Мединский: Сендердің мемлекеттерің болмаған!

Кешелі-бері Ресей ақпараттары Мединскийдің мәңкілін жапатармағай жазып жатыр. «Бақсақ – бақа екен» дегендей, жазған-сызғандарына көз жүгіртсек, Мединский бізге өкпелі екен. Бізге дегеніңіз – жалғыз қазаққа емес, бұрынғы КСРО құрамында, Ресей империясы құрамында болған елдерге түгел.
«Ресейді бағаламайсыңдар. Шашырап жүрген тобыр едіңдер, бізге қосылып мемлекет болдыңдар», - дегенге саяды жалпы мазмұны.
Мединский: «ТМД елдерінде ортақ өткен шақтағы Ресейдің рөлін жете бағаламау байқалады. Бұл саяси технология. Тарихи шындық – Ресейдің рөлі оң болғанын көрсетеді. Сондықтан ТМД елдері өзіне және өзінің өткен тарихына адал болуы керек», - деп көлгірси сөйледі.
«Ресей құрамына қосылғаннан кейін Ресей империясы көптеген халықтарға өзінің ұлттық бірегейлігін, мәдениетін, тілін, діни наным-сенімдерін сақтап қалуға үлкен мүмкіндіктер жасады. Бұл мүмкіндіктер кейін келе олардың мемлекетке айналуына негіз болды. Әйтпесе, Ресей құрамына қосылу негізінен бейбіт түрде жүзге асты. Және назар бұратын маңызды жайт – Ресей құрамына олар мемлекет болып қосылған жоқ. Ешқандай мемлекет болған жоқ, оларда. Олар халық болып қосылды», - деді. Бұл да «білгіш» Мединскийдің бәлду-бәлдуі.
Жалпы соңғы жылдары Ресей тарихшылары мен саяси тұлғалары тарапынан «өткен тарихқа» қатысты даулы мәлімдемелер жасау тенденцияға айналып келеді. Бұндай арандатушы мәлімдемелерге Қазақстанның да деңгейлес тұлғалары дер кезінде жауап қайтарып отыруы әділетті болмақ!
Abai.kz