Ресей қазақтарын - Қазақ деп айтуға бола ма?

Кез келген ұлттың - ұлт болып қалуының негізі — оның тілі мен діні.
Осы тірек жоғалса, ұлт өз болмысынан ажырайды. ХХІ ғасырда жаһандану процесі қарқынды жүріп жатқан шақта, өзін сақтау – шекара сыртындағы қазақ диаспораларының болашағы үшін маңызды проблемаға айналды. Әсіресе, Ресей Федерациясында өмір сүріп жатқан қандастарымыздың қазіргі тілдік, мәдени жағдайы қазақ қоғамын алаңдатып отыр. Статистика бойынша, Ресейде 600 мыңнан астам этникалық қазақтар тұрады. Бірақ солардың бәрі қазақ тілін біле ме? Қазақ дәстүрі мен мәдениетін сақтап жүр ме? Жоқ. Бір өкініштісі, соңғы он жылдықтарда Ресей қазақтарының көп бөлігі ана тілінен айырылып, ұлттық болмысын мүлде жоғалтып алған. Бұл құбылыстың түп-тамырына үңілу — тарихи, саяси, әлеуметтік себептермен тығыз байланысты.
Ресейдегі қазақтардың ана тілінен айырылуы — кездейсоқ үрдіс деуге болмас. Ол — Кеңес Одағының жүргізген жүйелі әрі ұзақ мерзімді орыстандыру саясатының нәтижесі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында кеңестік билік ұлттарды біріктіру, "кеңестік адам" қалыптастыру ұранымен барлық этностарды орыс тілі мен мәдениетіне бағындырды. Қазақтар да бұл саясаттың құрбаны болды. Ресей аумағында тұратын қазақтар өздерінің этникалық ерекшеліктерін сақтап қалу үшін күрделі кедергілерге тап болды.
Кеңес үкіметі ұлттық мектептерді біртіндеп жауып, білім жүйесін тек орыс тіліне көшірді. Қазақ мектептері жоқтың қасы болды. Қазақ балалары орыс сыныптарында білім алды, ал білім мазмұны марксистік-лениндік идеологиямен сіңірілген, ұлттық дүниетанымнан алшақ болатын. Ана тілінде оқып, ойлай алмаған ұрпақ біртіндеп өз тілі мен мәдениетін жатсынуға көшті.
Ассимиляцияның әлеуметтік тетіктері
Ресейдегі қазақтардың көп бөлігі тарихи тұрғыдан Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қоныстанған: Орынбор, Астрахань, Саратов, Омбы, Челябі, Волгоград сияқты өңірлерде. Бірақ уақыт өте келе қалаларға көшу, жұмыс іздеу немесе аралас некелер көбейіп, ұлттық ерекшелік жойыла бастады.
Бүгінгі күні Ресейдегі қазақтардың басымы қалалық ортада тұрады. Қалаларда тілдік орта орыс тілді болғандықтан, қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігі шектеулі. Қазақ отбасылары өзара орыс тілінде сөйлесуді әдетке айналдырған. Тіпті, кейбір ата-аналар балаларын орыс тілімен ғана тәрбиелеп, қазақ тілінің қажеті жоқ деп есептейді. Бұл көзқарас — ассимиляцияның ең қауіпті кезеңіне жеткенін білдіреді.
Сонымен қатар, Ресейде қазақ тілі ресми мәртебеге ие емес. Қазақша газет-журналдардың таралымы төмен, радио мен теледидарда қазақ тіліндегі бағдарламалар жоқ. Демек, қазақ тілі қоғамдық айналымнан ығыстырылған. Бұл факторлар ана тілінен алыстауға тікелей әсер етеді.
Мәдени тамырдан ажырау — ұлттық болмысты жоғалту ма?
Дәстүр - ұлттың рухани коды. Тілі жоғалған ұлт өзін қайта тәрбиелеуі мүмкін, ал дәстүр мен салт-санадан ажыраған ұрпақ өзінің кім екенін ұмыта бастайды. Ресей қазақтары арасында көптеген ұлттық дәстүрлер ұмыт болған немесе тек атаулы күндерде ғана еске алынады.
Ата-әже институты да әлсіреген. Ертеде, бала тәрбиесін де үлкендердің рөлі басым десек, қазір бұл үрдіс мүлде кездеспейді. Балаға ертегі айту, мақал-мәтелмен тәрбиелеу, шежіре үйрету сияқты ұрпақ сабақтастығы үзіліп қалған. Мұның бәрі ұлттық сана-сезімнің әлсіреуіне, өзіндік болмыстың жоғалуына алып келеді.
Оларды қазақ деп айтуға бола ма?
Бұл — ең ауыр, әрі жауапкершілігі үлкен сұрақ. Бір жағынан, олар этникалық тұрғыдан қазақ. Тегі қазақ, шыққан жері белгілі, тарихи тамыры ортақ. Екінші жағынан, ұлт болу — тек қана қанға емес, санаға байланысты. Қазақ тілін білмейтін, қазақша ойламайтын, қазақша сөйлемейтін ұрпақты қазақ дегеуге — келмейді. Яғни, олар, Ресейдің қара орыстары. Бірақ оларды қазақ емес деп айыптау — әділетсіздік болар еді. Себебі олардың тілден, дәстүрден ажырауы — өз еріктерінен тыс болған тарихи-саяси қысымның, жүйелі орыстандырудың салдары.
Сонымен ,Ресейдегі қазақтардың ана тілі мен дәстүрінен алыстауы — ғасырлар бойы жүргізілген ассимиляция мен заманауи әлеуметтік қысымның нәтижесі. Бұл — өкінішті, бірақ қайтымсыз жағдай емес. Олардан теріс айналудың орнына, соларға бағытталған нақты сауықтыру бағдарламасы қажет. Қазақ болу — ол ұрпақтың тілі мен дәстүріне деген адалдығы ғана емес, сондай-ақ рухани байланыс пен ұлттық санаға деген құрмет. Сондықтан, Ресейдегі қандастарымызды қазақ деп тану — біздің тарихи, адами, мәдени парызымыз.
Бүгін тілі жоғалған ұрпақ — ертең тілін іздейтін, ата-баба рухын аңсайтын ұрпақ болуы мүмкін. Сол кезде оларға сүйенер ел, арқа тұтар жұрт қажет. Ол жол — Қазақстаннан басталады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz