Тәңіршілдікті нығайту жолдары қандай?

Қоғамның рухани болмысы өркендеп, нығая түсу үшін оның екі қанаты болып табылатын рухани және материалдық, яғни, ислам мен тәңіршілдікті нығайтып, оларды үйлестіре білу керек. Қоғам өмірі бұл екі қанаттың қуатына ғана емес, жоғарыда айтылғандай, олардың үйлесімділігіне да байланысты.
Тәңіршілдікті нығайту болмысты толығымен қамтитын оның алғашқы мәнін қабылдауға байланысты. Болмыс «болу» деген сөздің мағынасын білдіріп, барлық болуды, яғни, болмысты түгелдей қамтиды. Көшпенділер болмыстың шыққан қайнар көзін Тәңір деп атаса, ал Оның қуатын «Көк Аспан» деп атаған. Бүкіл әлем Көк Аспанда пайда болды, және соның ішінде. Тәңір жаратушы, сонымен бірге, Ол Өзінің жаратқандарымен бір және біртұтас. Бұл қағида ислам діні бойынша да осылай. Алладан басқа ештеңе жоқ. Осыдан Алла тағала мен Тәңір бір деген ұғым шығады. Егер Алла мен Тәңір бір болатын болса, онда ислам мен тәңіршілдіктің түпкі мәні де бір. Олардың айырмашылығы тек қана сыртқы көрінісінде ғана. Абай: «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», - деген. Оларды айыра біліп, дұрыс бағалау керек. Ішкі сыры рухани болмысын білдіретін негізгі мәні, ал сымбаты сыртқы көрінісін білдіретін уақытша. Негізгі қасиеті болатын ішкі мәніне көңіл бөлгенде ғана ислам мен тәңіршілдікті біріктіре аламыз.
Тәңіршілдікті осылай қоғам бірлігінің кепіліне айналдыруға болады. Болмысты толығымен қамтитын тәңіршілдіктің алғашқы мәні бар. Ол мән - өмір көріністерін бірінен бірін бөлмей, толығымен қабылдау. Мысалы, Шыңғысхан дәуірінде барлық діндер бірдей қабылданып, дінаралық қақтығыстар болмаған. Осылай түрлі діндерді бөлмей, оларды біріктіретін қуатқа айналды. Бұл жағдай үлкен империяда діни қақтығыстарды болдырмай, қоғам бірлігін сақтауға мүмкіндік берді. Табиғат заңдылықтары толығымен орындалып, оны бұзғандар қатаң жазаланып отырған.
Біздің елімізде де болмыс бірлігін толығымен қабылдау қоғамның барлық қақтығыстарын болдырмауға мүмкіндік берер еді. Ислам өз дәрежесінде қабылданады. Осылай ислам құндылықтарын, яғни, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды мойындап, қасиетті Құранды, исламның барлық тағат-ғибадаттарын түгелдей қабылдауға мүмкіндік болар еді. Шын мәнінде, Тәңір мен Алланың айырмашылығы жоқ емес пе? Абай ілімі бойынша, екеуі де өздерінің алғашқы мәндерінде бір Болмысты білдіреді. Осылай түсініп, оларды дұрыс қабылдасақ, еліміздегі екі ағымның қайшылықтары өзінен өзі шешілер еді.
Исламда ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп, дәсүрлер жиынтығы бар. Бұлар қоғам өмірі ғана емес, сонымен бірге, әрбір адамның өмірін де қалыпты жолға салуға мүмкіндік береді. Табиғаттың бұл заңдылықтары тәңіршілдікте ұмытылып, не болмаса мүлде басқа мән алып кетті. Әсіресе, ұлтымыздың салт-дәстүрін өз мағынасында қабылдаудың маңызы үлкен. Ұлттық салтымызды ойын-тойлардың қайнар көзіне айналдырып жіберген бүгінгі күндердегі әдетіміз қалып, оларды халықтың жүрек көзін ашып, рухын көтеру үшін пайдалануға болар еді. Сонда әрбір дәстүрдің терең мәнін түсініп, Болмыс көріністерімен бірігуге, қоғам өмірін толығымен үйлестіруге мүмкіндік туады.
Екі ағымның бірлігі соларды қалпына келтіріп, жөнге салуа жағдай жасайды. Себебі, әлем заңдылықтары бүкіл дүниеге ортақ, діндерге бөлінбей, қоғамға бірдей әсер етеді. Осылай, құлдырап бара жатқан салт-дәсүрімізді қалпына келтіріп, олардың ішкі сырын түсініп, дұрыс қолдануға мүмкіндік туар еді.
