Бейсенбі, 11 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 1361 0 пікір 11 Қыркүйек, 2025 сағат 19:46

Жамбылдық студент су тапшылығына қарсы тың жоба ойлап тапты

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасынан алынды.

Бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі — тіршілік көзі саналатын судың азаюы. Ауызсу тапшылығымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы егістік алқаптарды суаруға қажетті судың жетіспеушілігі де күрделі түйткілге айналуда. Осы орайда суды тиімді пайдалану мен оны тазарту бағытында түрлі инновациялық тәсілдер мен тың технологиялар қолға алынуда.

Су ресурстарын сақтау мен тазарту бағытындағы осындай ғылыми ізденістердің бірін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жас ғалымы Ұлжан Қанатбек жүзеге асырып келеді. Ол ойлап тапқан биочар  органикалық тыңайтқышы — суды тазартуға ғана емес, топырақтың құнарлылығын арттыруға да зор ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жарата отырып жасалған бұл тыңайтқыш қоршаған ортаның ластануын азайтуға мүмкіндік береді.

Қант қызылшасының қалдықтары мен «Қазфосфат» зауытынан шығатын фосфогипсті синтездеу арқылы алынатын тыңайтқыш топырақты байыта отырып, суды ауыр металдар мен зиянды заттардан тазартады. Зертханалық жұмыстардың нәтижесі бұл материалдың су сапасын жақсартуға тиімді екенін дәлелдеп отыр.

Жас зерттеушінің табыстары қатарында Shell және KAZENERGY компаниялары ұйымдастырған Student Energy Challenge 2023 байқауында жеңіп алған І орын мен 2 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдау бар. Сонымен қатар, ол Польшадағы Адам Мицкевич университетінде тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми жобаларға қатысқан.

Тараз университетінде биыл өткізілген Dulaty Summer School 2025 аясында Португалия мен Испаниядан келген профессорлармен бірге мектеп оқушыларына арналған су тазалау бойынша тәжірибелік сабақтарды да жүргізді. Сонымен қатар, Мәскеуде өткен ғылыми байқауда жетекшілік еткен оқушылары І орын иеленіп, жас ғалымның тәжірибе алмасудағы табысын көрсетті.

Ұлжан бүгінде су тазалау зертханасында кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істейді және магистратурада білімін жалғастыруда. Ол AutoDock simulation және Expert Design Optimization секілді ғылыми модельдеу бағдарламалары арқылы шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізуде. Бұдан бөлек, ол «Атамекен» ҰКП және Тараз университеті ұйымдастырған жоба аясында кәсіпкерлерге биочар өндіру мен оны тыңайтқыш ретінде қолдану бойынша дәрістер өткізген.

Алдағы уақытта Ұлжан Қанатбек білімін шет елде жалғастырып, өз ғылыми жобаларын әлемдік деңгейде дамытуды мақсат тұтып отыр. Оның арманы — ел игілігіне жарайтын өндіріс орнын ашу, отандық ғылымды дамыту және алған білімін болашақ ұрпаққа үйрету. Жас зерттеушінің айтуынша, ғылым жолы оңай болмаса да, ол өз өмірін осы салаға арнауға дайын.

Abai.kz

0 пікір