Құран және Виктор Гюго

(пәлсапалық-эссе)
Қазақ оқырмандары француздың әйгілі жазушысы Виктор Гюгоның шығармаларынан төл тілімізде оқыды ма, жоқ па хабарым жоқ екен.
Ал, орысша аударылған «Человек, который смеется» деген романын көзқарақты қауымның көбі оқыған болар деп, ойлаймын. Әрі, осы кітаптың сюжеті бойынша түсірілген біршама көркем фильмдер де теледидардан қаншама көрсетілгендіктен «Езуі тілінген бала Гуинплен, суқараңғы Дея қыз, оларға қамқор болған көкбөріні дос еткен жиһангез Урсус» жайлы хабардар шығар, бәлки.
Ал, өз басым бұл ғажап романды француз тілінен тіке моңғоша аудармасынан оқып едім, қаншама рет оқығандықтан жеті жүз жиырма беттен тұратын кірпіштей кітаптың түбі түсіп, іші әбден шимайланған екен.
Одан бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті. Бірақ, бір қызығы қазір Құран Кәрімді үнемі оқыған кезімде ондағы кейбір аяттардың мазмұны – осы романның шытырман оқиғасы бастау алатын теңіздегі аласапыран көріністерге өте сәйкеседі!
Кітаптың бас кейіпкері саналатын бала Гуинпленге жасалған ауыр қылмыстың құпиясын жасыру үшін теңізге қашқан қылмыскер «компрачикостар»-дың кемесі дауылды толқынның қақпақылынан теңіз асты жартасына соғылып, тесілген кемесі кенет тынған дауылдан жағаға да таяй алмай суға бататын іс-әрекеттері аяттағы суреттеумен дәлме-дәл үйлесетініне таңданатын едім.
Міне, сол себептен де эссенің тақырыбы солай қойылды. Әрі, осы бір тылсым сырды оқырманмен бірге саралап көрсем деген ой да туған-ды. Өйткені, Құран Кәрім бүкіл адамзатқа арналып түскен ақырғы кітап екені анық. Әрі, адамзаттың ең ауқымды қауымдарына түскен алдыңғы үш киелі кітап Забур, Таурат, Инжилдің (Библия) бүкіл мән-мазмұны осы Құранда толық қамтылғаны көптеген сүрелерде баяндалған.
Кейіннен өздерін христиан санайтын еуропалық қауым Құранды ашық мойындамай, алдыңғы кітаптардың мазмұнынан құрастырылған Библияны өздерінің киелі кітабы санады. Бәлкім, менің айтып отырған Құрандағы аяттың мазмұны Библияның ішінде кезігетін болса да таңғалудың жөні жоқ. Өйткені, Құран алдыңғы кітаптардың бүкіл мазмұнын қамтыған дедік қой.
Әрі, бұл романның жазылуы он тоғызыншы ғасырдың орта тұсы. Ол уақытта Құран Кәрімнің ағылшынша, французша аудармалары шығып қойған кез. Өйтсе, Виктор Гюгодай ғұлама жазушының Құран Кәрімнің тәржімасын оқығанына да күмән келтіре алмаймыз.
Жазушының сол замандағы қатарласы саналатын немістің Гетесі, Орыстың Толстойы Исламға бас иіп, Мұхаммед пайғамбарды пір тұтқандығы әлдеқашан тарихта ашық-айқын болған жәйт. Әйтседе, бұл жазбадағы мақсат, мұны дәлелдеу емес, еді.
Витор Гюгоның осы «Ыржиған кісі» романындағы оқиғалардың әлгі айтылған аяттармен сәйкестігін таныстыру ғана. Сондықтан, ең әуелі Гуинпленнің басынан кешкен қилы тағдырын өте қысқаша түрде баяндап шықсақ оқырманға бәрі де түсінікті болады.
ХІІІ-ғасырдан ХҮІІ ғасырға дейін Еуропаның батысындағы елдерде, әсіресе Ұлыбританияда компрочикостар деп аталатын сол маңдағы әр түрлі ұлттардан құралған жеке топ жас балаларды ұрлап, немесе сатып алып, дайындықтан өткен арнайы хирургтер балалардың табиғи бет пішінін өзгертіп, ойға келмейтін неше түрлі сиықсыздықпен күлкілі етіп шығарады екен.
