары Нұрсапа, Қайса, Байкенжелер бастаған 200 адам».(«Отқа оранған жылдар». Қожай Доқас ұлы. 6-8 беттер.Ұлттар баспасы. Пекин. 2001)
Оспанның батыры болған Нұрғожай өз естелігінде былай дейді:« Тарбағатай қозғалысында Қалибек тобын басшылыққа алдық, Нұрсапа батыр жайында да естіген едім, бірақ бұларды әңгімелемедім, үйткені қозғалыс басшысы Қалибек әлі тірі болғандықтан ол туралы өзі айта жатар…».
Майлыда күрес енді басталған кезде Іле өңірі негізінен азат болған еді, Іленің шығыс аудандары қазақты негіз еткен аудандар болып, осы аудандағы малшыларға «Он мың ат» салығы түскен болатын, бұл Нылқы көтерілісіне әкеліп соққан білте болды. Қазақты негіз еткен, қосымша ұйғыр, моңғол, орыстарда бар партизандар барған сайын күшейді, оларды басу үшін Құлжа қаласындағы қытай әскерінің көбін шығыстағы тауларға жіберіп бастықтыру керек болды, осы кезде Құлжадағы қытай әскері азайған қолайлы сәтті пайдаланған Кеңес жансыздары шегарадан мыңдап өтіп бұқараша киініп Құлжаға кірді. Олар Нылқыдағы партизандарды көмекке шақырды, партизандар бір бөлігі жауды айналдыра тұруға қалдырып негізгі бөлігі жасырын түрде Құлжаға аттанды. Бұл стратегияны Алматыдағы Белия басқарды, Құлжа шайқасында Кеңестік әскерлерге(негізі орыстар мен татарлар) Александров қолбасшылық етті. Қала алынды, бірақ қазақ партизан қолбасылары Әкбар мен Сейт бірдей қаза болды.

Әкбар Есбосынұлы
Алматыда алдын ала дайындалған «Шығыс Түркістан республикасы» ертесі-ақ Құлжада құрылып Әлихан төре деген өзбек президент болып шыға келді, үкіметте 16 жора болып тек Әбілқайыр төре ғана қазақ болды, 8 жора ұйғырдан қойылды. бұл 12.11.1944 жылы болған оқиға еді. Іледе 450мың халықтың қақ жарымы қазақ болғанына, Іледегі жерлік қарулы күштіңде көбі қазақ болғанына қарамастан Кеңестер одағының күшімен қазақ жеріне қазақтың күшімен қазақ емес қуыршақ үкімет орнады.

КГБ генералы Белия, Шығыс Түркістан операциясының бас қолбасшысы.

Құлжада Шығыс Түркістан республикасының құрылу салты.

ШТР-дың іс жүзіндік басшысы Иганов.

ШТР президенті Әлихан төре(өзбек).
Тарбағатайдағы көлемі үлкенірек азаттық қозғалыстың Майлы тауында басталуының бірнеше себептері бар:
- Майлы тауы шет район, қала-қалашықтардан алыс, әрі таулы, адырлы болып жер жағдайы күрделі. Толы ауданына қарағанымен ол кезде Толы ауданы құрылмаған болып Дөрбілжін ауданына қараған, Дөрбілжін қалашығы тым алыста, әскерлер келгенімен жер сырын білмейді.
- Майлының бір шеті Қазақстанмен тиіп жатады, ол шегарада Кеңестің Қызылқайың шегара қарауылы бар. Кеңестер одағы ол кезде Іледегі ұлт-азаттық қозғалысты бар күшпен қолдап жатқан кез, Майлы таудағы қазақтарға осы қарауыл арқылы қару жеткізіп отырды.
- Майлыдағы жәнтекей руының батыры көбен Мұқыұлынан бастап осындағы елдің 80 нен аса азаматы Манчжур империясы кезінде шекара күзететін жасақ қатарына алынған. 1920-1933 жылдарыда қытай үкіметі осы шекара жасақтарын сақтап қалып көбеннің ұлы Сәлімжанға 80 қарулы азаматты қаруландырып әскер қатарында ұстауына ерік берген, сол үшін 1939-1944 ке дейін ол әскерлердің қаруы жиып алынғанымен жасырып қалған қарулар бар, мылтық ата алатын азаматтар көп болды.
- Майлының оңтүстігі Бұраталамен шектеседі, ол кезде Бұратала Ілеге қарайтын, Іледегі қозғалыс жеңістерге жетіп Бұраталада қытай әскері аз болғандықтан қарулы қозғалысқа қолайлы болды.
