Еліміз әлем алдында еңкейіп жүрмеуі қажет!

Еңкеймей, әлем алдында еңсесін тік ұстап, еркін сөйлесе алуы үшін өзімізге жаңа талаптар жүктеу қажеттігін болжаған кезеңдеміз. Әсіресе, цифрлы дәуірдің сыйқырлы тілін, ділі мен сырын меңгерудің өзектілігі алға озды.
Президентіміз алдағы 3 жыл ішінде Қазақстан толықтай цифрлы елге айналуы тиіс деген нақты тұжырым айтты. Бұл әрқайсымызға берілген тапсырма, жүктелген міндет деп қабылдауымыз қажет. Цифрлы технологияларды өндіруші және оны оза қолданушы мемлекеттер қатарына қосылуға қуатты қадам жасалды. Бұл – тұтынушылық менталитеттен арылып, жасампаздыққа ұмтылдыратын өте маңызды идеология. Жасанды Интеллект министрлігі құрылып, жедел іске кіріссе, еліміз цифрлы жолмен дамудың оңай дейтіндей де емес, білімпаз үшін қиын да емес даму жолына түседі. Десек те, ұлттық жасанды интеллект дәуірі жаңа талаптар да қоятыны белгілі. Толықтай цифрлы елге айналу үшін латын графикасына көшу мәселесі өзекті болайын деп тұрған сияқты. Өйткені латын графикасы жаһандық цифрлық инфрақұрылымның негізгі графикалық базасын құрайтыны белгілі. Бағдарламалау тілдерінің басым бөлігі латын алфавитіне негізделген. Осыған байланысты, латын алфавитін меңгеру – тек алфавит тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның IT саласында жаһандық коммуникацияға толыққанды енуінің алғышарттарының бірі болады деп ойлаймын. Әлемдік цифрлы нарықтың тілі, сірә, ағылшынша. Қазіргі жастардың жаппай ағылшын тілін үйренуге деген ұмтылысының төркінінде цифрлы әлемге ену және жасанды интеллект табиғатын игеруге деген құштарлығы жатыр. Бұл қуантарлық жағдай.
Жалпы алғанда бүгінгі Жолдау қоғамымызға жаңа бір серпіліс берді. Әр сала мамандарының ой-санасында жаңаша бір көзқарастардың пайда болғаны анық. Инвестиция тарту мәселесі де, бір палаталы Парламент мәселесі де, Каспий тағдыры туралы ойлар да еліміздің дамуының ең маңызды тетіктеріне назар аудартты. Кейде дау-дамай шығарып, жоқ жерден елді шулататын әйелдер мәселесі де ішкі мәдениетіміздің жұтаңданып бара жатқандығының көрінісі ретінде аталды.
Қалай болғанда да, бұл Жолдау біздің қоғамның дамудың жаңаша бір табалдырығынан аттағалы тұрғандығын көрсетті.
Оңайгүл Тұржан
Abai.kz