Қоңыр дәптерге қонған ойлар...
1920-30 жылдары ашаршылықпен қазақтың тұқымын тұздай құрта жаздаған қызылдар, содан кейін: «Біз совет халқы боламыз, бір тілді ел боламыз!» деп, тілімізді тырапай астыра жаздағаны тағы белгілі. Осы ұранға қазақ коммунистері имандай сенді. Мысалы, Қазақстан басшысы Қонаев өз орнынан түскеннен кейін Қазақстанды басқаруға келген Колбинге: «Мен Қазақстанды басқарып тұрған жылдары қазақ тілін қорғай алмадым.Саясат солай болды. Енді қазаққа ұнағың келсе қазақ тілін қорғаңыз, қолдаңыз!» деп, ақыл айтты. Бұдан біз нені көреміз? Бұдан біз басқасы басқа, қазақтың Қонаевтай көсемінің өзі Қазақстанда қазақ тілін қорғай алмағанын көреміз. Бұның салдары қазақ тілін құрдымға жібере жаздағанын білеміз. Бұл саясаттың сұрапыл болғаны сонша басқасы басқа, қазақтың өзі қазақ тілін талақ ете бастады. Қазақ баласын орыс мектебіне тасыды. Бұл нені көрсетті? Бұл халықтың өз тілі болашағынан күдер үзе бастағанын көрсетті. Өйткені қызыл саясат: «тарихың тарих емес, ханың хан емес, батырың батыр емес» деп, оқытты. Отаршылдардың осы тәрбиесінен көрген тұлғаларымыз советтік идеологияның сойылын соқты. Сол жылдары әйгілі зангер академигіміз: «Орыс тілі ракета болғанда, қазақ тілі велосипед қой!» деп, тұр біркүні, эфирде.Әйгілі орыстілді ақынымыз: «Казахский язык, это язык отгонного животноводства!» деп, онсызда еңсесі түскен тілімізді одан бетер төмпештеді. Сөйтіп, балық басынан шіріді. Зиялы қауым зиянды қауымға айналды. Қазақстанды зерттеген жапон түріктанушысы Накото ОКО қазақтар туралы былай деді:
«Сіздер адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар. Әйтпесе, есі дұрыс адам ана тіліңнен гөрі орысша білген дұрыс дей ме?»
Жапон ғалымы тіл майданындағы біздің тірлігімізден түңілсе керек. Және соны ашық айтқан. Қазақ намысын оятқысы келсе керек. Бірақ, совет заманында ата жолынан адаспаған да қазақтар болды. Бұл жойқын империялық апатқа ат төбеліндей жазушылар қалам ұстап қарсы шықты. Алаштың ақиқи тарихын жаза бастады. Себебі - империялық індет, қанша шүйліксе де, қазақтың өршіл рухын бұратала өшіре алмаған еді.«Жыртық үйдің де Құдайы бар». Сол Құдай қызылдардың тас төбесінен ұрды. Отаршыл Одақ омақасты. Азаттық туы көтерілді. Бірақ, 70 жылдық төмпештен тәлтіректеп шыққан тіліміз табан астында қаз-қаз тұрып кете алмады. Өйткені ол орыстану індетіне оңбай шалдыққан еді. Осы күйдегі сырқатты тілімізді қашан сауықтыра аламыз? Мұқым қазақ өз тілінде қашан түгел сөйлейді? Осыған орай ортаға салар ойларымыз мыналар:
- Мемлекеттік бала бақшаларды түгел мемлекеттік тілге көшіру керек.
- Бала бақшада тілі қазақша шыққан балалар сонда ұлтына қарамастан қазақ мектебіне баруға дайын болады.
- Қазақстанда мектептер «қазақ мектебі», «орыс мектебі» болып бөлінбеуі керек. Бір ғана мемлекеттік мектептер болып қайта құрылуы керек. Ол мемлекеттік мектептерде пәндер қазақ және орыс тілдерінде жүріп, оны бітірген балалар қазақ және орыс тілдерінде сөйлеп шығуы керек. Әрине, бұл мектептерде басымдылық мемлекеттік тілге берілуі керек.
- Сонда Қазақстанның еңбек нарығында тілдік негізде ешбір отандасымыз қағажу көрмейтін болады. Өйткені, олар мемлекеттік мектептерде Қазақстандағы екі жетекші тілді толық меңгеріп шығады.
- Қазақ тілін мемлекеттік мектепте толық меңгеріп шыққан балалар ұлтына қарамастан қазақ мәдениеті мен тарихынан мол хабардар болып шығады. Ұлы Дала тілін, мәдениетін, тарихын толық меңгеріп шығады. Қазақстанды шынайы сүйеді. Осылар болашақтың Бельгерлері болады. Қазақ мектебін бітірген Бельгер Ұлы Даланың ұлттық құндылықтарын шынайы сүйді. Оны біз көзбен көрдік. Бельгер былай деп жазды:
«Күнделікті тұрмыста пайдаланудан шығып қалған сөздерді есептесек кәзір 10 миллион қазақ сөзі бар. Ондай сөздік қор немісте де, орыстарда да, ағылшындарда да жоқ»
Осындай бай тілдің басынан бағын тайдыруға отаршыл саясат барын салды. Салдарынан, қалаларда мемлекеттік тілді менсінбейтіндерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Тіптен, қазақ мектебіне барған балалардың өздері өзара үзілісте орысша сөйлесетін болды. Осы жағдайды көргенде қалай жаның шырқырамасын? Бүгінгі қалаларда қай қазақтың дастарханына барсаңда үлкендерден төмендеу отырған жастардың орысшалап отырғанын көресің. Бұл жастар ертеңгі ел болашағы емес пе?! Тәуелсіздік төлдері емес пе? Олар талапты да талантты жастар. Бірақ, ана тіліне шорқақ жастар. Сонда, сіз, ертенгі дамыған Қазақстанда дамыған қазақ тілі болады деп ойлайсыз ба? Біз олай ойламаймыз. Оның себебі – бүгінгі шорқақ тілді жастар. Тіл тағдырына, ел тағдырына ертең ие болатындар солар. Бельгер байқаған бай тілдің, сөздік қоры 10 миллионнан асатын тілдің бүгінгі күйі осындай. Бельгер байқаған бай тілді сұйылтуда біз алдымызға жан салар емеспіз.
Беу, ағайын! Сонда, біз болашаққа қандай тіл қалдырамыз? Бізден қалған жадау да жайдақ тілдің бағын болашақ аша ала ма? Күмәніміз бар.Ауруын жасырған өледі. Ендеше бізге, аға ұрпаққа ауыр да болса айту парыз. Тіл кеселінің атын атау парыз. Ауыр шындықты жеңілдету жолын іздеу парыз. Сондықтан да, тіл майданында бір пәрменді қимылдардар жасау парыз. Қалай?
- Ең алдымен мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттеу керек.
- Ағымдағы Тілдер туралы заңның орнына жаңа Қазақстанға сай жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек.
- Тіл мәселесін реттейтін ол заң неге керек? Өйткені, ағымдағы 1989 жылы қабылданған «Тілдер туралы заң» тіл майданында туындаған келеңсіздіктерді реттеуде қауқарсыз болып шықты. Яғни, ескі заң жаңа заман дүрмегіне ілесе алмай қалды.
Оны біз қалай байқадық? Ағымдағы Заңның әлсіздігінен бүгінде қалалардағы жарнамалар негізінде орыс тілінде жазылып, оны қазақшалаған дүмбілез аудармаларды көрдік. Егер, ағымдағы Заң мықты болса жарнамалар алдымен мемлекеттік тілде жазылып, содан кейін ғана орысшаға аударылар еді. Қазақ тілі сонда өз елінде аударма тіл болудан арылар еді. Олай болмады. Нәтижесінде, орысшадан қазақшаға аударылған калкаларды көреміз. Сенбесеңіз қараңыз көшеге шығып. Қай жаққа қарасаңыз да діңкеңді құртатын дүмбілез аударманы көресіз. Кейде оларды түсінбей қалып, астындағы орысшасын оқып барып түсінесіз. Осындай келеңсіздіктерге жол беріп отырған ағымдағы заңды осыдан кейін қалай заң деуге болады?
Бұл да болса 70 жылға созылған сол советтік идеология озбырлығының салдары. Яғни, Қазақстанда қазақ тілі қашаннан аударма тіл болды, және, сол қалпында қалды. Тіптен, парламентте қабылданатын заңдар дағы алдымен орыс тілінде жазылып содан кейін қазақ тіліне аударылады. Бұл келеңсіздіктен қашан, қалай құтыламыз? Құдайға шүкір, парламент пен үкімет бүгінде қазақша сөйлей бастады. Телевидениедегі қазақша контенттер 60 пайыздан асты дейді. Бірақ, бұл тіл майданында істелген жұмыстың бір тоғызы. Ал, істелмеген жұмыс - тоқсан тоғыз.
Осылайша, Қазақстан орыс тілі ықпалынан арыла алмай жатқанда, қазақ тілін мүйіздеп тағы бір тіл шықты. Ол - ағылшын тілі. Осынау мүйізі қарағайдай әлемдік тіл Қазақстан кеңістігінде тайраңдай бастады. Туған тілімізді туған жерінде мүйіздей бастады. Қазақ тіліндегі «қала», «шахар», «кент» деген сөздерді ысырып тастап, оның орнына «анау сіту», «мынау сіту» лерді тықпалай бастады.
Ағылшындану дертіне, басқаны былай қойғанда, ана тіліміздің шырақсысындай тілшілеріміздің өздері шалдыға бастады. Бұл індет салқыны, әсіресе, телеэкраннан көрінеді. Телеэкрандарда қазақша сөйлемдерге ағылшыншадан алынған show, live, like, weekend, all, hit tv, time vine, life style, cover тәрізді сөздер қаптап кетті. Өстіп тіл шұбарлау осы хабарларды таратып отырған тілшілерге не үшін керек болды екен дейміз? Не үшін? Өз тілімізді өз қолымызбен шұбарлауға біз сонша неге әуес болдық? Түсінсек бұйырмасын.
Біз телевидениені түгел мінеп отырған жоқпыз. Телевидение – қоғам айнасы. Сол айна мінсіз болса екен дейміз.
Осыдан келіп бізді ағылшын, немесе, орыс тілдеріне қарсы екен деп қалмаңыз. Бұл тілдерді де біз ана тілімізбен қоса ес білгелі үйренумен келеміз. Одан біз ұтылған жоқпыз. Жастарымызға: «Өзге тілді білгенше үйрен, ал, өз тіліңді өлгенше үйрен!» демекпіз.
Тәрбие басы тіл балам,
Осыны мықтап біл балам!
Ана тілінен айырылған,
Бұны ұқпайды кіл надан.
ххх
«Қазақ тілін жете білмейміз. Жете білсек әулиелік қазақ тілінде тұр». Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЕВ
«Халқымыздың тарихы да, тағдыры да –тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де , ділі мен діні де тілінде» Президент Қ.Ж. ТОҚАЕВ
Қазақ тілін 3 жыл бойы үйренген американдық турист қыз Қазақстанға келгенде тіл майданында көрген сорақылықтарын әлеуметтік желіде былай жазды:
«Осы аптада мен Алматыда болдым.Барған жерімнің бәрінде тек қазақша сөйлеймін. Мен барған 18 мейрамхананың тек біреуі ғана маған қазақша жауап берді. Қазақстанда қазақша сөйлесе алмай қор болдым. Сонда мен не үшін қазақша үйрендім? Мен мейрамханадан шыға сала жыладым» дейді американдық қыз бала. Шамасы бұл шетелдік қыз бала Димаштың әніне ғашық болып қазақ тілін үйренуге көшкен көптеген шетелдіктердің бірі болса керек.
ххх
Тереңдігі мұхиттай
Майқы биден қалған тіл.
Өткірлігі семсердей
Махамбеттен қалған тіл.
Ақылманы алаштың
Бұл Абайдан қалған тіл.
Әуезовтей кеменгер
Әулетіп кеткен тіл.
Жаугершілік заманнан
Елімайлап жетен тіл.
Қызыл қырғын кездерден
Күңіреніп өткен тіл.
Қазақтың бетке шығарын
Оққа байлап атқанда
Сол бір зұлмат заманнан
Аманат боп бүгінге
Жанайқай боп жеткен тіл.
ххх
Ей, жол үстіндегі жолаушы!
1.Тіл деген тек қарым-қатынас құралы десек, қателесеміз. Тіл –халықтың тарихи жады. Хатқа түспеген гәптің көбі тілде. Тілінен айырылған қазақтың баласы, қазақтың ұлттық тарихи жадынан да айырылады. 2. Тіл – халықтың имани жады. Ұрпағыңнан тіл кетсе имани да қоса кетеді. Ондай ұрпақтан күпірліктің небір түрін көресін. Ондай ұрпақтан ұлттық имани амалдарды күтпе! Имани амалдарды бермеген өзіңсің. Енді сол ұл-қызың кәртайғанда сені қарттар үйіне тапсырады. Өйткені, сен, ол ұл-қызыңды тілімен қоса өзінің ұлттық имани жадынан айырдың! Ей, ана тілінен безген ата-аналар! Енді не көрсең де, өзіңнен көр! Өз обалың өзіңе!
3.Тіл – халықтың салт - дәстүрінің қоймасы . Ол жоғалса салт пен дәстүр қоса жоғалады. Салт пен дәстүрді мыңдаған жыл сақтап келген сана қоса жоғалады. Бір шаңырақ астында атамзаманнан келе жатқан өмір сүру салтымыз қоса жоғалады. 4. Тіл – халықтың қорғаны. Ұлттың иммунитеті. Ұрпақтың рухын жанитын ұлттық тәрбие. Тілден айырылған күні, елді қорғайтын қорғаныңнан айырыласың! Біздің бүкіл ауыз әдебиетіміз, отаншылдық тәрбие тілімізде тұр. Тіл кеткен күні әлімсақтан ақындар мен батырларды тәрбиелеп келген қасиетті қазына қоса кетеді! Содан кейін Ұлы Даланы кім қорғайды? 5. Қазақтың тілі – Ұлы Дала тілі. Қазақтың тілін түсінбеген Ұлы Дала ділін түсінбейді. Өйткені, Ұлы Дала өз жанын өз тілін түсінгендерге ғана ашады. Ол тілде сөйлемей Ұлы Дала жанын түсіну мүмкін емес. Ұлы Дала жанын түсінбей оны сүю мүмкін емес. Ұлы Дала тілінде сөйлемеген Ұлы Даланы сүймек емес. Қадірін білмек емес. Ұлы Дала қадірін білмейтіндерден, Ұлы Дала үшін өлмейтіндер шығады. Құдайым, сондай болашақтан сақтасын!
ххх
Кешір тілім!
Сені сатып
Әбден тантып
Өзге тілде көпірдік.
Жетілдік деп лепірдік.
Ал, шынында кеми түстік, кетілдік.
Кешір тілім!
Ұрпағыңның ездігін.
Соны көріп сарайымда кезді мұң.
Барған сайын сұйылуда сөздігім.
Кешір тілім!
Қадіріңді білмеген
Мәңгүрттерге құрбан болған маржаным!
О заман да, бұ заман
Бұдан өткен бар ма мұң?
Кешір тілім!
Намыссыздың қолында
Мәстек болған тарланым!
ххх
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Жазушылар - халық тілін үйренумен өтетін шәкірттер. Халық ұстаздың шәкірттері. Сол шәкірттер халық тілін жинай-жинай жүріп сол тілдің қазыналы алтын сандығына айналады. Тіл жауһарлары толған сандыққа айналады. Тәңір берген таланттың арқасында жазушылар жазу үстінде сол алтын сандықта сақталған тіл қазынасының қолдану аясын, өрісін кеңейтеді. Ана тілінің алар асуын асқақтатады. Тәңір берген таланттың арқасында ана тілі бойында жасырын жатқан жауһари жақут қасиеттерді ашады. Яғни, ана тілінің бағын ашады. Алайда, жазушы қанша мұқият болғанымен 10 миллиондай қазақ сөзін түгел жинап сала алмайды бір сандыққа. Сол тіл жинаумен жүретін жазушының бір өзіміз. 14 жасымыздан бастап қазақтың сирек сөздік қорын жинаумен айналыстық. Бірақ, бұл байлықтың түбіне жете алмадық. Құдіретті қазақ тілінің мол қазынасын түгел жинап бітіре алмадық.
Смағұл Елубай,
Қазақстанның Халық жазушысы
Abai.kz