- Майлының жан жағында Тәңіртау мен Барлықтың қиын шатқалдары бар, оңтүстігі мен шығысында Жоңғар жазығы болып аң көп болады, ондағы азаматтарда аң атуға машыққан мерген жігіттер көп болды.
Майлыдағы ұлт-азаттық күрес туралы осы күрестің куәгері әрі қатысушысы Айтқазы Түйтекұлы «Майлы партизандары» деген тарихи деректі ессе жазған, негізі оқиға барысын осы шығармадағы деректер бойынша беруді жөн көрдік.
Осындай тиімділіктердің арқасында 1944-жылдың соңында Майлы елі көтелііске шыға бастады, алғашқы әрекетті жәнтекейдің атантай руының азаматтары бастады, олар Әбілмәжін Серікбайұлы, Ахыметқан Есбай ұлы(молқы), Қамал, Қабышан бастаған топ еді, олар ашық қарулы топ құрып шегараға жақын қиын жерлерге барып әскери машық өткізеді, Қызылқайың арқылы жылқы өткізіп қару сатып алады. Кейін жансыздардың сырды ашып қоюына байланысты топ мүшелері жаппай қуғындалып қолға түседі, олардың үй-ішін Шәуешекке апарып қамайды, ақыры көп азаматтар амалсыз елге қайтады, Қамал, Қабышандар Шәуешекке апарылып тергеліп Үрімжіге апара жатқан жолда олар қулықтарын асырып өздерін айдап келе жатқан әскерлерді байлап, қаруын тартып алып қашып кетеді. Әбілмәжінді айламен қолға түсірген қытай әскері Үрімжіге айдап апарып кескілеп өлтіреді. Оның ұсталғаны бір аптадан кейін белгілі болғандықтан арттан қуғандар жете алмай елге қайтып келеді.
Әбілмәжін бастаған топ әрекеті сәтсіз болғанымен күрес тоқтап қалмады, күресті енді Жәнтекейдің барқы руының азаматы Нұрсапа Сейітжан ұлы бастады. Нұрсапа Майлы , Жәйір, Барлық тауларын мекендеген керей, найман, уақ азаматтарының сорпа бетіне шығарларын іріктеп әр руға бірден басшы сайлап жасырын топ құрады, осы топ жетекшілері мына азаматтар екен:
1 топ . Барқы –жантас, бастық –Нұрсапа, орынбасары-Жақыпжан, Біләл, жер аты –Қарашоқы.
2 топ. Атантай руы, Бастық Қасейін қажы, Шеттікбай батыр, Ахыметқан(молқы), жер аты- Ақсай.
3 топ. Қарақас руы, Басшы Қали Қизамаденұлы, Мұсажан Асан, жер аты- Дүйсенбай дүрін.
4 топ. Найман терістаңбалы, ұлы жүз шанышқылы. Бастық- Ақпанбек, Манап, Нұрмұхамет, Әушей. Жер аты-Суыр айтақ сайы.
5 топ. Барқы, ақсары(ашамайлы керей), бастық-Қайса батыр, жер аты- Аққойтас.
6 топ. Жәдік, бастық- Мажан, Бодамбай, Үркенбай, жер аты- Таңбалы.
7 топ. Шеруші, Бастық – Ахат Кәрібай, Долда, Жұматай, жер аты –Қаракемер, Ақтұмсық.
8 топ. Жастабан, бастықтары-Көкебай, Қыдырмолла, Құдайберген. Жер аты- Қара адыр.
9 топ. Ботақара, бастығы- Мұқай, Қанапия, Тұрсынбай. Жер аты-Әңгірті.
10 топ, есіргеп, барқы-бөгенбай, бастығы- Шалдан, Ғалымғазы, жер аты- Шалғай.
11 топ, атантай, шыбарайғыр. Бастығы-Ботай Ыбырай ұлы, Айтан, Базарбек, жер аты- Көпсүйек.
12 топ, меркіт, бастығы- Қали Шора ұлы, жер аты-Аша толағай.
