Сәрсенбі, 20 Тамыз 2025
Ақмылтық 462 0 пікір 20 Тамыз, 2025 сағат 11:48

Қазақ армиясы қашан қазақша сөйлейді?

Сурет: Malim.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасы – зайырлы және демократиялық мемлекет. Еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін жариялап, өзінің мемлекеттік нышандарын, басқару жүйесін және заңнамалық негіздерін  қалыптастырды. Сол уақыттан бері қазақ тілі – мемлекетіміздің негізгі тілі ретінде Конституцияда бекітілді. Алайда, қазіргі күнде мемлекеттік тілдің барлық салада өз деңгейінде қолданылып жатыр деп айту қиын. Әсіресе, қауіпсіздік саласында, нақтырақ айтқанда – Қарулы Күштер де қазақ тілінің қолданылу деңгейі өте төмен. Бұйрықтар, құжаттар, әскери хат алмасу және іс қағаздарының басым көпшілігі орыс  тілінде жүреді. Бұл – қоғамда үлкен сұрақ пен сын тудыратын жағдай. Бұған Президентіміз уақыт созбай, көңіл аударуы керек.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданысы – елдің ішкі тұтастығы мен тәуелсіздігінің көрсеткіші. Әскери құрылым – мемлекеттің, стратегиялық маңызы бар саласы. Онда тіл саясатының тиісті дәрежеде жүзеге аспауы – мемлекеттік саясаттағы сәйкессіздік пен тілдік саясаттағы жүйесіздіктің  белгісі.

Олай болса, Қазақ әскерінде неге қазақ тілі қолданылмайды? Бұл жағдай неден туындайды және оны қалай шешуге болады? Кәне ағайын, осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қазақ Қарулы Күштері 1992 жылы құрылды. Алайда, оның құрылымдық және кадрлық негізі кеңестік жүйеден ауысып келді. Кеңес Одағы кезінде барлық әскери қызметкерлер орыс тілінде білім алып, құжаттарды сол тілде  жүргізді. Бұл дәстүр мен жүйе  тәуелсіз  Қазақстанда да сақталып қалды. Өйткені алғашқы жылдары офицерлік құрамның көп бөлігі – кеңес армиясында қызмет еткен тәжірибелі, бірақ орыс тілді кадрлардан тұрды. Қазақ тілін еркін меңгерген әскери мамандардың саны өте кемшің болды. Мұндай жағдай автоматы түрде орыс тілінің басымдығын сақтап қалды.

Қазақстандағы әскери жоғары оқу орындары мен дайындық орталықтарында қазақ тіліне негізделген оқу бағдарламалары мен материалдары өте кем. Курсанттар мен офицерлер оқитын оқулықтардың дені орыс тілінде. Қазақ тіліндегі баламалары кездессе де, олардың  ғылыми - әдістемелік сапасы төмен. Осының салдарынан болашақ әскери мамандар қазақ тілінде әскери терминологияны меңгере алмай, оны іс жүзінде қолданудан қашқақтайды.

Сонымен қатар, кейбір қазақ тілді курсанттардың өзі кәсіби әскери тілде сөйлеуге қиналады. Себебі, қазақ тілінде бірізді әскери терминология әлі  толық қалыптаспаған. Бұл жағдай офицерлер мен сарбаздар арасында қарым-қатынаста және іс жүргізуде қиындық тудырады. Сондықтан, көп жағдайда әскери қызметкерлер орыс  тілін «ыңғайлы  тіл» ретінде көреді.

Қазіргі кезде Қазақ армиясында бұйрықтар, рапорттар, нұсқаулықтар, әскери хаттар мен есептер орыс тілінде жазылады. Қазақ тілді офицерлер мен сарбаздар болса да, ресми хат-хабар тек орыс тілінде жүзеге асады. Бұл  қалыпты жағдайға айналған. Қазақ тілін қолдануға тырысқан  қызметкерлер көп жағдайда қолдау таппайды, керісінше – қосымша қиындықтарға тап болады: құжатты  аудару, түсіндіру, бекіту кезінде уақыт пен күш көп кетеді.

Қазақ армиясы – ел тәуелсіздігінің, тұтастығы мен қауіпсіздігінің тірегі. Оның жұмысы мен құрылымы мемлекеттік тілде жүруі – заңды да, қажетті талап. Қазақ тілі – елдің болмысы мен рухының көрінісі. Сондықтан Қарулы Күштер де қазақ тілін қолдану – тек тіл саясаты емес, ұлттық қауіпсіздік саясатының да ажырамас  бөлігі.

Қазақ тілінің әскери салада  төмен деңгейде қолданылуының басты себептері:

Қазақ тілді кадрлардың жеткіліксіздігі;

Әскери оқу  орындарында сапалы қазақша оқу құралдарының жоқтығы;

Тіл саясатының нақты талаптарының болмауы;

Бұл жағдайларды шешу үшін мынадай нақты қадамдар қажет:

Қорғаныс министрлігі жанынан қазақ тілін дамыту жөнінде арнайы орталық құру;

Әскери оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үлесін арттыру, терминологияны жүйелеу;

Әскери құжаттардың қазақша үлгілерін дайындау және бекіту;

Мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлерді марапаттау және қызметте өсуіне жағдай жасау;

Қазақ тілінде іс жүргізуді кезең-кезеңімен енгізудің нақты кестесін қабылдау.

Міне осыған,  Президентімізден бастап, осы салаға жетекшілік етіп  жүрген әскери мамандар шынайы түрде көңіл бөліп, уақытты соза бермей, тездетуі қажет. Бізден өзге көрші мемлекеттердің барлығында әскери сала өз тілдерінде іс жүргізуде. Жоғарыда жүргендердің осыншалықты ез, надан болуға, қалай дәті шыдайды. Намыссыздық қой.

Егер мемлекет әскери құрылымда қазақ тілін толыққанды енгізе алмаса, онда басқа салалардан мұндай талапты күту де қиын. Сондықтан, Қазақ армиясы мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Бұл – тек тіл тағдыры емес, ел болашағының қауыпсіздігі.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір