Дүйсенбі, 21 Шілде 2025
Қылмыс 179 0 пікір 21 Шілде, 2025 сағат 12:27

Қытайдан контрабанда тасымалдағандар сотталды

Сурет: istockphoto.com сайтынан алынды.

Алматыда Қытайдан Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды заңсыз кіргізу және аса ірі мөлшерде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты.

Тергеу барысында "Group of the Companies TDA" ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елімізге кіргізгені анықталды.

Олардың бақылауындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жазылған.Мемлекетке келтірілген залал (қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша) 10 млрд теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 млн теңге өндіріп алынды, – деп хабарлады ҚМА.

Сот санкциясымен: жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 млн теңге сомасындағы мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және т.б.) шектеу қойылды.

Бұған қоса, аталған компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген.

Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Abai.kz
0 пікір