АҚШ Украинаға қандай қарулар бермек?

Путиннен әбден көңілі қалған Дональд Трамп Украинаға JASSM қанатты зымырандарын беріп қалуы әбден мүмкін.
JASSM (Joint Air-to-Surface Standoff Missile) 2003 жылдан бері АҚШ Қарулы Күштерінің қорында тұрған маңызды қару. Ұшақтан бағытталатын зымыран радиолокациялық және инфрақызыл бағыттау жүйелерімен жарақталған. Дәл соққы жасау қабілетті. 450 келі жарылғыш элементтерден тұратын ракета стратегиялық маңызы бар әскери-өнеркәсіптік нысандарды, аэродромдар, штаб пен зымыран кешендерін күлін көкке ұшыратын алпат мүмкіндікке ие.
Тіпті, зымыран ұшу траекториясын күрделі алгоритмдермен өзгертіп, жаудың әуе қорғаныс жүйелерін айналып өте алатынын айта кетуіміз керек. Осындай артықшылыққа ие JASSM тек тактикалық емес, стратегиялық қарулар санатына жататын зымыран.
Бүгінде бұл ракетамен АҚШ, Польша, Финляндия және Аустралия ғана қаруланған. Польша Еуропадағы негізгі оператор, әрі өздерінің F-16 ұшақтарын 110 дана JASSM зымыранымен жабдықтаған бірден-бір ел.
JASSM ракеталары F-16 жойғыш ұшақтарына толықтай бейімделген. Украина осы ұшақтарды алуға дайындалып жатқаны белгілі. Ендеше, АҚШ-тың ракетаны Украианаға беру ықтималдығы жоғары. Егер қуатты қару Украина әскері қолына тиетін болса, Ресейдің әуеайлақтары, майдан шебінен тыс, тылда жатқан стратегиялық нысандарын соққының астында қалуы бек мүмкін.
Бірақ АҚШ билігі мұндай зымырандардың ондаған данасын ғана беруі мүмкін. АҚШ тарапы дәл қазіргі кезеңде Украинаға толыққанды стратегиялық қор беруді көздемейді. Дегенмен, ондаған JASSM-нің өзі Украина үшін – ойын ережесін өзгертуге жететін маңызды арсенал. Себебі ол – шабуыл емес, ұстап тұру доктринасына қызмет етеді. Жау жақты үркітіп, әрекетін шектейді.
Украинаның бұл қаруға қол жеткізуі Таяу Шығыс пен Қытай төңірегінде және Солтүстік Корея мәселелеріне қатысты АҚШ-тың жаһандық ықпалын күшейте түсуі мүмкін. Өйткені ол өзінің одақтастарын ғана емес, өзінің геосаяси көзқарасын ұстанатын мемлекеттерге де сенімді қолдау көрсетуге дайын ел ретінде таныта түсетіні белгілі.
Сонымен қатар бұл шешім Трамптың ішкі электоралды аудиториясына да бағытталуы мүмкін. Әскери-өнеркәсіптік кешеннің қолдауына ие болу, сайлау алдындағы ұлтшыл риториканы күшейту – Трампқа қажетті саяси капитал екені айдан анық.
Майдан даласында жаңа зымырандардың пайда болуы Ресейдің логистикалық желілерін қайта қарауға, әуе қорғанысы жүйелерін тереңірек орналастыруға, тіпті майдан шебінен алыс аймақтарда орналасқан әскери нысандарды қорғауға қосымша күш жұмсауға мәжбүрлей түсетіні белгілі. Осылайша JASSM Ресейдің ресурстық мүмкіндіктеріне барынша қысым жасайтын болады.
Қысқасы, JASSM-нің Украинаға берілуі жай ғана әскери көмек емес. Бұл – ірі державалардың мүдделер қақтығысының жаңа парағы. Ол парақтың қалай жазылары – енді алдағы апталар мен айлардың басты сұрағына айналмақ.
Нұрлан Жұмақанов
Abai.kz