Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ерте түркілер бейнесі

(Нұрлан Қамидың «Хан Мөде хикаяты мен Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» және Тұрсынхан Зәкидің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романдары бойынша)
1-бөлім
Қазіргі қазақ әдебиеті деп айтып отырған әдебиетіміз – тәуелсіздіктен соңғы яғни, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейінгі әдебиет.
Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиеті дегенді ойласам, менің көз алдыма – су қоймасының тосқауылын ашып жібергеннен кейін арнасына толып, лықси аққан топан су елестейді. Бөгеті алынған су арқырай ағып, жолында тұрған қоқысты, шөгінді топырағымен бірге көтере түсіп араластырғанда, әлгінде ғана су қоймасында тұп-тұнық мөлдіреп тұрған су – лезде-ақ лай түстес топанға айналатын. Бұл топанның ішінде нелер жоқ? Сүйек-саяқ, шөп-шалам,тері-терсек қоқыстармен араласа бірге ағып бара жатқан не түрлі баға жетпес асылдар... Бәрі...бәрі бар. Бір арнада тоғысқандықтан болар, топан ішіндегі асыл мен «шөп пен шөңге» деп аталатын жасықтың құны бірдей. Айырып болмайсыз. Оларды саралай отырып, сараптау мүмкін емес.
Бұл – Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің бүгінгі көрінісі. Әлемдік әдебиет көшінде өзіндік орны бар қазақ әдебиеті бұл кепке қалай түсті? Оның себебі мен салдарын талдау біздің бұл жолғы міндетімізге жатпайды. Сондықтан да, сөз еткелі отырған тақырыбымызға тікелей көшуді жөн санадық.
Әдебиет – әдебиет үшін деген ұғым – бос сөз. Ұлттық табиғатымыз бен адами болмысымыздың негізін қалаған әдебиет – қашанда ұлт игілігіне қызмет етіп, ұлттық сұранысымыздың рухани қажетін өтеген.
Егер, әдебиет – әдебиет үшін десек, онда ұлттық болмысымыздың негізін қалаған, халқымыздың сан ғасырлық тәрбиешісі, шежірелі тарихы мен көркемдік ойлау жүйесінің көрінісі, атадан балаға мирас болып, бүгінгі бізге жеткен халық ауыз әдебиеті болмас еді. Ал, халық ауыз әдебиеті болмаса – арғы Көк түркілер заманындағы ғажайып дастандар «Тоныкөк» пен «Алып Ертоңғаны» айтпай-ақ қоялық, өзіне дейінгі халық ауыз әдебиетінен нәр алып, ұлттық әдебиетіміздің көркемдік деңгейін сонау шырқау биікке көтерген ой алыптары Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Бұхар, Абай, Маханбеттер болмаған болар еді. Егер, бұлар болмаса, бізде жазба әдебиеті мүлдем жоқ, болса да өз дәрежесінде емес. Әлсіз.
Әдебиет – қай заманда да ұлт руханиятының алтын бастауы һәм ұлт өмірінің айнасы.
«Орхон-Енисей» жазуы деп аталатын таңбамен тасқа қашалып жазылған «Күлтегін», «Тоныкөк» секілді көркемдік қуаты аса жоғары ғажайып дастандардың кейіпкерлері – «Көк түркілер» деп аталатын «Көне түркілер» тарихының бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетіндегі көрінісі нендей хәлде? – деп ойлағанымызда, қолымызға іліккені, бүгінгі таңда жастары «орта буын» дәрежесінен асыңқырап қалған, әдеби ортада есім-сойы белгілі жазушылар Нұрлан Қамидың «Хан Мөде» хикаяты мен жазушы-драматург Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» және тарихшы ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкеннің Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Мемлекеттік жабық әдеби байқауда бас жүлдені иеленген шығармасы – «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романдары болды.
Әуелгі сөз Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» хақында. Кітап Алматы қаласы, «Отбасы» баспа үйінен 2023 жылы жарияға шығыпты.
Менің назарымды өзіне аударған кітап атауы болды. Ежелгі түркілер қасиет тұтып, түркілердің тотемдік белгісіне айналған «көк бөрілер» болар деген ұғыммен кітап атауына қайта үңілдім. Жоқ, «Көк бөрілер» емес «Көк бөрілері» екен. Көктегі ай мен қос бөрі ортасында қолында қалқаны мен қылышы бар ежелгі түркі жауынгері бейнеленген сурет - «Орхон» ескерткіштері жазбаларындағы руна стиліндегі харіптермен жазылған «Көк бөрілері» деген жазумен әдемі үйлесіпті. Мұқаба сыртындағы жазу – ежелгі Түркі әлемінен хабар беріп, жоғарғы деңгейде безендірілген кітап дизайны – оқушы назарын өзіне бұрып, «мені оқы» деп қол бұлғап шақырып тұр. Сөз жоқ, кітап дизайны – өте жоғарғы деңгейде.
Тәуелдік жалғауының үшінші жағын өзіне жеке иемденген «Көк бөрілері» деген кітап атауы – оқушыға «көктен түскен бөрілер» немесе «көктің» яғни «аспанның бөрілері» деген ұғым қалыптастырғысы келгендей болып көрінеді екен.
Ежелгі түркілер үшін «көк-аспан» да, қасқыр ішінде ерекше қасиетке ие «абадан-қасқыр»-«бөрі» де тотемдік белгіге ие болған қасиетті ұғымдар. Ал, шығарма көне түркілер туралы. Сондықтан кітап атауын «Көк бөрілер» десе де, «Көк бөрілері» десе де «қазаншының еркі бар...» Біз солай түсіндік. Анығына келгенде, мәселе кітаптың сырт көрінісі мен атауында емес, мазмұны мен оқушыға берер игі ықпалы мен әсерінде ғой.
Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» тарихи романы «Пазырақ», «Теле» және «Телеңгіт» атты үш бөлімнен тұрады. Роман Алтын тау баурайынан келген – Пазырақ хан, Сібір орманынан – Иден Тұр хан, Тұр даласынан – Рүстем Тұр, Құба шөлден келген Қопан-Тұр хандардың арасында – ықылым заманнан бүкіл түркі ұрпағына ортақ «әділеттің ақ қылышы» аталып кеткен қасиетті қылышқа талас сахынасынан басталады. Төрт ханның «әділеттің ақ қылышына» таласу оқиғасы мен ақ ниетті бақсы Ақ Камның от айнала айғай салып, зікір салуын автор: - «Тәңірім» деп бар дауысымен айғай сала, ақ қылышты отқа қарай лақтырды. Оттың қақ ортасында ауада қалқыған ақ қылыштан тараған сәуле, Тәңірден қолдау тілегендей көкке шаншылды. Көк пен жердің арасында тылсым жол ашылып, көгілдір нұр ақ қылыштың өң бойына құйылды. От айналған ақ қылыш күйіп-балқымастан көз қарықтыра жарқырай түсті. Кім... Кімге... Кімге бұйырады?... «Әділеттің ақ қылышы» атанып кеткен қылыш қашан, кімнен мирас боп қалғаны жұмбақ. Ықылым заманнан бүкіл түркі ұрпағына ортақ жаралғаны ғана белгілі. Ерекшелігі сол, қай хан қылышты от ішінен суырып алса – мүшел кезең..., он екі жылға дейін ақ қылышқа сол ие болады», - деп баяндайды. (9-бет. Сая Қасымбек «Көк бөрілері» Алматы, «Отбасы» баспа үйі.)
Жазушы бұдан ары қарай «Ақ қылышқа» таласушы төрт ханның ішкі психологиялық жәй-күйіне тоқтала келіп, Сібір орманы ханы Иден-Тұр ханның қасиетті ақ қылышты от ішінен суырып алмақ болған сәтін: «Әр қадамын санап басып ақ қылышқа жақындады. «Аруақ» деген күйі лапылдаған отты елеместен ауада қалқыған ақ қылышты бар күшімен тартып қалды. Қимылдамады», – деп суреттейді. (10-бет С.Қасымбек «Көк бөрілері»)
Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» «тарихи-роман» деп аталса да, жоғарыда біз келтірген оқиға баянын жазушы өз шығармасында фантастикалық негізде суреттепті. Шығарма «тарихи-роман» деп аталғандықтан, біздің күткеніміз фантастикалық емес, шынайы өмірдегі оқиғалар баяны еді. Үмітіміз ақталмады.
Автор мифологиялық оқиғаларды тарихи шығармада суреттелетін оқиғалар өзегімен қиюластыра отырып жеке суреттесе – біз мұны «әдеби тәсіл» деп түсінген болар едік. Жазушы кәдімгі өмірде болған шынайы оқиғалар баяндалатын «тарихи-роман» жанрындағы оқиғаларды қалайша «фантастикалық» негізде суреттейді? Сонда, «тарихи-роман» жазып отырған жазушы С.Қасымбек «реалистік» шығарма мен «фантастикалық» шығарманың ара-жігін ажырата білмегені ме? Тағы да бір жайт: Шығармада суреттелетін «қасиетті ақ қылыш» от ішінде тұр ма, жоқ әлде, ауада қалқып тұр ма? Бұл жағдай да оқушы үшін түсініксіз болып қалған. Себебі, жазушы бірінші эпизодта ақ қылышты «от ішінде» деп жазса, екінші эпизодта «ауада қалқыған» деп жазады. Сонымен, «қасиетті ақ қылыш» от ішінде ме, жоқ әлде ауада қалқып тұр ма? Автор қылышты «...оттың қақ ортасында ауада...», – дейді. Қазақы түсінікте «от» – жанып жатқан ағаш не болмаса тағы басқа сол секілді зат. Ал, жанған оттан жалын шығады. Салыстырмалы түрде жалын оттан биікте. Сондықтан, жалын ауада қалқыған «ақ қылышқа» бір табан болса да жақын. Жалын сөнгенде от шоққа айналады. Автордың суреттеуінше от пен жалынның арасында ешқандай айырмашылық жоқ секілді. Себебі, ақ қылыш жайлы суреттелетін эпизодта «от» пен «ауа» бар да «жалын» туралы бір ауыз сөз жоқ. Сурет анық емес. Қылыш от ішінде ме, жалын ішінде ме, жоқ әлде, бос кеңістік ауада қалқып тұр ма? Түсініксіз.
Көркем шығармада бостекті, түсініксіз суреттелетін бірде-бір эпизод болуға тиісті емес. Әдеби шығармада «майда-шүйде» дейтін ұғым жоқ. Сондықтан, жазушы кішкене ғана әдеби бөлшектін өзін де орнымен дұрыс қолдана білгені жөн.
Сөзбен салынған көркем сурет әдеби бөлшектерден құралады. Жазушы оттың негізгі бөлшегі оттан шығатын жалынды айтпағандықтан, «қасиетті ақ қылышқа талас» оқиғасы көмескі тартып, оқушыға түсініксіз болып қалған.
Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» тарихи-роман деп аталса да, Пазырақ ханның бір кездегі сүйіктісі, табиғи апаттың құрбаны болған Аққыздың аруағы Пазырақ ханның қызы Эрке-Коомен кездесіп, оны өзімен бірге ертіп кетуі, (52-54-беттер) қытай батыры Айдаһар мен Теле тайпасының батыры Ұлағанның жекпе-жек шайқасында батырға Теле тайпасының ұранына айналған Арқардың дем беріп, оны жеңіске жеткізуі, (85-86-беттер) Ақ қылыштың өзі ұшып келіп, кінәлі болған ханның інісі Қаратайдың басына қан төгуі, (94-бет) опасыз махаббаттың құрбандығына айналған Куманның жансыз тәнін Аққулар ұшып келіп, халықтың көзінше көкке алып кетуі, (102-бет) жала жабылған кінәсіз Ұлаған батырдың басын Пазырақ ханның қолындағы қасиетті Ақ қылыштың шаппай қоюы (128-бет) тағы басқа сол секілді табиғаттан тыс күштермен қарым-қатынас бейнеленетін мистикалық оқиғалар шығармада өте көп суреттелген. Соған қарағанда, тарихи-романда тарихта болған оқиғалар шынайы түрде, тарихи деректер арқылы, көркемдік негізде суреттеу – әдеби заңдылық екендігін автор түсінбейтін секілді.
Жазушының «Көк бөрілері» атты романындағы «Пазырақ», «Теле» бөлімдерінің лейтмотиві, яғни оқиға арқауы – автор тілімен айтқанда «қашан, кімнен мирас болып қалғаны жұмбақ» қасиетті ақ қылыш. Шығармада суреттелетін ақ қылыштың мистикалық қасиеті туралы автордың оқиғалы-баяндауларына біз жоғарыда тоқталып өттік.
