Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанға келеді

Ақордадан жеткен хабарға сенсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға 16-17 маусымда Қытай басшысы Си Цзиньпин келмекші екен.
Аталған хабарлмада: “Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады. 17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді”, - деп айтылады.
Егер саусақты бүгіп санамалайтын болсақ, онда Төраға Си Қазақстанға осымен алтыншы рет ат басын тіреп отырған жайы бар. Қытай басшысы елімізге ең соңғы рет былтыр шілдеде мемлекеттік сапармен келіп, Тоқаевты "қымбатты досым" деп атап, Пекин мен Астана арасындағы қарым-қатынасты "Алтын отыз жылдық" деп бағалағандығын бек жақсы білеміз.
Бұл мәселенің экономикалық жағына келетін болсақ: Қытай – Қазақстан тауарының ең ірі импорттаушысы. 2024 жылы аталған екі ел арасындағы сауда көлемі 43,8 миллиард долларға жетіп жығылды. Бұл орайда еліміз Қытайға көбіне шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, ол жақтан киімнен бастап, электроникаға дейін мыңдаған тауар түрін алып отырған жаймыз бар екені де жасырын емес.
2024 жылы Ресейдің реваншистері елімізге көз алартып, аузына келгенді көкіген шақта Си Цзиньпин өзінің мақаласында Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын Путлер режімінің көзін шұқи айтқан еді.
Осы жолғы сапардан екі жақтың саяси һәм экономикалық ұтары хақ екеніне күмән жоқ. Өйткені, Төраға Си бостан босақа өзге елге ресми сапрамен шыға бермейді.
Abai.kz