Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3256 0 пікір 5 Қазан, 2009 сағат 07:25

Әбіш Кекілбайұлы. ЕРКІНДІКПЕН ҚОШТАСҚАН ЕСІЛ ДӘУРЕН

("Біржан салды" көргенде)

Жыл айналып соғатын қансонарда жігіттер бой көтеріп, сейілге шығатын. Жолдарынан аң қашса, анталай қуып, мәз-мәйрам болатын. Қиқуға елігіп, қыз­ды-қыздымен қанша қыр асқандарын да байқамай қалатын.

Сөйтсе, құлағын жымып ап, жұл­дыздай ағып бара жатқан тағы кенеттен көз алдарында, тылсым құдірет соққан­дай, мұрттай ұшты. Созалаңдап барып, өз бойын өзі жинай алмай, ирелеңдеп құлап түсті. Көзді ашып-жұмғанша жантәсілім етті. Аң-таң қуғыншылар тоқтай-тоқтай қалысты. Одырайып-одырайып қараған­дарымен, ештеңе ұға алмады.

Кенет әлдеқайдан қарқылдасқан әжеп­тарқы дауыстар құлақтарына жетті. Төбеден шыр айнала шүйілген құзғын қарғалар көрінбейді. Аспан ашық. Ол да таң-тамаша қалып жатқандай. Бейжай маужырайды. Жұрт не болып, не қой­ғанын қапелімде түсіне алмай тұр. Саят­шылар ат үстінде. Состиып-состиып қат­­қан да қалған. Әлгі бір жұмбақ қарқылдар барған сайын күшейе түсті. Әрқай­сы­сының естілген тұсынан бір-бір қарайған көрінді. Бірте-бірте көтеріліп келеді. Көтеріле-көтеріле, қыр басына айғыр топ атты адам андыздап шыға келді.

Шықты да, жайларына қарап тұрмады. Дауысы күжілдеген біреуі анадайдан ай­қай салды: "Әй, сендер кім боласыңдар?"

("Біржан салды" көргенде)

Жыл айналып соғатын қансонарда жігіттер бой көтеріп, сейілге шығатын. Жолдарынан аң қашса, анталай қуып, мәз-мәйрам болатын. Қиқуға елігіп, қыз­ды-қыздымен қанша қыр асқандарын да байқамай қалатын.

Сөйтсе, құлағын жымып ап, жұл­дыздай ағып бара жатқан тағы кенеттен көз алдарында, тылсым құдірет соққан­дай, мұрттай ұшты. Созалаңдап барып, өз бойын өзі жинай алмай, ирелеңдеп құлап түсті. Көзді ашып-жұмғанша жантәсілім етті. Аң-таң қуғыншылар тоқтай-тоқтай қалысты. Одырайып-одырайып қараған­дарымен, ештеңе ұға алмады.

Кенет әлдеқайдан қарқылдасқан әжеп­тарқы дауыстар құлақтарына жетті. Төбеден шыр айнала шүйілген құзғын қарғалар көрінбейді. Аспан ашық. Ол да таң-тамаша қалып жатқандай. Бейжай маужырайды. Жұрт не болып, не қой­ғанын қапелімде түсіне алмай тұр. Саят­шылар ат үстінде. Состиып-состиып қат­­қан да қалған. Әлгі бір жұмбақ қарқылдар барған сайын күшейе түсті. Әрқай­сы­сының естілген тұсынан бір-бір қарайған көрінді. Бірте-бірте көтеріліп келеді. Көтеріле-көтеріле, қыр басына айғыр топ атты адам андыздап шыға келді.

Шықты да, жайларына қарап тұрмады. Дауысы күжілдеген біреуі анадайдан ай­қай салды: "Әй, сендер кім боласыңдар?"

Мұндай төтен сұрақты ешкім күт­пеген. Саятшылар сасып қалды. Жөндерін айтты. Әлгілердің біреуі есті­гендерін жалма-жан жанын­дағыларға түсіндірді. Тағы да қарқ-қарқ күлісті. "Вольные люди, ишь какие?"

Дудар бөріктер әрлі-берлі изеңдесті. Арттарына бұрылып, ойға қарай қайта құлап кетті. Иықтарына үңірейген бір-бір түтік асып алыпты. Көмейінен ажал төгі­ле­тіндей, асқақтай қарайды. Әлгі қасқыр­дың ажалы да солардан келген болмасын.

Қарқ-қарқ күлкі қар көміп жатқан аппақ жоталардың астына сіңіп тұн­шық­ты. Дүниені қайтадан тыныштық басты.

Қайран қалған қалың саятшы әлі ауыздарын ашып тұр. Біраздан кейін естерін жиып алды. Кеу-кеулескен күлкі қайта естілді. Бұл маңайда жақын жерде кімнің ауылы бар екендігі сұралды. Соған байланысты өткен-кеткендер еске түсті. Жоғалған шідер. Ұмытылған шақша. Ешкімге аузынан шықпайтын басқа бір құпия... Жаппай ойға орала бастады.

Тіл алғыш жігіттер тапсырмалар алып, тұс-тұсқа жөнеп кетті.

Мосқал тарта бастаған әдеміше еркек құс төсекке құлапты. Тәтті ұйқының құшағында. Құлағын кесіп алса да білер емес. Рақаттана көлбейді. Әлгінің бәрі өң бе, түс пе?.. Онымен де шаруасы жоқ.

Қысыр жыландай қылымсыған ерке сұлу... Ерте оянып кеткен... Көрген түстей бір сәттік тоят... Көзді ашып-жұмғанша өткен де шыққан. Енді оның орыны удай қарып, өкініші өзегін жалап барады. Ештеңеге алаң болмай, бейжай ұйқы соққан мажыра мейманына үңіліп те, түңіліп те қарайды. Көптен бері көкейінде кептеліп тұрған іштегі дертті лақ еткізіп төге салғысы да келеді.

Қанша тістеніп, қазып-қазып қазы­мыр­ланып сөйлегісі келсе де, көзапара көргенсіздіктен қымсынып, тым сыпайы тіл қатты. Әуелде жесір келіншек құрулы тұрған қақпанға өзі бірінші болып жүгіріп еді. Шіренте бұралған болат серіппе өзі келіп түскен олжаны шаппағанда қайтпек? Қармай алып, қақшып салған. Онысын қу тізесін құшақтаған жесірді жарылқағаным деп ойлаған.

Ұйқыдан оянған монтаны мейман шы­тына қараған әйел жанарынан кө­мей­ін­дегісін түсініп отыр. Жә, болар іс болып кеткен. Тіпті бозала таңнан оянып өксіп жат­қан бейшара мұңлықты аяп та барады. Ая­ғаны сол: осындай реті келген жерде кө­ңілін аулап, қасына жатып, аунап-қу­нап кетеді. Не сұраса да қолынан қақпайды.

Мақпал сұлу сұрағанда да не сұрайды... Беліндегі белдіктің бір қамарын қалайды. Көзіндей көріп, ұстап жүрейін деп алып қалды. Жалп ете қалған бестік шамның сөніп бітпеген білтесі қып-қызыл болып маздап жатты.

Шеткері үйден құлқынсәріден ат­танған жолаушы жып-жылы денесін мұп-мұздай боп қармай алған таңғы ауаға тітіркеніп, сол бір айдың сұғанақ суығына қынжыла өкініш айтты. Әлдеқайда ентелей асыққан еркетотай сылқым жолаушының қай қылығында да бүгінгі көрерменнің көңілін қалдырмаса да, көзіне тікендей қадалар сезікті жәйлар толып жатыр. Ал олар оның тұстастарына қалай көрінер екен... "Ойбай, мынасы не?" деп бетін басар ма екен? Әлде: "Қайран заман-ай, десейші!" деп айызы қанып рақаттанар ма екен?

Кадрлар жылжып алмасып жатыр. Көзге тосын көріністер. Тіпті ұшырасып та көрмеген. Бірақ, сай-сүйегімен ұғатын­дай... Көңілге тым жақын сезілетін көрі­ністер тізбектеліп өтіп жатыр. Аң-таң назарыңды алысқа шақырып, үйреншікті дүниеден біржолата бездіріп жатқандай. Сол бір тылсым қозғалыстан уақыт баяу алмасып, маусымдар жіпсіз жең ұшынан жалғасып жатқандай.

Етек-жеңін жаппай қымтап, жалпақ дүниені жаппай бүркеген ақ көрпе өз-өзінен түйтеленіп, іріп-тоза бастады. Түрілген етектей төменнен басталған көкмайса көкке қарай өрмелеп барады. Көк ала шыт көйлек киген еркетотай көктем барған сайын делеңдей түскен. Сай-салалар қиқуға толып, ерсілі-қарсылы шұбырыс басталды.

Бөктер-бөктерде қарауытқан үйірлер. Шұбарытқан отарлар. Күреңіткен енді тігіліп жатқан керегелер. Шұбала малын­тып, көмілте көмкерген ақ желеңдер, қынама бешпеттер. Тойнақы киініп, жинақы жылмаңдасқан жігіт-желең.

Кенет сондай сыздия сызылған сы­пайы дүниеде әрпіл-тәрпіл көзге шалынар әлдекімдер. Анадайдан ауылды көре сала, ат үстінде талтайып тұрып алып жат­қан­дар қаншама?! Ат қапталында салпаңдап шауып келе жатқандары қаншама?! Енді біреулері қаралай көкке шапшып, секіріп-секіріп қояды. Кейбіреулері аттарына те­ріс мініп, теріс қамшылап отыр. Тағы бі­реулері апиын ішкендей былқ-сылқ. Жа­нына жуып кеткенді қуып кетердей, кө­зін төбеңнен асырып, есерлене қарайды.

"Алақай! Салдар келе жатыр... Сал­дар!.." Айқайының өзі жер жарғандай. Дү­ние қоймалжыңданып, қойыртпақ­танып жүре берді. Дүние жүрісінен жаңыл­ған­дай... Ат үстінен ерең-серең құлай кетеді. Қар­сы алғандардың құша­ғына жығыла кетеді. Ат жалынан жайылған төсектерге жайбарақат сұлай салады. Аттан түсірген қыз-келін­шектерді бас салып сүйіп жа­тыр... Құшақ­тай жығылып, қармай құшып жатты. Оған ренжіп жатқан ешкім кө­рінбейді. Қайта өңмеңдей түскенге өзеу­рей түсе ме қалай? Бәрі шетінен шады­ман. Шетінен мәз-мәйрам. Әкелері ба­зардан келгендей қарқ болып жатқан бір жұрт...

Соған қарағанда бұл күнді сағына күткендей. Алты ай қыста үйден шықпай әбден іші пысқан жұрттың бойын тұсаған салқындықтан бір сәтте серпілгендей. Үлкен-кіші өзін-өзі ұмытып, жайраң­дасып-ақ жатыр.

Сал-серілерді ортаға алып, ауыл-аймақ табан астында қан базарға айналып кеткендей. Естері кетіп қалыпты. Жайы­лып жастық, иіліп төсек болып жатыр. Өз көзіңізге өзіңіз сенбейсіз. Өтірік дейін десеңіз, жан-жағыңда жалған сөйлеп, жалған ойнап-күліп жүрген ешкім жоқ. Тіпті емін-еркін. Шындық дейін десеңіз, бәрі шамадан шығып, асып-төгіліп жатыр. Мұндай жағасы жайлау рақат өмірдің күннен-күнге жалғасып, созыла беруі сірә мүмкін бе?!

"Салдар... Алақай, салдар келді..." Қақақу басылар емес. Ауыл иесі Көлбай да ашылып-шашылып бағуда... Жан-жаққа хабар айтып, ерсілі-қарсылы шабарман аттандырып әуре. "Пәлен­шекеме айттыңдар ма?.. Түгеншекеме хабар тиіп пе?" Ауыл үсті абыр-сабыр.

Көлбай қуанбай да қайтсін! Енді-енді дәулет бітіп, енді-енді қатарға қосылып келе жатыр. Біржандар ауыл арасының жай қыдырмасы емес. Атағы аспандаған сал басымен, лақылдатып лақап арқалап жүреді. Ырысы таситын үйге түсетін қызыр ғой. Біржан түскен үй атағы жайылады ғой. Содан былай ел-жұрт мұнымен есептеспей көрсін.

От басына омақасып, шабарман келді. Азынабай айтқанын тыңдап, аңтарылып тұр. Қолы тимей жатқан болып, жәй айтты. Онысы - өзіндей іргелі байдың үйі тұрғанда үстінен аттап өткен Біржанға іштей өкпелегені. Тыңдап тұрып, ойлап тұр. Көлбайдың ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қарындасы бар. Сылқым салдың іздеп жүргені сылқыған қазы-қарта, жал-жая дейсің бе?! Құшса, құшағын толтыратын қарындасы ғой. Бүйір тұсы бүлк ете түсті.

Әлгі Азынабай шақырысқа өзі бар­мағанмен, айғыр топ адамымен жігітін жібермек. Атақты байдың атағын жайып, ел үстіндегі елтең-селтеңі көп сал-серінің ауызын алып қайтуға жұмсады. Әншінің ойының қайда екенін біліп қайтады. Сыр тартуға тырысады. Азынабайдың сақилы­ғының қасында үй иесі Көлбайдың орта жолда қалып қоятынын еппен сездіріп, қыр көрсетіп қалуды әдейілеп тапсырды. Байдың малы - жаудың малы деген. Шабарман Азынабайды аяп қайтеді... Көңілінен шыққан серіге ауызын ашса, ат атап, мақтау айтса, ақша атап, қошемет айтса, қалта-қалтасымен төге салып, әбден шалқып бақты.