Роман желісі бойынша еркеше қасиетке ие бұл ақ қылыш, кейде халық арасында «Әділеттің ақ қылышы» деп те аталады. Себебі, Ақ қылыш – әділет жолындағы хақ шешімдерді өзі таңдайды. Кейіннен тақ күресі жолында өзінің айналасындағы сатқындар қолынан қаза тапқан Теле хан өлген соң, ақ қылыш өзінен-өзі ойылған жерге кіріп кетіп, ол жерді су басып, үлкен көлге айналады да, қылыш көлдің түбінде көмулі қалады.
Шығармада «Ақ қылыш» лейтмотивімен қоса өріліп отыратын екінші арқау, ол – Пазырақ ханнан кейін оның баласы Теле ханның билігіне көшкен Теле тайпасы ғана білетін металл өңдеу құпиясы.
Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» тарихи-романның «Телеңгіт» аталатын үшінші бөлімі, біз сөз еткен металл өңдеу құпиясымен байланысты. Автордың тәпсірлеуі бойынша, металл өңдеу құпиясын күллі Түркі тайпаларының ішінен тек Пазырақ хан билік жүргізген Телеңгіт тайпасы ғана біледі. Міне, осы Телеңгіттерді бағындырып, темір өңдеудің құпиясын білгісі келген Шыңғыс ханның ұлы Жошы басқарған әскермен қиян-кескі соғысқан Теле тайпасы, өздерін қорғаштап жүретін «аруақ-арқардың» ақыл-кеңесімен (334-бет) Теле тайпасының көсемі Темір, Жошымен ымыраға келіп татуласып: «Телеңгіт пен Телес телеуіттің, тоғыз оғыз баласының, сендерше айтсам қалың «орман халқының» дербестігін қалдырып, қол астыңа тең дәрежеде қабылдайсың», – деген шартпен (356-бет) Шыңғыс ханға қосылады.
С.Қасымбектің «Көк бөрілері» тарихи-романының қысқаша фабулалық сюжеті осы. Шыңғыс қаһанға белгілі шартпен, өз еркімен қосылған Телеңгіт тайпасы тарихы туралы: «Осылайша, бүгінгі Алтай баурайында өмір сүріп жатқан «телеңгіт» қазақ еліндегі «төлеңгіт» мыңғұл (мұңғұл емес) тарихындағы «орман халқы» ғасыр қойнауындағы әйгілі Теле тайпасы сан қатпарлы тарих соқпағынан болашаққа жол тартты», – деген сөйлемдермен (364-бет) автор үш бөлімнен тұратын өзінің «Көк бөрілері» атты тарихи-романын аяқтапты.
Осы жасқа келгенше ірілі-ұсақты түрлі жанрдағы кітаптар мен зерттеу еңбектер оқып жүрміз ғой, имандай шыным, «Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көне түркілер бейнесі» мақаласын жазуды мақсат еткеннен соң, өмірімде бірінші рет, қалайда бітіріп оқып шығуым керек деген оймен ғана кітаптың соңына дейін қанша бет қалғанын санап отырып, жазушы С.Қасымбектің «Көк бөрілерін» әрең бітірдім.
Кез-келген шығармада әдеби-теориялық негізде оқиғаның басталуы, дамуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімі деген секілді шартты түрдегі құрылымы болады. Бұған баяндау тәсілі арқылы келетін автордың айтпақ болған ойы, яғни шығарманың идеясы деген әдеби-теориялық ұғымды да қосып қойыңыз. Бұл – тарихи-роман жазбақшы болған, жан-жақты дайындығы бар жазушыға ғана емес, әдебиет теориясының әліпбиінен ғана хабары бар, кез-келген мектеп оқушысына белгілі жәйт.
Шығарма құрылымын – оқиға баянын суреттеу реті десек, шығармадағы оқиға барысында кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесінің нәзік иірімдері сан-қатпар нақышты бай тілмен айшықталып, кейіпкер бейнесі сомдала түсіп ерекшеленеді. Оқиға өзегі – «тіршілік үшін күрес» деп аталатын тартыс барысында, шығармадағы кейіпкерлер бейнесі бір-бірінен өзгешеленіп, даралана түспек. Ал, әдеби туындыдағы автордың суретті баяны мен кейіпкерлер бейнесін жасау құралы – тіл.
