Бородавкин: "Қазақ билігі орыс тіліне қамқор болып отыр!"

Ресей елшісі Қазақстандағы орыс тілі мен екіжақты қарым-қатынас жайлы пікір білдірді.
Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың берік екенін айтып, батыс санкциялары бұл байланысқа кері әсер етпегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық әріптестік өз жалғасын табуда.
«Ресми емес мәліметтерге сәйкес, Ресей тарапынан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі 56 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде Қазақстан аумағында 20 мыңнан астам бірлескен ресей-қазақ кәсіпорны табысты жұмыс істеп жатыр», – деді Бородавкин.
Дипломат сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сүйеніп, Ресейдің жаһандық қысымдарға төтеп беріп жатқанын атап өтті.
«Ресей түрлі қиындықтардан өткеніне қарамастан, еңсесін түсірмей, қателіктерден сабақ алып, одан сайын қуатты әрі айбынды мемлекетке айналып отыр. Президент Тоқаевтың “Ресей әскери тұрғыда жеңілмейді” деген сөзі кездейсоқ айтылған жоқ», – деді ол.
Елші Қазақстандағы орыс тілі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан билігі орыс тіліне құрметпен қарап, нақты қолдау көрсетіп отыр.
«Қазақстанда орыс тіліне оң көзқарас сақталған. Билік орыс тіліне қолдау көрсетіп келеді», – деп түйіндеді Бородавкин.
Бұл мәлімдемелер екі ел арасындағы сенімді стратегиялық серіктестіктің жалғасып жатқанын көрсетеді.
Алексей Бородавкин - 2018 жылғы 7 ақпаннан бастап - Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі.
2022 жылы, 7 ақпанда Ресей елшісі "Независимая газетаға" сұхбат беріп, былай деген еді: "Қазақстанда ұлтшылдықтың өршуі расымен бар құбылыс екенін айтқым келеді. Оның үстіне кей жағдайда ол экстремистік сипатта көрініп қалады, мысалы тіл сақшылары іспеттес. Алайда Президент әкімшілігінің бір басшысы айтқандай, үңгір ұлтшылдығы билік тарапынан қолдау тапқан емес, керісінше заң бойынша қудаланып келеді. Асқынған ұлтшылдық пен русофобтық көзқарасы бар адамдар президент Тоқаев құрып жатқан жүйеде сіңісіп кете алмайды.
Қазақстанда тұрмыстық деңгейдегі күнделікті ұлтшылдық кең тараған құбылыс екенін айту керекпіз. Бұл Қазақстанда да, Ресейде де бар "ауру" .
Көріп отырғанымыздай арада үш жыл өткенде орыс елшісі басқаша сайрап отыр. Оның былай көзқарасын жақсы жаққа өзгертуіне Президент Тоқаевтың Халықаралық орыс тілін дамыту қорын құру бастамасын көтеріп, оны жүзеге асыруы, Елімізде Ресей университетерінің филалын ашу қауырт қолға алынуы, қазағы көп оңтүстік өңірлерде Ресей қаржысымен орыс тілді мектептердің ашылуы, бәрінен де атап өтерлігі ресейдің батыс санкциясынан қашқан 20 мыңнан астам кәсіпорнының Қазақстанға жайғасуы, Путинның моблизациясынан қашқан миллион ресей азаматының елімізде тұрақтап қалуы әсер еткені анық.
Abai.kz