Бейсенбі, 10 Шілде 2025
Спорт 153 0 пікір 10 Шілде, 2025 сағат 12:50

"Ордабасы" Конференция лигасындағы жорығын бастайды

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Матч 10 шілде Қазақстан уақыты бойынша 21:00-де басталады. 

10 шілдеде Шымкенттің "Ордабасы" командасы Конференция лигасындағы алғашқы ойынын өткізеді. Қарсылас – Грузияның "Торпедо" клубы. Бұл матч шымкенттік ұжым үшін маусымдағы басты сынақтардың бірі болмақ.

"Торпедо" – Қазақстанға жақсы таныс қарсылас. Грузиялық клуб қазақ футбол жанкүйерлеріне жат емес. Өткен жылы олар елордада "Ақтөбеге" қарсы ойнап, екі матч қорытындысы бойынша 3:5 есебімен жеңіліп қалған. Ал 2019 жылы "Ордабасыға" қарсы кездесу де сәтсіз аяқталып, қос ойынның қорытындысы 0:3 болған.

Былтырғы маусымда "Торпедо" ішкі біріншілікте екінші орын иеленіп, Грузия Суперкубогының жеңімпазы атанды. Маусымды өте сенімді бастап, 15 матч қатарынан жеңілмеген. Оның сегізін жеңіспен аяқтаған. Алайда соңғы сырт алаңдағы бес ойында небәрі бір ұпай ғана жинап, чемпиондықты "Сабурталоға" беріп қойды.

Еурокубоктарда 2024 жылы команда алғашқы кезеңде албаниялық "Тирананы" жеңгенімен, келесі айналымда Кипрдің "Омониясына" екі рет есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.
Команда құрамына келер болсақ, ең көзге түскен ойыншы норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен. Ол өткен маусымда 34 ойында 23 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Сонымен қатар, бразилиялық Фелипе Пирес 10 нәтижелі пасымен көзге түссе, қақпашы Филип Кляйич 13 ойында қақпасын құрғақ сақтаған.

Дегенмен, биылғы маусымда "Торпедоның" нәтижесі мәз емес. Команда бесінші орында, көшбасшыдан 17 ұпайға қалып қойған. Өз алаңында да тұрақты ойнай алмай жүр. 9 матчтың төртеуінде жеңіліп қалған. Команданың нәтижесіздігі бапкер ауысуымен де байланысты болуы мүмкін. Қыс мезгілінде ұжымды неміс маманы Дирк Шустер тізгіндеді. Ол бұған дейін бірнеше маусым бойы Германия Бундеслигасында жұмыс істеген. Сондықтан "Ордабасыға" тосын сый жасауы ғажап емес.
Ал шымкенттік "Ордабасы" биыл жанкүйер күткендей нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Команда қазіргі таңда Премьер-лигада жетінші орында тұр. Чемпионатта медаль үшін күресетіндей емес. Сол себепті негізгі үмітті Қазақстан Кубогына артып отыр.
Кутаисилік ұжымға қарсы алғашқы матч сырт алаңда өтетіндіктен, шымкенттіктер қорғанысты нығайтып, қарымта шабуылға сенуі мүмкін. Ал жауапты матчта, өз алаңында, "Ордабасы" барынша шабуылға шығуға тырысатын болады.

Abai.kz

0 пікір