Жазушы С.Қасымбектің «Көк бөрілері» тарихи-романынан шынайы оқиғалар жүйесіне құрылған шығарма құрылымын да, әдеби-теориялық талаптарға жауап бере алатындай нанымды сомдалған кейіпкерлер бейнесін де көре алмадық. Мұның негізгі себебі: Автор өз шығармасындағы кейіпкерлердің ішкі психологиялық жан-дүниесіне мүлдем үңілмегендігі болса керек. Сондықтан да жазушы С.Қасымбек кейіпкерлері жадағай һәм жаттанды. Ал, жазушы тілі тіптен орашолақ. Мына сөйлемдерге назар аударалықшы: Биік қарағайдың жуан бұтасын бұтына қыса жерге салбырап, садағын кезенген қыз «Не істейсің?» дегендей кекесімен қасын кере қарады (220-бет). Етігінің тұмсығына сарт ете қадалған жебемен жарыса ықшам киінген қыз жерге секіріп түсті. (220-221-беттер).
Осы екі сөйлемнен не түсінеміз? Тіл мәдениеті мен ұлттық тіл байлығымыздың стилдік тазалығы қайда? Жалпы, қазақ тіліндегі қыз балаға байланысты айтылатын сөз қорында, естір құлаққа өте дөрекі «бұт» деген сөз ешуақытта қолданылмаған. Бұл – халқымыздың қыз балаға деген ерекше құрметінің көрінісі болса керек. Жарайды, бір сәт шығарма оқиғасын Сая Қасымбекше тәпсірлеп, түсінуге тырысып көрелік: Оқиға баянындағы қарағайдың жуан бұтасын бұтына қыстырып, салбырап тұрған қыз садағын қалай кезенеді? Садақ кезену үшін қыз аяғын жерге тіреу керек емес пе?
Қарағайда «бұта» болмайды, «бұтақ» болады. Ал, «бұта» - бір топ болып өсіп тұрған өскін (кустарник) деген мағынадағы сөз. Ал, осы «бұтаны» автор тілімен айтқанда «бұт» деп атап отырған екі аяғының ортасына қыз қалай қыстырады? Оның үстіне қыздың өзі садағын кезеп салбырап тұрса... Адам салбырау үшін қолымен бір нәрседен ұстап тұруы керек емес пе? Көз алдыңа не елестетеріңді білмейтін, өте түсініксіз сурет.
Екінші сөйлем бойынша: «...етігінің тұмсығына жебе қадалса...» қыз жерге қалай секіріп түседі? Оның аяғы немене темірден жаралған ба? Ал, біздің қыз «етігінің тұмсығына қадалған жебені» мүлдем елемейді. Себебі, жазушы қыздың етігінің тұмсығына қадалған жебені «ұмытып кетіп» ол туралы келесі сөйлемде мүлдем сөз қозғамаған. Тек бұл емес, «Танадай тыныштықты бұзуға құдіреті жетпей қимылсыз қалған елге... Ұлаған... ызалана қарады» (39-бет) немесе, «Құбылған тіршілікті қимау...ұлтқа бөлінбесе керек» (85-бет) деген сөйлемдердегі «танадай тыныштық», «құбылған тіршілік» деген тіркестерде қандай мағына бар?
Сөйлемдердегі тіркестерді тіліміздің ішкі заңдылығына сәйкес: «Құлаққа ұрған танадай» немесе «Мың құбылған тіршілік» деп қолданса, бұл тіркестердің белгілі бір мағынасы болар еді.
Жалпы, С.Қасымбектің «Көк бөрілерінде» орашалақ құрылған сөйлемдер мен мағынасыз тіркестер молынан ұшырасып отырады.
Жазушы романында суреттелетін оқиғалардың тарихи уақыты көрсетілмепті. Біз мұны С.Қасымбектің «тарихи-романының» тағы да бір кемшін тұсы деп бағаладық. Шығармада суреттелетін оқиғалар тізбесіне қарағанда, романның алдыңғы екі бөлімі «Пазырақ» пен «Теле» - Шыңғыс хан заманына дейін болған оқиғалар секілді. Себебі, романның соңғы үшінші бөлімі «Телеңгітте» Шыңғыс ханның бейнесі көрініс беріп, аты аталады. Соған қарағанда, романның алдыңғы екі бөліміндегі оқиғалар осыдан мың, мың жарым жыл бұрынғы уақытты қамтитын секілді.
