Бейсенбі, 19 Маусым 2025
Билік 459 0 пікір 19 Маусым, 2025 сағат 15:52

Ирандағы қазақтар қирандының астында қалмасын!

Сурет: primeminister.kz сайты және Abai.kz мұрағатынан алынды.

ҚР Премьер-министрі

О.А. Бектенов мырзаға!

- Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз;

- Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда;

- Қазақ елі шет мемлекеттерде тұратын қандастарын жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөледі. Олардың тарихи Атамекеніне қоныс аударуына барлық жағдай жасалған;

- Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз...

Құрметті Олжас Абайұлы!

Есіңізде болса, жоғарыдағы мен келтірген ситатаның бәрі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғаннан бергі алты жылда шекара сыртында қалған қандастарымыз туралы әр кездегі жүрегін жарып шыққан тарихи сөздері.

Нақтылап айтсам, Сіз басқарып отырған Үкіметке алыстағы ағайынды Елге оралту, олармен тығыз қарым-қатынас орнату, көмектесу туралы берген тапсырмалары мен нұсқаулары!

Қайталап бір оқып шығыңызшы, Құдай-ау, атқарушы билік пен заң шығарушы орган үшін бұдан артық қандай тапсырма немесе қандай нұсқау керек?!

- Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!

Бұл – бүкіл көші-қон саясатының ТҰҒЫРНАМАСЫ ғой!

Осыдан кейін, Құдай-ау, көші-қон үрдісін реттеуге арналған тұжырымдама мен бағдарлама атаулы осы Ұлы мақсатты жүзеге асыруға, заңдар мен нормативтік құжат біткен осы Ұлы мақсатты мүлтіксіз орындаға бағытталып, мінсіз етіп жасалуы және қабылдануы керек қой!

Өкінішке орай, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл тапсырмалары мен нұсқауларын Асқар Мамин Үкіметінен бастап, қазірге дейінгі бірде-бір Үкімет өз деңгейінде орындаған жоқ!

Орындау былай тұрсын, керісінше шеттен келген ағайындардың құжаттану тәртібін барынша қиындатып жіберді!

- Қандастарымызды Үкімет айқындаған облыстарға қоныстандыру үшін қойылған өңірлік шектеу қоямыз деп, Конституцияның 21-бабына қайшы норма қабылдаптып тастадыңыздар;

- «Қандас» мәртебесін беру тәртібі бұрынғы үш жұмыс күнінен отыз бес жұмыс күніне көбейтіп қойдыңыздар;

- 2022 жылы жолға қойған «Ата жолы» гарталарыңыздың сиқы анау, міне, биыл қайта бастан жасап жатырсыздар;

- Көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы да оңып тұрған жоқ, екі жылға жетпей жатып бір миллиард теңгені желге ұшырды;

- «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы этникалық қазақтар жиі қоныстанған мемлекеттерге барып, «Кіші құрылтайлар» өткізіп, ондағы ағайындарымызға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүрекжарды ыстық сәлемін жеткізіп, көрнекті тұлғалар үшін арнайы жіберген наградалары мен «Алғыс хаттарын» табыстап,көп-көрім жақсы жұмыс жасап жатыр еді, соңғы кезде ол да тоқтап қалды. Естісек, Үкімет аталған коммерциялық емес акционерлік қоғамға бөлінетін қаражатты қырқып тастапты...

Ойлаңызшы, осыдан кейін, не айтуға болады?!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Бүгін Сіз басқарып отырған Үкіметке шеттегі қандастарымыз үшін тұңғыш рет аса шұғыл шешім қабылдайтын ерекше жағдай туып отыр!

Ол – Таяу Шығыстағы алапат соғыстың ошағына айналған Ирандағы қандастарымызды қирандының астында қалдырмай, бірден Қазақстанға көшіріп алу туралы шешім!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Таяу Шығыстағы алапат соғыс өртінің тұтанғанына, міне, бес күн болды. Иран мен Израильдің бір-біріне қайтарма соққысының толастар түрі жоқ!

Өзіңіз де жақсы білесіз, Иран Ислам Республикасында алты-жеті мыңдай біздің қаракөз қандастарымыз тұрады.

Ал, олардың қандай жағдайда, қайдан және қашан бұл елге ауып кеткені туралы айтып жату – артық әңгіме!

Тек, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіңті ала салып, 1992 жылы теңіз арқылы осы Ираннан 50-60 отбасын және 1993 жылы 230-дан астам отбасын екі  мәрте екі эшелонмен Атажұртына көшіріп алғанын есіңізге сала кетейін.

