Дүйсенбі, 28 Шілде 2025
Өзгелер 313 0 пікір 28 Шілде, 2025 сағат 15:21

Келесі «Чернобыль» Арменияда орын ала ма?

Сурет: jam-news.net сайтынан алынды.

Кеңес кезеңінде салынған және сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан армян атом электр станциясы халықаралық сарапшыларды қатты алаңдатады. Британдық «Daily Mail» газеті оны «уақытын күткен Чернобыль» және «кез келген сәтте жарылуға қабілетті, бірақ қашан жарылатынын ешкім білмейтін бомба» деп атайды.

Биліктің мәліметінше, ол Арменияның электр энергиясы бойынша жалпы қажеттіліктің 40%-ын қамтамасыз ететін екі реактордан тұрады. Мецамор АЭС-і 1976 жылы пайдалануға берілді.  Алайда, материалда атап көрсетілгендей, станция ел астанасы Ереваннан небәрі 40 шақырым және Түркиямен шекарадан небәрі 20 шақырым жерде орналасқан.

1988 жылы Спитактағы жойқын жер сілкінісінен кейін елеулі зақымданулар анықталып, АЭС алты жылға жабылған. Тек 1993 жылы ғана энергетикалық дағдарыс кезінде билік екінші энергоблоктың жұмысын қайта іске қосты.

Оңтүстік Қапқаз өңірі бойынша сарапшылар нысанды пайдалану ескірген технологияларды пайдалану арқылы жүргізіліп жатқанын, ал реактордың бетон қабығы өте нашар жағдайда екенін айтып дабыл қағуда. Оның айтуынша, қажетті қаржы ресурстары мен техникалық жаңғыртулардың жоқтығы – Мецамор АЭС-ін қауіпті ете түсуде.

«Бұл сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Кеңес дәуірінің нысаны. Оны қазіргі жағдайда пайдалану - тек Армения үшін ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қапқаз бен Еуропа үшін айтарлықтай қауіп болып табылады», - дейді сарапшылар.

Билік станцияның тұрақты базальтты іргетаспен тұрғанын айтса да, сыншылар оның күшті жер сілкінісіне төтеп бере алатынына күмәндануда. Чернобыль АЭС-індегі апатқа ұқсас Мецамор станциясы апат болған жағдайда ауқымды радиоактивті зақымдану көзіне айналуы әбден мүмкін.

Abai.kz

0 пікір