Сенбі, 14 Маусым 2025
Руханият 457 0 пікір 13 Маусым, 2025 сағат 13:33

Нұркен Асанов: Ой оянса, ұлт та оянады...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қоғам қайраткері, «Сенімен Болашақ» РҚБ-нің негізін қалаушысы Нұркен АСАНОВ «Мұнара» республикалық рухани-танымдық  газетіне сұхбат берді. Сұхбаттың толық нұсқасын назарыңызға ұсынамыз.  


– Соңғы кездері әлеуметтік желіде түрлі мәселе төңірегінде қоғамдық пікір қалыптастырып, ой айтып жүрсіз. Білуімізше, сіздің өмірлік ұрандарыңыздың бірі ой айту емес, ой ояту. Адам ойын ояту үшін әуелі қайтпек керек?

– Ең бірінші сұхбаттасуға ұсыныс білдірген сіздерге алғысымды айтамын. Иә, ой айту емес, ой ояту – менің өмірлік қағидамның бірі. Кешегі тарихымыздағы ұлыларымыздың қалдырған мұраларын тізіп шығу мүмкін емес. Бір Абайдың, Мәшһүрдің, Алаш зиялыларының қоғамға ой тастаған сөздерін айтсаңшы. Аталған тұлғалар – сонау ғасырлардан жалғасып келе жатқан алыптарымыздың ізбасарлары. Солардың ізін басқан бүгінгі заманымыздағы зиялы қауым өкілдері, ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз да қоғамдық ойды қалыптастыруға барын салуда.

Менің айтпағым, халыққа ой айтумен қатар елді парасатты пікірмен оятатын уақыт әлдеқашан жетті деп есептеймін. Егер біз сүбелі сөзбен ойды оятатын хәлге жеткенімізде әлдеқашан көш ілгері кеткен болар едік. Өкінішке қарай, қазір біз құндылықтар тапталып, ат ізі мен ит ізінің шатасқан заманында өмір сүріп отырмыз. Қиялды арманға емес, арманды амалға айналдыру басты мақсат болуы керек. Біз кәсіпкер болғандықтан нәтижеге жұмыс істейміз. Сол үшін әрқашан әрбір ойдан, әрбір сөзден нәтиже шығаруға тырысамыз.

Құрғақ сөзге, бос әрекетке бармауды өз басым жарата бермеймін. Сөз бір жерде қалады, ал іс орнында қалып, нәтиже беретін дүние. Оймен халықты оятайық деп жүргенім сондықтан. Ой ояту үшін амал керек, көрсету керек. Ойды әрбір жанның өзіне қалдыру керек. Әр адам ойды санасымен, ожданымен, жүрек қалауымен сүзгіден өткізіп, қажетті қадам жасауы тиіс.

«Фасилитация» деген ұғым бар. Бұл – жұмыс тобының еңбегін жеңілдететін процесс. Осы әдістің көмегімен топтағы қарым-қатынасты, ынтымақтастықты арттыруға, тиімді шешім қабылдауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, фасилитацияны жүзеге асыратын тұлға, яғни фасилитатор жұмыс тобына бірге ойлануға, талқылауға, шешім қабылдауға көмектеседі. Қазіргі таңда осындай амалмен ой тоқыса, ол істің нәтижесі болады. Біз соның алғы шарттарын ұйымдастырып, орта қалыптастырып отырмыз. Топты ой қозғайтын құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етіп келеміз.

Тұжырымдап айтқанда, ойдың адам өміріндегі маңызы өте үлкен. Өйткені, адамның барлық әрекеті, сезімі, шешімі, дамуы ойдан бастау алады. Адамның дұрыс ойлау қабілеті оны өзгелерден өзгеше етіп тұратыны сондықтан. Біз күн сайын бірнеше рет шешім қабылдаймыз. Жас та, жасамыс та шешім қабылдайды. Шешімнің үлкен яки кішкентай болуы маңызды емес. Маңыздысы – дұрыс шешім қабылдау. Бұл шешімдер ой арқылы жүзеге асады. Қайда оқимын, кіммен дос боламын, қандай кәсіпті таңдаймын деген көкейдегі сұрақтар терең ойлауды талап етеді.

