Жексенбі, 14 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 203 0 пікір 14 Қыркүйек, 2025 сағат 14:45

Жұмысшы мамандықтар жылындағы тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы EuroSkills Herning 2025 чемпионатында 7 «Үздік медальон» жеңіп алды

Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің facebook арнасынан алынды.

Қазақстанның ұлттық құрамасы Данияда өткен IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатында – EuroSkills Herning 2025 жарысында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Қазақстандық студенттер бірден 7 «Үздік медальон» иеленді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Чемпионатқа 32 елден 25 жасқа дейінгі 600 үздік жас маман қатысты. Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың қатарында веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс, автомеханика және басқа да бағыттар бар.

Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің facebook арнасынан алынды.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама төмендегі құзыреттер бойынша жоғары нәтиже көрсетті:

Веб-технологиялар – Мұхаметжан Ағыбай (Астана қ., ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі). Сонымен қатар Қазақстанның Best of Nation – «Үздік өкілі» атанды.

Мехатроника (топтық жұмыс) – Артем Мочинский (ШҚО, Өскемен жоғары политехникалық колледжі) және Данил Турапин (Астана қ., Жоғары политехникалық колледж).

Графикалық дизайн – Бағыжан Қойшыбаев (Ақтөбе қ., Жоғары политехникалық колледж).

Желілік және жүйелік әкімшілендіру (топтық жұмыс) – Данил Лапенко (Астана қ., Жоғары политехникалық колледж түлегі) және Глеб Сауленко (Қостанай обл., Автомобиль көлігі колледжінің түлегі).

CAD инженерлік дизайн – Бақдаулет Қуаныш (Атырау обл., С. Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледж).

Ұлттық құраманы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңісімен құттықтады.

Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің facebook арнасынан алынды.

«Бұл жетістік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Жұмысшы мамандықтар жылы біз қазақстандық колледждердің заманауи кадр даярлау орталықтарына айналып келе жатқанын, ал студенттеріміздің халықаралық аренада бәкеге қабілетті екенін көріп отырмыз. Студенттерді, педагогтерді, сарапшылар мен тәлімгерлерді тарихи жеңіспен құттықтаймын», - деді министр.

Анықтама үшін:

EuroSkills – WorldSkills қозғалысы аясында өткізілетін Еуропадағы ең ірі жас мамандар чемпионаты. Оның басты мақсаты – кадрларды даярлау саласындағы заманауи стандарттар мен жетістіктерді көрсету. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан 2 медальон жеңіп алды.Биылғы чемпионат Солтүстік Еуропадағы ең ірі көрме орталықтарының бірі MCH Messecenter Herning алаңында өтті.

Сурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің facebook арнасынан алынды.

Abai.kz

0 пікір