Жұма, 27 Маусым 2025
Аймақ 168 0 пікір 27 Маусым, 2025 сағат 12:34

Ұлттық құндылықтардың алтын ордасы – Алматы

Алматы суреті: zakon.kz / Максим Золотухин.

Алматы – тек еліміздің бұрынғы астанасы ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен руханияттың жүрегі саналатын қала. Еліміздің ең ірі мегаполисі ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Мұнда әрбір көшенің, әр мекеменің, әрбір іс-шараның астарында қазақ халқының бай тарихы мен рухани мұрасы жатқаны сөзсіз.

Дәстүр мен заманауилықтың үйлесімі

Алматы – ұлттық дәстүр мен заманауи өркениеттің тоғысқан жері. Бұл қалада ұлттық киімдер көрмесі, қолөнер жәрмеңкелері, айтыс пен жыр кештері жиі ұйымдастырылады. Мәселен, жыл сайын өтетін Наурыз мерекесі – халқымыздың көктемгі жаңаруын, береке мен бірлігін дәріптейтін айтулы шара. Қала көшелерінде киіз үйлер тігіліп, қымыз-қымыран ұсынылып, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер паш етіледі.

Ұлттық өнер мен әдебиеттің ордасы да осы – Алматы. Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория сынды мәдени ошақтар орналасқан. Бұл орындарда халық композиторларының шығармалары, классикалық күйлер, қазақ тіліндегі спектакльдер мен заманауи қойылымдар сахналанады. Сонымен қатар, Жазушылар одағы, түрлі әдеби клубтар мен шығармашылық үйірмелер жастарды ұлттық әдебиетке баулып келеді.

Осы орайда біз Алматыда тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы, сыншы Нұрдәулет Ақышқа хабарласып, аталған тақырып бойынша пікірін білдік. «Біз отаршылдық заманында өзіміздің ұлттық бейнемізден, асыл құндылықтарымыздан айырылуға  шақ қалған елміз. Оны қайтадан толық қалпында қалпына келтіру оңай шаруа емес. Тәулісіздік алғанымызға 34 жылға тақаса да, әлі күнге кейбір құндылықтарымыздың өзіміздің білмей жатуымыз,  жас ұрпақтың ондай ұғымнан алсытап бара жатуы сондықтан. Ал ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәріптеу мәселесінде Алматы тәрізді зор мегаполистің орны қашанда ерекше. Наурыз тойы тәрізді маусымдық мерекелерде ғана еске салатын болсақ, онда біздің тамаша дәстүрлеріміз бен салт-санамыз насихатталуы  тым өлшеулі болмақшы.

Қазақ халқының жақсы қасиеттерін үнемі қаперде ұстау, соған орай тиісті атрибуттарды қолдана білу де тәуелсіз елдің ұландарының ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі әкімшілік ұйымдардың да парызы. Бұл жағынан алғанда Алматы қаласының рухани ұстанымында өзге өңірлердің үйренуіне тұратын ұнасымды жақтары да бар. Мысал үшін алатын болсақ, метро вагондарында жасы үлкен ересектерді сыйлау керектігі жөнінде, жастардың қарт кісілер мен мүгедектерге орын беруі керектігі туралы үнемі хабарланып отырады. Бұл ата – дәстүрімізге сай орынды ескерту. Бірақ айтыла-айтыла жауыр болып, еттері үйреніп кеткендіктен бе, қазақтың қол-аяғы балғадай жас жігіттері мен қыздары бұндай  ескертуге үнемі құлақ аса бермейді.Талтайып тұрып отырғандарын көресіз. Өздерінің ерсі қылықтарына ұялып жатқан олар жоқ.

Есесіне әзірбайжан, түрік, ұйғыр, шешен тәрізді ұлттардың жастарында инабаттылық сезімінің басым екендігін байқаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, жас буынның алдыңғы ата-апаларын сыйлату үшін арнайы заң шығару керек пе деген ойға да келемін. Тіпті арнайы болмаса да, қоғамдық орындарға қатысты заңдардың біріне сыйлаушылықты міндеттейтін тармақ енгізу керек шығар. Әйтепесе жыл өткен сайын қарт кісілерді де, екіқабат әйелдерді де сыйлауды білмейтін, мінез-құлықтары дөрекіленіп бара жатқан жастар қатары көбеюде.

Бұған әркімнің өзі ісі, өз түсінігі ғой деп салақсымай, мемлекеттік деңгейде назар аударатын уақыт жетті. Әйтпесе ұлттық құндылықтарымыздың бір сипатынан айырылып қалу қаупі бар».

Этнофестивальдер мен мәдени іс-шаралар

Соңғы жылдары Алматыда түрлі этнофестивальдер өткізу дәстүрге айналды. «Ұлы дала елі», «Мәдени мұра», «Қазақ ұлттық тағамдары күні» сияқты жобалар аясында халқымыздың ас үйі, қолөнері, салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылып келеді. Бұл шаралар тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, шетелдік қонақтарға да қазақ мәдениетінің тереңдігі мен сұлулығын паш етеді.

«Қыран Ұлттық аңшылық орталығының» директоры Бағдат Мүптекеқызының да бұл жайында өз айтары бар.

«Қыран – күн көзіне тіке ұшалатын, «бүкіл әлемді қос қанатына сыйдырған» ерекше қасиет иесі. Тәуелсіз Қазақстанның көк Туында қанат қаққан Қыран – қазақтың сан ғасырлар бойы еркіндікке, бейбіт өмірге ұмтылған рухы мықты халықтың өркениет биігіндегі анық бағыты, бабаларымыздың асыл арманын қос қанатына қондырған аманаты. Біз ұлттық дәстүрді ұлықтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғау мақсатымыз бар екені рас.

Ерекше қасиетке ие көк Туымыз көкке көтерілгенде бір сәт тебіренбейтін жан болмас. Әдемі, айшықты Туды құшағына қысып, сүйіп тұрып, кеудесін мақтаныш керген, Қыранмен бірге қияға қанат қаққан намысты ұрпағының рухы биіктепкеле жатқанының белгісі, көп жылдар бойы күтіп келе жатқан оқиға, республикада тұңғыш Алматы қаласы Әкімдігінің қолдауымен Медеу ауданында «Қыран Ұлттық аңшылық орталығы шаңырақ көтерді.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай hәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кісәп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» демекші, «Жаңа Қазақстанның» клешегіне жұмыла жұмыс істеу, баршамыздың парызымыз, бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі – елдің келешегі.

«Қыран Ұлттық аңшылық орталығы» республикада тұңғыш «Аңшылық» музейін ашып, елемізде, шет елдерде болатын көрмелерге қала атынан баратын көшпелі шеберхана орналастырып, қала жастарына рухани өазынасын көрсетіп, кәсіп иелері болуға көмектеседі. Жастардың бойында бұгып жатқан рухты оятып, ұлттық өнердің түрлі саласы бойынша (ұлттық спорт түрлері: бүркіт, сұңқар, қаршыға салу, тоғызқұмалақ, садақ ату асық..., сүрет салу, музыка, қолданбалы өнер...) кездесулер, шеберлік сабақтарына қатыстыра отырып, өсе келе өзіне және қоғамға пайдалы рухани серік болатын өнер түрлеріне баулау, мамандыққа жол көрсетуді маөсат етеді. Алматыға ат басын тіреген қонақтарға қазақтың бабадан қалған мол мұрасын насихаттауда туристік компаниялармен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Жастарды отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналаған «Болашақ бізден басталады», «Киіз үйдегі кездесу»...т. б. бірнеше жобалар бар».

Abai.kz

0 пікір