Қазақстанның алтын қоры алдынғы жиырмалықта

Соңғы 10 жылда елімізде алтын құрамды кен өндіру 2,2 есе артқан. Бұл туралы Өнеркәсіп және сауда вице министрі Иран Шархан мәлім етті.
«Металдар — жай ғана тауар емес, олар экономикалық және саяси күштің құралы. Ғаламдық бәсекелестік күшейіп жатқан жағдайда Қазақстан тұрақтылықты, бейтараптықты және болжамдылықты сақтап келеді», — деді Иран Шархан елордада өтіп жатқан 15-і халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.
Вице-министр келтірген мәліметке сүйенсек, еліміз бірнеше металл түрі бойынша әлемдегі ірі өндірушілердің қатарында.
— Бүгінде Қазақстан көптеген жыл бойы титан, мыс, алюминий, мырыш пен қорғасын, ферроқорытпалар, сондай-ақ бериллий, тантал және ниобий сияқты металдарды өндіру және жеткізу бойынша әлемдік нарықтағы негізгі ойыншылардың бірі. Соңғы 10 жылда алтын құрамды кен өндіру 2,2 есе артты, соған сәйкес аффинирленген алтын өндірісі 2 есе ұлғайды. Бұл Қазақстанның әлемдегі алтын қорына ие ТОП-20 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік берді, — дейді ол.
Айта кетейік, елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысып жатыр.
Abai.kz