Сәрсенбі, 4 Маусым 2025
Талқы 1522 0 пікір 2 Маусым, 2025 сағат 14:05

Жаңартылған бағдарламаның бес кемшілігі

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қолданыстағы жаңартылған бағдарламаның бес кемшілігі

Бірінші, мақсаты жүйесіз, жеткіліксіз қойылған: «Жалпы орта білім беретін мектептерде «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету» делінген. Мақсат дұрыс қойылмаған соң, оның артындағы барлық іс қыйсық болатыны белгілі ғой. Пәннің оқу мақсатын жете түсінбеген маман «Қазақ тілі» пәнінің үлгілі оқу бағдарламасын қалай жазбақ? Қалай жазған?

Ең алғаш бұл бағдарлама 2016 жылғы 25 сәуірде жоғарыдан №243 қаулымен бекітіліп, қолданысқа енгенде елдің бәріне түк түсініксіз болды. Мен де алғашқылардың бірі болып БАҚ- та мәселе көтердім:

«Жаңартылған бағдарламадағы олқылықтар» 7 қараша, 2017 жыл http://abai.kz/post/61522;

«Бұл ана тілінде оқытатын мектептердің бағдарламасы емес...» 2020 жыл 13 наурыз https://abai.kz/post/107380?fbclid=IwAR0-LXZAIKvFpRe0fM4XcS8OUXnYIErDp-zVE65sxCmCCNw_hPSFbyUZuTU;

«Қазақ тілін дамыту бағдарламасы ойдағыдай нәтиже бермеді. Неге?» 19 тамыз 2021 https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazak-tln-damyitu-bagdarlamasyi-oydagyiday-natije-bermed-446215/

«Қазақ тілі мен әдебиеті: Бағдарламаны жетілдіру керек» 27 тамыз, 2021 жыл https://abai.kz/post/138621;

Әлеуметтік желіде де бағдарламаның авторын таба алмай «Бұл бағдарламаның авторы кім?» «Сіз кімсіз КА мырза?» «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері» деп көпшілікке сауалдар тастадым. Үнсіздік. Ешкім «мен жаздым, мен едім» деп алға шықпады. Ел жан-жақтан бағдарламаның қатесін айтып шулап кетті. Ақыры 2021 жылы қазіргі мәжіліскер сол кездегі білім міністрі Асқат Аймағанбетов Астанаға қазақ тілі мамандарын жинап, «Қате болса, жөндеңдер» деген пәрмен берді. Берді де өзі мәжіліске кетіп қалды. Бүгін бағдарлама жөнделіп жатыр. Қазіргі қолданыстағы қате бағдарламаны жасағандар тағы кірісіп, ұйымдастырушылар қазақ елінде басқа маман жоқтай, соларға қайта жүгініп, тағы да шала піскен бір нәрсені алып келмесін деген қауіп жоқ емес.

Қолданыстағы бағдарламаның екінші кемшілігі – оқу тақырыптары, «миграция, көші-қон, жастар мәдениеті, табиғат және экология және т.б.» деп берілген. Бұл лексикалық тақырыптардың берілуінің мәні неде? Жаңартылған бағдарламаның өзегі осындай лексикалық тақырыптар ма? Бұл жаратылыстану немесе басқа пәндерге ұқсап кеткен жоқ па? Ең бастысы, бөлім тақырыптарын дәл осылай алудың ғылыми негізі бар ма? Қандай? Ешкім жөнді жауап бере алмайды. Жауаптары – біреу. «Ертең PISA бағалауы келгенде дәл осындай тақырыптар келіп қалуы мүмкін» деген долбар ғана.

Дыбыстан мәтінге дейінгі тіл бірліктерін алсақ, дыбыстың саны белгілі, түбір және қосымша морфемалардың саны да шектеулі, санаулы. Тіпті тіліміздегі біртілді сөздіктің  реестріне енетін барлық сөздің де санын санап шығуға болады. Ал тіліміздегі сөйлемдердің санын санау мүмкін емес. Сондықтан біз оларды типтейміз: жәй сөйлем, құрмалас сөйлем, жақты-жақсыз, болымды-болымсыз және т.б. сөйлемдер. Мәтін де тура сол сөйлемнің саны сыйақты көп. Сөйлем саны миллион болса, мәтіннің саны миллиард. Сондықтан мектепте осындай түрлі-түрлі тақырыптармен жұмыс істей берейік, болашақта соның бірі PISA бағалауы кезінде түсіп қалар деген ой қате, ғылыми тұжырым емес. Оқушы мәтінді талдау кезінде сөйлемдерді типтеген сияқты мәтінді де типтеп үйренуі керек.

