Дүйсенбі, 29 Маусым 2026
Тарих 140 0 пікір 29 Маусым, 2026 сағат 13:59

Қарауыл Жанатай батыр

Сурет: Zharar.com сайтынан алынды

Қарауыл Жанатай батыр XVIII ғасырда жасаған Абылай хан төңірегіндегі ең мықты батырлардың бірі.

«XVIII ғасырдың үшінші ширегінде Дүрбін-Ойратты тоздырған, Мәнжу-Цин басқыншылығына қарсы қайтпай күрескен, торғауытты талқандаған, қырғызды Алатаудан асырып, өзбек әміршілерін тәубасына түсірген, сөйтіп, 20 жыл бойғы танымсыз майданда Алаш ұранын жаңғыртып, Абылай ханға үш жүздің тізгінін ұстатқан Қазақ Ордасын қайта көтерген, ең атақты қолбасылар: Қаракерей Қабанбай, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Әбілпейіз сұлтан, Қанжығалы Бөгенбай, Ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жанатай, Баян, Малайсары, Олжабай, Керей, Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Ақтамберді, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Құлеке, Жауғаш, Дат, Көкжарлы Барақ, Құлашбек, Тұрсынбай, Нарбота, Қожаберген...

Бұлардан басқа Жабай, Сырымбет, Байғозы, Елшібек, Сары, Сәңкібай, Мамыт, Молдыбай, Таңсық, Оразымбет, Деріпсәлі, Райымбек, Шыңғожа, Алыбай, Айбас, Жаназар тағы басқа ондаған батырдың есімін атауға болады»  (Мұхтар Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі»,  Алматы, Қазақстан баспасы, 1995, 128 б).

Шоқан Уәлихановтың XVIII ғасырдағы қазақ батырлары жайындағы тарихи мақаласында Жанатай батырдың аты аталады. Алайда Шоқанның тарихи жазбасында аты аталатын Жанатай батырға қатысты түйткіл төбе көрсетіп отыр. Түйткіл неде? Мәселенің кілтипаны қайда? Жанатай батырға қатысты тарихи таным, зерде, зертеулердің кемшіндігі анық байқалады. Түйткілге өзек болып отырған Жанатай батырға қатысты сөз қозғасақ, XVIII ғасырда жасаған, Шоқан жазбасында аты аталатын батыр нақты кім, оның ата-тегі жайлы мәлімет ғылыми тұрғыда айқындалмаған. Негізгі түйткіл – Жанатай батырға қатысты сол ғасырда үш батырдың болуы. Біріншісі – Қарауыл Жанатай батыр, екіншісі – Атығай Жанатай батыр, үшіншісі – Қанжығалы Жантай батыр.

2016 жылы еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоспарының негізінде Ерейментау өңіріндегі тарихи ескерткіштерді аралап көрдік. Бізді бастап жүрген белгілі журналист, ақын, өлкетанушы Сайлау Байбосын «Абылай ханның тұсында өмір сүрген Қанжығалы Жантай батыр «Шаңды жорықта» опат болып, оған қайғырған Абылай ханның «қайрау бермес қара болатым-ай» деген сөзі жоғарыдағы Шоқан жазбасында айтылған», — деді. Тек Шоқан жазбасында Жантай есімі Жанатай болып, жаңылыс жазылып кеткендігін айтты. Мен ойланып қалдым. Әйгілі «Шаңды  жорық» оқиғасы 1771 жылдары өткен. Ал, Қанжығалы Жантай батыр 1696-1750 жылдары өмір сүрген. Ұрпақтары орнатқан Ерейментаудағы Жантай батыр ескерткішінің астында «Жантай батыр (1696-1750)» деп те жазылып тұр. Жантай 1750 жылдары Баянауыл өңірінде болған қалмақтармен болған бір шайқаста опат болады. Шоқан болса 1771 жылғы  «Шаңды жорық» оқиғасында болған ұрысты, сонда қаза болған батырларды айтып отыр ғой, ойлап қарасаң, жылдары сәйкестейді. Енді біз осы Шаңды жорыққа қатысты тарихи құжаттарды сөйлетіп көрейік.

