Бейсенбі, 1 Мамыр 2025
Әріптестің әңгімесі 224 0 пікір 30 Сәуір, 2025 сағат 20:05

Қазақстан ресейлік пропагандисті шекарадан өткізбей қойды...

Сурет: kazanalytics.kz сайтынан алынды.

Қазақстан билігі ресейлік пропагандист Андрей Грозинді ел аумағына кіргізбей қойды.

Оқиға 27 сәуірде Астана әуежайында болған.

Кремльдің іргесіндегі ТМД институтында Қазақстанды зерттеумен айналысатын Грозин "Ақорда мен Кремльдің қарым-қатынасын талқылайтын" жиынға асығып келе жатқан.

Алайда паспорттық бақылау бекетінде оған ел аумағына кіруге рұқсат берілмеген. Шекарашылар пропагандиске ешқандай түсініктеме бермеген. Сөйтіп Қазақстанға келгенде өктем сөйлеп үйренген Грозин табалдырықтан кері қайтыпты.

Мұны естіген Ресей думасының депутаты Константин Затулин бұлқан-талқан толып жатыр.

"Ресейдің кейбір одақтасы әріптестікті швед үстеліне ұқсатады, ұнағанын алады, ұнамағанын қалдырады", - дейді Затулин.

Тина Канделакидің ізін ала Қазақстан туралы теріс пікір білдірген тұлғалардың "қара тізіміне" енген Грозин бұдан кейін абайлап сөйлейтін болады.

Әшкере-ге жеткен мәлімет бойынша "Ресей – Қазақстан: қауіпсіздік және ынтымақ" дейтін форумға қатысуы тиіс болған Грозин қомақты гонорардан қағылып, іші ашып отыр.

Айта кетелік, дәл осы Грозин былтырлары "Путин Тоқаевты "құтқарып" қалған еді. Ақорда Кремльді сатып кетті..." деген сарында сөйлеген болатын.

"Тоқаев? Ол тым көсемсіп кетті. Ақорданы тәубесіне түсіретін кез келді. Қазақстан экспортының 90 пайызы Ресей аумағымен өтеді. Осы арнаның аузын буса, бәлкім, қазақ билігінің есі кірер. Мұндай әлсіз одақтастың "еркелігін" қашанғы кешіре береміз?!", – деген-тұғын ресейлік пропагандист.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар