Димаш: Маған маңыздысы — ән арқылы тыңдаушының жүрегіне жету!

Димаш Құдайбергеннің испандық La Voz de Galicia газетіне берген сұхбаты
Испан журналисі әрі Димаштың жанкүйері Иоланда Гарсия Галициядағы ең көп таралатын газетте қазақстандық әншімен эксклюзивті сұхбат ұсынды. Біз аталған сұхбатты қазақшаға аудардық.

Сурет: Сайт скрині.
Димаш Құдайберген: Әндерім арқылы тыңдармандарды басқа әлемге апарғым келеді
– Испанияға алғашқы ресми сапарыңыз және «D&Dears» шарасының атмосферасы туралы алған әсеріңіз қандай болды?
– Ең алдымен, мені шақырғандарыңызға алғыс білдіріп, Испаниядағы барлық жанкүйеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді. Барселона — керемет қала, өте әдемі әрі күш-қуатқа толы. Күзде концертке келгенде, осындағы жанкүйерлеріммен жақынырақ танысқым келеді. Бастапқыда жеке концертімнің алдында баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлаған едік. Бірақ кейін: «Неге жанкүйерлерді де шақырмасқа? Мүмкін, олар да сұрақ қойғысы келетін шығар», — деп ойладық. Сөйтіп бұл шара журналистер мен жанкүйерлердің кездесуі түрінде өтті. Көрермендерге де, өзіме де бұл өте жылы әрі шынайы атмосфера сыйлады деп сенемін.
– Кейбір жанкүйерлер сіздің даусыңызды алғаш естігеннен кейін өмірлері өзгергенін айтып берді. Сізді ерекше толқытқан оқиға болды ма?
–Қызықты сұрақ екен. Бір оқиғаны нақты атап айту қиын. Бірақ жиі еститінім — тыңдармандарым маған алғаш естіген әндерін, көрген видеоларын айтып береді. Өзім де алғаш Қытайда «Singer» шоуына қатысқаннан кейін жолыққан алғашқы жанкүйердің жүзін ұмытпаймын. Өнерің біреудің жүрегіне жол табатынын білу — өте жауапты сезім. Бұл өнер иесіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Кейде осының бәрін құдайдың бұйырғаны деп ойлаймын.
– Әсіресе әнші ата-анаңыз бен сізді күнде музыка мектебіне апарған әжеңіз туралы да естідік. Сіздің отбасыңыздың қолдауы өнер жолыңызда қаншалықты маңызды болды?
– Менің отбасым — ерекше отбасы. Әжем мен атамнан бастап, ата-анама дейін менің өнерге деген талпынысымды әрқашан қолдады. Олар мені ешқашан басқа жолға бұруға тырысқан да емес, сол үшін оларға шексіз ризамын. Қазір де, жасым есейсе де, олардың күлкісі мен мақтау сөздері мен үшін үлкен қуаныш. Кеңестерін де құнды санаймын. Әрине, шешімдерді өзім қабылдаймын, бірақ олардың пікірлері мен үшін әрқашан маңызды бола бермек.
– Сіз сахнада және сахнадан тыс — екі түрлі адам сияқтысыз. Осы екі әлемнің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Шекспир бірде : «Бүкіл әлем — театр, ал адамдар — актер»,депті. Әр адам жағдай мен ортаға қарай бейімделеді: жұмыста бір, отбасында екінші кейіпте деген сияқты. Бұл өмірді қызықты етеді. Сахнаға шыққанда, мен басқа біреудің өміріне енемін — бұл көбіне менің өз оқиғам емес. Бірақ сахнадан түскенде басқа адамға айналмаймын — мен сол қалпымдамын. Бір оқиға аяқталып, келесі оқиға басталады. Бар болғаны — осы.
– Сіз — нағыз полимат әртіссіз. 10-нан астам тілде ән айтасыз, рэптен классикаға дейінгі жанрларда өнер көрсетесіз, билейсіз, композиторлық, режиссерлік жасайсыз, аспаптарда ойнайсыз, ғылыми диссертация қорғайсыз, актерлікпен айналысасыз, Қазақстанның туризм елшісісіз. Сіздің қолыңыз жетпейтін нәрсе бар ма?
– Сіз кәсіби тұрғыда сұрақ қойып тұрған боларсыз. Негізгі ұстанымым — өзіңді бір сала аясында шектемеу. Композитор мамандығын бітірдің екен деп, тек музыка жазумен ғана айналысу міндет емес. Мен өнердің түрлі салаларына қызығамын. Мелодияны ойлап тапқан сәтте-ақ, оның сөзі, видеоклипі, сахналық қойылымы туралы идеялар қоса келеді. Аспаптар қай жерде, қалай кіруі керектігін де ойланамын. Өз идеяларыңды өз стиліңмен жүзеге асырғың келсе, барлық процеске қатысуың қажет.
– Жаңа әнді жұртқа ұсыну процесі сіз үшін қаншалықты қиын?
– Қиын дегеннен гөрі, көпсалалы деп айту дұрысырақ. Көп адам қатысады, ал алғашқы идея уақыт өте өзгеріп кетеді. Жағдай өзгереді, ішкі дүниең де алмасады, сөйтіп бастапқы ойыңды қайта-қайта өңдейсің… кейде он сегіз ретке дейін.
– Игорь Крутой, Ренат Гайсин, Уолтер Афанасьевпен жұмыс істеу, Пласидо Доминго, Хосе Каррерас, Лара Фабиан, Хаузер сынды өнер жұлдыздарымен бірге ән айту сізге қалай әсер етті? Басқа қай әртістермен жұмыс істеуді армандайсыз?
– Мен 26 жылдан бері сахнадамын. Түрлі концерттерге, жобаларға, байқауларға қатыстым. Қазір көбіне қатысушы емес, қазылар алқасында отырамын. Осы жылдар ішінде бала кезден армандаған аңыз әртістермен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Кейде бүкіл шығармашылық қарбаластың ортасында тұрып: «Бұл шынымен болып жатыр ма?» — деп ойланамын. Қазір бәрін ашып айта алмаймын, бірақ егер бәрі жоспарлағандай болса, мен продюсер болатын жаңа қазақ-қытай жобасы әзірленіп жатыр. Онда жаһанға танымал әртістермен бірлесу мүмкіндігі тууы мүмкін.
– Көпшілік сіздің вокалдық диапазоныңыз бен техникаңызды сөз етеді. Ал сіз үшін әнді жанмен айту қаншалықты маңызды?
– Шын айтсам, жансыз ән айту дегеннің өзі мен үшін түсініксіз. Ол тек сольфеджио жаттығуы сияқты ғана естіледі. Ал тіпті жаттығудың өзінде де эмоция болуы мүмкін. Маған маңыздысы — ән арқылы тыңдаушының жүрегіне жету. Адамдар концерттен қайтқанда «қанша октава айтты?» деп емес, қандай сезімде болғанын, қандай әсер алғанын еске түсірсе деймін. Сол сәтте оларды басқа әлемге апарғым келеді.
Жақында Virtuosos жобасында қазылар алқасында отырып, жас орындаушыларға сахнада актерлік қабілеттерін дамытуды ұсындым. Бұл кез келген өнер түрі үшін маңызды. Әрине, техника да қажет. Ол — шеберлік пен еркіндіктің кепілі. Қазақта «Ермек қуған бәлеге жолығады, еңбек қуған қазынаға жолығады» деген жақсы сөз бар.
– Сіз үшін табыс (success) деген не?
– Оны нақты анықтау қиын. Мен үшін табыс — ақша да, билік те емес. Табыс — өз еліңе, ұлтыңа, адамзатқа пайдаң тиіп, үлкен іске үлес қосу. Қолдағы мүмкіндіктерді пайдаланып, мұқтаждарға көмектесу, мәдениетті таныту, әлемге бейбітшілік пен диалогтың мүмкін екенін еске салу. Міне, нағыз табыс — осы.
– Сіздің ойыңызша, музыка адамдардың өмірін және әлемді өзгерте ала ма?
– Әрине, мен оған сенемін. Бұған дәлел — менің сүйікті жанкүйерлерім. Олар музыка арқылы бірігеді, әртүрлі елдерден келіп, концерттерде қатар отырады, бірге ән салады. Бұл — нағыз - бақыт.
– 2055 жылғы өзіңізді қалай елестетесіз?
–Оны сол жылы көрерміз.
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz