Сенбі, 26 Шілде 2025
Өзекті 180 0 пікір 25 Шілде, 2025 сағат 12:16

Қазақстан: Экспорттаушылар лицензияны онлайн ала алады

Сурет: kaz.inform.kz сайтынан алынды.

Отандық шикізатты экспорттауға лицензияны енді elicense.kz порталында онлайн ресімдеуге болады. Бұл туралы Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

- elicense.kz порталында заңды тұлғаларға арналған отандық шикізат тауарларды экспорттауға лицензия алуға арналған жаңа қызмет іске қосылды. Қызмет автоматтандырылған және кәсіпкерлерге өтінімді толығымен онлайн режимде беруге мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Лицензияны ресімдеу – Қазақстан аумағында өндірілген белгілі бір санаттағы шикізатты заңды түрде экспорттаудың міндетті шарты. Бұл жаңалық өтінім беруді және оның орындалуын айтарлықтай жеңілдетеді.

Қызметті пайдалану үшін:

 elicense.kz порталында авторизациядан өту қажет;

 «Тауарлардың импорты, экспорты» бөліміне өтіп, «Отандық шикізат тауарлары тізбесіне енгізілген өнімдерді экспорттауға лицензия беру» қызметін таңдау керек;

 электрондық өтінім формасын толтырып, қажетті құжаттарды тіркеу, мемлекеттік баж салығын төлеу қажет;

 өтінімді ЭЦҚ немесе QR-код арқылы қол қою арқылы растау керек.

- Өтінім 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Дайын лицензия elicense.kz порталындағы жеке кабинетте «Рұқсаттар» бөлімінде көрсетіледі. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда, негіздемесі бар ақпарат «Менің өтінімдерім» бөлімінде көрсетіледі. Қызметті Қазақстан аумағында заңды тұлғалар ала алады. Лицензия бергені үшін мемлекеттік баж мөлшері – 10 АЕК. Төлем екінші деңгейдегі банк арқылы заңды тұлғаның тіркелген орны бойынша салық органының шотына түседі, - деп хабарлайды Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ.
Еске салайық, Қазақстан БҰҰ-ның онлайн қызмет индексі бойынша ТМД елдері арасында көшбасшы ел.

Abai.kz

0 пікір