Сонсоң, осындай «күлкілі» балаларды елді мекендерді аралап шоу-мереке ұйымдастыратын тағы сондай сайқымазақ топтар сатып алатын болған. Яғни, бұл сол замандағы байлық пен билікке мастанған ақ сүйек қауымның күліп мәз болу үшінгі ермегі болса, былайғы сорлы тобырдың да бір ауық көңіл көтеретін қызығының бір түрі болса керек.
Бірақ, осылайша елді күлкіге қарық қылып жүргендердің артында адамдардың аянышты тағдыры жатыр дегенді жоғарғы не төменгі әуейі тобыр тіпті де ескермейтін әдепкі көрініске айналғаны сонша, ол уақыта да дәл қазіргідей сахна сайқымазақтарын ермек еткен қоғамның бір рухани дерті меңдеген кезі еді.
Міне, осы ғасырлардағы билеуші болғандардың бірі Екінші Иаков деген бұл компрачикостарды өз саяси пайдасына қолданған, оларға заң бойынша тиіспеген. Ал, өз билігіне қауіп төндіруі мүмкін дейтін үстем бақталастарын қиыт етсе, «бүлік шығарушы» деген сылтаумен бүкіл отбастарымен ұстап, жер аударып жазалаған. Олардың қараусыз қалған бала-шағасынан осындай бет-ауызын танылмастай етіп өзгертіп «жанды маскалар» жасайтын компрачикостардың әрекеттеріне әдейі көзжұма қараған.
Мұндай жағдай үстемдік еткен елде, төменгі қара тобырдың бала-шағасының пайда күнем делдалдар арқылы ұрланып, компрачикостардың ойыншығына айналуы, әншейін көрініс болған шығар.
Содан да болар, ол кезде осы етек алған сұмдықты білетін еуропалық елдің аналары өз балаларын «Жылама, тоқта кәне! Компрачикостар келе жатыр!» деп, қорықтады екен.
Әйтсе де, дүние төңкеріліп, жоғарғы биліктер ауысып, көзқарастар қайта айналып өзгеріп жататын қоғамның аласапыран заңы бойынша, Иаков секілді жауыз басқарушылардың күні бітіп, өзі қатал жазаланып, жер аударлып, орнына келген жаңа билеушілер, енді компрачикостардың соңына шам алып түсетін аяусыз заң үстемдік құрған-ды. Осы пәрмен бойынша, оларды ұстаған жерде тергеусіз дарға асып, айдалада темір бұғауға салбыратып іліп қоятын әрекет іске асқан еді.
Сондай билеушінің бірі Үшінші Вильгельм кезеңінде компрачикостар Ұлыбритания маңынан Испанияға қарай із жасырып қашып-пысу етек алады. Міне, Гуинплен де сондайлардың қолына түсіп, мазаққа ұшыраған бала еді.
Романның алғашқы тарауы «Портленд мүйісінде» деген атпен басталады. Бұл ХҮІІ ғасырдың соңғы жылдары болса керек, осы өңірден алты-жеті компрачикос тобы, қар бұрқап, теңізде дауыл соғып тұрған қыстың күні Испаниядан жасырын келген шағын кемемен ешкім байқамайтындай теңіздің жартасты қойнауында тығылып тұрып, ашық теңізге шығып қашады.
Шағын желкенді кеменің капитаны және екі ғана матросы бар еді, олар да баяғыдан бері осыларға жасырын қызмет етіп жүргендерге ұқсайды. Ал, қашқын компрачикостар өздерімен бірге ертіп жүрген он жастан енді ғана асқан ұл баланы дәл кетер сәтте, кемеге кіргізбей иен жағалауға қалдырып кете барады.
Түкке түсінбеген бишара бала, үстінде жыртық күрдеден өзге түгі жоқ, жалаңаяқ қалпы қарды бұрқақтан ықтай теңізден алыстап құрлыққа қарай басы ауған жаққа жүре береді.
Кемеден қалып қойған кезі Күн жаңа батқан кешкі уақыт еді. Келе жатқан жолында темір арқанға асулы мүрдені көріп зәресі ұшады. Әбден қараңғы үйірілген дүлей түнектің ішінде қалған әлгі ұл, жылаған баланың дауысын естиді. Жалғыздығына дем бергендей әлсіз үнге құлақ түріп қай жақтан шыққанын шамалайды, дыбыс бірде шығып бірде үзіліп кеткен сайын тоқтай қалып байқаса, дәл алдындағы қарауытқан сұлбадан естіліп жатқанын аңдайды.
Таяп барса, қимылсыз жатқан әйелдің құшағындағы ораулы баланы көреді. Әлсіз үнмен жылап жатқан сол екен. Жалғыздықтан өзін құтқарушыдай көрінген сәбиді Гуинплен қолына алып, үстіндегі күртесін шешіп жанды олжасын орап алады. Өзі жалаңаш қалса да дірдектей жүріп, түн ортасында бір елдімекенге әзер жетеді. Содан жағалай жүріп есік қағады, бір де бір адам үйінің есігін ашпайды. Сөйтіп, әбден үсуге таяғанда селен шетінде қарауытып тұрған күйме-арбаның астынан қасқыр ырылдайды. Осы дыбыспен күймеден шыққан адам, қаңғып келген баланы жатағына кіргізіп пана болады.
Бұл адам осы романның бас кейіпкерінің біреуі, сан-салалы білімді, жалғыз басты дана адам Урсус еді, ал ырылдаған қасқыр осы иесінің сенімді досы Гома атты көкбөрі болатын.
Ал, Гуинпленнің қар астынан тауып алған сәби бала болса, осы кітаптың пәлсапалық ғажайып әдемі әуені іспетті суқараңғы қыз Дея еді. Урсус ұл баладан жағдайды біле сала, қар астындағы әйелге түн ішінде көмекке жөнеледі, баланың ізін қуалай жүріп оны тапса да ақырғы қуатын сәбиіне арнап өзі үсіп өлген панасыз кедей әйел екенін біліп қайтады.
Осы аз ғана оқиғаның өзінен-ақ, қоғамның да, адамдардың да қатігездігін байқау қиын емес, бірақ жылы жүректі адамдардың да бар екеніне, осындай суық қоғамды солардың ғана жылтып тұрғанына да еріксіз иланасың.
Сөйтіп, Урсус өзінің талғажау етіп отырған пісірулі аз-мұз картобын Гуинпленге беріп, бір ұртам сүтін сәбиге емізеді. Таңертең бітеу пәуескесінің терезесінен түскен Күннің жарығынан ұлдың езуі тілінген ыржиған түрін көріп аһ ұрса, тіке сәулеге міз бақпай қатып қалған сәби қыздың жансыз жанарын көріп басына келген мына тағдырға және қайран қалады.
Бірақ, осы панасыз қалған балалармен бірге Урсусқа берекет те қоса келгені, Құдайдың бәрін бақылаушы, өзі қалаған құлына жақсылық жасаушы екенін жазушы тылсым астармен оқырман қауымға тамаша аңтатқандай...
Енді, жазбамның негізгі тақырыбы саналған әлгі қашқын компрачикостарға оралайық. Олар, өз бастарына пәле болып жабысатын, өз қолдарымен жасаған қиянаттарына дәлел болатын ұл баланы әдейі иен жағаға қаңғытып кетеді. Бұл әрекеттері баланы өлсе өлсін, дегендері екені айдан-анық. Өз жандары өздеріне сонша қымбат болғанда, баланың жаны оларға ештеңе еместігі, олардың адам пішінді құбыжық, нақ жауыз екенін паш еткендей.
Бірақ, Құдай ешбір іс-әрекетті қалт жібермейтіні секілді, адамдардың бұл әрекетін де әділдікпен шешкені аян болды. Бүкіл пәле құрлықта деп зәрелері ұшып, енді ашық теңізге шығып, көңілі жайланған қылмысты топтың қуанышы ұзаққа бармайды.
Алай-дүлей дауыл оларды діттеген бағытынан бұра жөнеледі. Яғни, шоғыр жартастары теңіз бетіне шығып жататын қиғаш мүйіске қарай айдайды. Дүлей толқынмен қаңбақтай ұшқан кемені жартастардың арасынан ары-бері бұрумен әрең-әрең еңсеріп, енді-енді аман құтыламыз ба, деген сәтте ең шеткі жартасты кеме тұмсығы жанай соғып өтеді. Үрейлі жартастар артта қалады, ашық айдынға да шығады. Дәл осы кезге дейін оңдырмай соққан дауыл да пышақпен кескендей кілт тиылады.
Дүлей дауылдан қаңғалақтай ұшып тоқтамай келе жатқан кеме де қайранға түскендей бір орында тапжылмай айналшықтап тоқтайды. Кемедегілер алғашында бұған қуанды. Дауыл тоқтады, ес жиып етек жауып аламыз, деп. Сөйтсе, каютадан жүгіріп шыққан матрос кеменің бір жағы жартасқа соғылғанда тесіліп кеткенін, содан судың тоқтаусыз ішке ене бастағанын хабарлайды. Бұл кеменің енді, суға бату қатері басталды, деген сөз еді.
Дәл осы сәтте, жаңа ғана у-шу боп сөз естіртпей ұлып тұрған теңіз де құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болып, аспандағы жұлқына ұшқан бұлттардың ілегі енді, моп-момақан аппақ мақтадай қол созым төбеге төніп келіп, қапалақтап қар жауа бастайды.
Жаңа ғана долы дауыл мен үрейлі толқыннан жан-ұшыра арпалысқан капитан енді, мына тыныштықтан тіпті шошып, жанын қоярға жер таппай аласұрады.
Неге? Өйткені, әлгінде ғана қорқынышты қатты қозғалыс-бұлқыныс бұларға қауіп төндірсе, енді, мына үнсіз тыныштық одан да қауіпті болып шықты. Себебі, үп еткен жел жоқ. Кемені адым жерге де апартын, алға сәл жылжытатын ешбір күш жоқ! Егер, сәл желемік болғанда ғой, желкендерді олай-бұлай бұрып, амалдап жақын тұрған жағаға жетіп барар еді, сөйтіп аман қалар еді. Әттең!
Енді, ешбір қайран жоқ, ештеңе де істей алмай, тинәмдай амал қолдан келмей, аз уақыттан кейін бәрі кемемен бірге теңіз тұңғиығына кете бару ғана қалған.
Әйтседе, жан тәтті, олар аз уақыт болса да тіршіліктің балағына жабыса тұру үшін бағана кемеге өздері салған бүкіл қажет бұйымдарын түгел теңізге лақтырады, ештеңе де, сынық ине де қалдырмайды.
Капитан енді, не қалды деп айқайлайды. Сонда, компрочикостардың басшысы доктор: «Енді, теңізге біздің жасаған қылмысымызды қоса лақтыру ғана қалды!» дейді. Сол сәтте бәрі осы сөзден селк етіп шошып, Құдай тәубалары есіне түсіп үрейден үнсіз қалады. Доктор тағы да:
«Кәне, бәрің теңізге күнәларыңды лақтырыңдар! Күнәнің бәрі біздің көкірегіміздің тереңінде жатыр! Кемені суға батырған дауыл емес, біздің сол күнәміз! Енді, өз денеңді құтқару адыра қалды, көңіліңді ғана тазартып құтқаратындай сәл уақыт бар!» дейді. Бәрі осы сөзге ұйып, момақан күйде ашық палубаның үстіне тізе бүгеді.
Доктор, бүкіл қылмыстарын соның ішінде Гуинплен атты баланың кімнің баласы екенін, оны қашан, қалай ұрлап, қайтіп түр-пішінін өзгерткенін сәл бұрын өзі жазған қағазынан түгел дауыстап оқиды.
Енді, мына отырғандардың бәріне, осы хатқа өз-өз қолдарын қоюды бұйырады. Осылай, ғана қылмыстарын мүлтіксіз мойындап, түнек теңіздің түбіне кетіп тұншығып өлу жазасы күтіп тұрғанын хабарлайды.