Көлбайдың үйінде жиын қыза түсті. Балтырымен басын қасып, башпайымен аузын сипап, небір сайқымазақ неше түр­­лі өнер көрсетуде. Шеттерінен осы үй­ге өткізіп қойғандары көптей, серілер баса көк­теп, тым ерке, тым шолжаң отыр. Кенет мың бұралтып ән шырқаған сұлу дауыс сыңғырап қоя берді. Жұрт есік жақ­қа жалт қарады. Көптен бері Біржанға әнім­­­ді тыңдатсам деп, кездесудің ретін таба алмай жүрген әнші қыз Ләйлім кірді. Сың­­ғырлаған сұлу ән расында да құлақ­тан кіріп, бойды алады екен. Талайды өз үні­­мен талмауратқан Біржан салға қыз ұнап қалды. Орнынан ұшып тұрып, өзі амандасты. Біржанның көмейі белгілі болды.

Көп ұзамай, жұрттың көзін ала бере, қасындағы нөкеріне ым қақты. Ол қолына құман ұстап, ауылдың сыртындағы шоқ-шоқ ақ қайыңдарға қарай аяңдады. Қайыңның іші у да ду. Сал біткен ақ қайыңға айналып кеткендей. Желектей желбіреп, желпілдескен жастар. Ойнап-күліп әлек. Біржан іздегенін таба алмай, сенделіп жүр. Керек кезінде аяқ астынан пайда болып, керек кезінде қалтарыста қалып қоятын жылпылдаған нөкер жігіт те жым-жылас жоқ. Жан-жақтан құс әупілдейді. Қызғыш шықылықтайды. Қасқыр ұлиды. Бәрі де бір-бірімен жұмбақтасып, хабар беріп жатқан салдың нөкерлері. Кенет әлдекім көмейінен моншақ төгілгендей, сықылықтап келіп күлді. Бұл сал ағасын сағына тосып тұрған Ләйлім еді. Бикешін шығарып беріп, өзі тасаға тайқыған жеңгетай енді нөкердің құрығына ілікті. Ауыз бастыртқым деп, білегіне білезік кигізілді. Талай кінәсіз бойжеткеннің обалына қалған осындай жоралғылар ғой!

Содан Біржандар аттанатын күн де туды. Салдың алдына Көлбай сылаң қаққан сүлікқара арғымақты көлденең тосты. Әнші атқа тақым басты. Әзер шыдап тұрған су жорға ызғыта жөнелді. Анадай жерге ұзап барады. Ауыл жастары соңдарынан қалмай ілесіп келеді. Кенет көз ұшынан бір шаңқан ат қылаңытты. Ол құйғыта шауып келе жатқан Ләйлім еді. Соны көрді де сүлік қара қақ алдынан қарсы салды. Екеуі жұлдыздай ақты. Екі нүкте көз ұшында түйісті. Ар жағы - жалына айтқан қыз назы. Таусыла үз­діккен жігіт сыры. Қимас, қиыспас қоштасу сәті.

Шамасы, мұсылманшылықтан бұрын­ғы замандарда қалыптасқан дәстүрлердің көбін халық әлі күнге ұмытып үлгер­мегендей. Кейін тараған дін олардың біразын өзіне икемдеген. Оған көнбей тұрғандары да баршылық. Олар көп жылдар бойы жарыса өмір сүріп келеді. Ежелгі этностың кең тараған қағидат­тарының осы кезге дейін қатар үрдісте жүруі әзелгі тұрмыс-салттарын көздің қарашығындай ұзақ сақтай алған халықтарға ғана тән. Теріскей Еуразияда кездесетін көп ғұрыптар көшпелі тұрмыс құру үрдісінің арқасында мұрты шағыл­мастан сақталып келеді. Табиғатпен қоян-қолтық араласқан қауымдарда еркін жүріп, еркін тұру ерекше қастерленуде. Оған тұрмыс жағдайының тұрақтылығы да әсер етеді. Сал-серілік институтының қазақ арасында кешеге дейін сақталып келуі соның дәлелі. Көшпелі дәурен аясының тарылуымен бірге салдық-серіліктің де ғұмыры қысқарды. Саят құрып, сайрандап жүргендерге кездейсоқ жолыққан бейсауат адамдардың: "Воль­ные люди... Ишь какие!" - деп мұрты­ның астынан мырс ете қалуында да бір гәп бар еді. Оған айдалада аң қуып жүр­ген жағасы жайлау саятшылар қапелімде қайдан түсінсін?! Түсінбесе, түсіне жатар. Әзір соларға біз де ілесе тұралық.

Жол-жөнекей жолыққан қаралы шеруге аттарынан түскен салдар: "Көмер көбейсін!" деп көңіл айтып еді. Төбеден түскендей бұл сәлемді жақтыра қоймаған жандар қапелімде көп сияқты көрінді. Оған шерудің басы-қасында жүрген күйек сақал еркек әкіреңдей жөнелген-ді. Тіпті қамшы жаудыруы да мүмкін еді. Қасын­дағы қария жалма-жан сөзге араласып, асығыс қимылдаған серігін тыйып тас­тады. Бұрынғы замандарда жолда жолыққан қаралы шерумен осылай амандасатын әдет бар екен. Соған қара­ғанда, салдық пен серіліктің өзі де тым көне замандардан келе жатқан сияқ­ты. Енді көп ұзамай, олар да ұмытыла бастай­тын түрі бар секілді. Көне заманның көп жұмбақтарының бірі біздің көріп отырғанымыздың қиял емес, шындық екендігіне тағы да көзімізді жеткізе түсті.

Бұған дейінгінің бәрі қиял әлемінде жүргендей еді. Енді бірте-бірте шындық меңдей бастады. Экрандағы құба төбел ауылға ескі танысымызды көргендей енте­лей қарадық. Еркегі үйде болмай, ылғи жиын-тойда жүретін үйдің жұпыны төрі. Көпті көрген кейуана әр сөзін салмақтай түсіп, әңгіме соғып отыр. Үй иесі әйел үн-түнсіз тыңдап бағуда. "Еркек әйелдің ақылына емес, қылығына құлай­ды. Ақыл­ды бәйбіше қырық тоқалды сыйыс­тыра­ды". Ескі қазақ тұрмысының бұл ахуалы­на үй иесі әйелдің қаншалықты иланға­ны­на бір Алланың өзі куә! Ал бәрін де сырт­тан тыңдап тұрып, іштей күйінген Темір­тас ит арқасы қияннан ат арытып кел­ген кейуананың арбасының соңынан: "Кел­мей-ақ қой, сен кемпір!" - деп ке­сек атып шығарып салады. Бұл арада Қа­би­ба Елебекова ойнаған рөл әбден ой­ла­нып, қапысыз сарапталғандығымен көзге түсті.

Көп ұзамай елді сырттай шулатқан жолаушы да келді. Ауыл-үй алдарынан шықты. Үлкен-кіші: "Аман келдің бе?" - деп сыпайы көрісіп жатыр. Біреу атын ұстап, екіншісі түсіріп алып, үшіншісі үйге бастап бәйек болуда. Іштерінен бәрін біліп тұрса да, сырттарына селкеу шығар­майды. Біржан да өз-өзінен қуыстанып барады. Жолындағылармен сыпайы амандасып, көзімен әйелін іздеп келеді. Әпіш те дымды білмегендей. Күліп қарсы алды. Қалжыңына қалжыңмен жауап берді. Біржан бойын жиып ала қойды.

Кешке Әпіш күйеуінің аяғына су құйып отырып, әңгімені өзі бастады. Өзінің қартайғанын айтып, күйеуінің сері көңіліне серік бола алмайтынын сездірді. Біржан Ләйлімнің хабарының ауылға да жеткенін түсіне қойды. Әйелінің оны естігелі қалың ойға батқанын, әлгі айт­қандарының кездейсоқ еместігін, толғана келіп, түйген қорытындысы еке­нін айтқызбай-ақ аңдады. "Сен менімен ағарып, менімен қарайыпсың. Ер мұраты - қатын қартайту. Менің Біржаным неге тоқал алмайды екен!" - деп қайтарғанда Әпіш бұдан әрі жұртты шулатпай, өсек өрбітпей, жөнімен құда түсіп, ғашығына қосылғанына келіскені еді.

