Бек сауытты Ер Жанақ

Атырау-Маңғыссау өңіріне танымал тарихи тұлғалардың бірі сегіз арыс адай тайпасының Мұңал бөлімінен тарайтын Жанақ батыр. Өз заманының айтулы батыры, талай алапат айқастарда ерлігімен көзге түсіп, Бек сауытты Ер Жанақ атанған бабамыз елін сыртқа жаулардан қорғауда ерекше ерлігімен көзге түссе керек.
«Бек сауытты ер Жанақ»,
Жақсылардан санақты,
Жәуһар қылыш белінде,
Асынған айдар садақты, — деп Ыбырайым ахунмен бірге көптеген ақын-жыраулардың жырға қосып, аңыз-әңгімелердің, шежіре дастандардың кейіпкеріне айналған Жанақ батыр тегін болмаса керек. Батырдың «Бексауытты» атануы, ол Мұңал атасының ауыр, көп адам кие бермейтін сауытын киген екен. Кейін бұл қастерлі сауыт оның немере інісі Әнетұлы Төлеп батырға бұйырыпты.
Шежіре-дастандар Ер Жанақтың заманында елі мен жерін сыртқы жаудан қорғаған айтулы батырлардың бірі болғандығынан хабар береді. Атақты Қалнияз жырау Қожалақ батырға арнаған толғауында:
Ерлігің сенің кем бе еді
Кешегі Төлеп, Қармыстан?!
Ағаларың бұрынғы
Есенғұлдың Есегі
Таутайлақпен алысқан,
Жезтырнаққа жабысқан!
Сармыс, Шотан, Ер Жанақ
Қалмақ жаумен шабысқан,-деп жырлайды.
Жанақ батыр және оның ұрпақтарының тарихын зерттеуші Алмас Қуанбай «Бек сауытты Ер Жанақ» еңбегінде батырдың 1645-1735 жылдары өмір сүргені жөнінде өз болжамын келтіреді. Ал шежіретанушы Сайын Назарбекұлы «Қазақ халқының шежіре тарихы. Адай тайпасы» атты еңбегінің 5-томында батырды 1710-1800 жылдары өмір сүрді деген мәліметті көрсетеді. Тағы бір ел аузындағы шежіреде Жанақ батырдың қалмақтармен болған бір шайқаста Бегей Қозыбақ батырдың өлі денесін қалмақ қамалынан бұза-жарып алып шыққаны жөнінде айтылады. Ал шежіретанушы И.С.Қосқұлақтегі Қозыбақ батырдың шамамен 1685 жылдары өмірге келіп, қартайған шағында жау қолынан қаза тапқанын айтады. Демек бұл оқиға Жанақ батырдың ХҮІІІ ғасырдың нақ ортасында өмір сүргендігінен хабар береді.
Жанақ батырдың жорық жолдары қазақ даласының тағдыры таразыға түскен Бұланты, Аңырақай секілді алапат шайқастармен байланысты десек қателеспейміз. Ол жоңғардың қалың қолына қарсы атойлап шапқан, қан майданда жан алысып, жан беріскен талай сәтте нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен.
... Жанақ батыр адайлап алға ұмтылды,
Жоңғарлар шыдай алмай қан жұтулы.
Өліктерін қалдырып мыңдап-мыңдап,
Өлімсіреп қалғаны тұтқын болды.
Абылай хан шақырды батырларды,
Бұқар жырау, тағы да ақындарды.
Жанақ батырды оң жағына отырғызып,
Той жасап, талай күн мен таңды аттырды.
Қалмақ ханның сұлу қызын Жанаққа сыйға беріп,
Ерлігін басқалардан артық көріп,
Батырымсың ақ алмас артық туған,-деген Қари ақсақалдың жыры Жанақ батырдың Абылайдың сұлтан, одан әрі хандық құрған тұсында өмір сүргендігінен және Бұланты, Аңырақай және т.б. алапат шайқастарға қатысқандығынан дерек береді. Осылайша шежіре, жырлардағы деректер батырдың ХҮІІІ ғасырда өмір сүргендігін білдірсе керек.
Жанақ батырдың мәңгілік мекені жайлы да әртүрлі дерек айтылады. Бір нұсқада ол Қазақстанның оңтүстігіндегі таулардың біріне жерленді делінсе, енді бірінде оның сүйегі Қарақалпақстандағы “Дәуіт-ата” қорымында жатыр дейді. Ал үшінші бір дерек бойынша, батыр Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық округіндегі “Жанақтың қара моласы” деп аталатын жерде дамылдаған. Себебі аталған өңірде «Жанақтың қара моласы», «Жанақтың сайы» деген жер-су атаулары кездеседі. Бұл жөнінде Алмас Қуанбай, Асан Бекібайұлы және Серік Нұрбергенұлы өз еңбектерінде жергілікті Қабақбай ақсақалдың аузынан естігендерін жазады. ХҮІІІ ғасырда Кіші жүзге келген адайлар алдымен осы күнгі Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарының территорияларын мекен еткенге ұқсайды. «Жанақтың қара моласы», «Жанақтың сайы» деген жер атаулары бекерден-бекер қойылмаса керек. Оның үстіне соңғы жылдары салынған Жезқазған-Бейнеу теміржолы осы Шалқар ауданының үстінен өтіп, Жанақтың сайы маңындағы разъезге «Жанақ» атауының берілуі тектен-тек емес.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы жергілікті халық «Жанақтың қара моласы» немесе «Адайдың қара моласы», «Жанақтың сайы» деп аталатын жерге батыр ұрпақтарының соңғы жылдары бірнеше рет барып, жергілікті тұрғындарымен жердің, бейіттің атауына қатысты сұрау салып, зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорымдағы бейіттерден жазуы бар құлпытас табылмағанымен, ру таңбасы, оның ішінде шекті руының таңбасы салынған белгі тастар табылды. Ал батырдың бейіті деп аталатын ортадағы көлемі жағынан өзгелерден әлденеше есе үлкен бейіттен табылған өзгелерден ерекше белгі таста бірнеше таңбалардың айқыш-ұйқыш салынғандығын, арасында адай руына жататын таңбаның да бар екендігін байқауға болады. Жалпы қорымда барлығы он бес бейіт бар, оның ішінде ортадағы батырдың бейіті деп топшылап отырғанымыз өзгелермен салыстырғанда әлденеше есе үлкендігімен ерекшеленеді және жерленген адамның қоғамдағы әлеуметтік мәртебесінің жоғары болғандығын айғақтап тұрғандай көзге түседі. Айта кететін бір жайыт, қорымдағы батырдың бейтінен басқалардағы белгі тастарда тек шекті тайпасының таңбасы салынған. Жергілікті халықтың аталған үлкен бейітті «Жанақтың қара моласы», «Адайдың моласы» деп атауы, Жанақтың сайы атты жер атауының болуы, қорымдағы бейіттің атақты адамға, батырға қойылғандығын көрсетеді.
Қорытындылай келе айтарымыз қайратты туған ердің есімі елдің жадынан өшпек емес. Уақыт алға жылжыса да, елін-жерін қорғаған баһадүр бабаларымыздың даңқы мәңгілік сақталары хақ. Бек сауытты Ер Жанақ – тек адай ұрпақтары үшін ғана емес, бүкіл қазақ даласы үшін асқақ рухтың, өр намыстың символы.
Әлібек Аман,
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Abai.kz