Сенбі, 2 Тамыз 2025
46 - сөз 977 0 пікір 31 Шілде, 2025 сағат 15:09

Шәкәрімнің тағдыры

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Әкей көп жыламайтын, берік болатын. Жылай қалғанда өңі бұзылмай, көзінен жас парлап қана ағатын. Неліктен жылады екен деген ой келіп, «Неге жылағансыз?» — деп сұрадым. «Өткен бір жағдай есіме түсіп, көңілім босап, көзіме жас келді» — деді. «Басқа жұрт қазақты, әсіресе, өзіміз — надан, білімсіз, өнерсіз, мәдениетсіз дейміз. Өнерсіз надан қалғанымыз рас. Бірақ, жете тексерсек, біздің де зор білімді адамдарымыз болған. Жер жүзіне жайылған, ғылым іздеп, өмірін сарп еткен бабаларымыз өткен, Әбунасыр, Әбусина, Қорқыт, Ұлықбек, тағы - тағылар түрік қауымынан, бізден шыққан. Тіпті кешегі өткен Әнет Бабаңның өзі ғалым - философ адам екен. Соны да тани алмай, баға бере алмай келдік қой. Абайға не қылмадың, не көрсетпедік — қарғадық, сөктік, жала жаптың, ұрдық, соқтық, талас-тартыс, ру партиясын қуумен өттік қой.

Нақыл сөздердің несі, алтын қазынаның қорларын жасаған — Асан, Бұқар, Марабай, Mapқасқа, Өтеген, Үмбетей сияқты дүлділ, төкпе ақын, жыраулар, осыларды жете ұғып, түсіне алдық па? Жоқ! Осыларды ойлап отырып, Әнет Бабаңның үш ауыз сөзі есіме түсіп, сол көзімнен жас шығарды. Арғын Қазыбек қазақта жасынан талапты, санасы ерте оянған, өзгеше туған адамның бірі болған.

Әнет Бабаң Бұхардан оншақты жыл оқып, он екі фән ғылымын бітіріп келген соң, үш жүз қазақ баласының Жеті жарғы биінің бірі болды. Қазыбек жас жігіт кезінде, Әнет бабаңнан қазақтың жол-жобасын, білім үйренемін деп, көшіп келіп, бір жыл бабаңның қасында болып, ақыл-кеңес алады. Қазыбек кетерінде Әнет бабаңа мынадай сұрақ қояды. Қазақтың айтылған заң - жобаларында — «Қасаң дауға» (демек, айтушы — байшөгелі жоқ дауға) неге бір тоқтам айтпаған?» — дейді. Бабаңның «Қасаң дауға» айтқан тоқтамы: «Қазақ жолы қанағат, бұ да жолдан адаспас, «Қасаңдау» емі шарағат, бұған ешкім таласпас» — дейді.

Және Қазыбек былай деп сұрақ қояды: «Жер дауы, жесір дауы, ұрлық — өтірік, күнә, неше түрлі нәрселерге өздерінше тоқтам айтқан. Ал сол талас - тартыстың: дау -жанжалдың, ұрыс - төбелестің, адамды ардан күстіртіп, қиянат, зұлымдық қылдыратын, адамдардың бастарын бір жерге сыйдырмайтын не? Олар қайдан шығады? Соған жуымасақ, жаманшылық болмайды деп неге көрсетпеген?» — дейді.
Әнет-Бабаң көп ойланып отырып: Арабша «Хакім», қазақта «Әкім» деген сөз бар. Бұл сөз үш әріптен құралады — а, к, м. Сол бір ауыз сөзді екі рет айтсақ — акм-акм болып, алты әріп болады. Екі «а», екі «к», екі «м». Осы алты әріп — алты ауыз сөздің бас әріптері. Міне, осы алты ауыз сөз жоғарғы айтылған жаман қылықтардың шығатын көздері. Адам баласын ардан кетіріп, қиянат - зорлық, мансап - мақтан, талас туғызатын да, дүниені бұзып тыншытпайтын да осылар.

Басқы екі — «а», бірі — «алтын». Алтын, пұл, байлыққа көрсе қызықпайтын, оған ар-иманын сатпайтын адам аз.
Екінші «а» — «әйел»: әйелге, қызығу, қырқысу, таласу, әйел туралы теңсіздік бәрі осыдан шығады.

Екі «к»-нің бірі — «кек», бірі — «кежір», «кек» қуған адам оңбайды. Біреу жықса кегімді алам деп сен қуасың, сен қусаң ол «кек» қуады. Осы «кек» қуу дүниені тыншытпайды. «Кек қуған, кек сақтаған оңбас» — деген осы.
Екінші «к» кежір - қисық. Кежірлік — адамның қасиетсіз мінезінің бірі. Кежір - қисық адам; өзі білмейді, біреудің таза ақыл кеңесін алмайды. Өз дегенімді істеймін деп таласады, жағаласады, тыным таппайды, басқаға тыным таптырмайды.

Екі «м»-нің бірі — «мақтан», бірі — «мансап». Мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын адам аз. Мақтанда тазалық, әділдік болмайды. Мақтаншақ — байысам, басқадан ассам дегізіп, арсыздыққа шейін апарады.
Ал, «мансап» — бұл «мансапқорлық», әкім болсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам деген ең айуандық пиғылға апаратын, дүниені бұзатын, кеселдің бірі. Бұлар адам баласының басын да қоспайды, адалдықты, адамгершілікті де істетпейді.

Сұрағыңның түбі «Әкім» деген сөзде болды ғой. Әлің келсе, «Әкімді» дұрыс ұстап, сақтанып жүргейсің», — депті.

«Бабаңның сол алты әрпінен шыға алмаған екенбіз ғой деген ой көзіме жас келтіргені. Арғылардың өзін қойғанда кешегі бабаң, философ емес пе?» — деді.

Ахат Шәкәрімұлы

Abai.kz

0 пікір