Қанды қол қылмыскерлер ешқайда қашып құтыла алмайтын ақиқаттың дәл алдында күнәларын мойындап, пергамент қағазға өз-өз қолдарын қоюға мәжбүр болады.
Сөйтіп, ол жазба-қағазды қатерге ұшырағандардың сол кездегі тәсілі бойынша, суға батпайтын, дымқылдық кірмейтіндей құтыға салып теңізге лақтырады. Өздері де, түнек түннің астында тұңғиыққа батқан кемемен бірге ақша қар деген ақ кебінге оранғандай, теңіздің қап-қара тымық айдынында бастары соңғы рет қылт етіп мәңгіге жоғалады.
Иә, романда ұзақ суреттелген осы көріністер, Құрандағы аяттардың түсіндірме мағынасында қалай баяндалғынын айтудың сәті енді, ғана келді:
«Шура сүресі, 30-аят: Бастарыңа келген пәле-жала өз қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен. Бірақ, Алла оның көбін кешіреді.
32-аят: Теңізде таудай кемелердің жүзуі де Алланың құдіретін көрсетеді.
33-аят: Егер, Алла қаласа, желді тоқтатады да, кемелер теңіз үстінде тұрып қалады. Міне, осының өзінде әрбір сабыр сақтаушы, шүкір қылушы үшін көп ғибрат бар екені анық.
34-аят: Немесе, олардың қылмыстары салдарынан кемедегілерді суға батырып жазалайды, не көбінің күнәсін да кешіреді.»
Міне, Құранның кемел тілі, соның өзінде басқа тілдегі тәржімасының өзі адамзаттың бүкіл әрекетін аз сөзбен аңдатып тұрғанына осылай куә боламыз.
Енді, романның қызыққа толы оқиға өрбуі данагөй Урсус асырап алған екі жетім баланың ержетіп өзіне көмекші әрі әртіс болғанымен қызықтыра түседі. Урсустың өзі жазған скетч-көріністерін енді, ат жегіп жүретіндей етіп үлкейтіп алған күймені көшпенді сахна етіп көпшілік ортасына шығады. Көріністі ойнағанда Гуинплен мен Дея да әртіс болып, олардың бірінің ғажап сұлулығы, бірінің сиықсыз ыржиған түрі қалың көрерменді тәнті етуімен көңілді күндер жалғасады.
Езуі тілінген Гуинпленді кім көрсе де күлкіге қарық болып, ыржиған сиқын мазақ қылса, ал онымен тел қозыдай бірге өскен суқараңғы Дея Гуинпленді ыстық жүрегімен жақсы көретіндігін жазушы жан тебірентер талай эпизоттармен жеріне жеткізе суреттейді. Оқырман да осы үш кейіпкерді жандарына жақын туысындай санасына сіңіреді. Бұл шақта Урсус, Гуиплен, Дея үшеуі шын бақытты отбасы еді.
Осындай қуанышқа толы күндерінің бірінде ақсүйек лордтардың біреуінің сылқым қалыңдығы бұлардың ойынын көріп Гуинпленге көз тігеді.
Оны өзіне ермек қылып көңіл көтергісі келеді. Сөйтіп, оқиға шинеліседі. Гуинпленнен сәл сәт ажыраса жаны қоса кеткендей қиналатын Деяға да қатер төнеді.
Міне, осы қарсаңда баяғыдағы теңізге батып кеткен компрачикостардың жолдаған құмырасы теңіз жиегінен табылған болатын. Оны сол кездегі арнайы үкіметтік қызметкерлер оқып, танысуға тиіс ерекше әдет бар еді.
Сөйтсе, талай жылғы іздеудегі әлдеқандай ақсүйек лордтың баласының дерегі әлгі құмырадан шығады. Және осыған қатысты бір күдіктіні ұстап, түрмеде ауыр азаппен оның қылмысын мойындатады. Сөйтіп, арнайы тергеушілер, жасырын қызметшілер көп қиналмай-ақ, оның көшеде көрініс жасайтын «ыржиған жігіт» Гуинплен екенін анықтайды.
Сол сәтте-ақ, үкіметтік арнайы жасақ барып, Гуинпленді күймесінен пәрменмен алып кетеді.
Сонымен, жоғарғы билік аз уақытта-ақ, Гуинпленнің бүкіл құқын өзіне қайтарып, ресми қабылдау жасайды. Көшедегі жалаңаяқ жарлы, аяқастынан салтанатты сарайдың иесі, ұланғайыр жердің қожайыны әрі елдегі бүкіл билікті жүргізіп отырған лордтар қауымының тең дәрежелі мүшесі боп шыға келеді.
Ақсүйектердің аса қымбат сәнді-мәнді киіміне малына киінген Гуинплен лордтар сарайында таныстырылып, басынан кешкендері мен өз сөзін айтуға тиісті болады. Лордтардың бүкіл жайсаңдары қызыққа кенелу үшін қаусаған кәрісінен, жасанған жасына дейін қалмай түгел жиналады. Қайта туған бейтаныс лордқа бәрі құлақ түреді. Өздері ғана айтатын көшелі көсем сөз күтеді. Бірақ, Гуинплен бұлар ойлағандай емес, өмірдегі, айналадағы өзі куә болған ащы шындықтарды сөйлегенде, мұндайды мүлде естіп көрмеген, өздері куә болмаған тоғышар лордтар қарқылдап күле бастайды, оны дым-білмес ақымақ санап мазаққа айналдырады...
Бұл кезде үкімет қызметшілері даңқты лорд Гуинпленнің атына кір келтіреді, деп Урсус пен Деяны қаладан қуып та жіберген еді. Алысқа жүргелі тұрған кемеге отырғызып мәлімсіз бір жаққа кетуге бұйырады. Гуинпленнен айырылған Дея болса, жайнап тұрған гүлдің ілезде қурағанындай сылқ түседі. Жүрегі әлсіреп есінен танады.
Жоғарғы қауымның мынандай мазағына тап болған Гуинплен үстіндегі қымбат киімдерін жан-жаққа лақтырып тастап, көшеге шығып өзінің сүйіктілерін іздеп келсе олардың бұл жерден жоқ болғанын естиді.
Егер, олар болмаса, Гуинпленнің де енді, өмір сүруінің еш құны қалмаған еді. Ол көпірге шығып, төмендегі өзенге құлауға қамданып тұрған кезде, бірдеңе сыбырсыз келіп қолын иіскейді, қараса көкбөрі Гомо!
Ол өз иелерінен қалып қойып Гуинпленді аңдып жүрген боп шықты. Жаңа ғана өмірден күдер үзіп тұрған Гуинплен қуаныштан жүрегі жарылардай болады. Гомоның артынан ере жүгіреді. Енді, болмаса, зәкірін ағытып кетуге шақ қалған кемеге Гуинплен де жетіп жығылады.
Гуинпленді көрген данагөй әке Урсус екі көзінен жасы парлап өлшеусіз қуаныштан сілейіп тұрады. Гуинпленнің сәл тықырынан да айнымай таныйтын өлім халіндегі Дея кенет көзін ашады. Өмір қайта оралды! Айтып сөз жеткісіз шаттықтың шуағы төңіректі нұрға бөлегендей ғажайып мезет орнаған қымбат сәт еді, бұл!
Түк көрмесе де Деяның айнадай жарқыраған қос жанары жайнап, ақ гүлдей үлбіреген нәзік денелі сұлу Дея, әдемі екі қолын алға созады. Бір сәт қуаныштан дауысы саңқ ете түседі: «Гуинплен!!! Мен сені көріп тұрмын! Жарықты көріп тұрмын! Мен бәрін көріп тұрмын!!! Қандай ғажап, мен бақыттымын!» деп.
Иә, бір сәтте бәрі бақыт құшағына қайта оралған-ды. Айнала шаттыққа толды.
Сол-ақ екен, Дея шалқалай құлап жығылады да, әсем еріндері бозарып, сүйкімді мұрыны соңғы тынысын тоқтатады.
Енді, Урсус та, Гуинплен де бұл дүниеде жүрудің мәні қалмағандай қайғы толы тас қараңғылыққа қамалды...
Абай Мауқараұлы
Abai.kz