Сәрсенбі, 3 Желтоқсан 2025
Ғибырат 148 0 пікір 3 Желтоқсан, 2025 сағат 13:56

Қажығұмар және «Қылмыс»

Суреттер: adebiportal.kz сайтынан алынды.

2025 жылдың 13 желтоқсанында көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Шетелдегі қазақ әдебиеті және Қ.Шабданұлы шығармашылығы» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді және ас беріледі деп жоспарлануда.

Осы орайда жазушы Жәди Шәкенұлының Қ.Шабданұлы хақындағы мақаласын жариялап отырмыз...


ҚАЖЫҒҰМАР ЖӘНЕ «ҚЫЛМЫС»

(Қажығұмар Шабданұлының 100 жылдығына орай)

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Шынжаң қазақ әдебиетін қалыптастырушы ірі тұлғалар шоғырында – Жүсіпбек Шайхысламұлы, Әсет Найманбайұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апашбайұлы сынды белді, беделді қаламгерлер болып еді.

Солардың ізін басқан, керуен бұйдасын кейінге соза жалғаған қаламы қарымды, қадамы алымды тағы бір топ: Қаусылхан Қозыбай, Құрманәлі Оспанұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Омарғазы Айтанұлы, Қажығұмар Шабданұл, Жұмабай Біләлұлы, Оразхан Ахметұлы, Жақсылық Сәмитұлы сынды қаламгерлер өмірге келген болатын.

Осылардың арасында тарғалаң тағдырды көп кешкен, қиын, қилы ғұмыр иесі Қажекеңнің – Қажығұмар Шабданұлының өмір жолы мен қалам өрнегі өзгеше болды.

Шынжаң қазақтарында туған кесек-кесек томдар арасында – Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» І-ІІ том (1983-1985 ж), Батырхан Құсбегиннің «Жан», І, ІІ, ІІІ, ІҮ – томы (1987-1991, 1999 жыл), «Зұқа батыр» (1992 жыл), Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» (1987 жыл), «Ер Жәнібек» (1998 жыл), Шайсұлтан Қызырұлының «Бұлаң дүние» (1990 жыл), «Дабыл» (1993 жыл), «Қайқая шапқан қаракер» (1998 жыл), Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби» І-ІІ том (1994 жыл), «Саншура Күнби» (1998 жыл), Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» (1998 жыл), Зейнолла Сәнікұлының «Баспай» (1996 жыл), Жұмабай Біләлұлының «Дала торғайлары» (1992 жыл), Күнгей Мұқажанұлының «Өр Алтай» (1997 жыл), Ахметолла Қалиұлының «Арда Алтай», Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасын» атты романдары бар еді.

Арысы ауыз әдебиетін, берісі М.Шолохов, М.Әуеозов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, т.б. Кеңестік кезең әдебиетін үлгі-өнеге еткен бұл шоғыр шынында жанкешті еңбек етті. Әсіресе, Қытайда жүрілген «Мәдениет төңкерісі» аталатын саяси дауылдың боранына ұшырап, түрменің түбі мен Тарым сынды жаза лагерін көргендердің запыранды, зарлы күйде қолына қалам алуы, шерін ақтаруы әдебиетке мол олжа салды. Кешегі Іляис Есенберлин, Мұхтар Мағауин бастаған топ әдебиет арқылы тарихты қалай айшықтаса, бұларда ел тағдыры мен жер тағдырынан көркем шежіре шертті.

Өзім туралы айтқанда Қажығұмарды бала шағымнан аңыз адам ретінде қабыддадым. Әдебиетке әуестене бастаған он бес жасымда:

– «Қылмыс» деген роман шығыпты! – деген дабыра той хабарынан тез тарап, жұрт жапа-тармағай Қажекеңді оқыды, кітабы қолдан қолға өтті.

1982 жылдың тамызында қолға тиген қомақты кітапты күні-түні басымызға жастап жатып оқыдық.

«Қылмыс» – біріншіден, реалистік тұрғысынан, екіншіден көркем оқиға, шиеленісті қақтығыс, алуан кейіпкерлермен, үшіншіден удай ащы мысқылы мен тікендей тілі жағынан ауызға алынып, әдебиетші қауым ортасында «төңкеріс!» тудырды. Бірінші кітапты оқып болып тамсанып, зарығып жүргенде, төрт жыл күттіріп «Қылмыстың» ІІ томы жарық көрді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан тыйылып оны да оқып тауыстық. Тағы да тамсана бастадық. Бірақ бұл жолғы тамсанудың баяны ұзаққа бармады.

