Нұрлан Қамидың «Мөде хан» хикаяты хақында

Бірінші бөлім: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ерте түркілер бейнесі
2-бөлім
Өткенде біз сөз еткен Сая Қасымбектің «Көк бөрілеріне» қарағанда тарихи негізі жоғары секілді болып көрінетін Нұрлан Қамидың «Хан Мөде» хикаятында – Никита Бичуриннің (Иакинф атай) «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы (Аударма баспасы, Астана-2008) зерттеу еңбегіндегі көне түркілердің «Мөде хан» (түпнұсқада Бота хан) туралы аңызының негізгі дені еш өзгеріссіз, тура сол күйінде алыныпты. Аңызды әдеби көркем жүйеге түсірген автор тілі – құнарлы да жүйелі. Жазушының өзіне тән мәнерде қалыптасқан жазу стилі хикаятта анық байқалып тұр. Автор тарапынан екі эпизодтың қосылғаны болмаса, Н.Бичурин еңбегіндегі Мөде хан туралы аңыз – Н.Қамидың «Хан Мөде» хикаятында анау айтқандай өзгеріске түспеген.
Аңыз бойынша ғұндардың ханы Тұманның (Бичурин бойынша Түмен хан) тоқалы ұл туып, сол ұлды тақ мұрагері еткісі келген тоқал, ханнан оның үлкен ұлы Мөде ханзаданы көрші араз тайпаға аманат ретінде жіберуін өтінеді. Ежелгі түркілердің заң үрдісі бойынша, аманат – тыныш өмір мен бейбіт келісімнің кепілі. Егер, екі тайпаның ортасындағы бейбіт келісім бұзылар болса, аманат өлтіріледі. Осыны білген Тұман ханның тоқалы, Мөде ханзада аманат ретінде жіберілген тайпаға жасырын шабуыл жасатады. Арада кісі өлімі болып, бейбіт келісім бұзылады. Аманат ретінде жіберілген ханзада Мөде өлуге тиіс болатын. Алайда, сол тайпадағы Ғұн әйелі мен оның баласының көмегінің арқасында, тайпа ханының қос жүйрігін ұрлап мінген Мөде ханзада аман-есен тұтқыннан босап, қашып шығады. Жолда ағысы қатты асау өзеннен өтіп алған Мөде, өзін құтқарған Ғұн әйелі мен оның баласын өлтіріп, өз тайпасына аман-есен қосылады.
Кейіннен ол әкесінің рұқсатымен одан бір түмен әскер алып, (Н.Бичурин жазбасы бойынша 24 тайпадан 24 жігіт алады) оларды аяушылықты білмейтін асқан қатыгездікке тәрбиелеп, әскер өнеріне жаттықтыра бастайды. Ол өзінің қатыгездікке тәрбиелеген әскерімен бірге ең бірінші өзін жау қолынан құтқарған тұлпарды, кейін өзін аманатқа жіберткізген тоқал шешесін, соңынан әкесін де атып өлтіріп, хан тағына өзі отырады.
Мөде әкесінің тағына отырып, хан болып алған соң, күндердің күнінде соғысқа сылтау іздеген көрші тайпаның ханы, жүйрік атын сұратып оған елші жібереді. Бізге тыныш, бейбіт өмір керек. Ғұн жылқылары аман болса, тағы да бір тұлпар туар деп, уәзірлерінің қарсылығына қарамай, хан Мөде тұлпарды көрші ханға бергізеді. Соғыс буына желіккен көрші тайпаның ханы, енді хан Мөденің сұлу әйелін сұратады. Бұл – қорлық деп түсінген уәзірлер, Мөде ханның сұлу әйелін көрші ханға бергізуге қарсы болады. Бізге бейбіт өмір керек деп ойлаған Мөде, сұлу әйелін де бергіздіреді. Дегені болып, сұрағанын алған көрші хан, енді хан Мөдеден ешкім пайдаланбай сор басып, шетте жатқан кішкене жерді сұратады. Уәзірлері: – Тұлпарыңызды да, сұлу әйеліңізді де бергіздіңіз. Олардың қасында пайдалануға келмейтін, сор басып шетте жатқан кішкене ғана жер не тұрады? Берейік, - дейді.
Сонда Мөде хан: – Ата-бабамыздан мұраға қалған жер, ешкімнің жеке меншігі емес, күллі халыққа ортақ мүлік. Жерді бермейміз! Соғысамыз! – дейді.
Хан Мөде туралы айтылатын тағы да бір аңызда: Қытай әскерімен соғысқан хан Мөде, оларды қоршап алады. Қоршауда қалып, аштықтан қиналған Қытай әскерінің: Мәңгілік дос болайық, енді сендермен ешуақытта да соғысып, жауласпаймыз, – деген сөзіне сеніп, қытайдың қалың әскерін қоршаудан аман-есен шығартқызып жібереді.
Жазушы Нұрлан Қами Н.Бичуриннің еңбегінен алыпты деген Ғұндардың ханы Мөде туралы аңыздың ұзын-ырғасы осы. Тек қана бұл аталмыш аңызға жазушы өз тарапынан екі түрлі көрініс қосқан. Біріншісі: Мөде өзін тұтқыннан құтқарған Ғұн әйелімен оның баласын асау өзеннен өтіп алған соң өлтіріп кетеді. Екіншісі: «Ер», «тәуелсіз», «ешкімге бағынбайтын еркін адам» деген мағына беретін «қазақ» сөзін жазушы өз оқырманының құлағына сіңіре беруді мақсат еткен болса керек, әскермен аңға шыққан ханзада Мөде – еркіндік алып, ешкімге бағынбай «қазақтанып» кеткен, өз атайман басшысы бар «қазақ» әскеріне жолығады.
Жөн делік. Кімнен не алып, қалай жазамын десе де, жазушының өз еркі. Себебі, бұл – көркем шығарма.
Ал, көркем шығармада басты нысана оқиға емес – адам. Оның болмысы, күйініші мен сүйініші, жан-дүниесі мен іс-әрекеті – дәуір шындығын қамти отырып, қоғамдық қатынастармен тұтас бірлікте суреттелуге тиіс. Шығармада нендей заман, қандай оқиға суреттелсе де, өмір сүріп отырған қоғамы қалыптастырған адам болмысының табиғи көрінісі – кейіпкерлерімен бірге өмір сүреді. Бұл – шынайы өмір бейнеленген реалистік шығармаларға тән ең басты белгілердің бірі.
Ойды жүйелеу турасында жоғарғы деңгейдегі кәсіби шеберлігі сезілсе де, өкінішке орай, жазушы Н.Қамидың «Хан Мөдесіне» көркем әдебиетке тән жоғарыда аталған басты белгілердің бірде-бірін көре алмадық. Режиссер берген сөзді хан-сөлінен айыра жаттап алып, сахнада өлі бейнеге жан бітіре алмай тұрған нашар әртістер секілді, кейіпкерлері жадағай, сырдаң. Жаттандылыққа ұрынған кейіпкерлер сөзі, оқырман жанын өзіне баурай алмай тұр. Сөздерінде жан жоқ, өмір де жоқ. Олардың ой-сезімі мен сөзі кейіпкер бейнесін сомдай алмаған соң, Н.Қами кейіпкерлері ақиқат өмірден алшақтап кеткен. Сондықтан да, олар сөйлеген сөз – жазушы суреттеп отырған заман шындығы мен қоғамдық қатынастардың шынайы көрінісінен хабар бере алмай тұр.
Жазушы Н. Қамидың жалпы шығармашылығынан біршама хабардар оқырман ретінде, шынымды айтсам, «Хан Мөде» хикаятын Нұрланның атына қимадым. Кейіпкер болмысын түрлі әдеби тәсіл мен көркемдегіш құралдар арқылы жеріне жеткізе суреттеп, өзіне тән жазу машығы қалыптасқан, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі жазушы Н.Қамидың «Хан Мөде»хикаятының көркемдік дәрежесінің соншалықты төмен шыққанына қарным ашты. Қоңылтақсып, ойым ортайып қалды. Соңыра білдік. Жазушы ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында «Хан Мөдені» кинобаян (сценарий) ретінде жазып едім депті. Сонда барып «уһ» дегендей болдық. Себебі, әдебиетіміздің ендігі болашағы осылар ғой деп, іштей үміттеніп жүрген адамың ойлаған межеңнен шықпаса, бәс тігіп ұтылып қалған адамдай, іштей мүжіліп, өзіңе-өзің көпке дейін келе алмай жүреді екенсің.
Хо-ш-ш-ш, сонымен Н.Қамидың «Хан Мөдесі» «хикаят» емес (қазіргі әдебиетімізде әдеби жанр «повесть» «хикаят» деп айтылып жүр. Н.М.) кинобаян болып шықты. Кинобаян – көркем шығарма емес. Оның өз заңдылығы бар. Сондықтан да жазушы Н.Қамидың «Хан Мөдесін» көркемдік тұрғыдан емес, тарихи негізде талдауға тырыстық. Себебі, тарих – ғылым ғана емес, ол – идеологиялық тұрғыдағы ұлт тәрбиешісі. Бұл – ақиқат!.
«Сөз басында» жазушы Н.Қами: «Хан Мөде» қытайда «Тарих атасы» деген атаққа ие болған Сыма Цяньның деректерінен орыс зерттеушісі И.Я.Бичурин (Иакинф әкей) аударған материалдар бойынша жазылды», – депті. (Н.Қами. 61-бет, Көк қақпа. Алматы, «Қазақ тарихы»-2010).
Сондықтан да әуелгі сөз Н.Я.Бичурин аударған қытайдың «Тарих атасы» Сы-Мя-Цяньның «Тарихи жазбалар» деп аталатын еңбегі хақында.
Жеті мың жылдық тарихы бар деп есептелетін Қытай мемлекетінің императорлары өз тарихына өте қатты мән беріп, оны мұқият түрде қағазға түсіртіп отырған. Бір император жаздырған тарихты, келесі императордың жалғастырып жаздыруы – Қытай мемлекетінің бұлжымас заңына айналыпты. Оларда тарих – императордың жылнамашылары арқылы жыл сайын, ай сайын, тіптен күн сайын жазылып отырған. Сарай жылнамашылары Қытай мемлекетінің ішкі оқиғаларын жазумен қатар, Қытай елімен байланыс жасаған мемлекеттер, олардың әдет-ғұрпы мен тарихы, ішкі жағдайы, келіп-кетіп жүрген елшілері туралы мағлұматтарды да мұқият түрде қағазға түсіріп отырыпты. Тіптен, кейбір жағдайда император қабылдаған елшілердің суреттері де салынып, олардың киімдеріндегі ұлттық ерекшеліктерге дейін терең мән берілген. Қытайдың басқа елдерге баратын елшілері туралы ақпараттар да аса ыждахаттылықпен қағазға түсіріліп отырған секілді. Сырт мемлекеттерге шыққан қытай елшілері жазған шағын мәліметтердің өзі де, императордың сарай тарихшыларына тапсырылып отырған көрінеді. Міне, осындай жолмен жазылған б.з.б үш мыңжылдықтан бастап, өз заманына дейінгі тарихты «Тарихи жазбалар» («Ши Цзи») деген атпен жазып қалдырған б.з.б 145 – 86 жылдар арасында өмір сүрген Қытай тарихшысы Сы-Мя-Цянь. Өзіне дейінгі жылнамалық деректерді ретке келтіріп, үш мыңжылдық қытай тарихын қағаз бетіне түсіріп тұтас тарихты қалыптастырғаны үшін ол Қытай мемлекетінде «тарих атасы» деген атаққа да ие болған.
Міне, Қытайдың осы «тарих атасы» Сы-Мя-Цынь жазған «Тарихи жазбалар» негізінде «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» атты еңбекті жазған – қытай, моңғол, түркі тілдерімен қатар, француз, неміс, грек, испан тілдерін жетік меңгерген, табиғатынан тамаша полиглот, орыс синологиясының атасы, шығыстанушы ғалым, христиандық провославия дінін қабылдап, монах дәрежесіне дейін көтерілген, шоқынды чуваш – Никита Яковұлы Бичурин. Лақаб есімі – Иакинф әкей.
Орыс қытайтану ғылымының негізін қалаған шығыстанушы ғалым Н.Я.Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» еңбегінен бөлек, оның «Тибет келбеті», «Қытай тілін үйрететін мұғалімдерге оқулық», «Моңғолия туралы жазбалар», «Шыңғыс әулетінің алғашқы төрт ханы», «Қытай империясының статистикалық сипаттары» секілді ғылыми еңбектері де бар.
Сонымен, Нұрлан Қамидың «Хан Мөдесінің» түп негізі – Қытай тарихының атасы Сы-Мя-Цынь жазған «Тарихи жазбалардың» Н.Бичурин аударған нұсқасынан бастау алады.
«Қытай жазбалары» негізінде жазылған Н.Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» еңбегінде айтылатын Мөде хан туралы аңыздағы Мөде – өзінің көздеген мақсатына жету жолында ешкімді аямайтын нағыз қатыгез, жауыз адам. Ол өзінің негізгі мақсаты – хан тағына жету жолында, ажалдан құтқарған тұлпар мен өзін аманатқа жіберткізген тоқал шешесін айтпағанның өзінде, туған әкесін де аямай құрбандыққа шалып, өлтіріп жібереді. Аңыз бойынша, жиырма төрт тайпадан таңдап алған жиырма төрт жігітті (Н.Қамидың «Хан Мөдесінде» бір түмен яғни он мың әскер деп айтылған). Мөде ханзада тек қана қатыгездікке тәрбиелейді.
Сөз басында айтып өткеніміздей, тарих-халықтың өткен өмірін оқытатын ғылым ғана емес, тарих – ұлтты біріктіретін үлкен идеологиялық күш. Тарихтың идеологиялық күшін, тек атом бомбасының күшімен ғана салыстыруға болады. Міне, осы ақиқатты анық біліп, өздерінің үш мың жылдық тарихын жазбаша қалыптастырған қытайлар, өздерімен үнемі жауласып келген тарихи көршілері – ерте түркілік көшпенді тайпалардың қатыгез жауыз ретіндегі бейнесін қалыптастыруға өте мүдделі болды. Ақиқатын айтсақ, қытайларға керегі көшпенділердің жері болатын. Түркі тайпаларының жерін өздеріне қаратып алу үшін де қытайлар көшпенділерді жан-жақты, ұзақ зерттеді. Еуропалық зерттеушілер секілді емес, қытай зерттеушілері жазбасында көшпенді тайпалардың аты, мекені, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салты, тіптен басқарушы хандарының аты-жөніне дейін жазылып, олар туралы жан-жақты мәліметтер де айтылады. Қытай зерттеушілерінің негізгі ерекшелігі – олар көшпенділердің шаруашылығын, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтын сөз етіп отырады да: «...олар көлденең олжа табу үшін неден болса да тайынбайтын асқан қатыгез...», – деп, елеусіз ғана жаза салады.
Міне, осындай «елеусіз жазбалар» арқылы қытайлар адамзат тарихында алғаш рет бір құдай – Тәңірге табынып, адамзатты иманды адамгершілікке шақырған, бірінші болып темірді қорытып, жылқыны қолға үйретіп, ауыздық пен үзеңгіні ойлап тауып, адамзатқа өркениет жолын көрсеткен ерте түркілердің Әлем тарихындағы «қатыгез, жауыз» бейнесін қалыптастыруға тырысты.
Қытай жазбаларында түркілердің адамзат өркениеті қосқан үлесі, үйіне келген адам оның ата-жауы болса да оған қол көтеру былай тұрсын, оны өзгелерден қорғап, оған төрін ұсынатын қонақжайлылығы, досын жауға тастамайтын ерлігі мен мәрттігі, олардың рухани жан-дүниесінің байлығы, бір сөзбен айтқанда түркілердің имани-адамгершілігі туралы бір ауыз сөз жоқ.
«Тіршілік үшін күрес» – деп аталатын табиғат заңының себебі болса керек, адамзат тарихының ерте кезеңінде де, орта кезеңінде де, тіптен, кешегі «жаңа тарих» кезеңінде де көрші мемлекеттер бір-бірімен көбіне «соғыс тілінде» сөйлесті. Осы ойымыздың жарқын мысалы: Қытайлардың біздің ата-бабамыз көшпенді түркі тайпаларынан қорғану үшін VII-XVII ғасырлар арасында мың жыл салған, ұзындығы 6700 шақырым «Ұлы Қытай қорғаны».
Тарихтың ұзақ көшінде Қытай империясы көшпенді Түркі тайпаларымен бірде қату, бірде тату бола жүріп, Қытай империясының көшпенділерге бағынып, оларға салық төлеп тұрған кезі де, кейде керісінше, көшпенді тайпалардың Қытай империясына бағынып, бодан болып, ассимиляцияға ұшырап, Қытай империясына сіңіп, жойлып кеткен кездері де болған. Қандай жағдай болғанда да, қытайлар көрші көшпенді тайпалардың жерін түрлі саясат арқылы өздеріне қаратып алу мақсатынан ешуақытта да бас тартып, қол үзбеген. Көп жағдайда, көшпенділердің жерін өздеріне қаратып алу жөнінде қытайлар өз дегеніне жетіп отырды. Бұл пікіріміздің нақты дәлелі – Ұлы Қытай қорғаны. VII ғасырда көшпенділерден қорғану үшін сол тұстағы Қытай мемлекетінің шекарасына салынған Қытай қорғаны – қазіргі таңдағы Қытай мемлекетінің территориясының ортасына таман жерде тұр. Ұлы Қытай қорғанының арғы жағындағы көшпенді тайпалардың жерін түрлі тәсілдер арқылы өздеріне қаратып алу саясатын – Қытай мемлекеті еш уақытта да тоқтатпаған. Дәл осы саяси мақсат – Қытай империясы мен оның сарай тарихшыларына «жауыз көшпенділердің» тарихи бейнесін қалыптастыру қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Әрине, «жауыз көшпенділердің» «тарихи бейнесін» олардың өздерінің аңыздары арқылы қалыптастырса, тіптен тамаша! Сондықтан олар өз мақсатына жету жолында ешкімді де аямайтын, қатыгез «Мөде хан» туралы аңызды ойлап тапты да, сол аңызды қытайдың «Тарихи жазбаларына» кіріктірді.
Шындығына келгенде, Әлемдік тарихтағы «қатыгез, жауыз» көшпенділер бейнесі Еуропа тарихшылары арқылы емес, қытайдың үш мың жылдық жазбаша тарихы жазылған Қытай «Жазба тарихы» арқылы қалыптасты.
Қытайдың «Тарихи жазбасынан» алынған «Хан Мөде» туралы аңызда., Мөде ханзада өз тайпасы арасынан жиырма төрт жігіт таңдап алып, оларды асқан қатыгездікке тәрбиелеп, жаттықтырады. Мөде ханзада неге отыз-қырық емес, 24 жігітті таңдап алған? Себебі, қытай деректері бойынша, «хун» деп аталатын ерте түркілер 24 тайпадан тұрады. Қытайлардың өздері ойлап тапқан «Мөде хан» аңызында: Мөде ханзада 24 тайпадан тұратын түркілердің әр тайпасынан бір жігіттен алып, 24 жігітті асқан қатыгездікке тәрбиелегендіктен де, 24 тайпадан тұратын түркілер түгел қатыгез, жауыз, – деген ойды қытайлар өз «Тарихи жазбалары» арқылы кейінгілерге шегелеп кетіп отыр.
Осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын қағаз бетіне түсіп, күні бүгінге дейін бір сөзі де өзгермеген Сы-Мя-Цянның «Тарихи жазбалары» негізінде тәрбиеленіп, білім алған қытайлар – өз тарихының «ақиқат-шындық» екендігіне шексіз сеніп өскен. Алайда, «Қытай жазба тарихына» шексіз сенетін қытайлардың өздері ғана емес. Қытай тарихы мен мәдениетін зерттеуші шетелдік ғалымдардың көбі «Қытай жазба тарихының» шынайылығына қапысыз сенген. Солардың бірі орыс синологиясының атасы – Никита Бичурин. (Иакинф әкей). Зерделей, барлай қарасаңыз Н.Бичурин өз зерттеу еңбектері арқылы қытай мәдениетінің жарнамашысына қалай айналып кеткенін өзі де сезбей қалған сыңайлы. Сондықтан да, болар Қытайда көп жыл тұрып, Қытай дерек көздеріне қапысыз сеніп, Қытай мәдениетін дәріптегені үшін «орыс синологиясының атасы» қытайтанушы ғалым Н.Я.Бичуринді өз заманында орыс әдебиеті сыншысы В.Г.Белинский қатты сынаған.
Айтпағымыз: В.Г.Белинский өте дұрыс жасады. Себебі әр халық өзгеге еліктемей мәдениеті мен ұлт тарихын өздері жазып, оны өздері қорғауға тиіс!
1807-1823 жылдар арасында Қытайда өмір сүріп, Қытайда православия дінін тарату үшін 1806 жылы Тобыл қаласында құрылған полковник Ю.А.Головкиннің барлау экспедициясының «дін істері басқармасын» басқарған миссионер, қытайтанушы ғалым «Иакинф әкей» – Н.Я.Бичурин қажетті жерлерін орыс тіліне аудара отырып, Қытайдың «Тарихи жазбалары» негізінде, өзінің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» еңбегін жазды. Анығына келгенде, бұл еңбек – Ресей империясының Орта Азиядағы халықтарды отарлау саясатын жүзеге асыру үшін зерттеліп, жазылған еңбек болатын. Біз бұл жерде Н.Бичурин Ресей империясының Орта Азияны отарлау саясатын қолдады деген ойды айтудан аулақпыз. Мүмкін, Н.Бичурин Орта Азия халықтарының тарихын адал оймен, ғылым үшін зерттеген болар. Алайда, Орта Азия мен Шығыс Азияны жан-жақты зерттеп жатқан орыс империясының сол тұстағы отаршыл пиғылын Н.Бичурин білмей қалыпты деп ойлау аңғалдық болар еді.
Қытайдың «Тарихи жазбаларын» дереккөзі ретінде пайдаланған Н.Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» еңбегінде көне түркілердің өмір сүру салты, діни наным-сенімі, шаруашылығы, әдет-ғұрпы мен этногезі туралы мол мағлұмат алуға болады. Бірақ, Қытай жазба деректерінен бастау алған бұл еңбекте көне түркілердің моральдық адамгершілік болмысы туралы ақпараттарға өте мұқият қараған жөн. Себебі, аталмыш еңбекте түркі жұртының адамгершілік болмысы мен адамзат өркениетіне қосқан үлесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Керісінше, анықтап қараған адамға өркениеттен артта қалған «қатыгез, жауыз көшпенділердің» жалпы сұлбасы анық көрініп тұрады.
Бір сөзбен айтқанда, Қытай «Жазба тарихындағы» көшпенділер турасындағы түрлі мақсаттағы мәліметтер де, Орта Азия халықтары туралы жазылған Н.Бичурин еңбектері де Орыс пен Қытай империяларының көрші халықтарды отарлау мақсатында зерттеліп жазылған еңбектер болатын. Сондықтан да олар «Хан Мөде» секілді аңызды ойлап тауып, көшпенділер бойынан өздері көргісі келген жағымсыз қасиеттердің барлығын Хан Мөде бойына жинақтады.
Аңызда Мөде ханзада өзі қатыгездікке тәрбиелеп жүрген әр тайпадан алған 24 жігітімен бірге өзін ажалдан құтқарған тұлпарды атып өлтіреді. Төрт түлік малдың, әсіресе, тұлпар туған жылқының иесі мен киесіне тәу етіп өскен көшпенділер, өзін ажалдан құтқарған тұлпарды өз қолымен атып өлтіруі мүмкін емес. «Қатыгез Мөде ханзада» туралы аңызды ойлап тапқан қытайлар, өздері отырықшы ел болғандықтан да, жылқы түлігіне келгенде көшпенділердің нәзік болмысын тереңінен түсіне алмай, Мөде ханзадаға өзін ажалдан құтқарған тұлпарды атып өлтірткізген. Мұндай аңызға қытай сенсе сенер, ал, көшпенділер ешуақытта да сенбейді. Дегенмен, бұл аңызға көшпенділердің сенуі маңызды емес. Себебі, Мөде ханзада туралы аңыз – көшпенділердің жексұрын бейнесін қалыптастыру қажеттілігінен қытайлар үшін ойлап табылған аңыз болатын. Мұны – бір деңіз.
Екіншіден, Бичурин еңбегінде айтылатын «Мөде хан» (түпнұсқада Бота хан) туралы аңызда, қоршауда қалып, ашыға бастаған Қытай императоры тыңшылары арқылы Мөде ханның Қытай әйеліне қулықпен ханның басын айналдырып, Мөдені Қытай империясымен мәңгілік дос болуға көндір дейді. Қытай императорынан тапсырма алған Мөде ханның қытайлық сұлу келіншегі, Мөде ханды Қытай империясымен мәңгілік дос болуға көндіріп, ашығып, аязда үсікке ұрынған Қытай әскерін Ғұн әскерінің қоршауынан аман-есен шығартқызып жібереді. (85-бет. Н.Бичурин. Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы. Астана, «Аударма» баспасы – 2008)
Бичурин еңбегіндегі қытайлар ойлап тапқан «түпнұсқа аңыз» бойынша, әйелінің айтқанымен жүретін Мөде хан аса ақылды емес. Өзі жазған кинобаян бойынша Қытай әскерін қоршаудан шығартқызып жіберген Мөденің ауызына: «Бізге тыныш, бейбіт өмір керек», – деген сөздерді салып, Мөдені қолдан «ақылды» етіп көрсетіп отырған жазушы – Нұрлан Қами. Болмаса, Бичурин еңбегіндегі «түпнұсқа аңыздағы» Мөде хан – мүлдем басқа адам.
Айналасындағыларды қатыгездікке тәрбиелеп, тек қана өзіне бағынышты еткісі келген Мөде ханзада туралы аңыздың негізгі идеясы – автократиялы диктатураны насихаттау. Диктатура – Қытай императорларына тән қасиет болғанымен, тарихтың сол кезеңіндегі көшпенділердің дала демократиясы үшін жат құбылыс болатын. Осыдан-ақ қатыгез-диктатор Мөде ханзада туралы аңызды – ел басқарудың диктатуралық жүйесін жақсы білетін қытайлардың ойлап тапқаны көзге анық көрініп, байқалып тұрған жоқ па?
Аңызда баяндалатын ханзада Мөде – көздеген мақсатына жету жолында ешкімді де аямайтын нағыз қатыгез, жауыз адам. Ол өз мақсатына жетіп хан болғанда, пайдалануға келмейтін кішкене жердің өзін де басқа жұртқа бергісі келмей, олармен «соғысамыз» дейді. Біздің көзімізбен қарағанда ұлтарақтай жерді басқаға бергісі келмеген Хан Мөденің бұл ісі – елін сүйген нағыз елшіл тұлғаға тән қасиет.
Жер емшегін еміп, ежелден диханшылықты кәсіп еткен қытайлар үшін – жер әр уақытта да аз, жетпейді. Әділетсіз Құдай біз секілді адам саны жөнінен өте көп, жердің жағдайын білетін дихандарға аз жер беріп, диханшылықтан хабары жоқ көшпенділерге сонша мол жер берген. Бұл – әділетсіздік! Сондықтан, жер жағдайын білмейтін жабайы көшпенділердің жерін жаулап алу керек, – деген ұранмен бірге, қытайлар қандай жерде жүрсе, сол жер қытайлардікі, – дейтін насихат-сөз, қаншама ғасыр бойы Қытай империясының мемлекеттік идеологиясы болып келеді.
Міне, сондықтан да Қытай «Жазба тарихындағы» Мөде – аса ақылды емес, қатыгез, жауыз әрі пайдалануға келмейтін бос жатқан жердің өзін де ешкімге бергісі келмейтін қаражүзді әділетсіз. Қытайлардың көзімен қарағанда, Мөде ханның бойында адамға тән бір жақсы қасиет жоқ, барып тұрған жабайы көшпендінің нағыз өзі. Сондықтан да бұларға аяушылық болмау керек. Міне, осындай идеологиялық ұстанымда болған Қытай империясының сарай тарихшылары Мөде хан туралы аңызды ойлап тапты.
Атадан балаға ауызша жетіп, ұлтты адамгершілік пен жақсылыққа тәрбиелейтін ауыз әдебиетінің бір саласы аңыз – ешуақытта жауыздық пен қатыгездікті насихаттамаған. Бұл ауыз әдебиетінің халықаралық атауы – фольклор ғылымын зерттеген фольклоршы ғалымдардың ғылыми тұжырымы. Ғылыммен таласа алмайсың.
Десек те, аңыздағы Мөде ханзада секілді тақ таласы кезінде жақыны мен туған әкесін де құрбандыққа шалып, өлтіріп жіберген оқиғалар жөнінде айтқанда, Ағылшын, Орыс, Түрік, Қытай империяларының тарихына бармай-ақ, өзіміздің «Алтын Орда» хандығының соңғы құлдырау дәуіріндегі бірін-бірі өлтірген 23 хан тағдыры мен Әмір-Темір ұрпағы, атақты астроном ғалым Ұлықбек тарихын еске алсақ та жетеді. Тақ үшін болған таласта Самарқан әмірі Ұлықбектің ажалы туған баласынан келген болатын. Бірақ, бұл тарих бізге ауызша «аңыз» түрінде емес, «жазбаша» түрде жетті. Мұндай «тарихтар» мен қатыгездікті ғана насихаттайтын, аяушылықты білмес «Хан Мөде» секілді аңыздардың кейінгі ұрпаққа жақсылық пен ізгілікті насихаттайтын халық ауыз әдебиеті үлгісі – аңыз түрінде жетуі мүмкін емес. Себебін тағы да қайталаймыз: Ауыз әдебиетінің өз заңдылығы бар.
Жоғары да келтірілген дәлелдер мен дәйектерге сүйене отырып айтпағымыз: «Мөде хан» туралы аңыз – көздеген өз мақсаттарына орай, Қытай жылнамашы-тарихшыларының ойдан шығарған өтірік аңызы деп ойлауға толық негіз бар. Басқаша болуы мүмкін емес.
Бір сөзбен айтқанда, Қытай «Жазба тарихынан» алынды деп, Орта Азия халықтары туралы жазылған Н.Бичурин еңбегіндегі «Мөде хан» туралы аңыз – Орта Азияны жаулап алу үшін жазылған Қытай мен Орыс империяларының отаршыл саясатының жемісі болатын. Ал, біз отаршылдардың «жұмсақ саясатын» терең түсінбей, Қытайдың «Жазбаша тарихын» шынайы тарих ретінде қабылдап, Н.Бичурин «қытай дереккөздерінен алған» деп, «Хан Мөде» туралы кинобаян жазамыз. Ең өкініштісі, өзіміздің ата-бабамыз «қатыгез көшпенділердің» тарихи бейнесін қалыптастыруға ат салысып жатқанымызды – өзіміз де терең түсінбейтін секілдіміз.
Әдебиетшілер мен жазушыларымызды былай қойғанда, тарихшыларымыздың өздері де Н.Бичурин еңбегіндегі «қатыгез хан Мөде» туралы аңызды кәсіби тұрғыдан талдап, зерделеп жатпай-ақ, өздері жазған «Тарих оқулығына» ойланбастан кіріктіріп жіберіпті. Мысалы үшін: Г.В.Кан мен Н.У.Шаяхметов құрастырған «Қазақстан тарихы» (жоғарғы оқу орындарына арналған оқулық. Алматы, «Алматыкітап»-2007) оқулығының 36-бетінде, Мөде хан туралы аңыз – Н.Бичурин еңбегінде қалай жазылса, тура сол күйінде, еш өзгеріссіз басылған.
- Неге? – деген сұраққа олар да:
- Қытай дереккөздері арқылы жазылған Н.Бичурин еңбегінен алдық, – деп жауап берері хақ.
Тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз жылдан асты. Өзгені зор, өзімізді қор санайтын құлдық санадан құтылатын уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймыз.
Бичурин еңбегіндегі Мөде ханзада туралы аңызда, Мөденің аяушылық білдірмей қатыгездік көрсететін үш көрінісі айтылады. «Атаңды жау шапса, қосыла шап» – дегендей, Бичурин еңбегіндегі Мөденің қатыгездігін көрсететін үш көріністі аздау болады деп ойлады ма екен, жазушы Н.Қами өзінің «Хан Мөде» кинобаянында, Мөде ханзадаға өзін ажлдан құтқарған Ғұн әйелі мен оның баласын өлтіртіп, ханзада Мөде бойындағы қатыгездікті насихаттайтын төртінші көріністі қосып қойыпты. Не үшін? Бұл эпизод кинобаянда қандай рөл атқарып тұр? Өте түсініксіз.
Тарихи тақырыпқа түсірілетін кино фильмдердің ұлт тәрбиесіндегі идеологиялық күші орасан зор. Сондықтан да, тарихи тақырыпқа кинобаян жазатын авторлар – тарихтың Отансүйгіштік тәрбиеге қосар үлесін есепке алса екен деп ойлаймыз.
«Хан Мөде» аңызындағы Мөденің соғыс тілеген көрші мемлекет ханының бар талап-тілегін орындап, жер турасына келгенде «соғысамыз» деуінің өзі – бір кинобаянға сұранып тұрған тамаша тақырып емес пе? Тәрбиелік мәні мен идеологиялық күші қандай!
Қазіргі таңда халқымыздың жас өскін-жеткеншектері – Кәріс киносының «Жумонг ханзадасы» мен Түрік киносының «Ертұғрыл» мен «Османдарына» еліктеп өсіп жатыр. Өте өкінішті! Құдай-ау, жоқ болса екен ғой. Тұр ғой! Көркемдік қуаты жөнінен әлемдік деңгейдегі кез-келген эпостық шығармалардан биік болса, биік шығар, бірақ, олардан бір елі де төмен емес «Орхон» жазба ескерткіштеріндегі «...елі үшін күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған...» Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк бейнелері. Жырдың тарихи негізі де бүгінгі бізге жеткен ерте түркілік тарихпен қамшының өріміндей болып, бір арнада тоғысып жатыр.
Ақиқатын айтсақ, Н.Қамидың «Хан Мөдесінен» жер-жаһанды тітіркентіп, күркіреп өткен ерте түркілік Күлтегін, Тоныкөк, Білге Қаған бабаларымызбен қатар күллі Еуропаны құлдықтан құтқарған айбынды атамыз, Ғұн патшасы Еділ бейнелерінің жиынтық образын көргіміз келген. Махамбеттің тілімен айтқанда: «Тілекті құдай бермеді...». Оның негізгі себебі: Тарихтың ұлт тәрбиесіндегі идеологиялық күшін жете бағамдамаған жазушы Н.Қами – Қытайдың «Тарихи жазбаларын» негіз еткен Н.Бичурин еңбегіндегі «Мөде хан» туралы аңызды терең зерттеп, саралап жатпай-ақ, Н.Бичуринде қалай жазылса, тура сол күйінде, еш өзгеріссіз өз шығармасына негіз етіп ала салғандығында болса керек. Біз мұны жазушы Н.Қамидың «Хан Мөде» кинобаянының ең осал тұсы деп бағаладық.
Нұрғали Махан
Abai.kz