Қазіргі қытай әдебиетінің жаңаруы

Әдебиет мемелкеттің негізгі ісі-Цао Пи
Синьхай революциясына (1911) дейін ешкім халықтық тілді классикалық тілдің орнына толыққанды енгізуді мақсат еткен жоқ. 1905-1916 жылдар: халықтық тіл қозғалысын тездеткен тарихи оқиғалар.
1.1905 жылы – Қытайда мемлекеттік емтихан жүйесі (科举) жойылды, бұл классикалық тілдің мемлекеттік қызметпен байланысын үзді.
2.1911 жылы – Синьхай революциясы феодалдық монархияны құлатып, феодалдық идеологияға соққы берді.
3.1916 жылы – Юань Шикай император болуға талпынғанымен, оның жоспары күйреді.
4.1916 жылы – 《Жаңа жастар》журналы ғылым мен демократияны насихаттап, “Конфуций мектебін жою” ұранын көтерді, бұл идеялық және мәдени революцияға жол ашты.
Осы факторлар халықтық тіл қозғалысына халықтық қолдау мен идеологиялық негіз қалады.
Халықтық тіл қозғалысының табыстары және оның тарихи маңызы.
Халықтық тіл қозғалысы орасан зор жетістіктерге жетіп, Қытай қоғамына терең ықпал етті.
1.Мәдени және идеялық өзгерістер. Феодалдық мәдени жүйені шайқалтты.
Демократия мен ғылым сияқты заманауи идеяларды кеңінен таратты.
Қытайда марксизмнің таралуына қолайлы жағдай жасады.
Зиялылар мен жастардың санасын оятты, қытай мәдениетінің дәстүрлі формадан модерндік формаға ауысуына ықпал етті.
2.Әдебиет саласындағы өзгерістер. Халықтық тіл әдебиеттің негізгі тіліне айналды.
Әдебиеттің тілі, формасы, мазмұны түбегейлі жаңарды.
Жаңа әдеби жанрлар мен шығармашылық әдістер пайда болды.
Қытай әдебиеті классикалықтан қазіргі заманғы әдебиетке ауысты.
3.Қоғамдық өзгерістер. Халықтық тіл қозғалысы мәдениет пен білімге қолжетімділікті арттырды.
Тілдік кедергілер жойылып, білім халықтың кең қабатына тарай бастады.
Халықтың ұлттық сана-сезімі мен патриоттық рухы күшейді.
Бұл қозғалыс қытайдағы әлеуметтік өзгерістерге идеялық негіз қалады.
Халықтық тіл қозғалысының шектеулері мен мәселелері.
Дегенмен, бұл қозғалыстың кейбір кемшіліктері болды:
1.Дәстүрлі мәдениетті толықтай жоққа шығару.
Халықтық тіл қозғалысы кезінде дәстүрлі мәдениетке шамадан тыс сын айтылды.
Кейіннен қытай ұлттық мәдениетіне деген қызығушылық бәсеңдеп, ұлттық мұраны зерттеу баяулады.
2.Батыстық мәдениетті механикалық түрде қабылдау.
Батыстық идеялар мен мәдени элементтер ойланбай көшірілді.
Көптеген шетелдік сөздер тікелей қытай тіліне енді. Кейбір жағдайларда жапондық қытайландырылған сөздер қытай тіліндегі түпнұсқа сөздерді алмастырды.
Қорытынды: Жалпы алғанда, халықтық тіл қозғалысы қытай мәдениеті мен әдебиетінің жаңа дәуірін ашты. Бұл қозғалыс Қытай қоғамының дәстүрліліктен қазіргі заманға көшуіне ықпал етті.
Халықтық тіл Қытайдағы негізгі жазба және әдеби тілге айналды.
Бұл қозғалыс Қытайдың жаңа дәуірдегі мәдени және саяси өзгерістеріне негіз болды.
Халықтық тіл қозғалысы Қытайдың заманауи тарихына терең ықпал етті және өшпес із қалдырды.
Чэнь Дусю мен Ху Шының әдеби революция теориясы
Ху Шы
Ху Шы (17 желтоқсан 1891 – 24 ақпан 1962), бұрынғы есімі Сымын, шын есімі Хун Син, кейін есімін Ши деп өзгерткен, әдеби лақап аты – Ши Чжи. Ол Аньхой провинциясының Цзисянь уезінен шыққан, бірақ қазіргі Шанхай қаласының Пудун ауданында дүниеге келген. Ол Қытайдың заманауи ойшылы, жазушысы және философы болды.
1910 жылы (Сюаньтун дәуірінің екінші жылы) АҚШ-қа барып, Корнелл университетінде ауыл шаруашылығын оқыды. Кейін Колумбия университетінің философия факультетіне ауысып, философ Джон Дьюиден тәлім алды. 1917 жылы (Мингоның алтыншы жылы) Қытайға оралып, Пекин университетінде профессор болып жұмыс істеді. 1918 жылы “Жаңа жастар” журналының редакциясына келді. 1919 жылы “Қытай философиясы тарихының негіздері” атты еңбегін жариялады. 1920 жылы “Батылдар жинағы” атты ақ өлеңдер жинағын шығарды. 1922 жылы “Ұлттық ғылым тоқсандық журналының” редакторы болды және “Еңбек апталығы” журналын ұйымдастырды. 1928 жылы “Қытай әдебиеті тарихы” атты еңбегін жариялады.
1932 жылы Ұлттық қаржы комитетінің мүшесі болып тағайындалып, “Тәуелсіз шолу” журналын шығарды. 1933 жылы Ауыл шаруашылығын жаңғырту комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы Ұлттық консультативтік кеңестің мүшесі болып сайланды. 1938–1942 жылдары Қытайдың АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарды. 1945 жылы 25 сәуірде Сан-Франциско конференциясына қатысты.
1946–1948 жылдары Пекин университетінің ректоры болды. 1949 жылы Америкаға кетті. 1952 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік гуманитарлық ғылымдар және мәдениет тарихы редакциялық комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Сол жылы Тайваньға барып дәріс оқыды. 1957 жылы Қытай ғылым академиясының президенті болды. 1962 жылы 24 ақпанда Тайбэйде қайтыс болды.
Ху Шы – көптеген салаларда жаңашылдық енгізген ғалым. Оның шығармашылығы ауқымды әрі философия, тарих және әдеби зерттеулерді қамтыды.
Ху Шының “Әдебиетті жетілдіру туралы ойлары” теориясының негіздемесі
“Әдебиетті жетілдіру туралы қарапайым ойлары” еңбегінде Ху Шы әдебиеттің дамуын терең зерттей отырып, “Әр дәуірдің өз әдебиеті болуы керек” деген көзқарасты ашық түрде ұсынды. Оның пікірінше, әдебиет өзгермейтін нәрсе емес, керісінше, ол белгілі бір дәуірдің қоғамымен, экономикасымен және мәдениетімен тығыз байланысты. Мысалы, Қытай әдебиетінің дамуында:
Цин дәуіріне дейінгі проза. Хань дәуірінің поэзиясы. Таң әулетінің өлеңдері мен Суң әулетінің әндері. Юань дәуірінің драмалары мен Миң-Циң дәуірінің романдары. Осы әр кезеңде әдебиеттің өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтеді. Бұл әдебиеттің даму заңдылығын көрсетеді. Ху Шының пікірінше, Қытай қазіргі заманға келгенде, қоғамда үлкен өзгерістер орын алды, ал дәстүрлі әдебиет бұл жаңа заманның талаптарына сай бола алмады. Сондықтан жаңа заманға сай жаңа әдебиет қалыптастыру қажет болды. Бұл идея әдеби революцияға мықты теориялық негіз қалады. Ол дәстүрлі әдеби көзқарастардың шектеулерін бұзып, жаңа әдебиеттің дамуына жол ашты.
Ху Шының жаңа әдебиет реформасындағы негізгі көзқарастары.
- Халықтық әдебиеттің (бәйхуа) рөлін бекіту.
Ху Шы “Классикалық қытай тілі (уэньянь) мен қарапайым сөйлеу тілін (бәйхуа) біріктіру” керек деп есептеді және “Бәйхуа қытай әдебиетінің негізгі тілі болуы тиіс” деген батыл тұжырым жасады.
Қытайдың көне дәуірінде уэньянь ресми тіл ретінде басым болды, ол негізінен ғалымдар мен элита үшін қолданылды. Ал қарапайым халық күнделікті бәйхуа тілінде сөйлегенімен, бұл тілде әдеби шығармалар жазылмады. Ху Шы осы мәселені терең түсініп, “Бәйхуа” әдебиетінің артықшылықтарын атап көрсетті: Ол түсінікті және өмірге жақын. Халықтың шынайы сезімдері мен күнделікті тәжірибесін тікелей білдіре алады. Бұл тілде жазылған әдебиет кең аудиторияға жетеді. Бәйхуа әдебиетінің дамуы кең халық массасының әдебиетке араласуына мүмкіндік берді, бұл Қытайдағы жаңа әдебиеттің қалыптасуына үлкен әсер етті.
- Әдеби шығармашылықтағы “Сегіз қағида”ны ортаға қойды:
1.Мазмұнды болу – әдебиетте нақты идеялар мен эмоциялар болуы керек, бос сөзге орын жоқ.
2.Ескі әдебиет стилін қайталамау – әдебиет әр дәуірдің өзіне тән болу керек.
3.Грамматикаға мән беру – дұрыс және түсінікті тіл қолдану маңызды.
4.Көңілсіз бос сөзден аулақ болу – шынайы сезімге негізделген әдебиет қана құнды.
5.Көнерген сөздерден арылу – қазіргі заман тілі қолданылуы тиіс.
6.Көне әдебиеттегі сілтемелерді (дәйексөздерді) пайдаланбау – халық түсіне алатын тілді қолдану керек.
7.Өлеңдерде ескі ережелерді қолданбау – формадан гөрі мазмұн маңызды.
8.Күнделікті тілдегі сөздерді еркін қолдану – халықтың сөздері мен сөйлем құрылымдары әдебиетте пайдаланылуы тиіс.
Чэнь Дусю
Чэнь Дусю (9 қазан 1879 – 27 мамыр 1942) – Қытайдағы Жаңа мәдениет қозғалысының жетекшісі, Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушы және алғашқы басшысы.
1920 жылы Шанхайда Қытай Коммунистік партиясын ұйымдастыру жұмыстарын бастады.
1921 жылы партияның бірінші съезінде орталық хатшысы болып сайланды.
1925 жылы “5 мамыр қозғалысын” басқарды.
1927 жылы “8-7 конференциясында” партия хатшысы қызметінен алынды.
1929 жылы ҚКП-дан шығарылып, Троцкийшіл бағытты ұстанды.
Чэнь Дусю әдеби революцияның ең радикалды жақтаушысы болды.
“Үш негізгі қағида”:
1.Аристократтық әдебиетті жойып, халық әдебиетін дамыту.
2.Көне әдебиетті жойып, шынайы реализм әдебиетін қалыптастыру.
3.Эзотерикалық әдебиетті жойып, әлеуметтік әдебиетті дамыту.
Ол “Ескі әдебиет қытай қоғамын дамудан тежейді” деп есептеді.
Чэнь Дусю мен Ху Шының бұл реформалары Қытайдың жаңа заман әдебиетінің негізін қалады.
3.1.2《Жаңа Жастар》 журналының ағартушылық рөлі және Бәйхуа қозғалысының таралуы мен маңызы.
《Жаңа Жастар》 журналының ағартушылық рөлі
1915 жылы қыркүйекте Чэнь Дусю Шанхайда 《Жастар журналы》 (кейін 《Жаңа Жастар》 деп өзгертілді) басылымын шығарды. Ол “демократия” және “ғылым” ұранымен феодалдық этикаға, ескі моральға және дәстүрлі мәдениетке қарсы шабуыл жасады. 《Жастарға үндеу》 мақаласында Чэнь Дусю жастарды еркіндікке, прогреске және ғылымға ұмтылуға шақырып, оларды надандықтан арылуға үндеді. Ол жастарды өзін-өзі басқару, ілгерілеу, жаһандық көзқарас, прагматизм және ғылыми ойлау принциптерін ұстануға шақырды. Бұл жаңа идеялар жастар қауымына ғана емес, бүкіл қоғамға серпін беріп, Қытайдағы ағартушылық қозғалыстың басталуына түрткі болды.
Жаңа ойлар мен жаңа мәдениеттің таралуы.
《Жаңа Жастар》 журналы батыстың философиясын, саяси және мәдени ойларын кеңінен таныстырды. Ол эволюциялық теорияны, прагматизмді және басқа да заманауи идеяларды насихаттады, қытайлық зиялыларға тың көзқарас ұсынды. Сонымен қатар, журнал жаңа мәдениетті белсенді түрде насихаттап, феодалдық мәдениетті қатаң сынға алды. Ол “Үш негізгі қағида” және “Бес тұрақты қағида” сияқты дәстүрлі конфуцийлік құндылықтарға қарсы шығып, халықты ескі мәдениеттің кемшіліктерін қайта қарастыруға шақырды. Бұл қоғамдағы ой еркіндігі мен сананың жаңаруына ықпал етіп, қытай зиялыларының дәстүрлі құндылықтарға күмәнмен қарауына себеп болды.
Әдеби революцияның негізгі алаңы
《Жаңа Жастар》әдеби революцияның теориясын ұсынды және оның негізгі идеяларын белсенді түрде талқылады. 1917 жылы қаңтарда Ху Шы《Әдебиетті жетілдіру туралы ойлары》атты аталмыш мақаласын жариялады.
1917 жылы ақпанда Чэнь Дусю《Әдеби революциясы туралы》мақаласын жариялап, “Үш негізгі қағидасын” осы кезде ұсынды.
Ху Шы мен Чэнь Дусюдың ұсыныстары қоғамда, әдеби ортада тез қабылданды ескі феодалдық әдебиетке қарсы шығып, жаңа реалистік әдебиетті құру мақсатын анықтады, осылайша Қытайдағы жаңа әдебиет дамуының бағытын айқындады.
Жаңа әдебиет шығармашылығын ілгерілету
《Жаңа Жастар》 жаңа әдебиет авторларына шығармаларын жариялау үшін маңызды платформа ұсынды, бұл жаңа әдебиеттің өркендеуіне жол ашты. 1918 жылы қаңтарда Ху Шы, Лю Баннун және Шэнь Иньмо бәйхуа тілінде жаңа поэзиялық шығармаларын жариялады. Кейінірек Лу Шүн, Ли Дачжао және Чэнь Дусю да бәйхуа тілінде жаңа әдеби шығармалар жаза бастады. 1918 жылы мамырда Лу Шүн өзінің алғашқы 《Жындының күнделігі》 атты шығармасын бәйхуа тілінде жариялады. Бұл туынды феодалдық дәстүрлерді өткір сынға алды. Кейінірек оның 《Куң Ижи》, 《Дәрі》 сияқты туындылары жарық көрді.
Бұл шығармалар жаңа ойлар мен әдеби формаларды халыққа ұсыну арқылы әдеби көзқарастардың жаңаруына және әдеби стильдің түбегейлі өзгеруіне ықпал етті.
«Дәрі» (үзінді)
Күздің екінші жарты түні, ай батып кеткен, күн әлі шықпаған, тек бір тілім қап-қара көгілдір аспан ғана қалған; түнде жүретін жәндіктерден басқа, барлығы ұйқыда. Хуа Лаошуан кенеттен орнынан тұрып, сіріңке шырпысын үйкеп, май шамды жақты. Шайхананың екі бөлмесі көгілдір-ақ жарыққа толды.
— «Кішкентай Шуанның әкесі, қазір барасың ба?» — деді бір қарт әйелдің дауысы. Ішкі бөлмеден бір жөтел естілді.
— «М-м.» Лаошуан тыңдап отырып, басын изеді де, киімін түймелеп, қолын созып:
— «Берші маған», — деді.
Хуа Дама жастықтың астын ұзақ ақтарып, дорбадағы темір ақшасын алып, Лаошуанға берді. Ол алып, дірілдеген қолымен қалтасына салып, сыртынан екі рет басты; сосын қолына шамын алып, шамшырақты өшірді де, ішкі бөлмеге кіріп кетті.
Бөлмеде әлдебір сыбыр мен қозғалыс естіліп, артынша жөтел қайта басталды. Лаошуан оның жөтелі басылғанын күтіп, ақырын ғана:
— «Кішкентай Шуан… сен тұрма. … Анаң бәрін өзі реттейді», — деді.
