КСРО басшылары неге Батыста емделді?

Қазір КСРО-ны елжірей һәм еңірей аңсаушылар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «ол кезде дәрігерге қаралу әм емделу тегін болды» деп ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей өзеурей кетеді.
Шындығында әркім үшін де өз денсаулығына қамқорлық жасау аса маңызды. КСРО-да солай болды, қазірде солай. Бірақ КСРО аңсаушылар бір нәрсені естен шығарып алатыны өкінішті. Өйткені, КСРО Бас хатшысының қалай емделгені туралы мәселе ол кезде де, дәл қазірде табу салынған тақырыптардың бірі болып қла берегенімен, осы мәселені ақыл таразысына салған зерттек мақалара бой көрсете бастады. Олардың бойындағы өзекті ой коммунизм құрылысшыларының барлығы шетелдік дәрігерлерге артықшылық беріп, өз дәрігерлеріне емделуді ұнатпайды. Халыққа жер үстіндегі жұмақты орнатуға уәде еткен Лениннің өз басы басқа дәрігерлерге, соның ішінде большевиктерге сенбеуге кеңес берді. Еуропаның дәмін татқан бәлшебек басшылар емделу үшін шетелге барғанды хош көрді. Шетелге сапарлар Сталиннің тұсында аяқталғанымен, бірақ шетелдік дәрігерлермен кеңесу һәм оларды елге шақтыру үрдісі ұзақ уақытқа дейін созылды.
КСРО тарихын зерттеуші бұл турасында Халық Комиссарлар Кеңесінің бірінші төрағасы Лениннің революцияға дейін ұзақ уақыт шетелде тұрып, сол өмірге бейімделуі оның жерлес дәрігерлеріне деген сенімсіздігіне әсер еткен болса керек деген пікірді алға тартады. Ал капиталистер қанша жерден қаны қас болғанымен, денсаулық мәселесіне келгенде, ол жолдас дәрігерлерге, оның ішінде большевиктерге де сенбейтінін айта келе, кеңес әдебиетінің атасы атанған Горькийге тек шетелде денсаулығын жақсарту керек деп жазды, өйткені сәбеттік дәрігерлерінің 99 пайызы ақ халат киген медицинадағы есектер деп санады.
Осындай сәбеттік дәрігерлерінің 99 пайызы ақ халат киген медицинадағы есектерінен қорыққан Мәскеу 1921 жылы Лениннің денсаулығы күрт нашарлаған кезде Отфрид Фоэрстерді шетелден шақыртты. Ол 1930-ші жылдары ұлы корифей саналған және бүкіл әлемге танымал Германиялық келген нейрохирург болды. Консультацияға шақырылған арасында одан басқа неміс психиатры Освальд Бумке, невропатолог Макс Нонне, лейпцигтік профессор Адольф Штрюмпель және басқа да шетелдік мамандар болды. Бірақ олар қанша жерден барын салса да, Лениннің денесіне не болып жатқанын анықтай алмай, бұл қастандық әрекеттің салдары болуы мүмкін екенін айтты. Күн көсемге операцияны латвиялық хирург Владимир Минц жасады.
Сақтап қалған құжаттардың арқасында бір білгеніміз Саяси бюроның ең көрнекті мүшелерінің шетелде емделуге өте мұқтаж болғандықтан кеңес халқы емделу құнын өз қалталарынан төлейтіні белгілі болды. 1921 жылы сырқат жолдастарын шетелде емдеуге 100 000 алтын рубль бөлу туралы бұйрық шықты. Орталық Комитет қаражаттың тек осы мақсатқа ғана жұмсалуын бақылауы керек болды және оның бұйрығынсыз ешкімге ақша бөлуге тыйым салынды. 1931 жылы бөлінетін қаражатқа деген ұстаным тым қаталданып, адамдар тек аса қажеттілік жағдайында және медициналық көмекке зәру болған шақта ғана шетелге емделуге бара алатын болды.
Сондай-ақ, егер қапапайым кеңес адамы мұндай өтініш білдірсе, шетелдегі Сыртқы сауда халық комиссариаты органдарының қосымша қаражат бөлуге құқығы жоқ екендігі арнайы қабылданған құжаттарда баса айтылды. Жыл сайын талаптар күшейтіле түсті. 1933 жылы Кремль медициналық-санитарлық басқармасының хаттамасына сүйене отырып, шетелде емделуге кететін шығындардың жалпы сомасын белгілемеу туралы бұйрық берілді. Әр іс жеке-жеке қаралып болған соң ғана, Орталық Комитетте бекітуге беріліп отырды.
Келесі жылы, яғни, 1934 жылы Саяси Бюроның № 8 хаттамасында Кремльдің емдеу мекемелерінен қаражат бөлуге жол берілмейтіні және барлығы Орталық Комитеттің шешімімен ғана жасалуы керектігі тайға таңба басқандай жазылды. Емдеуге арналған сома 800 рубльмен шектеліп, одан артық бір тиында төленбейтін болып, ең жоғарғы шек белгіленді де, ендігі жерде шетелдік ұйым науқастың дертіне шипа болу үшін көмектесе алмайтын болды. Егер соманы көбейту керек болса, онда Орталық Комитетке қайтадан өтініш беру керектігі алға тартылды. Елден кеткендерге күдіктену күшейіп, жаппай қуғын-сүргін басталғанда шетелге шығуға мүлде тыйым салынды. Ел басшыларының жергілікті профессорлардан ауруына дауа болар ем іздегеннен басқа амалдары қалмады.
Сталиннің жеке басы денсаулығына қатысты проблемаларды ешкімге тіс жарып айтпады. Егер дімкәстігі сезіле қалса, дұшпандарымның құрған торынан тірі шықпаймын деп қауіптенеді. Оның денсаулығын санаулы адамдар ғана білсе де, Саяси Бюроның барлық мүшелері мен министрлердің хал-жағдайынан үнемі хабардар болды. Оның билік тізгінін толықтай бір қолына жинақтаған шақтағы алғашқы дәрігері Иван Александрович Валединский болды. Иван Александрович жезмұрттың денсаулығын қалпына келтіруге және емдік ванналардың көмегімен ауырсынудан құтылуға қол ұшын беріп отырды.
Бұл ем-домның Сталинге қатты ұнағаны сонша, ол екі айлық демалысқа шығып, Кавказдағы санаторийде демалды. Валединскийдің кеңесі бойынша Сталин Виноградовты өзінің жеке дәрігері етіп алды. Кейін ол осы дәрігерден қауіптенуді шығарды.
Сталин дәрігерлер жолап кеткен жерде қастандық бар деп күдіктене бастады да, ақыры мұның аяғы 8 үздік профессордың тұтқынға алынумен тынды. Олардың қатарында Виноградов болды. Бұдан былай Сталинді емдейтін дәрігерде қалмады десе де болады. Ал, қалған жаны тәттілер жезмұрттың миын жайлаған паранойяға байланысты оның жанына дәрігерлерді жолатудан қорықты. Сондықтан оған шынымен дәрігерлік көмек қажет болғанда, оны беретін ешкім болмады. Виноградовтың тағдыры қайғылы болса да, трагедиялық еместін. Дәрігерлер қатаң жауапқа тартылғанымен, оларды төніп тұрған ажалдан Сталиннің өлімі құтқарды.
Көп жылдар бойы әрбір КОКП бірінші хатшысының, атап айтсақ, Брежневтің, Андроповтың, Черненконың денсаулығын бақылаған, ауру-сырқаулықтарының жағдайын жақсы білген Кремльдің бас дәрігері Евгений Чазов болды. Ол КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 4-ші Бас басқармасын басқарғандықтан, оны шетелде КГБ өкілі ретінде қабылдап, сондықтан кеңеске жау құпия қызметтер оны қадағалап, жіті назарларында ұстап отырды. Евгений Чазов өзін үнемі қадағалап жүргенін сезететін және тіпті КГБ-лық дәрігерлерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап басқарған кезде кеңсесіндегі телефон тыңдауларын тексеру үшін Андроповтың көмегіне жүгінуге тура келгенін кейін естеліктерінде жазды.
Дәрігердің жасыратын ештеңесі жоқ сияқты көрінгенімен, бірақ 4-ші басқарма жоғары лауазымды тұлғалардың денсаулығы туралы ақпарат қоймасы болғандықтан, бір елі ауызға, екі елі қақпақ қойылмаса, басшылардың денсаулығы туралы деректер жағадан алған жаудың қолындағы сенімді қаруға айналып шыға келеді. Чазов елдің жоғары лауазымды тұлғаларын кеңестік дәрігерлер қал-қадірінше өздерінде емдеп келгенін, олар кейде белгілі бір дерттің бетін алуға қатысты арнайы кеңестер құрып, талқылау үшін жинағанын да атап өтті. КГБ жақын дәрігерлер арасында ешкім шетелге шықпайтын, бірақ кейде шетелдік мамандардың көмегіне жүгініп, олардан кеңес сұрайтын еді. Мұндай консультациялар өте қажет болды, өйткені біздің өз мамандарымыз әлі де жеткілікті біліктілікке ие болмады дейді Чазов.
Горбачев тұсында КСРО-ның ыдырауы елдегі медицинаға деген екіұшты көзқарасқа нүкте қойды. Бұрынғыдай тек туристік жолдамамен емес, енді кез келген себеппен шетелге саяхаттау мүмкін бола бастады. Алайда шетелден ем алу барлық азаматтарға қолжетімді бола қойған жоқ, өйткені ол көп қаражатты қажет етті. Көп қаражатты еткен емдеудің мысалы ретінде Қайта Құру кезінде Германияға жіберілген Раиса Максимовна Горбачева болды. Ол КСРО-нің бірінші адамы күйеуінің беделін пайдаланып, сәбеттік ханымдар ішінде тұңғыш рет шеьелде денсаулығын түзей алды.
Кеңес азаматтары үшін егер ем-дом қаражатын таба алса шетелге емделуге мүмкіндік алу үш ұйықтаса түстеріне кіремеген оқиға болды. Кеңестік медицина ғана ең жақсы деген аңыздың күлі көкке ұшып, тек басшылар ғана емес, мүмкіндгі бар жандар жаппай шетелде емделетін заман туды. Бұрын тек қолында билігі барлар ғана шетелде емделудің қызығын көрген дәуреннің күлі көкке ұшып, артынан жарты әлемді тітірткенткен қызыл империяда тарих саханасынан өшті.
Керімсал Жұбатқанов,
тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті
Abai.kz