«...Теле тайпасына басқалар неге өш деп ойлайсың? – Жауап таппай иығын қиқаң еткізген ұлына қарап, басын шайқады. – Өйткені, темір балқыту тек Теленің ғана қолынан келеді. Есіңде болсын, темір балқытқан тайпа – ең мықты тайпа. Қарсы келген жауды орып түсетін қару иесі әрқашанда құдіретті күшке ие болған» (19-бет)
Бұл – темір ұстасының баласына қарата айтқан сөзі. Осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген ұста XXI ғасырда өмір сүріп отырған мына біздің замандасымыз секілді. Ол біз секілді ойлап, біз секілді сөйлейді. Сөз қолданысында да бүгінгі адамдардан еш айырма жоқ. Осыдан мың жылдай бұрын өмір сүрген адамдар түгіл, кешегі XX ғасырдың басында өмір сүрген адамдардың өзі бізден басқаша ойланып, бөлектеу сөз қолданыстарын қолданған. Сенбесеңіз, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Абайдың тіл қолданыстары мен XX ғасырдың басындағы Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімнің немесе XX ғасырды алғашқы жартысындағы ақын-жазушылардың шығармашылығындағы тіл қолданыстарына назар салып, байқаңызшы. Бүгінгі бізбен салыстырғанда, олардың сөз қолданыстарындағы өзгешелік көзге анық байқалады. Себебі, тіл – үнемі өзгеріске ұшырап отыратын тірі ағза. Ал, жазушы Сая Қасымбектің осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген кейіпкерлері – XXI ғасырдағы бүгінгі біздің тілімізбен сөйлейді. Қанша уақыт өтсе де, адамның сыртқы ортаны қабылдау ой жүйесінде ешқандай өзгеріс болмаған секілді. Біз мұны С.Қасымбектің «Көк бөрілер» деп аталатын тарихи-романының үлкен кемшілігі деп бағаладық.
Романның алдыңғы Пазырақ, Теле бөліміндегі оқиғалар – Шыңғыс хан заманынан ертерек, Көк түркілердің металл өңдеуді игере бастаған дәуірін қамтиды.
Тарихи деректер: «Ғұн мемлекеті б.з.б 3 – ғасырда өмір сүрді. Ғұн қоғамында сауда қатынасының, темірден жасалған бұйымдардың, тері өңдеудің кең өріс алуы, қол өнердің пайда болуы, өркениеттің қозғаушы күші болды»,–дейді (188-190-беттер. Артықбаев Ж.О. Пірманов Ә.Б. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым) Алматы, «Атамұра» 2008 ж)
Б.з.б (біздің заманымыздан бұрын) III ғасырдан бастап көне түркілер темір металды игеріп, одан жылқыға ауыздық пен үзеңгі жасап жылқыны қолға үйретіп, адамзат тарихын өркениетке бастағаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, түркілер б.з.б III ғасырдан бастап темірді, ал одан ертерек б.з.б XVIII-VIII ғасыр аралығында «Андронов мәдениеті» тұсында қоланы да, алтынды да игергені мәлім. (Қараңыз: Г.В. Кан. Н.У Шаяхметов. Қазақстан тарихы. Оқулық. «Алматыкітап»-2007)
Ал, жазушы Қасымбектің тарихи-романында суреттелген оқиғалар өрісіне қарағанда, түркілердің «Телеңгіт» тайпасынан өзге тайпалары XIII ғасырдағы Шыңғыс хан заманына дейін металл өңдеуді білмеген. Шығармада металл өңдеу – Теле тайпасының ішіндегі белгілі бір әулеттің сырт көзден тыс, құпия дәстүрге негізделген кәсібі ретінде ғана суреттеледі. Жоғарыда көрсетілген ғылыми еңбектерге сілтеме жасай отырып айтпағымыз: Ұлттық академиямыздың Тарих ғылыми институттары жүргізген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері дәлелдегендей, бұдан екі мың үш жүз жыл бұрын қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген ежелгі түркі тайпалары темір өңдеуді білген. Жазушы С.Қасымбек өзінің тарихи-романында, ежелгі түркілердің темір өңдеуді игеруі – Шыңғыс хан заманынан сәл бұрынғы уақыт деп, түркілердің «темір ғасыры» деп аталатын өркениетін мың жылға кейін шегеріп жіберіпті. Жазушы осы «жаңалығын» қандай ғылыми еңбектерге сүйене отырып айтқан? Егер, автор бұл «жаңалықты» өз қиялына ғана сүйеніп айтса, ол – өте аз табыс.
Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» – тарихи-роман. Ал, тарихи-романда ғылыми негіздегі дәлел мен дәйек басты орында тұруға тиіс. Бұл – тарихи шығармаға қойылар ең басты талап.
Сая Қасымбектің өзінің тарихи-романы арқылы «сүйреп келген» тарихи жаңалығы тек қана металл өңдеу құпиясына ғана байланысты емес. Автор өзінің «Көк бөрілері» тарихи-романында Теле тайпасы Шыңғыс ханмен тең дәрежеде одақтас болды деп жазып, (356-бет) өзге тайпалар мен мемлекеттерге: «Сен маған бағын не тұрысатын жеріңді айт», - деп бұйыратын ұлы Қаһан Шыңғыс хан туралы әлемде жоқ «тарихи дерек» келтіреді.
Жазушының Теле тайпасының ұраны «Арқар» деп жазуы, қазақ шежіресіндегі «Арқар» ұранды – Шыңғыс хан ұрпақтары төрелердің тарихы мен атадан-балаға алғашқыда ауызша кейіннен қағазға түсіп, бүгінгі күнгі бізге жеткен «Қазақ шежіресінің» тарихилығына да өз көлеңкесін түсіріп тұр. Тек бұл ғана емес, шығармада суреттелген той үстіндегі жауынгерлер сайысында, жеңген жауынгерге көпшілік жұрт «Голливуд боевиктеріндегідей» бас бармағын төмен көрсетсе, жеңген жауынгер жеңілген жауынгердің мойнын бұрап не болмаса, басын қылышпен шауып өлтіріп отырған. (238-бет)
Ешбір тарихи деректерде айтылмаған, көне түркі әлеміне мүлдем жат, дәл осындай жауынгерлік сайыс дәстүрін жазушының қайдан іздеп тапқаны түсініксіз.
Шындығына келгенде, талдап отырған шығарманың жетілмей қалған шалажансар жерлерін ғана сөз ете беру – әдеби-сын еңбектің ғана емес, мақала авторының да оқырман алдындағы абыройын төмендетіп жібереді. Кез-келген автор сын жазып отырған шығармасының кемшілігімен қатар жетістігін де талдап сөз еткісі келері хақ. Алайда, Сая Қасымбектің «Көк бөрілерінен» әділет тұрғысындағы сын-пікір айтуға тұрарлық не тарихи, не көркем дүние таппай шындығымызды айтсақ, қатты қиналдық.
Бір сөзбен айтқанда, «тарихи-роман» деп аталған Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» - тарихи роман жанрындағы көркем шығарма деуге он екіден бір нұсқасы да келмейтін, тарихи негізі өте төмен, адам сенгісіз мистикалық оқиғаларды публицистикалық стилде баяндаған, күнделікті баспасөз очеркі деңгейіндегі ғана дүние болып шығыпты. Бары осы, басқа айтарымыз жоқ екен.
P.S. Анығына келгенде, Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» сөз шығасы етіп, сын жазып, әдеби талдау жасауға тұрарлық шығарма емес. Уақытымыз шығын болса да, С.Қасымбектің «Көк бөрілерін» әдеби тұрғыдан талдауымыздың негізгі себебі – бүгінгі қазақ әдебиетін «топанға» айналдырып отырған шығармалардың әдеби деңгейін бағамдау еді. Оны білдік. Көңіліміз жермен-жексен болды. Одан не ұттық? Абай атам айтқандай: «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ойдан», – өзге, ештеме де!
Кешегі «Тоныкөк», «Алып Ертоңға» секілді жыр-жауһарларынан бастау алып, бүгінгі көзі тірі классиктеріміз Төлен, Тынымбай, Бексұлтан, Кәдірбек, Темірхандардан кейін 90 – жылдарда үркердей бір шоқ болып әдебиетке келген толқынға дейін «алтын арқауы» үзілмей келген қазақ әдебиетіндегі бүгінгі «топанның» ішінде не түрлі асылдардың болмауы мүмкін емес.
«Нарықтық рынок» деп аталатын мына заманда бүгінгі қазақ әдебиетіндегі «топанның» ішінен «алтын мен асылды» табу – «Күн астындағы Күнекей қызды» әкелуден де қиын, қиямет-қайым шаруа болып тұр.
Айтпағымыз: келер күн берекесінен күдер үзбейік...
Әзірге бар айтарымыз осы.
Нұрғали Махан
Abai.kz