Ақылды әйелдің бұл қылығы Бір­жанның мойнындағы ауыр жүкті жеңіл­деткендей болды. Көкейіндегі көп уайым сейілгендей еді. Сөйтіп жүргенде ауылға Қасымбек келе қалды. Жанбота жұмсап­ты. Рулас ағайындығы бар еді. Қояндыда жиын жиналғалы жатыр екен. Соған: "Сені келіп кетсін, қолұшын беріп кетсін", - депті. Біржан жағдай айтты. Есіл-дерті Ләйлімге ауып, басымен қайғы бо­лып жүр екен. Жолда Көлбайдың ауылы­на соғып, Ләйліммен бір ауыз тіл­десіп беру­ді сұрады. Қасымбек Жанбота­­­ның жұм­­сауымен келіп, Біржанның өтінішін орын­дауға мәжбүр болғанына қинала келісті.

Әпіштен күткен үлкен сойқан бауыры Нұржаннан шықты. Қабағын қарс жауып, өз-өзінен түйілді. Сүйекке дақ салғанын көлденең тартты. "Кіре тартып байыған Көлбай, Жанбайдың қарындасы біздің теңіміз емес", деп кергіді. Құдды бір қазақтардың бәрі ханнан туғандай, тегін көлденең тартып кекірейді. Көлбайдың жақында байығанын, кешегі қара сүйек жалшы екендігін бетіне салық қылды. Бірақ, ол айтқанына пысқырып қараған Біржан жоқ.

Ләйліммен жолыққан күндері ылғи есінен шықпайды. Кәусар көлдің түбінде кездесіп қалып, қара сүлей арғымақ пен шаңқан боздың су шашысып ойнаған ерке қылықтары естен кетпейді. Салдық дәуренді сағынып ауаланды. Көлбайдың ауылын түн баласы торып шығатын хабаршылар жиіледі.

"Ел құлағы елу" деген емес пе?! Бұл хабар Көлбайдың ағасы Жанбайға да жетті. Ол да терісіне сыя алар емес. Әке-шешелері ерте өліп, жетім қалған Ләйлім жеделдес ағасының қолында еді. Жетім­сіремесін деп, бетінен қақпай өсір­ген. Енді, міне, сол жақсылығының қары­зын қайтарып отырғандай...

Тепсінген Жанбай інісінің үйіне бұрқырай кірді. "Қызға қырық үйден тыйым" деген қайда? Тыйым түгілі сейіл құрып жүрген салға қансонардың қызыл түлкісіндей өңгертіп жібере жаздапсың". Көлбайдың екі аяғын бір етікке тықты. Ауыл торыған хабаршыны ұстап әкелді. Қол-аяғына кісен салып, үй сыртындағы шошала ішіне байлап қойды.

Жер түбінен келе жатқан бейсауат жолаушы көрінді. Асықпай аяңмен келеді екен. Кәрі би екен. Ұсталып қалған хабар­шысының соңынан келеді. Жаппай құрақ ұша қарсы алды. Дәулет Жанбай қайтып орағытса да Кәрі би міз бақпады. Ақы­рында сөзден жеңіп, тұтқынын босатып әкетті. Бұл қазақ жұртындағы билік өнерінің шоқтығын асырған әйгілі сахна еді. Халық әртісі Сәбит Оразбаев халық ынтымағының діңгегі Кәрі бидің рөлін майын тамызып орындады. Не қимылы­нан, не сөзінен селкем-шалыс ештеңе байқалмады. Бәрі де алтын табаққа құйылған сары балдай аса дәмді шықты.

Ләйлім қыз атастырған ауылына ұзатылатын болды. Ағалары көлденеңнен киліккен Біржанға әйел үсті бергісі кел­меді. Сөйтіп Біржанның артынан әңгіме тудырмай, айқай-шусыз, сый­ластықпен үйленем деген дәмесінен ештеңе шықпады. Ләйлім қыз астыртын Біржан­ды шақыртты. Сал кергімеді, келді. Ләй­лім қыз Біржанға Жетісуға асып кетейік деп қиылды. Баяғыда Сарамен айтысуға Арқаның атақты салы болып барған Біржан енді ел-жұртынан күн көре алмай, қуылып келген атаққа ілінгісі келмеді. Өлсе де намысын жоғалтпайтын сал жолы болмаған Ләйлім сұлумен осылайша қоштасты. Не қыз тарапынан, не жігіт тарапынан күмән шақырардай ештеңе байқалмады. Бәрі сенімді, бәрі қонымды. Қыз жылай-жылай жат жерге кете барды. Жігіт жылай-жылай туған жерде қала берді. "Ұрғашы көп, ел біреу". Кәрі би нықтап айтқан бір ауыз сөз мықтап есінде қалып­ты. Елін жатырқатып та, жаб­ыр­қатып та ер мұрат таба алмақшы емес-ті.

