Сәрсенбі, 18 Маусым 2025
Бетбұрыс 178 0 пікір 18 Маусым, 2025 сағат 12:47

Қазақ жастары электронды сауда жүргізуді үйренуде

Сурет: China Daily.

«Орталық Азия – Қытай» саммиті Астанада ашылғалы бері қытайлық басылымдар да біз туралы жиі жаза бастады. Бүгін назарларыңызға China Daily ақпараттық агенттігінің жариялаған қысқа шолуын ұсынамыз.

«Шыңжаңның Қорғас қаласында Қазақстаннан келген студенттер қытайлық мамандардан электронды сауда жүргізудің қыр-сырын үйренуде. Олар үш ай бойы тікелей эфирде тауар жарнамалаудан бастап, қытай тілін меңгеруге дейінгі ауқымды бағдарламаға қатысып жатыр.

Алматыдағы Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінен келген 30 студенттің қатарында Тоғжан Қанатқызы да бар. Ол livestream арқылы көрермендерге өнімдерді таныстырып, қытайлық косметика мен ас үйге арналған бұйымдардың қазақ тұтынушылары арасында үлкен сұранысқа ие екенін айтады.

– Қытай мен Қазақстан арасындағы саудада электронды коммерцияның маңызы артып келеді. Осы салада тәжірибе жинақтау — мен үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Тоғжан.

Жастар Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Қорғас халықаралық ынтымақтастық орталығында білім алуда. Бұл орталық – Қытайдың шекаралас елдермен құрған алғашқы сауда аймағы. Мұнда студенттерге арнап арнайы e-commerce платформасы мен тіл курстары ұйымдастырылған.

Бағдарламаны жүзеге асырып отырған «Тунцзянгунчуан» халықаралық сауда компаниясы алдағы уақытта Алматыда қойма ашып, livestream жүргізетін жастар тобын құруды жоспарлап отыр. Компания басшысы Го Чжигуйдің айтуынша, екі елдің мәдениетін меңгерген жастар – болашақ нарық үшін таптырмас кадр.

Сауда орталығындағы Yiwu халықаралық кешенінде тағылымдамадан өтіп жатқан тағы бір жас – Жеңіс Жексембаев. Ол қытайлық көтерме саудагерлердің өнімдерін жарнамалайтын бейнероликтер түсірумен айналысады.

– Қытайда бизнеске жол ашық. Қазақстанда да қытайлық компаниялар көбейіп келеді. Болашақта солардың бірінде жұмыс істегім келеді, – дейді Жеңіс.

Оқу бағдарламасының жетекшісі, Синьцзяндық қазақ Сұлубай Нұряқып студенттердің шығармашылығына жоғары баға берді.

– Бұл бағдарлама жыл сайын тұрақты түрде жалғасады. Қазақ жастары екі ел арасын жақындататын алтын көпірге айналуы мүмкін, – дейді ол».

Abai.kz

0 пікір