Антикор мен ҰҚК: күшейту арқылы... әлсіреу емес пе?

Кешелі-бері күллі жұртты шулатып, басты жаңалыққа айналған Антикорды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енгізуі туралы президент Тоқаевтың шешіміне қатысты менің жеке пікірім екіұдай.
Біріншіден, ескі және жаңа Қазақстанда жайлап, жебірдей жеген, қоғам мен мемлекет дамуының басты кедергісіне айналған жемқорлықпен күресу ісінде шын мәнінде құзырлы әрі ықпалды, өзара қырық пышақ боп қырқысқан кландар мен топтардың қарсылығына төтеп бере алатын шешуші орган (немесе органдар) қажет-ақ! Ол даусыз мәселе!
Алайда екі өкілетті органды біріктіріп, біз осы саланы монополияландырып алатын құбыжықты өз қолымымызбен жасақтап жатқан жоқпыз ба?
Олай дейтін себебім, бізде арнайы органдарды бақылайтын халықтық, қоғамдық, жария механизмдер жоқ. Әсіресе, ҰҚК сияқты қолы ұзын мекемеге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай жүргелі қашан.
Мына шешімнен кейін ҰҚК одан сайын күшейіп кететіні сөзсіз.
Екіншіден, ескі Қазақстан тұсында жемқорлықпен күресті желеу еткен ықпалды кландар мен топтар бұл аса маңызды мемлекеттік міндетті өзара қырқысу, есеп айырысу, бас көтерер азаматтарды тұқыртудың құралы етіп алған жоқ па? Жаңа Қазақстан тұсында сол теріс дәстүр біржолата жоғалды деп кім кесіп-пішіп айта алады?
Өз басым бұған дейін (жақсы ма, жаман ба, ол өз алдына бөлек әңгіме) дербес қызмет атқарып келе жатқан Антикор секілді органды ҰҚК-ге жығып берудің өзін сол биліктегі топаралық талас-тартыстың бір жемісі деп білемін. Яғни, Антикордың артында тұрған кландар мен тұлғалар жеңілді де, ҰҚК-нің артында тұрғандар – жеңді.
Алайда, аузы күйген үріп ішпейтін бе еді? Ескі Қазақстан тұсында «бәрін бақылауда ұстаймын» деген Назарбаевтың өзі ҰҚК-ні күшейтіп, одан саяси монстр жасап, артында содан өзі таяқ жеген жоқ па? ҰҚК басшылығында болған үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің бара-бара күшіне мініп, жеме-жемге келгенде, өзіне қарсы шыққанын біз әлі ұмыта қойған жоқпыз! Басқасын айтпағанда, қазақты қанға бөктірген Қаңтар кезінде ҰҚК не істегенін бәріміз де білеміз ғой!
«ҰҚК-ні соншалықты күшейту арқылы бүгінде Тоқаев Назарбаевтың сол қателігін қайталап жоқ па?» деген сауал да ойға оралатыны рас: ҰҚК-ні осылайша күшейту ертеңгі күні Тоқаевтың өзінің әлсіреуі боп шықпай ма?! Әрине, сұрақтың өзі оғаштау, алайда, кім білген: билікке деген таласта ешқандай да қисын не заңдылық болуы мүмкін емес!
Бірақ ҰҚК-нің бұл жеңісі Пирр жеңісі болуы да ықтимал, өйткені, жаңа Қазақстан билігінде тұрақтылық жоқ, ертеңгі күні басқаша шешім қабылданбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал президент маңайындағы тартыс күннен күнге күшейе түсетіні айтпаса да түсінікті, өйткені билік тарапынан Тоқаевтан басқа адам кандидаттыққа түсетін 2029 жыл жақындап қалды. «Үмітсіз шайтан» және «Генерал болғысы келмейтін солдат – нашар солдат» деген сөздер саясатқа да қатысты...
Бұл шешімнің БАҚ саласына, онда жемқорлық тақырыбының талқылануына өз салқынын тигізетіні тағы бар. Совет дәуірі кезінде қылышынан қан тамған КГБ, ескі Қазақстан тұсында режимнің сыншыларын қудалап, соттап, түрмеге тоғытқан ҰҚК-нің сұмдық та сұрқия, адамшошырлық қылмыстарын көріп өскен ұрпақта әлі арнайы органдарға қатысты фобия, қорқыныш, үрей бар. Сол себепті ендігі жерде билікті, яғни ҰҚК-ні жемқорлыққа қатысты сынау азая түсетін болар. Журналистер «бәлесінен аулақ» деп бұл қиын да қауіпті тақырыптан бойын аулақ ұстары хақ.
Үшіншіден, мұндай шешім 2029 жыл қарсаңында билікті және оның маңайын тазалаудың бір көрінісі болуы да мүмкін. Өз айналасындағы және қоғамдағы әртүрлі ықпалды күштер алдағы президент сайлауына дайындалып жатқанын президент білмейді емес, біледі. Сол себепті, үйдің қожайыны кім екенін білдіретін бұл оқыс қадам сол (ішінде реваншистері де бар) күштерге берілген арнайы сигнал деп те қабылдауға болатын шығар.
Өз басым кез келген саладағы монополияға қарсымын, бәсекесіз алға жылжу болмайды. Шынайы сөз бостандығы, толыққанды да тегеурінді оппозициялық партиялар жоқ кезде арнайы органдардың өзара бәсекесі, мойындау керек, оң фактор емес пе? Яғни, бір-бірімен жарысып, президент алдында өзін жақсы жағынан көрсету үшін өзіне бәсеке мемлекеттік органның кемшілігін көрсетуге тырысуының өзі қоғамдағы біраз кемшіліктің бетін ашар еді.
Өкінішке орай, жемқорлықпен күресу ісі ендігі жерде сондай бәсекеден айрылып отыр.
Ал қоғамның қолында ол күрестің басқа, өркениетті де жария құралдары жоқтың қасы...
Сөз соңында айтарым мынау.
Әрине, қолымызда толық әрі жан-жақты ақпарат болмағандықтан, біздікі жәй болжам мен долбар ғой. Ең қызығы, ертеңгі күні президент Антикордың басшысын ҰҚК төрағасы етіп тағайныдап жіберсе, біздің біраз сөзіміз далада қалатын сияқты. Бірақ, қайдам...
Әміржан Қосан
Abai.kz