Адам өзін жетілдіру үшін де ең алдымен терең ойлана білуі керек. Өзіміздің мықты және әлсіз тұстарымызды түсіну үшін де ойлану қажет. Онсыз болмайды. Табысқа жеткен адамдар үнемі ойланудан, талдаудан жалықпайды. Олар мәселелерді шешудің жолын таба біледі. Сол үшін табысқа жетеді. Ірі кәсіпкерлерден: «Сіздің үлкен табысқа жетуіңіздің сыры неде?» деп сұрағанда, олар міндетті түрде: «Мұның сыры – терең ойлана білуде» деп жауап береді.

Айналадағы адамдармен қарым-қатынасты түзеп, ортақ түсіністікке келу үшін де ой арқылы сөз құрап, пікірімізді жеткіземіз. Тіл мен ойдың тығыз байланысты екенін жақсы білесіз. Өзгелермен түсінісу үшін өз ойыңды дұрыс, анық жеткізе білу де өнер әрі маңызды қабілет. Қазір жастар былай тұрсын, отбасы құрған орда бұзар жастағы жігіттердің өзі «мен кіммін, неге өмір сүріп жүрмін, мақсатым не?» деген қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай күмілжіп қалады. Терең ойлайтын адам ғана шынайы өмірдің мәнін түсіне алады. Саналы ойы бар адам ғана өз өмірін басқара алады. Ой айту емес, ой оятуды өмірлік ұран етіп алғанымыз сондықтан. Айналамызға пайдамыз тиіп жатса, нағыз бақыт, нағыз жетістік сол емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Өзіңіз негізін қалаған «Сенімен болашақ» бірлестігін құру қоғамдық ойды оятудан туған идея болды ма?

– Бұл идея қызыммен болған сұхбат барысында келді. Шын мәнінде, қазір оқушылардың ой басқаша. Өзгеше ойлайды. Олармен көбірек сұхбаттасу керек және ойларын тыңдай білу маңызды. Балаға қатысты тәрбие ісін баяғы ескі жүйеге, ескі түсінікке, ескі қалыпқа сала беруге болмайды. Қазір азат ойлы жас буын өсіп келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, болайын деп тұрған баланың белін байлап, қолдау көрсету – ата-ананың басты міндеті.

Жаңа айтқанымдай, қызым сұхбат барысында ерекше ой тастады. «Сенімен болашақ» бірлестігін құру – қызымның жүректі қозғап, ожданды оятқан сәтінен туған миссия. Қызыма: «Әкеңнің қай қасиетін жақсы көресің, бағалайсың?» деген сұрақ қойдым. Қызым: «Әке, сенің менімен сөйлескен, сырласқан, уақыт өткізген кездерің – мен үшін бақытты сәттерім» деп жауап қатты. Мен әке ретінде бала-шағамды ішіп-жеуден, киім әперуден, оқытудан кенде еткен жоқпын. Алайда бұл бір сәттік сезімдер екен. Баланың сезіміне, көңіл-күйіне оң әсер еткенмен, толыққанды бақытты болуына жеткіліксіз әрекет. Баланың жан-дүниесіне үңілу, ойын қолдау, мақсатын анықтауға көмектесу деген үлкен мәселе. Балаға сапалы көңіл бөлудің өзі оны бақытты ететін әрекет. Содан мен ояндым!

– Ұлттық құндылықтарды ұлықтау жайында мәселе көтеріп жүргеніңізден хабардармыз. Қазіргі жастар ұлттық болмыстан алыстап бара жатыр деген пікірге қатысты ойыңыз қандай?

– Осындай кең байтақ егемен елде, көп ұлыс пен ұлттан тұратын мемлекетте өмір сүріп жатқан қатардағы азамат ретінде менің бірінші алға қоятын қағидам – адами құндылықтар. Адами құндылықтар дегеніміз не? Ол – сыйласу, бір-біріне қиянат жасамау, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамастан құрмет көрсету. Ортақ адами құндылықтар жоғары сатыға көтерілгенде ғана адамдар бір-бірін кемсітпейді. Ал адами құндылықтар қоғамда орнын тапқанда ұлттық құндылық тұғырына мінеді.

Баусыз кілт тез жоғалады және табылуы қиынға соғады. Келісесіз ғой. Сол секілді біздің жастар – болашағымыздың кілті. Сол кілтке бау бола алмай жүрген аға буын өкілдері – біз, ата-аналар, бүкіл зиялылар кінәлі. Жастарға кінә тағып, әрекетсіз отыра беру – ең оңай іс. Ал олардың болашағына алаңдаған адам бұлай әрекетсіз отыра алмайды. Ағашты шыбықтай кезінде ию оңай. Қатайған соң ырқыңа көндіре алмайсың, сындырып аласың. Қатқан ағаш сынады немесе жанып кетеді. Басқа амал жоқ. Сондықтан жастарымыз бізден алыстамасын десек ұлт болып ұйысып, іс қылуымыз шарт. Дер кезінде қолға алмасақ, бала көргенін, жас кейін білгенін істейді.

Қазіргі жаһандану заманында әлем елдерінің мәдениеті, өмір салты бір-біріне «жұғып» жатқаны жасырын емес. Бұл үрдіс жастардың өміріне тікелей әсер етуде. Бұл тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде байқалып отырған құбылыс. Жастардың ұлттық болмыстан ажырап бара жатқанының бірнеше факторы бар. Оған себеп әуелі отбасындағы ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, ғаламтор мен әлеуметтік желілердің ықпалы, ұлттық танымға жат кинолар, әндер мен трендтердің пайда болуы, қала мәдениетінің басым болуы, тағысын тағы...

Әрине, жастар ұлттық болмыстан алыстап бара жатыр деген мәселеге біржақты қарауға болмайды. Қазір елімізде ұлттық киім күні аталып келе жатқанын жақсы білесіз. Құдайға шүкір, ұлттық киімді қайта жаңғыртып жүрген жастарымыз аз емес. Қазақ тілінде контент жасап, блог жүргізіп жүрген жас буын өкілдерінің жұмысын көргенде қуанып қаласың. Зерттеушілердің айтуынша, қазір қазақ тілді контенттің көрілімі күн сайын артып жатыр. Бұдан бөлек ұлттық дәстүрлерімізді кеңінен дәріптеп, әдет-ғұрпымызға жаңа серпін беріп жүрген белсенді жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Әр нәрсе өзінің негізіне оралады деген сөздің жаны бар.

– Бір сұхбатыңызда баланы емес, әуелі ата-ананы тәрбиелеу керек екенін айтыпсыз. Бала тәрбиесінде ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

– Біреуге кеңес беретін адамның өзі сөзімен, ісімен үлгі бола білуі керек. Ата-аналарға кеңес айтатындай мен отбасылық сарапшы немесе ғалым емеспін. Алайда көп кітап оқитын адам ретінде ойға түйгендеріммен кейде бөлісемін. Хәкім Абай Құнанбайұлы бала ең алдымен тәрбие мен үлгіні отбасынан, нақтырақ айтқанда, ата-анасынан алатынын айтқан. Абай атамыз айтқандай, ата-ана бала үшін алғашқы тәрбие мектебі. Адам баласы ең әуелі ана тілін, ана сүтімен бірге мінезді, адамгершілікті, үлкенге құрмет, кішіге ізетті отбасында сіңіреді. Әке мен шешенің сөзі мен ісі балаға сабақ болатыны белгілі. Жақсы сөз, жақсы мінез бала бойына ең алдымен отбасында дариды. Сондықтан біз тәрбиелі болсақ, бала да жақсылықты бойына сіңіреді.

Қазіргі балалар ата-анасынан, құрбы-достарынан, ұстазынан тәрбие алса, кейбір жасөспірімдердің «тәрбиесімен» телефон айналысып жатыр. Сондықтан Отан отбасыдан басталады десек, ең бірінші жауапкершілік ата-анаға түсетіні белгілі дүние. Тәрбиені үйден емес, көшеден алған балаға қалайша кінә артамыз? Оған жол берген өзіміз емес пе? Ата-ана баланың болашағы мен тағдырын қай арнаға бұрам десе – өз қолдарында.

Адам көлеңкеге емес, көлеңке адамға тәуелді. Айтпағым, нәтиже көлеңкеміз болса, оны әркім өз пиғылынан табады деген сөз. Кейін ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ. Мен осы күнге дейін әке ретінде балаларыма тек материалдық тұрғыдан ғана көңіл бөліппін. Баланың қарны тоқ, көйлегі көк болуы барлық нәрсе дұрыс дегенді білдірмейді. Ондай ойдан арылуымыз қажет. Отбасыда мейірім көрмеген бала қоғамда қатыгез болары хақ. Яғни қоғамдағы қатыгездіктің себебі сол отбасыда мейірімсіздіктің нәтижесі деп білем. Ештен кеш жақсы деп, іске көшкен жөн!

– Бала тәрбиесіне аса қажет қандай негізгі үш қағиданы атаған болар едіңіз?

– Біріншіден, баланың балалығын қабылдап, оның жан-дүниесін түсінуіміз керек. Бала әрқашан қателік жасайды. Бұл оның жаман бала екенін білдірмейді. Мәселе сол қателіктен тиісті сабақ алуында, сол қателікті қайталамауында. Әрине, оны үйрететін алғашқы ұстаздары – ата-аналары. Кейде өзімізді бала кезде ешнәрсе бүлдірмегендей, ешқандай қателік жасамағандай сезініп кетеміз. Бүлдіру, қателік жасау – балаға тән дүние. Сондықтан оның қателік жасауына, қателіктен сабақ алуына мүмкіндік беруіміз керек.

Екіншіден, баламен тілдесу, онымен сырласу, ішкі дүниесіне үңілу – бала тәрбиесіне аса қажет қағида. Баланы көп нәрседен тыя береміз. Шектеп тастаймыз. Оның санасына «анау болмайды, мынау болмайды» деген негативті шектеулерді сіңіріп тастау дұрыс емес. Балаға тыйым салған сайын оның ішкі жан-дүниесінде қарсылық пен қайшылық пайда болады. Іштей үлкендерге «өшпенділік» пайда болған бала айтқан нәрсені керісінше істеп, қырсық қылық танытатын болады.

Үшіншіден, бала өз отбасында мейірімге, махаббатқа тойып өсу керек. Үйінде мейірім, махаббат көрмеген ол жылулықты айналасынан емес, айдаладан іздейтін болады. Бұл жерде әр нәрсенің орта жолын ұстанған абзал. Балаға дәм-тұзы үйлескен махаббат қажет. «Баланы аясаң – аяма» деген қағида бар. Балаға мейірімділік танытамын деп, оның теріс қылықтарына, жөнсіз істеріне көз жұма қарамау қажет. Өзін емес, дұрыс емес істерін сөгіп отырған абзал. Бала адамгершілікке жат қылық танытса, онысын ата-аналары елемесе, баланың ойында «бұл ісім дұрыс» деген түсінік пайда болады. Сондықтан жақсы мен жаманды үйретіп отыру ата-ананың тікелей міндеті екенін айтудан жалықпауымыз керек.

– Жастар дегеннен шығады, бүгінде болашаққа ұмтылған жастардың даму жолын кесіп жатқан жат діни ағымдардың идеологиясын қалай ауыздықтауға болады деп ойлайсыз?

– Бұл мәселені қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейін. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі әрбір тауардың өз штрих-коды бар. Сол код арқылы оның бағасын, шыққан елін, құрамын, бәрін білуге болады. Бұл – тұтынушыны адастырмаудың, таңдау жасауға мүмкіндік берудің заманауи тәсілі.

Адам баласы бір-біріне ұқсайды. Бірақ әрқайсысының «ішкі коды», яғни болмысын айқындайтын ой-санасы бар. Кім екенін, нені мақсат тұтқанын, неге ұмтылатынын осы ішкі «штрих-код» арқылы танып-білуге болады. Адамды түсіну үшін сырт келбеттен бұрын оның ой жүйесін тануға тырысу керек. Нағыз таным сол жерде басталады.

Штрих-кодты оқитын аппарат компьютерге жалғанып, арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Адамның кодын «оқитын» құрал – ақыл. Ол да қуатты белгілі бір негізден, сенім мен рухтан алады.

Қарапайым дүкеннің қожайыны азық-түлікті жүк көлігімен жеткізіп, сөрелерді толтырып отырады. Ал адамдар рухани азықты іздеп, сол сөрелерден өзіне қажеттісін іздейді. Сөрелерде не тұр, соны аламыз. Қоғамдағы кей ағымдар мен секталардың әрекеті кейде сол сөрелерге күмәнді, тіпті зиянды тауарды жайғастырып қойғандай әсер қалдырады.

Ең өкініштісі, сол «тауардың» штрих-кодына, яғни мазмұнына үңілмей жатып-ақ, тұтынушылар оны себетке салып, алып жатады. Себебі, адамның табиғаты – ізденіс. Рухани азықтың түр-түске бөлінбейтіні рас. Бірақ оның пайдасы мен зиянын айыра білу – ақылдың ісі. Жастарымыз жан-жақты білім алып, ақылды болса адаспайды.

Сондықтан рухани дүкеннің иесі мемлекеттік идеология болуы керек. Ол дүкеннің сөрелеріне не қойылып жатқанын қадағалап, әр «тауардың» кодын саралап, халыққа пайдалы, тәрбиелік мәні терең дүниелермен толтырып отыруы тиіс.

Ал тұтынушы, яғни, халық сөрелерге сын көзбен қарап, әр «кодты» оқи алатын парасатпен қарулануы қажет. Сонда ғана дүкенімізден даналық, себетімізден береке табамыз.

– Қоғамға пайдалы кітаптардың шығуына және кеңінен таралуына өз тарапыңыздан сүбелі үлес қосып келесіз. Бұл қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуден туған шешіміңіз бе әлде осындай игі іске ішкі үніңіз итермелей ме?

– Бұл жаңа жоғарыда айтылған ой ояту мақсатында қолға алған қадамдардың бірі. Өзім оқып шыққан кітаптардың қоғамға, әсіресе жастар арасында көбірек таралып, оқылуына әрқашан мүделік танытамын. Пайдасы жоқ кітапты бастырпаймын және оның таралуына рұқсат бермеймін. Кітап оқу адамның ойын өзгертеді. Ойы өзгерген жанның өмірі де өзгереді. Сондықтан біз қоғамдық шараларымызда әрқашан жастарды кітап оқуға үндеп келеміз. Құдайға шүкір, қазір кітапсүйер жастар қатары артып келе жатқаны қуантады.

Кітаптың өзі жеңіл алайда ішіндегі бағдары ауыр келуі мүмкін. Алайда сол жүкті көтере білген жанның өмірі жеңілдейді, мақсатына жетеді. Әр адам қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, қолынан келген іспен айналасына жақсылық жасай бергені жөн. Жасаған жақсылығың өзіңе міндетті түрде қайтады. Өзіңе қайтпаса да ұрпағың рақатын көреді.

Қазір жастардың қолынан телефон түспейді деген сөз жиі айтылып жүр. Олардың қолынан кітап түспеу үшін не істеу керек? Әрине баланы бір нәрседен тыйған кезде оған қызықты нәрсені ұсынып, қызығушылығын арттыруға барымызды салуымыз қажет. Осы ретте үйде отбасылық кітап оқу сағатын тұрақты түрде жүзеге асырып отырған жөн. Бұл игі іс тұрақты түрде орындалса, уақыт өте келе баланың әдеттегі дағдысына айналады.

– Меценат болу үшін адамға қандай қасиеттер қажет?

– Мен өзімді меценат емес, қарапайым кәсіпкер санаймын. Қолдан келгенше халықты ағарту ісіндегі жобаларға демеушілік жасаймын. Асып-тасып бара жатқан жеріміз жоқ. Дегенмен бұйырған табысты өзіміздің, халықтың кәдесіне жаратып, қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Менің қағидам және өмірлік пәлсапа ретіндегі ұстанымым – Мәшһүрдің жолы. Мәшһүр атамыз қысқа да нұсқа айтып кеткен: тәртіп, кәсіп одан кейін нәсіп! Сондықтан тәртіп болмаған жерде нәтиже толыққанды бола қоймайды.

Кәсіпкерлікпен айналысқан адам өзгелерге қалай пайдамды тигізсем деген уайыммен өмір сүруі керек. Осындай ойда жүрген адам ниетіне қарай кәсіп саласында жетістікке жетеді. Өзін ғана ойлаған адамның ісі ілгері жүрмейді. Дүниені жүрекпен емес, қолмен ұстап үйрену – менің басты қағидам. Дүниені жүрекке кіргізсең – құрдымға кетесің. Қолың күйсін, жүрек күймесін!

– Сіздің өмір жолыңызда шешуші рөл атқарған оқиға болды ма? Кейде жанашыр жанның бір ауыз сөзі жігер сыйлап, үмітіңе қанат бітіреді...

– Менің өмір жолымда шешуші рөл атқарған оқиғаның бірі де бірегейі – «Сенімен болашақ» бірлестігін құру. Қызымның аузымен Хақ Тағала ойымды оятты деп білемін. Жаратушыға жақындаудың ең тиімді әрі қысқа жолын көрсетті. Ол – айналаңа жақсылық жасау, пайдаңды тигізу. Бірлестіктің өмірге келуі өмірімді, көзқарасымды толық өзгертті деп айта аламын. Өмір жолымда бұдан артық шешуші рөл атқарған оқиға болған жоқ.

– Қиын сәттерде алға жетелеуге қандай сезім әсер етеді?

– Қиналған сәттерде айнаға қараймын. Өйткені айнаға қарау арқылы кінәні өзіңнен іздейсің. Зерделейсің, зерттейсің, сабақ аласың, алға жылжисың. Тәуекелшіл бола білу – Алланы мойындаудың нығметі. Мені мәзһабымыздың негізін қалаушы үлкен ғұлама Имам Ағзам Абу Ханифаның оқиғасы шабыттандырады. Ол кісі саудамен айналысқан. Өзіңізге мәлім оқиғаны айтып берейін.

Имам Әбу Ханифаға қатысты кеңінен тараған тағылымды оқиғалардың бірі –  «Кемең суға батып кетті» деген оқиға. Бұл оқиға оның тағдырға сенімі мен жүрек тыныштығына байланысты ғибратты мысал ретінде жиі айтылады. Бір адам Имам Әбу Ханифаға жүгіріп келіп, асығыс: «Имам, сіздің кемеңіз суға батып кетті!» деп хабар береді. Бұл кезде Әбу Ханифа саудамен де айналысып жүрген кезі. Кеме ішінде тауарлары болған. Яғни, үлкен қаржылық шығынға ұшырауы мүмкін еді. Бірақ Имам сабырмен: «Алхамдулилла» дейді де ешқандай уайым білдірмейді. Кейін сол адам қайта келіп: «Кешіріңіз, ол басқа адамның кемесі екен. Сіздің кемеңіз аман!» дейді. Сонда да Имам Әбу Ханифа: «Алхамдулилла» деп тағы да сабырмен жауап береді. Имам Әбу Ханифа бұл оқиғамен дүние уақытша, ал жүрек тыныштығы Аллаға деген тәуекел мен разылықта деген терең ұстанымды көрсетіп кеткен.

Бұл оқиға тағдырға толық сенуді, яғни жақсы не жаман жағдайдың бәрі Алланың қалауымен болатынын үйретеді. Дүние-мүлікке байлану дұрыс емес екенін түсіндіреді. Жан тыныштығы дүние байлығына емес, жүректегі иман мен тәуекелге байланысты жүзеге асатынын ұғындырады. Адам әрқашан сабырлық пен ұстамдылықты ұстануы керек. Қуанғанда шектен шығып, қайғырғанда күйзеліп кетпеу керектігін түсінеміз.

Жүрек тыныштығы маңызды. Өйткені беретін де Хақ Тағала, алатын да Хақ Тағала. Тек аманатқа қиянат жасамасақ болғаны. Кешегі ата-баба аманатын, ат үстінде жүріп соншылықты қиындыққа мойымай, біздерге мұра етіп жеткізген баға жетпес дүниелерін еске алып, өзімізді әрқашан алға жетелеп отыруымыз керек.

Сұхбаттасқан Ағабек Қонарбайұлы

Abai.kz

0 пікір