Біржан ішқұса болып, күн-түні зар­лайды да отырады. Қояндыға да губер­натор келетін жиынға шонжарларға ән салып беруге емес, жер-жерден жиылып жатқан қалың елге шерін айтып, мауқын басу үшін барады. Жұрт алдында ертелі-кеш қақсап отырған сал ұлық­тардың үстіне қайта-қайта шақырғанда, қайта-қайта үзілді-кесілді бас тартады. Ақырын­да Азынабайдың "поштабайы" қамшы­ның астына алады. Жұрт жиылып барып, жандаралдың қабылдауын сұрайды. Есік алдына шыққан ұлығы: "Мұндай-мұндай қазақ арасының дауы қазақ арасында шешілуі керек. Ондайға бола дау-шарға араласып, генерал ерігіп жүрген жоқ", деп бас тартады. Өкініштен теңдік күткен көпшіліктің дәмесі желге ұшады. Отаршылдықтың мұндай мүләйім есебінің ар жағы түсі­нікті. "Біріңді-бірің тірідей жеп қойсаңдар да мейлің!"

Бұл хабарды хал үстінде жатып естіген Әпіш қатты қорланады. Ел үстіндегі ерке салдың заманының өтіп бара жатқанына күйінеді. Күйеуін қасына шақырып алып: "Әуелде қоярда-қоймай Қояндыға шақырып апарған Жанботаның өзі еді ғой. Соған барып айт, теңдігіңді әперсін!" - дейді. Біржан барып атақты әнін шырқағанда, намысқа шыдай алмаған Жанбота: "Ойбай, тірідей өлтірді-ау!" - деп күйінеді. Арпылдаған Азынабай ар­сыл­даған Жанбайға ұқсамайды. Ал амал­сыздан ұлықтарға жағынған Жанбота өз бауырын іштей қапқан Нұржанға ұқса­майды. Заманға жағынғандардың әралуан есебін бір сарынға бұрып жібермей, әрқайсысын даралай көрсете білген.

Біржан ауылына қайтып келсе, та­лай­дан бері төсек тартып жатқан сартап нау­қас дүниеден өтіпті. Оның қадірін енді ұға­ды. Өзін өле-өлгенінше Әпіштің сүйіп өткенін біледі. Басында бәйбіше болып, барлық тоқалды билеп-төстеп өткісі келген шығар деп еді. Сөйтсе ғашық жа­ры Біржанды қимай, ел арасын шулатпай, бай қарындасы Ләйлім бағыланды айт­тырып алып, өзгеден басы озып тұрғанын көксепті. Сүйгенінің жолында шын ға­шықтық адамға не істетпейді?! Атақты сал құлындай шыңғырып жоқтайды. Баласы Теміртас: "Сен оған келмедің ғой, кел­медің!" деп өкіріп тұра қашады. Қазақ салының басындағы қасірет күллі қазақ даласын сайраннан тыйып, сарсылтып қояр кіріптарлық бұлтының торлап келе жатқандығын айқын сездіріп еді.

"Өнер ғана өлмепті, бүкіл қазақ өліпті ғой!" дейтін Біржанның жан дауы­­сы бостан жүріп, бостан тұратын еркіндік пен ән-күйді ғана қастерлейтін қазақ дала­­сында рухани құндылықтардың түпкі­лікті өзгергенін байқатады. Ол рухты өлтір­мей ұстап келе жатқан сахара халқы­нан бақ тайыпты. Өнерден қадір кеткені­не түн ортасында молаға барып, бақыра айқайлаған Біржанды ағайындары шалық соққанға саяды. Сартап болып жатып ал­ған салды біреулер бақсы-балгерге, екінші біреулері жаңа ашылып жатқан Шортан­ды мен Зерендінің дәрігерлеріне көрсетуді ұсынады.

Мұндай жаны ашығыштардан қашқан Біржан бір кездегі жолдастарын жиып алып, салдық құруға шақырады. Ай далада аспанды басына көтере айғай­ласып, мәз-мәйрам болған достардың соңдарынан қуғын жетеді.

Бауыры Нұржан қаһарына шындап мінеді. Ағайынды жиып барып, айдалада кетіп бара жатқан салдарға тиіседі. Бұрын жұрт салдарға ойнап болмаса, шындап тиіспейтін. Нұржан қасындағы нөкерді айдалаға сұлатып-сұлатып салып, Біржан­ның қол-аяғын байлап, ауылына әкетеді. Әншейінде: "Бітпейтін де қой­майтын сенікі осы не жігіттік!" деп тиісетін ту­ысқан енді үйден шығармайды. Ай жатады, жыл жатады. Іздеп келіп, халін сұрағандарға, Нұржан сырттан мыл­тығын кезеніп тұрып алады.

Сөйтіп, Біржан Нұржанның тұтқы­нын­да. Салдық пенделіктің тұтқынында. Бір­жанға айтқызсаң: "Бүйтіп жатқанша, одан да өлген дұрыс!" Ал Нұржанды сөй­лет­­с­еңіз, баяғы сол: "Досқа күлкі, дұш­панға таба болып, бітпейтін де қой­майтын бұл не желік, не сайран?!". Екеуін туған бір дала, бір заман, бір ана, бір әке. Екеуі екі уақыттың сөзін сөйлейді. Біреуі - кешегі емін-еркін бостандықты көксейді. Екеуінің айтқаны бір-біріне қарама қарсы. Біреуі құлқынының тойғанына мәз бо­лып, ел қатарлы тірі жүргеніне мәз етек бас­ты тіршіліктің дегенін қылып үйрен­ген. Мына дарқан даланың ендігі тұрғын­дары осылар. Олар қыздары Асыл, Ақық­ты, ұлы Теміртасты айтып, өзінің ешқан­дай жынды емес екендігін дәлелдей ал­май, "Шешсейші, қос қолыма арқан батты" деп күн-түні зарлаған Біржан салға без­­­­­бүй­ректік танытады. Есіл еркіндік есер пенделіктің тұтқынында мәңгі бақи қала бермек.

Фильм осындай ауыр оймен аяқ­талады. Оны қойған Досқан Жолжақ­сынов. Аса талантты актердің режис­сура­дағы дебюті. Соған қара­мастан, биік талантқа лайық аса биік талғам мен талапты ұдайы сезіп отырасыз. Фильмде шашау шыққан бір жер жоқ. Бәрі өз орнын тауып, үйлесіп тұр. Әйгілі актердің өзі ойнаған Біржан бейнесі мейлінше дүлдүл өнерпазға тән шынайы­лыққа, өзек өртерлік құштар­лыққа толы. Жастықтағы албырт арман­дарына адал болып өткен абзал адамның тоқтасқан шағындағы өкініштері мен мұң-зарлары аса сенімді. Дәурені өтіп бара жатқан серілік тақсы­рет­тері өте сәтті шыққан. Қал­­ған актерлер басты тұлғаға бағынды­рыл­ған. Айша Матай, Мәди Мұқашев, Гүлшат Турова, Саят Мере­кенов, Асылбек Смағұлов, Сағындық Жүнісов, Айдос Бектеміров, Төлеген Қуанышбаевтардың әрқайсысы мық шегедей қадалып, өз орындарын тапқан. Жас драматург Таласбек Әкім­құловтың әркімдер білетін әндер тақыры­бынан иірімі мол келелі тағдырдың келелі сипа­тын жүйелі кескін­дей алғаны сүйсіндіреді. Сюжеттің дәлдігі, сурет­теменің шынайы­лығы, тілдік мінез­де­ме­лердің дөп түскен­дігімен таңырқатады.

Ұлтты қай жағынан да рухани байыт­қан кинотуынды дүниеге келіпті. Ешкімге еліктеп, солықтамайтын, өнерде тек өзін көр­сетіп, өзекжарды сөзін айтатын жай­саң киногер туыпты. Киношылар үйірі секіл­ді ала-құла күрделі топты тек шығар­ма өзегіндегі ойды ашуға жұмыл­дыра алыпты.

Еркіндікпен қоштасқан есіл дәурен... Көзден бұл-бұл ұшқан салдық пен серілік дәурен жайлы еліге де, еліте де әңгімелей­тін бұл фильм ұлттық кинокеңіс­тігіміз­дің ел сенімін молынан арқалай алатын тағы бір тұрлаулы тұлғаға байы­ғанын ба­яндайды. Бұл бір өнерпаздың екінші өн­ер­паз жан дүниесін қалай ұққан­дығы ту­ра­лы жан толғанысы. Жан тебіренісі. Ав­торлық фильм. Фильм-моно­лог. Тұтас та сом туынды. Ойланта да, толғанта да алады.

Көбейе бергей, көркейе бергей.

Іске сәт!


«Егемен Қазақстан» газеті №323-324 (25721) 02 ҚАЗАН ЖҰМА 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369