– Ойбай, Қажығұмар ұсталып кетіпті!

– «Қылмыстың» үшінші кітабы баспадан шығып, таратыла бастағанда жиналып алыныпты.

– Қажығұмар Сәбеттің жансызы екен. Шетелге ақпарат ұрлап, оны радио арқылы таратып жатқанда ұсталып қалыпты.

Осы тектес қауесет дүр ете түсті. Кімнің аузын жабарсыз, аузын жапқанмен арты аңырайтын ел емес пе. Онсыз да отыз тістен шыққан сөзді отыз рулы елге тарататын дала телефоны сауысқанға мінгесіп самғап жатты, бірден бірге кетті.

1989 жылы қыркүйекте Үрімжі қаласына барып жоғары оқу орнына түскенімде, Қажығұмарды «әшкерелеген» арнайы көргізбені көзіміз көрді.  Көзіміз көргенмен көңіліміз сенбеді. Бірақ заң солай, саясат солай, оған ешкім араша түсе алмас еді.

Бір қызығы, осыдан кейін халық ішінде Қажығұмар және оның «Қылмысын» жек көруден көрі іздеп оқитындар неше есе молықты. «Қажығұмар оқиғасы» жұрттың қызығушылығын қозғады. Енді біз бірнеше данасы ғана таралған ІІІ том мен қолжазбадан терілу үстіндегі ІV томды іздей бастадық. Бар деген ағайындарға атан түйе сұрағандай қалаумен бардық. Іздегенге табылмайтын нәрсе жоқ, таптық. Онда да кесімді уақытпен – бір-ақ күнге! Сөйтіп, тағы да ұйықтамауға тура келді. Кітап әркімнің қойнына бір ғана түнеп, тағы да қолдан-қолға кетті. Кітап авторы болса таныс тас түрмесінде «аяңдады».

Қажығұмар туралы айтылатын аңыз бәрі бір тоқтаған жоқ.

– Қажығұмар түрмеге үшінші рет қайта кіріпті!

– Жоқ, үшінші емес, мырзақамақпен қосып есептегенде төртінші реткі отыруы.

– Алдыңғы жолы отырғанда «Қылмысты» жазып еді, енді қайтер екен?!

– Он бес жылға соттапты ғой, тағы да тыныш жатпас.

– Қажығұмар, Қажығұмар – қылмыс...

Міне, бұлар аңызға айналған әңгіме болғанмен, ақиқаты да басым еді.

Рухы тастан жаралғандай, азап атаулыны елең құрлы көрмей өскен Қажекеңе он бес жыл дегеніңіз де онша ұзақ болмаса керек. 2001 жылы жаза мерзімін аяқтап бостаңдыққа шықты. Осы кезеңдерде Қажығұмарға туған жер – Ата жұрты Қазақстанда жоқшы болды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар Одағы, «Қазақ әдебиеті» газеті бір емес, бірнеше дүркін қоңырау шалды. 2000 жылы жазушының «Қылмыс» роман-эпопеясы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Алайда, Қажығұмар аңызы тағы да дабырасымен жалғасып жатты. «Қажекең кәртейгені сол жасарып алыпты» деп пыш-пыштайды жұрт.

Еңсесін түсірмеген нар тұлға:

– Осы реткі отырған түрмем жайлылау болды. Түрменің ішкі газетінде редактор болдым. Қалам, қағаздан таршылық көрмедім. Біраз нәрсе тындырып алдым, – дейтін көрінеді амандаса келушілерге.

Тағдыр қызық. Сен құмартқан, жүрегіңмен бағалаған жандар кейде өмір жолыңда жолғасады немесе тағдырдың тарғалаң күні сені әлдеқандай сылтауын тауып қиыстырады.

1997 жылы 16 қаңтар күні Алматыға ат басын тіредім. 1998 жылы Жәркен Бөдешұлының таныстыруымен ақын Әділғазы Қайырбеков  «Шалқар» газетіне жұмысқа алды.

Бұл кезде мен бір жағы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің Филология факультетінен аспиранттық білім алып жатсам, бір жағы «Шалқар» газетінде тілші едім. Қытай азаматтығында болуыма байланысты «Шалқар»-дағы көп мақалаларым қалам атпен жарық көріп жүрді. Соның бірі  Оспан батырдың (1899-1951) 100 жылдығы байланысымен жарық көрген тізбекті мақалаларым еді. Ол «Шалқар»-дың 1998 жылғы соңғы сандарында және 1999 жылдың алғашқы сандарында Ж.Баршабаев деген атпен жарық көрді (Баршабай үшінші әкемнің есімі. Қазан қаласынан діни сауат алған. Өз тұсының оқымыстыларының бірі еді. Ол кісінің ұстаған құраны әлі сақтаулы). 2007 жылы «Арда» баспасынан менің құрастыруыммен (Д.Кәпұлы, Ө.Нәбиұлымен бірге) «Оспан батыр» атты мақалалар жинағы жарық көрді.

«Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны»  газетінде әңгіме-мақалаларым жариялана бастады. «Жас қазақ» газетінің жарық көруімен олар да бүгінгі тақырып және Қытай жағдайына байланысты мақалаларымды үзбей жариялады. Тіпті «Бейжің тұралы, мен жүремін» деген мақаламның қолжазбасына Талғат Ешенұлы «құда түсіп», редакция атынан жариялауға разылығымды алғаны бар. Жанарбек Әшімжанұлы жиі қоңырау шалып, мақалаларымды сұраныспен басып жүрді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары ақын Ғалым Жайлыбайұлы бірнеше мақаламды іркес-тіркес жариялады. Сын бөлімінің меңгерушісі марқұм Сайлаубек Жұмабекұлы мені арнайы шақырып алып:

– Арғы беттен келген қаламгерлердің барлығы мақтанға келгенде алдарына жан салмайды. Көп жағдайда бірін-бірі көтергісі келмейді. Әсіресе Қажығұмар Шабданұлы жайлы талай айттым. Ауыз сөзге келгенде бәрі көпіргенімен ешкім ештеңе жазбады. Газет бетіндегі мақалаларыңды оқып жүрмін. Қолтаңбаң жаман емес көрінеді. Сен бір толғанып көрсең қайтеді, – дегенді айтты.

Онсызда Қажығұмардың шері ғазалымызды қозғайтын еді. Мен «Тас түрменің дауысы» атты мақала жаздым. Сиясы кеппестен «Қазақ әдебиетінде» (2005 жыл 2 желтоқсан) басылды.

Көп өтпей, яғыни, 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығына жұмысқа бардым. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашов: «Қауымдастық менен бұрын Қажығұмардың «Пана», «Қылмыс» (І том) екі кітабын шығарып берген еді. Енді жарық көрмеген бес томы бар екен. Сол еңбектерді үш жылға бөліп шығарайық. Сол жұмысты сен қолға ал» деген ұсынысын айтты.

Дәл осы кезде Қауымдастыққа Қабдеш Жүмаділов ағамыз келіп: «Шығарсаң алты томын бірдей шығар, әйтпесе, жырымдап шығармай-ақ қой» деп айқайлады. Т.Мамашев Қауымдастықтың қоғамдық ұйым екенін, кітап шығару Мәдениет Минстрінің қолдауымен болатынын әзер ұғындырды.

Сөйтіп, Талғаттың «Қылмыстың» 6 томын бірдей шығарсақ деген өтінішіне орай, Қ.Жұмаділов Мәдениет минстрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің алдына кіріп, бұл мәселенің шешілуіне оң оң ықпал етті. Мәдениет минстрі алты томдық еңбекті шығаруға қаржы бөлетін болып келісім берді. Осылайша, Мұхтар Құл-Мұхаметтің тікелей қадағалауымен жарық көретін алты томдық кітаптың қолжазбасын Қабдеш дайындаса, редакциясын мен қарап, ақыры ағамыз екеуіміз «Қылмыстың» жүгін бірге көтерістік. «Қылмыс­тың» алты бірдей томын күндіз-түні оқып редакторлап шықтым. Шын мәнінде редактор болдым дегенім болмаса, техникалық қателерін ғана қарап, ішінара атауларға түсінік бердім. «Қажекеңнің қолтаңбасына өзгерістер енгізіп, редакторлайтын мен кіммін!?» деп еш жерін қызыл қарындашпен сызбадым.

Қ.Шабданұлының өкілдік шығармасы болған «Қылмыс» романының бірінші томы 1982 жылы Шыңжаң халық баспасында (Үрімжі) басылып шықса, екінші томы да сол баспадан 1985 жылы шыққан еді. Енді, міне, «Қылмыс»-тың алты томы 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастының «Атажұрт» баспа орталығы жағынан осы жолдардың авторының (Ж.Шәкенұлының) редакторлығымен жарық көрді. Алты томға жауапты редактор ретінде менің атым жазылды.

Роман арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан басталып, 1930-1940 жылдардағы Шынжаңдағы ұлт азаттық қозғалысына дейінгі тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы. Тістеп тартатын шымшуыры мен қармақша ілетін қандауыры бар.

Роман-эпопеяның жазылған тарихи жағдайына келсек, 1966 жылы бүкіл Қытайда «Мәдениет төңкерісі» аталған кері бағыттағы қозғалыстың болғандығы көпке мәлім. Мұнда нақақ жала жабу барынша етек алып, қазақ зиялыларына «ұлтшыл», «халық жауы», «шетке байланған» дегендей ат қойылып, айдар тағылды. Қажығұмар Шабданұлы да осы жаланың құрбаны болып, 1967 жылы түрмеге түсті. Оның «көзге шыққан сүйелдей» болуының да өзіндік себептері бар.

Қажығұмар 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Таңсық деген жерінде туған. 1931-1932 жылғы қуғын-сүргін және аштық кезеңінде отбасы мүшелері іркес-тіркес Қытайдың Тарбағатайына қашып өткен болатын.

Романның жазылу жайы – «Кірісу» атты алғы сөз негізінде жазылған алғашқы бөлімінен-ақ айқын көрінеді.

«1968 жылдың басы. Темір қақпақ пен шәугімдей шойын құлып шарқ-шұрқ ете түсті. Қап-қараңғы терең ұрада жатқан мен елеңдеп басымды көтеріп алдым...». Түрмеде жатқан Қажыкеңе «қылысыңды жаз!» деп қатал әмір береді. «Жазайын, бәрін жазайын» деп қолына қалам алады.

Романда мынадай диалог бар:

«– Әрине... Мүмкін болса... Керек қой! – деп жымия қарадым. – Егер мүмкін болмаса, сіздерді әурелеудің жөні жоқ та... Бұрынғы жазғандарым дело қапшықтарыңызға лайықтап, ықшам жазылған, мәселенің тоқ етер түйіні ғана еді. Егер жаза берсем қамқорлық етіп тіршілік бере беретін болсаңыздар, жаза берейін. Дүниеде қылмыс деген көп қой. Мен елуден артығырақ жас жасаған адаммын. Демек қылмысқа қатынасқаныма жарым ғасыр болды. Бұл уақыт өту барысындағы өз көзіммен көрген, қолыммен істеген қылмысымның бәрін-ақ жазайын. Оның үстіне сіздер зәру еткен келіп шығу тарихым – өмірбаяным тағы бар. Дүниеге келгенде де мен оңайлықпен жаңбырша тамшылай салғаным жоқ, келген келісімнің өзінде талай машақат бар. Қылмыс тапсыру керек болған соң бәрін-ақ тапсырайын. Бірақ, жазу үшін қол керек. Мына шойын қыспағыңызды алып, қолымды босатыңыз! Жазу үшін көзге жарық та керек. Жарығырақ бөлмеге орналастырыңыз!»

«– Мап-мақұл! Қылмыскер әкем көзін ашқаннан бастап өткізген қылмысын, өз көзімді ашқаннан бергі қылмысымды бірін қалдырмай көз алдыңыздан кино картинасындай тізіп өткізейін!.. Бірақ, сізден өтінерлік үш түрлі ісім бар: бірі менің үстімнен материал жазатындарға «өтірік материал жазсаң, қылышты тас төбеңнен ұрамын» деп, «мен саған айтып қояйын» деп қадағалап ескертіп жаздырыңыз! Әр сатыдағы қылмысымды мен де осылай бастайын...».

Міне, Қажекеңнің «Қылмысы» осылай басталған.

«Мәденитет төңкерісі» аталған зобалаң аяқтағаннан кейінгі 1978 жылғы оңалу дәуіріне байланысты көптеген адамдар түрмеден босатылды. Жазықсыздардың атақ абыройы мен еңбек ақысы да қалпына келтірілді. Осы қатарда түрмеден босаған Қ. Шабданұлы бостандыққа шығып, әдеби ортаға қайта араласты. Түрмеден босағанда барлық қолжазбалары өзіне тапсырылып берілді. Мүмкін Қажекең түрмеге отырмаса «Қылмыс» жазылмас па еді, қайтер еді?!