Ислам мен тәңіршілдік құндылықтарын біріне-бірін қарсы қоймай, керісінше, оларды толықтыруға болады. Аруақтардың көрнеу әлеммен байланысын, қазақтың: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана сөзінің мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Аруақтар көрнеу әлем мен көрінбейтін жоғары әлемдері байланыстыратын қуат. Фәни өмірде бұлардың маңызы бар. Бірақ, рухани жолдағы әлемге ұмтылатын адамдарға олардың көмегі шамалы. Исламның аруақтармен байланысты қолдамайтын себебі де осыдан. Бірақ, фәни өмірде туыстар арасындағы бірлікті, жан тыныштығын сақтауда аруақтардың әсері бар. Болмыспен толық үйлесімді болған тәңіршілдік бір кезде бұлардың терең мәнін жақсы білген, енді солардың барлығын табиғат заңдылықтарын зерттеу арқылы қалпына келтіру керек. Бұл табиғаттық нәзік қабаттарын зерттейтін эзотерикалық деңгей.
Екі ағымды үйлестіру жолында өмірдің негізгі мақсаты болып табылатын түп Иеге қайтуға мүмкіндік беретін Абай көрсеткен үш сүю іліміне көңіл бөлген жөн. Бұл жолда қоршаған табиғатты тану арқылы Жаратушыға деген сенімді өсіруге болады. Абайдың үш сүюінің мәнін толық қабылдағанда адамның иманы өседі. Ал Абайдың өзі айтқандай, «Пендеге иман өзі ашады жол». Иман бүкіл өмірдің негізгі тірегі. Осы арада иманның нақты мәнін түсіну үшін Абай сөзін еске алайық. Ол өзінің отыз сегізінші сөзінде былай дейді:
Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың... Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек.
Абай иманның өте маңызды терең мәнін осылай қарапайым сөздермен түсіндіріп береді. Иман дегеніміз -- құр сенім емес, сол сенім негізінде әрекет жасау. «Әрекет» деген сөз арабтың «харекет» деген сөзінен шығып, рухани амалды білдіреді. Яғни, тек қана Алланың ризалығы үшін жасалған әрекетті білдіреді. Басқа әрекеттер имандылыққа жатпайды. Тек иманды әрекет қана өмірге пайдалы, имансыз әрекет пайдасыз, тек азғындыққа ұшыратады. Бүгінгі күндердегі адамзаттың азғындық жолына түсуінің бір себебі осы имансыз әрекет. Имансыз әрекеттің салдарынан бүкіл әлем қақтығыс алаңына айналды. Оның дәлелі ретінде бір ғана мысал келтірейік. Жуырда өткен (02.09.2025 ж.) Шанхай ынтымақтық ұйымының саммитіндегі Қытай, Ресей және Солтүстік Корейдің басшыларының бірге жүрген суретін әлемдік БАҚ «Бұл үштіктің Бейжиндегі әскери парадта басқосуы – Батысқа қарсы күш біріктіруге мақұл екенін көрсеткені», – деп бағалайды. Шын мәнінде Ресей жуырда ғана коммунистік қоғамның атеистік шеңберінен шыққан, Қытай әлі күнге дейін сол коммунистер билеген ел, ал Солтүстік Корей олардан да сорақы, нағыз тоталитарлық ел екенін, сонымен бірге, бұл үшеуі де атомдық қаруы бар елдер екенін ескерсек, бұлардың бірігуінің мақсаты, және оның салдары адамзат қоғамына қандай үлкен қауып екені айтпаса түсінікті болса керек. Болмыстың рухани бөлігі ұмытылып, материалдық жағы күш алғанда ғылыми-техникалық өркениет осындай үлкен зардап әкеледі.
Адамзат қоғамындағы осындай жағдайды ескере отырып, еліміздегі ислам мен тәңіршілдіктің арасындағы қақтығысты болдырмай, оның алдын ала білуіміз керек. Оларды үйлестіре отырып, бұл зиянды әрекетті пайдалы іске айналдыруға болады.
Бұл іс, әрине, мемлекеттік деңгейде орындалуы керек. Ол үшін елімізде толық жағдай бар. Мемлекет министрлігінде дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы, ал әрбір облыста дін істері басқармасы бар. Ислам мен тәңіршілдік алауыздығын болдырмай, олардың арасында үйлесімділік орнату солардың ісі болса керек.
Қорыта айтқанда, исламның Аллаға деген сүйіспеншілігін тәңіршілдік қабылдап, Түп Иеге қайту құралына айналдыруы керек. Сол кезде өркениеттің екі қанаты болып табылатын рухани және материлдық құндылықтар өзара үйлесіп, елімізге адамзат көшінің алдыңғы қатарынан орын алуға мүмкіндік туады.
Досым Омаров,
Абайтанушы, теолог
Abai.kz