Ұлы жауап қатпаған соң, Лаошуан оның қайта ұйқыға кеткенін біліп, үйден шықты да, көшеге беттеді. Көше қара түнек, тек бір ақшыл сұр жол анық көрініп тұр. Шам жарығы екі аяғын кезек-кезек жарықтандырып, ол нық қадаммен жүріп келеді. Бірнеше ит кездесті, оның бірде-бірі үрген жоқ. Үйдің сыртындағы ауа әлдеқайда суық; бірақ Лаошуан өзін сергек сезінді, тіпті қайтадан жасарғандай, ғажайып күшке ие болып, адамдарға өмір сыйлай алатындай көрінді. Қадамдары кеңейіп, жол барған сайын анық көріне түсті, аспан да біртіндеп жарықтанды.
Ол ойға беріліп келе жатып, кенет шошып кетті —тамға барып тұйқталып қалды. Лаошуан артқа шегініп, жабық тұрған бір дүкеннің алдына келіп, шатыр астына кіріп, есікке сүйеніп тұра қалды. Біраз уақыттан соң, денесі тоңазығандай болды.
— «Хм, қақпас.»
— «Тіпті қуанып жүр ғой…»
Лаошуан тағы да селт етіп, көзін ашып қараса, бірнеше адам қасынан өтіп бара жатыр. Біреуі артына бұрылып қарады, түрі анық емес, бірақ талайдан тамақ жемеген аш адам тамақ көргендей, көзінде әлдебір тартылыс күші бұны сорып алғысы келгендей, ғажайып нұр жылт етті. Лаошуан шамына көз тастады, әлдеқашан өшіп қалған екен. Қалтасын басып көрді — қатты, ақша орнында екен. Айналаға көз жүгіртті, үш-төрттен топтасқан, сүлдерейген, беймәлім адамдар жын-перідей жүр. Қайтадан қараса, бұрынғыдай ештеңе байқалмайды.
Көп ұзамай, бірнеше солдат көрінді; киімдерінің алдында-артында үлкен ақ шеңбер, алыстан да анық көрінеді, қасына жақындағанда тіпті қызыл жиегі бар екені білінді. Кенет аяқ дыбысы күшейіп, бір сәтте бір топ адам жиналып қалды. Анау жүрген үш-төрт адам да соларға қосылып, толқындай алға ұмтылды. Т-тәрізді көшенің бұрышына келгенде, кенет тоқтап, жартылай шеңбер құрып тұрды.
Лаошуан да қарап еді, тек адамдардың арқасын көрді; мойындары ұзарып, көзге көрінбейді, құдды біреу оларды жоғары тартып тұрғандай, бәрі ұзын мойын үйрекке ұқсап кетті. Бір сәт үнсіздік орнап, әлдебір дыбыс шыққандай болды да, жұрт қозғалып, гүр ете түсіп, кері шегінді. Тіпті Лаошуан тұрған жерге дейін ығысып, оны қағып жібере жаздады.
— «Әй! Шал, бір қолдан тауар бір қолдан ақша!» — деп айқайлады үсті-басы қап-қара біреу. Көзі пышақтай өткір, Лаошуанды аз шегіндіріп жіберді. Бір қолын созып тұр, екінші қолында қып-қызыл нан, қызылы қан тамшылап тұр.
Лаошуан асығыс ақшасын алып, бермек болды, бірақ оның қолындағыны алуға батылы бармады. Қап-қара кісі шыдамсызданып:
— «Неден қорқасың? Алмайсың ба!» — деді.
Лаошуан әлі де бөгеліп тұрды. Анау қағаз қапты шешіп, нанды оның қолына ұстатты да, шалдың қолындағы ақшаны жұлып алып, қысқан күйі бұрылып жүріп кетті. Аузынан:
— «Мына кәрі шал…» — деген дыбыс шықты.
— «Бұны кімге ем қылмақ?» — деген біреудің даусы құлағына жеткендей болды, бірақ Лаошуан жауап қатпады. Оның бар ойы қолындағы түйіншекте еді — он ұрпақтан жалғыз қалған нәрестесін құшақтағандай. Басқа ештеңе оның ойында жоқ. Енді ол осы қаны тамшыдлаған нанды өз үйіне тез жеткізіп, жаңа өмір сыйлап, одан көп бақыт алмақ.
Күн де шығып үлгерді; алдында тура өз үйіне баратын ұзын даңғыл көрінді, арт жағында Т-көшенің басындағы ескі тақтайшада күңгірт «Гу шуан Тинкоу» деген бозарған төрт алтын әріп көрініп тұрды.
Нұрхалық Абдырақын
Abai.kz