Көп томдық романның ендігі жалғасы бостандықта жазылды.

Ал осыдан кейін араға он жылдай уақыт салып, Қажекеңді қайта «ұшық» шалды. Бұл жолы 15 жылға кесілді. Алайда:

Алтын сірә жез болмас,

Отқа салып ертсеңде.

Асыл жібек бөз болмас,

Аяққа шұлғау етсеңде, – дегендей болды.

Жазушының «Пана» романы осы «жайлы» жерде яғный 1988-1989 жылдары Үрімжі бірінші түрмесінде жазылған  (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан 2004 жылы шыққан «Пана» романының соңғы беттеріне қараңыз). Жазушы бұл романының бір бөлімін сыртқа парақтап шығарып отырған.

«Қылмыс» романы осылайша зынданнан басталып, түрмелер арасында ойналған «жасырынбақ» арқылы өмірге келді.

Романның көркемдік деңгейіне көз салсақ, өмірдің өз шындығы әдебиеттік биікке көтеріліп, шымыр құрылым, айшықты тіл, сықақшылдық шығарма шырайын аша түскен. Әсіресе, әрбір тараулар мен бөлімдердің: «Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!» деп басталып, «Міне, бұл менің қылмысым емей немене» деген тектес ой түйінділерімен аяқталуы жазушыны өзгеден ерекшелендіріп, шығарма шындығы иіріміне тартады.

Тұтас роман бейне бір арқан бойына байланған көгендер сияқты, әр көгеннің өз бұршағы, өз тиегі, өз күрмеуі бар. Бірақ, барлығы бір желінің бойында жатыр. Ол жалған сурет, зорлықты үндестік дегендерден мүлдем аулақ. Өмірдің өзі қандай табиғи болса, шығарма да сол өзекті қуалап оқушысын өмір қайшылық­тарына жетелеп отырады. Бұл сөзімізден «өмірдің өлі көшірмесі» дегендік шықпайды. Қайта сол өмір жазушы қаламының құдіреті арқылы бірде қара жердің қабырғасын қайыстырып, бірде көк аспанның көзінен жас бұршақтатады. Бірде өзен-көлдер езуін жия алмай күлсе, бірде ормандар ойға бата мүлгиді.

Роман атының «Қылмыс» болғанындай, жазушы өзінің «қыл­мы­­сын» әшкерелеу емес, қоғамның, заманның «қылмысын» ажуа­лы мысқылмен бетіне басып келемеждейді. Қолтаңба ретінде қайталап отырады. Онда ХХ ғасырды қамтыған жарты ғасырдың шерлі шежіресі бар.

Қажығұмар хақында Қ.Жұмаділов Жүсіпбек Қорғасбекке берген бір сұхбатында: ««Қылмыс» романын ең көп оқыған адаммын. «Шыңжаң әдебиеті белгілі ғой, төмен. Баяғы 1930 жылдардағы кезеңінде жүр» деген үстірт пікір айтып жүр кейбір жігіттер. Ол қате. Оған дәлел осы Қажығұмар. Шындықтың көкесі сонда, қаны шығып тұр. Оны ғажап шеберлікпен кестелеген. Көркемдік тұрғыдан бағаланбай жатыр әлі...» деген пікір білдірген еді.

Қорыта келгенде, «Қылмыс» роман-эпопеясы Қажығұмар Шабданұлы­ның қалам қарымын көрсететін өкілдік шығармасы болып, шетел қазақтарының, шетел асқан қазақтардың тарихын, өмір кешулерін бейнелеудегі реалистік туынды. Шығарманың көркемдігіне саятын кей тұстары оқушыны бірден таңғалдырып, табындырып кете алмауы да мүмкін. Бірақ, тас түрменің түбінде, сыз еденнің үстінде, күңгірт сәуле астында, ешбір жазба материалдарының көмегінсіз, қарауылдың қадала аңдуында жазыл­ғанын ойласақ, жазушының қажымас рухы мен қалам қуатына, бәрін күні бүгінгідей шерте білген ойлау жүйесіне қайран қаласыз. Жүрегіңіздің дір етпеуі мүмкін емес. Әуелі кей тұста көзіңізден ыстық жас құйылғанын сезбей де қаласыз.

Қ.Шабданұлы есімі ақиқаты мен аңызы қатар тарап, атамекен әдебиетінде де белгілі ықпал қалыптастырған қарымды қаламгер ретінде таңбаланды.

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы-тарихшы. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Abai.kz

0 пікір