Рубио: «АҚШ әлемдік сахнадан кеткен жоқ!»

Өткен сейсенбі күні Ақ үй Мемлекет істер хатшысы Марко Рубио сайланғалы бері алғаш рет АҚШ Сенатының Сыртқы істер комитетінде есеп берді. Комитет мүшелерінің басым көпшілігі Демократиялық партия өкілдері болғандықтан жиналыс өте қиянкескі жағдайда өтті.
Демократиялық партия өкілдері Трамптың Ақ үйге оралғаннан бергі сыртқы саясатын қатаң сынға алды. «Ежелгі одақтас елдерден бас тартты», «Қытай мен Ресейге айрықша жұмсақ позиция ұстанды», «сыртқы саясат бюджетін қысқартты» деп айыптады. Рубио болса бұл сынни пікірлермен келіспей, АҚШ-тың әлемдік сахнадан кетпегенін, керісінше қайта құрып жатқанын, Қытай мен Ресейдің қазіргі әлемдік тәртіпті бұзушы басты елдер екенін, Америка тараптың еш босаңсымайтынын айтып ақталды.
Оның түсіндіруінше, Қытай әділетсіз саудамен, техника ұрлаумен, химииялық есірткі дайындаумен айналысып Американың мүддесіне тікелей зиян келтіріп отыр екен. Рубио өздерінің мұндай қатерлі бәсекеге тосқауыл қойып отырғанын баса айтты.
Ол сондай-ақ Қытай билігінің пара беру жолымен әлемдік сирек металл қорына (әсіресе Африка иен Латын Америкасындағы) иелік етіп отырғанына да тоқталды.
Ол «Американың берген қаржылай көмегі мемлекеттерді сақтап қалғанымен, Қытай бәрібір жымысқы жолмен қазба байлықтарға иелік етуде. Бұл – экономикалық мәселе емес, стратегиялық түйткіл» деді. Тарифті көтеру арқылы өздерінің әлемдік сауда жүйесін қайта реттеп, ел іші экономикасын да көтеріп отырғандарын алға тартты.
Демократилық партиядан сайланған сенатор Ван Холен Рубиоға: «Баяғыда сенатор кезіңде Ресейге тіс-тырнағыңмен қарсы едің. Енді міне Трамппен қосылып Украинаны құрдымға жібердіңдер. Путин сендерді ойыншық етіп алақанында ойнатып отыр» деп ерекше шүйлікті.
Рубио болса «Путинге жұмсақтық танытты» деген көзқарастың негізсіз екенін, Ресей Қарсы санкциялардың әлі күшінде екенін, ешбірін алып тастамағанын, бұл соғыстың әскери күшпен емес, саяси келіссөзбен шешілетінін, өздерінің сол саяси шешімді қарастырып жатқанын алға тартты.
Ақ үй Мемлекет департементінің 2026-жылға арналған дипломатия бюджеті 28.5 миллиард долларға жоспарланып отыр. Бұл былтырғы 40 миллиард доллардан әлде қайда аз. Оны Рубио «қайталанған, артық төленген, басы артық идеалогиялық мақсаттағы шығындарды» қысқартудан болды деп түсіндірді.
Демократ сенаторлар бәрібір қанағаттанбай Трамптың USAID ұйымын жапқанын қайта-қайта тілге тиек етіп, «әлемдік сахнаны Қытайға өз еркімен беріп қойды» деуден танбады.
Abai.kz