Үшінші кемшілік – лексикалық тақырыптардың грамматикалық тақырыптармен сабақтастықта болмауы. Оқулықтағы берілген лексикалық тақырып (мәтін) грамматикалық тақырыптармен байланысып жатқанда ғана білім жүйелі болады. Ондағы тақырыптар мен мәтіндер тілдің анықтамасына (200 анықтама) қатысты болуы керек, сонда ғана оқушы тілді, оның маңызын терең ұғынады. Егер публицистикалық және ғылыми стильдегі мәтіндерде грамматикалық тақырыптардың өзі түсіндірілсе, тіпті керемет болар еді. Бұны бала жүйелі қабылдар еді.

Қазіргі бағдарламада грамматика жүйесіз, бейберекет шашылып берілген. Бұл шешімі өте күрделі, әлі де зерттей түсетін өте өзекті мәселе. Лингвистикада грамматика дәстүрлі, деңгейлік (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) және функционалдық (жұмсалымды) грамматика болып бөлінеді. Бұның екеуі де лингвистика мамандықтарына академиялық білім беру үшін оқытылады. Ал бізге керегі – қолданбалы грамматика. Яғни мәтінді тануға және оны тудыруға, әсіресе мәтін тудыру кезінде ондағы нормалардың бұзылуының алдын алатын грамматика керек. Пәннің мақсаты оқушыны дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуға үйрету болса, оның кілті грамматика емес пе? Грамматиканың бұл түрі оқушы санасында түрлі нормаларды білу арқылы көп қолданылу, көп дағдылану арқылы қалыптасады.

Бұрын фонетика, лексика, морфология, синтаксисті кезең-кезеңімен әр сыныпта оқытатынбыз. Жаңа бағдарламада грамматикалық материалдар шиыршықталып берілгендей көрінеді, бірақ оның өзі жүйесіз, бейберекет шашылып жатыр. Бұл баланың тілдің жүйесін түсінуіне кедергі келтіреді. Жүйелі берілмеген білімнен оқушының пәнге деген қызығушылығы төмендейді.

Төртінші кемшілік – тыңдалым мен айтылым дағдысын бірге беру. Мәтінмен жұмыс екі бөлімнен тұрады: мәтін тану және мәтін тудыру. Мәтін тану дағдыларына оқылым мен тыңдалым жататын болса, мәтін тудыру дағдыларына жазылым мен айтылым жатады. Осы қырынан қарайтын болса, екеуін бірге қарастыру мүлде ақылға сыймайтын нәрсе. Дұрысында мəтін тану (оқылым-тыңдалым) мен мəтін тудыру (айтылым + жазылым) параллель берілуі тиіс. Тыңдалым (аудиторияда ақпарат қабылдау) мен айтылым (ауызша сөйлеу) дағдылары бір-бірімен тығыз байланысты екені анық. Алайда оқу мақсаттарында олардың бірге берілуі бұл дағдылардың жеке-жеке дамуына кедергі келтіреді. Оқушы тек тыңдап айтпайды, жазады да. Сондай-ақ тыңдап қана емес, оқып та айтуға болады. Бағдарлама жасаушылар бұны ескермеген. Оқушылардың тыңдалым және айтылым дағдыларын кешенді түрде меңгеруі үшін олардың арасында нақты байланыс орнату маңызды. Тыңдалым мен айтылымға арналған жаттығулардың бір контексте ұсынылуы оқушылардың өзара байланыс орнату дағдыларын дамытуға кедергі келтіреді. Оқу процесінде тыңдалған материалды тиімді қолдану үшін жеке-жеке жаттығулармен қатар, интеграциялық тапсырмаларға да назар аудару қажет.

Бесінші кемшілік. Әр стильге тән типтік ерекшеліктер бар: құрылымында, мазмұнында және ондағы қолданылатын тілдік құралдарында және т.б. Мәтінтану кезінде бағдарламада осы айтылғандарды тануды мақсат етіп қоямыз, ал дағды қалыптастыру кезінде оларды үлгіге алмаймыз. Бұл –дұрыс емес. Мәтін тану барысында оқушыға осыларды үлгілеп, осындай жанрда мәтін тудыру дағдысын қалыптастыруымыз керек. Ол үшін оқушы мәтінді типтей білуі, әр стильге тән жанрлардың сипатын танып, талдай білуі қажет. Осы дағдыға аса мән берілуі керек. Сонда оған мәтін түзу, мәтін тудыру оңайға түседі.

Бізде ауызекі стильден басқа стильдер тек жазбаша нұсқада деген түсінік қалыптасқан. Барлық стильдің ауызша нұсқасы да бар екені белгілі. Яғни мәтін тудыру ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Дағды қалыптастыру кезінде ҰМЖ-да анық көрсетіп, осы екі түрін де жайдан күрделіге қарай шиыршықтай отырып қатар алып жүруіміз керек. Пән бойынша оқушыға берілетін  білім ауызша-жазбаша мәтін тудыру болса, оқу үрдісінде соған жетудің жолы анық көрініп тұруы керек. Бүгінгі қолданыстағы жаңартылған бағдарламада бұл кемшін.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

0 пікір