Бейсенбі, 24 Шілде 2025
Аймақ 361 0 пікір 23 Шілде, 2025 сағат 12:55

Алматы: Руханият пен мәдениеттің алтын сандығы

Сурет: zakon.kz / Максим Золотухин.

Еліміздің рухани астанасы Алматы – қазақ мәдениетінің алтын бесігі саналады. Онда өскен әр ұрпақ ата дәстүрімен сусындап,ұлт руханиятының қайнар бұлағынан нәр алады. Сол үшін де бұл өлкеде жыл сайын әртүрлі мәдени жобалар,ұлт мұраларын насихаттауға арналған іс-шаралар жүзеге асып жатыр...

Мысалы: Қазақ мемлекеттік циркі араға 35 жыл салып алғаш рет шетелге гастрольдік сапар жасап, Душанбеде және Тбилисиде өнер көрсетті. Артистер Қытай мен Ресейдің үздік цирк мектептерінде тағылымдамадан өтіп, Еуропа елдерінде өткен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Тіпті Цирк артистері Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл қазақ мәдениетінің тынысы ашылғанын білдіретін жоба болмақ.

Ал Мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық аренада үлкен табыстарға жетуде. Канадада өткен фестивальде Гран-при иеленген театр ұжымы Грузия мен Беларусьтегі мәдени байқаулардан да жүлделі оралды.

Оқырмандардың сұранысына сай көпшілік кітапханалар заманауи мәдени хабқа айналып келеді. Қазір Алматы кітапханаларының 95%-ы толықтай жаңғыртылды. Бұл кітапхананы заманауи зияткерлік орталық ретінде жаңаша сипатта қалыптастыруға арналған жоспар.

Бүгінде Қазақстанның мәдени орталығы болып саналатын Алматы қаласында 12 театр, 35 көпшілік кітапхана, 25 музей, 20-ға жуық кинотеатр және түрлі мәдени нысандар жұмыс істеп тұр. Қала әкімдігінің қарамағындағы мекемелер қатарына «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемлекеттік қуыршақ театры, «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымы, Қазақ мемлекеттік циркі, 8 музейді біріктіретін Алматы музейлер бірлестігі, Мемлекеттік архив, хайуанаттар бағы және құрамына 28 кітапхана кіретін Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кіреді. Бұл ұйымдарда екі мыңнан аса мәдениет қызметкері еңбек етеді.

Айталық,биыл  6 шілдеде Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Үлкен сахнада эстрада жұлдыздары, танымал домбырашылар және дәстүрлі әншілер өз өнерлерін көрсетті.

Сурет: adebiportal.kz.

Дәурен ҚУАТ жазушы:

– Алматы – тек қазіргі заман өнерінің ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі қазақ өнерінің де маңызды ордасы. Мұнда орналасқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры халқымыздың ұлттық музыкасы мен жыр-терме өнерін кеңінен насихаттап келеді. Қаланың әртүрлі концерт залдарында күй тарту, айтыс және халық әндерін орындау тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұған қоса, ұлттық қолөнер көрмелері, домбыра үйірмелері мен қазақтың дәстүрлі киімдерін танытатын жобалар қарқынды дамып, халыққа ұсынылуда.

Ұлттық мәдениетті кейінгі ұрпаққа аманаттауда жастардың орны ерекше. Алматыда жұмыс істейтін түрлі өнер мектептері, шығармашылық студиялар мен мәдени үйірмелер жас ұрпақтың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, қабілетін шыңдауға жол ашуда. Түрлі фестивальдер мен арнайы жобалар арқылы жастар қазақ мәдениетінің маңызын терең түсініп, оны заманауи үлгіде жалғастырып келеді.

Сурет: anatili.kazgazeta.kz.

Сәкен СЫБАНБАЙ, «Парасат» журналының бас редакторы:

– Қазақстанның қай бұрышын мекендесін, кез келген қазақтың Алматыға қарап алаңдап тұратыны рас. Жүз жылға жуық ел орталығы болған соң шығар, астаналық мәртебесін Арқадағы аршыған жұмыртқадай ақшаңқан шаһарға әлдеқашан тарту етсе де, «гүл-қала, арман-қаланың» орны қазақ үшін қашанда бөлек. Кезінде алты алаштың барша ардагер ақсақал-қарасақалының басын қосқан, халқымыздың талай марғасқа ұлдарына пана болған, қайран игі жақсыларымыз мен жайсаңдарымыздың ізі қалған іргелі мекен бұл. Ел басына үрейлі заман туғанда исі қазақтың жадынан осы иен даланың иесі өзі екенін шығармаған шырайлы шаһар, өзгеге есесі кетіп, еркінен айрылып бара жатқанда, ұлттың есін жиғызған «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» ғой бұл қала!

Алматының басынан неше түрлі қиын-қыстау кезеңдердің өткенін білеміз. Тіпті қазақтың дербес мемлекет болып, десі көтерілгенін көре алмайтын қауымның шаһардың атына да, затына да тиіскен, «Алматы деу – орыс тілінің заңдылығына сәйкес емес, сондықтан шаһардың Алма-Ата деген «бұрынғы атауын» қайта қалпына келтірейік!» дескен кезі де болды. Бір қуаныштысы, қазақтың жөн білер зиялы қауымы мен ұлттық мүддеге келгенде ұйыса кетудің үлгісін көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары ондай ұсынысқа лайықты уәж айтып, тоқтатып тастаған болатын.

Мұның өзі, бір есептен, Алматыдай ірі мегаполисті оңай адамның басқара алмайтынын байқатса керек. Құдайға шүкір, қазір ару Алматы іскер де ұқыпты басшылардың  қолында һәм қамқорлығында. Қаншама уақыт бойы қордаланып келген қыруар шаруаның басы қайырылғанын да көріп отырмыз. Елдің рухын биіктететін, еңсесін тіктейтін іргелі іс-шаралар жиі және тұрақты атқарылып жүр. Бұған қоса «Жол картасы» жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар да назар аудартарлық. Көлік кептелісін азайту үшін қаншама жолайрықтар мен көпірлердің салынғаны өз алдына бөлек жыр.

Кейінгі уақытта еліміз бойынша қала күндерін лайықты дәрежеде атап өту үрдісі әбден дұрыс жолға қойылды. Мұндай үрдісті де алғаш Алматының бастағаны, басқа қалаларға үлгі болып жүргені қуантады. Еліміздің ең ірі рухани-мәдени һәм сауда-экономикалық орталығы саналатын Алматы қоғамдық өмірдің қай бағыт, қай саласында көш басынан түспек емес.

Abai.kz

0 пікір