Ресей мемлекеті XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Еділ бойында отарлау саясатын жүзеге асыра бастады. Патша үкіметінің тек орыс дворяндарының ғана емес, көпестердің де мүддесін көздеген бұл қадамы қалмақтарға қолайлы тимейді. 1731-1732 жылдары Дон казактарының мыңнан астам отбасы Еділ мен Илі (Иловлей) өзеңдерінің аралығына кеп қоныстанады. («Очерки  историй Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М.Науна», 1967, 196). Көп ұзамай Жайық бойында да казак станицалары  бой көтеріп, қалмақтар қоныстанған өлкенің солтүстігіне немістер келіп орнықты. Мұның өзі қалмақ феодалдарының қоныстарын біраз тарылтады. Соған төзім ете алмаған торғауыт ханы Убаши 1766 жылдары Астрахань губернаторы Н.А. Бекетовке кеп осы жайды екі дүркін мәлімдеп, шағым етеді. Осыдан кейін патша өкіметі даулы аудандарды картаға түсіріп, қалмақтар қонысының шекарасын межелеуге бекінеді. (Палынов Н.Н. «Этюды по истории приволжских калмыков» Ч. V Астрахань, 1932 с. 3-4) Бұл шаралар бірақ тездетіп жүзеге аса қоймайды. Сөйтіп, Еділ қалмақтары 1771 жылдың 5 қаңтарында Алтайға қарай бет түзейді. («Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период». М. Наука 1967 с. 200-202). Мұны көрген орыс мемлекеті оларды кері қайтару үшін Орск бекінісінен генерал-майор Трауренберг бастаған әскер шығарады. Бұл әскер Нұралы, Қайып, Есім, Пірәлі, т.б қазақ билеушілерінің сарбаздарымен кей тұста бірге отырып, кей жерде өз беттерімен қашқандардың соңынан біраз жерге дейін қуып барып, кері оралады. (Рычков «Дневние записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году». СПБ 1772. С. 319). Қашқан халық кері қайтпағанмен сол жолда ата жауларының қарсылығына кезігіп көп қиындыққа ұшырайды. Әсіресе, қалмақтар үшін қиын тиген кез – олардың Мойынты өзеніне жеткен мезгілінде болған сияқты, өйткені осы жерде Убашы жұртын Абылай, Нұралы, Орыс, Әділ қолы қоршауға алады. Жоңғарияға барар жол кесіледі. Амалы құрыған торғауыт ханы Абылайға елшілер жіберіп, бодандық сұрайды. Өз қолындағы бір мыңнан астам тұтқындарды қайтаратындығын мәлімдеп, көшіп-көніп жүру үшін қоныс сұрайды. Осының нәтижесінде екі жақ келісімге кеп, қалмақтарға тұтқындарды қайтару үшін үш күндік мұрсат беріледі. Бірақ, қалмақтар үшінші күнннің түнінде күтпеген жерден қазақтарға тап береді де, қарсыластарын біраз қаймықтырып алып, Балқаштың батыс бетімен ілгері қарай бет түзейді. Әйтсе де олар сол жолы орасан көп адамдары мен малдарынан айырылады. («Очерки историй Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период». М.М. Наука 1967.С. 217-218) Бұл тарихи құжаттарды және Н.Рычковтың (Рычков Н. «Дневные записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году». СПБ. 1890. С. 107) , М.Мағауиннің Алматыдан 1995 жылы шыққан  «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінің «Шаңды жорық» бөлімінде «Шаңды жорық» оқиғасы 1771 жылы болғаны айтылады.

Ал Сайлау Байбосынның 2013 жылғы 5 қарашада «Ақиқат» басылымында жарық көрген «Екі шығарма – бір оқиға немесе «Жантай батыр» мен «Батыр Баян» дастандары жайлы» деген мақаласында мақала авторы қазақ батырлары Қанжығалыдан шыққан Үйсінбай, Арқандар, Жантай батырлар қаза болған «Шаңды жорық» оқиғасын XVIII ғасырдың 20-40 жылдарында болған» деп жазады. Енді қисынға салсақ, 1750 жылы қалмақтармен болған бір шайқаста опат болған Жантай батыр қалайша 1771 жылы болған «Шаңды жорыққа» қатысады?! Және осы шайқаста сөз болатын қалмақтың Уса мен Серен сияқты нояндары 1720-40 ж.ж оқиғаға араласады. Бұл нояндар автордың жазуынша Алтайдан келген жоңғарлар емес, Еділден келе жатқан Торғауыт ханы Убашының жанындағы Торғауыт нояндары болатын. Шындығы да осы. Енді біздің әңгімеміздегі Жанатай батырға қатысты түйткілді мәселе болған Шоқан жазбасын сөйлетіп көрейік.

Қанжығалы Арғын Үйсінбай, Арқандар, Қарауыл Жанатай батырлар торғауыттардан қаза табады. Жанатай батырдың өлеңін естігенде Абылай хан «қайрау бермеген қара болатым-ай» деп жылайды. Мұнан кейін аман қалған қазақ қолы шабуылдан отырып, Іленің барлық өткеліне қалмақтардан бұрын жетіп, жауды алдарынан тосады. Қалмақтар жеті адам елші жібереді. Алдарында түлкі тымақты еңгезердей қара қалмақ. Ол Абылайға жуық кеп, өзін Уса мен Серен ханның жібергенін, татуласпақ, тарту-таралғы тартпақ ойларын айтады. Абылай бұл жайында батырлармен оңаша ақылдасқанда: «Ақ отауын алып, өздерін үміттендіріп отырып шабу керек» деген пікір айтады. Сонда Баян батыр: «Жоқ, ақ отауын алмаңыз, алдайын деп әлек болмаңыз. Өрдегі қытай мен ойдағы орысты алдап жүрген Уса мен Серен сені де алдайды» — деп жауап береді. Хан өзінің шешімін екі рет қайталайды. Батыр да екі рет бұрынғы сөзін айтады. Өз ойын іске асырмақ болған Абылай тарту-таралғымен келеміз деген қалмақтарды екі күн күтеді. Олар келмейді. Сөйтсе, қалмақтар бұлардан елшілері оралған күні үйлерін жығып, тайып тұрған болып шығады. («Сочиненіе Чокана Чингисовича Валиханова»  СПБ, 1904, С.319-320). Міне, Шоқан жазбасындағы әңгіменің болған-біткені осы! Шоқан Қарауыл Жанатай батыр деп отыр! Осы әңгіме дұрыстыққа жататын сияқты. 1750 жылы қалмақтармен болған ұрыста опат болған қанжығалы Жантай батыр Шоқан жазбасындағы 1771 жылы болған «Шаңды жорық» ұрысына қатыспағаны айқын болып тұр. Ал Атығай Жанатай батыр туралы айтсақ, тарихи деректер сәйкеспейді. Шоқан Қарауыл Жанатай батыр деп отыр. Қарауыл Жанатай батырдың ұрпақтарында сақталған ру шежіресі де осыны айғақтайды. Алдағы уақытта тарихи оқиғалар мен тұлғаларды сөз еткенде  осындай жаңсақтықтарға жол бермегеніміз абзал болар еді,  ағайын!

Сәбит Жәмбек,

филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры.

Abai.kz 

 

0 пікір