13 топ. Жаңа уақ, бастығы- Қиярстан, жер аты-Ақтас, Аршаты.(Нұрсапа Сейтжан ұлы. Ұрпағыма. 69-70 бет. Форма плюс баспасы. Қарағанды. 2019ж)
Осы ауқымды топ барлығы бірігіп тұтас қимылдай алмады, 1944- жылы Шың Шысай биліктен кетіп орынына У Жұңшин келді, ол бір бөлім адамдарды түрмеден босатып, елді алдауға кірісті, үгітшілер отриядын елге жіберіп астық, кездеме, шай таратты. Сонымен қатар Дөрбілжінге жақын Жәйір тауындағы ел арасына әскер , сақшы жіберді. Тағы Майлыдағы елді Жәйірға көшуін, симағандар Орқашарға келіп жәйлауін бұйырды, осыған орай ел екіге жарылды, шеруші, төре рулары негізінен тағы бір бөлім уақтар, өзге руларданда айталық жантастардың да біразы Жәйірда қалуға мәжбүр болды, ал жастабан руы түгелдей, атантай руы 1/3 і Барлық тауында қалды, деседе Майлыға көшкендер саны қалған екі таудан көп болды, бұл ондағы елдің қытай үкіметінен түбегейлі бет бұрғандығының белгісі еді. Олар тыныш жатпай Алтай мен Іледегі қозғалыстар турылы хабарлар алып тұрады.
Соғыс оты тұтанды
Қытай үкіметінен ірге айырғаннан кейін Майлыдағы ел қиындықпен қысты өткіздіде 1945-жылы көктемде ресіми соғыс бастады, Қайса батыр, Мұсажандарды Іледе орныққан «Шығыс Түркістан» үкіметінен көмек сұрауға аттардырды, осыдан көп өтпей Кеңестік әскери ақылшы Байкенже Орақұлы Майлыға келді. Сонымен қатар көтерілісшілер Қызылқайың шегара бекетіндегі Кеңес азаматы Сансызбай Иісұлы арқылы қару алдырады. Сансызбай алғаш барған азаматтарға 8 германка беріп қайтарады әрі оларға: «Керей елдің серкесі»- деуші еді, серкеліктеріңді көрсетіп Тарбағатай елін азаттыққа бастаңдар!- деп сәлем айтады. Бұл Сансызбай 1932-1933 жылдары Кеңестер одағының арнайы қызыметімен Шыңжаңдағы қазақтарға жіберілген төрт түйінді адамның бірі еді, Ілеге Фатих барса, Баркөлге Абай барған еді. Сансызбай Майлыдағы төрт мықты әулеттің бірі Кәрібай ауылының қызы – Қапипаға үйлен еді, сонымен қатар Нұрсапаларда осы Сансызбай ауылы байғаналармен құдандалы болған. Тарбағатай ел басыларынң аз қолға алынуынада осы Сансызбай әсер еткен, оны жоғарыда өз қайнағасы Әбдешке жасырын сәлем айттырып: « Үрімжіге бармасын, барса қайтпайтын қатерлі сапар!»- деп ескертуінен байқауға болады, ол 1941 ге дейін Тарбағатай аймақтық сақшыда істеген(ол ғана емес өзгеде көптеген кеңестік азаматтар болған), 1941-жылы Шың Шысай Кеңестер одағымен ат кекілін кесісіп, Кеңес азаматтарын қуғындай бастағанда жасырын қайтып кетедіде, 1945- жылы Тарбағатай тұтас азат болғанда аймақтық ішкі істердің орынбасары болады. Демек осы қозғалысқа Кеңестер одағы қолдау білдірген, Сансызбай Шәуешек гиминазиясындағы оқушылардыда аттанысқа келтіруге адам жібереді, туыстарын жасырын Дөрбілжін еліне жіберіп көтеріліске адам тарта бастайды.

Сансызбай Иісұлы
Ақыры көтерілісшілер бас қосып көкқасқа тайға бата жасап қолдарын қанға батырып серт береді, топ бастығы Нұрсапа Сейітжанұлы , орынбасары Қали Қизамаденұлы, атойшы 70 жастағы Шеттікбай батыр болады.
Шажыдаға атыс. Майлы тауының оңтүстік жағында орналасқан Шажы деген жерде Гоминдаң қытай үкіметінің полиция штабі болып 50 ден аса әскер тұратын, көтерілісшілер соғысты осылармен қақтығысу арқылы бастады. Көтерілісшілер жалғаннан хал сұраған болып әскерлерге қой әкеліп олардың жәйін барлап қайтады. Келесі күні осы маңды 100 ден аса көтерілісші қоршап алады, оларға Нұрсапа басшы болады. Алдымен кеш бата штаптың жанынан ағып өтетін өзенге өтірік су алмақ болып екі мықты азамат келіп екі жау әскерін ұрып жығып қаруын тартып аладыда атыс содан басталады, көтерілісшілерде қару саны 20 дан аспайды, оны Нұрсапа Әлібек, Қалй сияқты мерген азаматтарға үлестіріп береді, Шеттікбай қаратамақ найза алса, өзге азаматтар шоқпармен қаруланады. Атыс түн бойы жалғасады, таң ата жау жақтың мылтық үні өшеді, сүйтсе қулығын асырған жау әскері өзен суы арқылы біртіндеп , түнімен еңбектеп қашқан екен, 5-6 адамы өлгенде оннан аса қаруы қалыпты.
Байыншоқы соғысы. Майлы тауының солтүстік беткейінде Байыншоқы деген биік шоқы бар. Осы стратегиалық орынға екі жақ таласады, шоқына алған жақ ырықты орынға өтіп Майлы-Барлықтың бірталай жерін бақылап көріп отыратын еді. Жау армиясынан 70-80 адам осы шоқыға қарай беттегенін барлаушылардан естіп білген Нұрсапа бастаған 200 ден астам адам шоқыға қарай беттейді, таяған кезде жау әлдеқашан келіп шоқы басына пулеметін енді орнатқалы жатыпты, көтерілісшілер жауды қоршап жаппай атыс бастап шоқыға қарай ілгерілейді, соғыс қызған кезде Бұратала азат болып сол жақтан Тоқты Әлимов деген отрияд бастығы бар 80 ұйғыр соғысқа келіп қатысады, олар коллектив жаназа шығанған соң соғысқа араласады, соғыс жарты күнге созылады, ақыры жау шоқыдан айырылады, пулеметшікті мергендердің бірі қадап атып түсіреді, шоқыға жаппай лап қойған атыста Байкенженің маңдайынан оқ тиіп қаза болады. Ұйғыр партизаннан бірі оққа ұшады, көтерілісшілер жауды жеңіп 40 қа жуық адамын атып өлтіреді. 50 ден аса қару олжа алады, қалған жау қашып кетеді. Бір мерген азаматтың шәші қасқаланып қалыпты сүйтсе оқ жанап өткен екен, ол өзі: «Бағана атысып жатқанда басым шым ете қалып тымағым ұшып кеткен еді, сүйтсем оқ екен ғой»- деп күліпті, отырғандар: «қырық жыл қырғын болсада ажалды өледі» -деген рас екен десіпті. Осы соғыстан кейін Майлы тауы қытай әскерінен тазартылады, енді Барлықтағы елді көшіріп алуды жоспарлайды.
Айырдағы атыс. Айыр асуы барлық тауының Шағантоғай бетінен Толы бетіне қарай асатын асуы. Көтерілісшілер Барлық тауындағы жастабан, атантай руын Майлыға көшіріп алу үшін 100 ден аса қарулы топ аттандырады. Олар ондағы елге барып үгіт айтып түгел дерлік көшуге көндіреді. Көш асудан аса бере Да Шауие деген қытай байдың қойларын бөліске салады. Осы сәтте «Жау жетті! Аттан!» салып бір атты азамат келеді, ол Барлықтағы мәнбет елінің азаматы Нұрахымет екен, ол Шәуешектен көшкен елді шабуға бір рота әскер жібергенін хабарлайды. Осылайша елді асырып жіберген көтерілісшілер асудан бекініс алып тасаланадыда жаудың келуін күтіп жатады. Жау жүз қадамнан бері таяғанда қолбасшы Нұрсапаның : «атыңдар!»- деген бұйрығымен оқ борап жау қырыла бастайды, көтрілісшілер биікте болғандықтан ырық бермейді, әлде –неше сағатқа созылған соғыста 50 ден аса жау әскері өліп қалғаны қашып кетеді, белгілі бір мерген қатар келе жатқан екі әскерді бір оқпен атып өлтірсе, шоқпаршы бір азамат еңіске қарай шауып 6-7 жау әскерін ұрып өлтіргені ел ауызында қалады.
Ұты соғысы. Көтерілісшілер Майлы тауын толық алғаннан кейін Майлы мен Жәйір арасындағы Үрімжіге баратын машина жолындағы Ұты қарауылын алуды көздейді. Қарауылда 20-30 қытай әскері болады, кейбірі қытай емес екен деген хабар алады. Көтерілісшілер қарауылды қоршап шабуылға өтеді, неше сағатқа созылған атыста жау жақтың күші азайғаны байқалады, көтерілісшілер «Жәнібек!»- деп ұран салып лап қойып бекініске кіре бастайды, Шеттікбай батыр бекініске алдымен жетіп бірнеше жауды найзалап өлтіріп есіктен симай әрең кіргенде жаулар оны маңдайынан атып, нақ майданда ерлікпен қаза болады. Шанышқылы Әрін деген азамат онан кейін кіріп бірнешеуін жәйратсада өзі ауыр жаралы болады. Осылайша Ұты қарауылы басып алынып 20 дан астам жау жойылып қарулары олжаланады, ұйғыр, қазақтан бірнешеуі бар екен, олар қол көтеріп бағынады. Осы кезде Іледен шыққан Лескин , Байділдә Доскенов бастаған кеңестік жане жерлік орыстардан құралған, ішінара қазақтарыда бар «кеңсай атты полк» келеді, олар көтерілісшілермен қосылып , жараланған Әрінді арнаулы машинамен Құлжадағы әскери дохтырханаға апарып емдетеді. Әрін ауыр жараланғандықтан неше ай жатып қалады, оның ауылда қалған Мәлік, Манап деген інілеріне жазған хаты кейін елге таралады, онда:
Аттарыңнан айналайын Мәлік, манап,
Хат жаздым екеуіңді анықтап ап,
Ағаларың соғыста жараланып,
Кетіпті батыр атым елге тарап.
Құлжада неше ай бойы жатқанымда,
Хат жазуға жарамадың екі қарақ... деген жолдары ел есінде.
7-айдың басында Шығыс Түркістан ұлттық армиясы бас қолбасшы Палинов Лескмннің кеңсай атты әскер 3-полкын, Ерде Мыңиевтың моңғол атты әскер баталионын, қорғаушылар баталионын бастап Сәнтай, Бұраталадан өтіп Тарбағатай аймағына (Шихуға) кірді.
7-айдың ортасында олар (Кеңсай атты полк) Ұзынбұлақта майлы партизандарымен бірігіп ұлттық армия бас қолбасшылығының Тарбағатайды азат ету жөніндегі бұйрықты жариялады. Ұлттық Армия мен Майлы партизандары алдымен Ұзынбұлақ шоқысы мен Үш қарасуды алды, 7-айдың 15-күні Шағантоғай ауданын алды. Майлы партизандары мен моңғолатты әскері баталионы Шихумен Шәуешекке баратын жолдағы Ұрымтал бекет Ұтыны алды.(Үш аймақ төңкерісі тарихы. 144-бет. Ұлттар баспасы. Пекин. 2000 ж).

Кеңсай аттыполк командиры-Фатей Иванович Лескин

Кеңестер одағының әскери ақылшысы Байділдә Доскенов
Ұты алынған соң көтірілісшілер Жәйірдағы елді қосып алу үшін елшілікке жәдік Бодамбайды жібереді, артынан әскер бастап Қали батыр(Қали Қизамаденұлы) барады. Осының алдында «құйыршық» атанған бір топ банды( дақпырттарға негізделгенде олар Оспанның батыры Жылқайдар бастағандар делінеді, бірақ нақ соларма емеспе белгісіз, Кеңестік жансыздардың арандатуы болуыда мүмкін) Жәйірдағы ескі уақты шауып, көп мал айдап кетіпті, Сасан деген кісі бастап бірқанша адамды атып кетіпті, сонан кейін гоминдаң қытай үкіметі керей ілгідайі шеруші Әбдешке 40 тан аса құрал берген екен. Жәйірда үлкен жиын болып ақырғы шешім қытай билігінен қол үзу болып ел тұтасымен Майлыға беттеп көшеді, Бәйге төбе деген жерде жеңіс тойы тойланады. Тойдан кейін Майлы партизандары 700 адамнан астыда керей азаматтарын негіз еткен «Тарбағатай 6-атты полк» құрылды.
24-күні ұлттық армия Кеңсай атты әскер 3- полкы Жаматыға барып онда майлы партизандарымен бірігіп Көлденеңге баруға, қалған бөлімдерін дереу Толыға шабуыл жасауға бүйырды. 25-күні Кеңсай аттыплок пен Майлы партизандары Дөрбілжіннен көмекке келе жатқан жауды Толыда қоршауға алып қатты шайқасып жауды түгел жойып Толыны алды. Ол кезде Толы(Моңғолша айна деген сөз) бар жоғы 40-50 үй ғана бар бекет болатын.
Шағантоғай ауданы өңірінде Жағыда Бабалық ұлы бастаған партизандардан 70-80 адам ұйымдасып Шағантоғайды азат етуге ат салысты.Осы партизандар Майлы партизандары, Іледен келген ұлттық армия бірініп Шағантоғайды азат етті.
Жалғасы бар...
Ерзат Кәрібай
Abai.kz