Мүфтият ниқаб киюге қарсы заңды қолдады

Апта басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамның бет-әлпетін толық жабатын ниқаб секілді киімге қоғамдық орындарда тыйым салу туралы заңға қол қойған. Енді мүфтият жаңа ережені қолдап отыр.
«Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді мүфтият.
Бұған қоса діни басқарма Құрандағы «Нұр» сүресінің әйел кісілердің әурет жеріне қатысты 31-аятын келтірді.
«Мүмин әйелдерге айт: «(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері (беті, қол-аяқтары) бұдан тыс және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін», – деп жазылған бұл аятта.
Пайғамбардың хадисінде «балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес деп, беті мен екі қолын көрсеткен».
«Жоғарыда Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай, әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған», – деп жазылған мүфтият мәлімдемесінде.
Сонымен бірге діни басқарма барша мұсылманды «заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлікті бекемдеуге» шақырды.