Ал, Ирандағы қазақтар туралы тереңірек білгіңіз келсе, сол кездегі Иранда елші болған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақал Жырзатай Жолдасбековтен сұрасаңыз, майын тамызып тұрын айтып береді.

Енді, әуелгі сөзімізге оралсақ, соғыс өрті тұтанған осы бес күннен бері сол алты-жеті мың қазақ не күйде болып жатыр деген бір лауазымды тұлға болған жоқ!

Сіз басқарып отырған Үкімет үнсіз;

Президент Әкімшілігінен де тырс еткен дыбыс жоқ;

Парламенттің қос паратасының депутаттары жым-жырт;

Құзырлы министрліктердің бәрінің тілі байланып қалған;

Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған обылыстардың әкімдерінің бұл жағдай өңі тұрмақ, түсіне де кіретін емес...

Қанша дегенмен, жетпіс жеті атасынан бері тектіліктілігін жоғалтпай келе жатқан АДАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ емес пе, әлеуметтік желі арқылы тек қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айт-Ман Нұржан (Светқали Нұржанов): «Израиль суық қаруға қол салар сынды! Күнің не болар, Ирандағы қазағым?..» деп, өз алаңдаушылығын білдірсе; белгілі қоғам қайраткері Жәнібек Қожық: « Ирандағы қазақтарды елге алдыру керек. Соғыстан қашқан жүздеген мың орыстыда қабылдадық емес пе?» деп, өз пікірін қалдырыпты...

Енді, амал жоқ, бұл мәселені тағы да менің көтеруіме, Сіздің атыңызға хат жазуыма тура келді!

«Тағы да...» дейтін себебім, анау жылы АҚШ пен НАТО әскерін Ауғаныстаннан шығарып, «Талибан» қозғалысы қайтадан билікке келген шақта Ауғаныстандағы қандастарымызды Қазақстанға көшіріп алу туралы мәселені де бірінші болып мен көтерген болатынмын.

Алдымен «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қасиетті парызын» орындайтын кез – дәл осы тұс!» деп, ҚР Премьер-министрі А.Ұ. Мәминге хат жолдадық, «Қажет болған жағдайда...» қашанға жоспарланған меже?!» деп, ҚР Сытқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзаға сұрау салдық, «Ауған қазақтарын ЕЛГЕ ӘКЕЛУ – Ұлттық парызымыз!» деп, «ДАТ» газетіне сұхбат бердік...

Содан кейін барып, Үкімет қимылдай бастаған...

Сөйтіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Ауғаныстанға арнайы самолет жөнелтіліп,  ажал құшағында қалған бір бөлім қандастарымыз Отанына оралған еді.

Қауіптілігі одан да ауыр жағдай, міне, тағы қайталанып отыр.

Бұл жолы Ислам Республикасында!

Ирандағы қандастарымыз қиранды астында қала ма деген қауіп бес күннен бері мені ұйқы мен күлкіден қалдырды.

Әсіресе, Ирандағы осынау алапат соғыс өртінің тұтанғанын көріп отырып, Қазақстан Үкіметінің ондағы үрей астында қалған  алты-жеті мың қандасы туралы безірейіп, түк білмегендей болып отырғаны мені қатты алаңдатуда!

Сонда, айтыңызшы, шеттегі қазақ тек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ауыт Мұқибекке ғана керек пе?!!

Шекара сыртындағы қазақтарға келгенде, Біздің Үкіметтер неге осыншама тасбауыр?!!

Әлде, олардың аузына опасыз Кәрім Мәсімов «түкіріп» кеткен бе?!

Әлде, менен кейінгі келген премьер-министрлер шеттегі қазақтар десе, жау көргендей тіксінетін болсын деп, Үкіметбасының креслосын жадылап тастаған ба?!!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Сізге Құдай БАҚ берген жігітсіз!

Біздің Сізден күткен ҮМІТІМІЗ өте зор, болашақта Сізді осы мемлекетті бастайтын СЕРКЕ болатын азамат деп бағалап жүрміз!

Өз басым, Сізді қатты құрметтеймін және Сізді қолдап, көмектескім келеді. Бірақ, Сізге не өзімді жеткізе алмай жүргеніме, не сөзім жете алмай жүргеніме, «Жерді құртқан» әнеу бір шал құрлы бола алмағаныма қатты налимын!

Айналайын Олжасжан, Қасым-Жомарт Кемелұлының мына тапсырмалары мен нұсқаулары тұрғанда, Қазақ көші сорлы жағдайға түспеуі, шекара сыртындағы қандастарымыз қорғансыздың күйін кешпеуі керек еді!

Опасыз Кәрім Мәсімов дегеннен еске түседі, менің өзім шығарған «Құриын деген мемлекет Құдаймен алысады!» деген жалғыз мақалым бар. Оның мысалы – кешегі жарты әлемді жаулаған КСРО!

Сол секілді, есіңізде болсын, шеттегі алты-жеті миллион қазақтың тағдырымен ойнаған Үкімет те ешқашан оңбайды екен!

Оның жарқын мысалы – кешегі премьер-министр Кәрім Мәсімов тағдыры!

Ол да досы Тимур Құлыбаевпен бірлесіп алып, 2013 жылы Ұлы көшті тоқтату үшін төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдатқан!

Қазір сол екеу қайда?!!

Сондықтан, садағаң кетейін Олжас Абайұлы, жанашыр ағаңыз ретінде айтайын, бұл саламен – шеттегі қазақтың тағдырымен, есіңізде болсын, ешқашан ойнауға болмайды!!!

Ұлы көш пен шеттегі қазақтарға жасалған қиянат пен қастандық, маған сеніп қойыңыз, Өзіңіздің болмаса да, кейінгі ұрпағыңыздың алдынан шығады!!

Сондай-ақ, оған жасаған қамқорлыңыңыз бен жақсылығыңыз да жерде қалмайды. Шарапатын көресіз...        

Құрметті Олжас Абайұлы!

Иә, қазір Ирандағы алты-жеті мың қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр! Қирандының астында қаламыз ба деп, үрей астында көздері жәудіреп отыр. Сіз де солар секілді қазақтың баласысыз. Тағдырдың жазуымен олар бір кезде елден босуға мәжбүр болды. Империялардың дауылы оларды қазақ даласынан ұшырып әкетіп, сонау атасы басқа Ираннан бірақ шығарды. Енді бір сәт ойланып, Өзіңізді солардың орнына қойып көріңізші, зәреңіз зәр түбіңізге кетеді! Құдай оның бетін ары қылсын, ертең Сіздің де ұрағыңыздың осындай жағдайда қалмасына кім кепіл!?!

Сондықтан, Үкімет дереу шешім қабылдап, тез арада Ирандағы алты-жеті мың қазақтың біреуін қалдырмай Қазақстанға көшіріп алуы керек!

Құрметті Олжас Абайұлы! 

Екі Президентке рахмет, дәл қазір Ирандағы қазақтарды бірден көшіріп алуға қажетті заңдық негіздің бәрі бар, бәрі дайын!

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңының бақандай екі бабы осы шекара сыртында қалған қазақтарға арналған, «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» (7-бап) және «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.» (8-бап) деп, ашық жазулы тұр;

Сондай-ақ, Халықтың көші-қоны туралы туралы заңының 3-бабында көшіп келудің негізгі бес түрі көрсетілген. Соның бесіншісі - гуманитарлық және саяси уәждер бойынша көшіп келу.

Ал, біреулер шығып, «Ирандағы қазақтардың Төлқұжатында ұлты жазылмайды, өзгелер де кіріп кетуі мүмкін...» дейтін шығар.

Алаң болмаңыз, ол мәселе де шешілген.

Қолданыстағы заңға сай, этникалық қазақтардың жеке басын куәландыратын құжаттарда, сондай-ақ үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган комиссия құрады және сол комиссия арқылы оның ұлтын анықтайды.

Депутат Еділ Жаңбыршин арқылы Ауыт Мұқибек өткен жылы оны да заңдастырып қойған. Әне, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 15-бабының 6-10) және 6-11) тармағына тұр.

Құрметті Олжас Абайұлы! 

Бір сәт көзіңізді жұмып, Ирандағы үрпиіп отырған қазақтарды еске алыңызшы. Сосын, олардың орнына Өзіңізді қойып көріңіз...

Қандай Сезімде болар едіңіз?!

Президентіміз, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек!» деді.

Міне, Сіз дайын болсаңыз, Заң дайын!

Тек, МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАУЫҢЫЗ ғана қалып тұр!

Шеттегі қазақтарды Атажұртына оралту – қасиетті парыз болса, ал ажал құшағында қалғандарды көшіріп алу – МЕМЛЕКЕТТІК ЕРЛІК болмақ!

Ендеше, Сізден тез арада шешім қабылдап, Ирандағы алапат соғыстың астында қалған алты-жеті мың қазақты түгелімен Қазақстанға көшіріп алуыңызды сұраймын!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір