Сейсенбі, 16 Қыркүйек 2025
Әдебиет 140 0 пікір 16 Қыркүйек, 2025 сағат 14:43

Марго Джефферсон: Ой мен сезім әрдайым қатар жүреді

Сурет: thenation.com сайтынан алынды.

Франклин Нельсон: Жақында X-тен (бұрын Twitter деп аталған әлеуметтік желі) америкалық жазушы Рэй Брэдберимен жасалған сұхбатын көрдім.

Одан шығармашылық туралы сұрағанда, ол: «Интеллект шығармашылыққа үлкен қауіп, өйткені сен өзіңнің негізгі шындығыңнан – кім екенің, қандай екенің және кім болғың келетініңнен – ажырап, бәрін ақылмен ақтап, себептер іздей бастайсың» – деді. Сондай-ақ, «жазушы ешқашан машинка басында ойламауы керек, ол сезінуі тиіс» дегенді қосты. Форма мен тақырыптың байланысын қалай түсінесіз? Брэдбери дұрыс айтты ма – жазушы ойламай, тек сезінуі керек пе?

Марго Джефферсон: Мен ондай қарама-қарсылықпен мүлдем келіспеймін. Жазушылық өмірде ақыл басым болатын сәттер бар – ол тіпті апталарға созылуы мүмкін. Бұл – қажет. Сезімге де қатысты солай: «Мен мұнда не істеп отырмын? Нені жіберіп алдым деген сұрақтар туралы жиі ойлануы керек. Бірақ олар әрқашан бір-бірін сезінеді. Келіспей тұрса да, өзара үндестік табуға немесе пайдалы қайшылық тудыруға дайын. Жоқ, Брэдберимен келіспеймін. Неге келісуім керек? Өмірімнің көп бөлігін сыншы болып өткіздім ғой. Сыншы болу барған сайын – әсіресе қазір, газет-журнал бағандарынан гөрі, жеке реңкі басым кітаптарда жазып жүргенде – сыни ойдың бұрыннан берілген беделін шайқау дегенді білдіреді. Бұл – авторлық, кейде тіпті «бәрін білетін баяндаушы» тәрізді түсінік. Мұны жалғыз мен ғана байқап отырған жоқпын, бірақ мен үшін негізгі ұстаным – ой мен сезімнің қарым-қатынасын күрделендіру. Мұны түрлі жан дүниелік жағдайлар да күрделендіреді, мысалы, медитация. Буддистік үлгіде ғана емес, жалпы – ой жүгірту дегеніміз – әрі сезіну, әрі ойлау. Мәселен, біреуді мойындау ашық әрі күшті сезімнен тұруы мүмкін, бірақ ол сондай-ақ қатал да қатаң ойдан да туындайды. Сондықтан біз бұл формаларды күрделірек қарастыруымыз керек — тек жазушы ретінде емес, оқырман ретінде де.

- Соңғы жылдары сіз негізінен кітап жазумен айналысып жүрсіз, бірақ бастапқыда журналист әрі рецензент болдыңыз.

- Иә, қазір де солай! Мен «beat journalist» болдым. Кейде очерк жаздым, бірақ негізінен рецензиялар, сондай-ақ кейін «мәдени сын» деп аталған дүниелерге ден қойдым. Бұл – белгілі бір туындыға емес, америкалық мәдениеттегі даулы тақырыптарға талдау жасау. Кеңейтіп жазатынсың, ойға ерік беріп, байланыстар іздеп, жартылай қорытынды жасайтынсың.

- Журналистика сізге не берді? Оның шектеулері мен сабақтары қандай болды?

- Алдымен маған не бергенін айтайын! Журналистика маған негізгі қағидаттарды үйретті: тақырыпқа қалай жақындау, зерттеу жүргізу, ойлану, дедлайнды сақтау, негізгі идеяларды шектеулі көлемге сыйдыру. Бірақ бұл өте нәзік нәрсе: өз дауысыңды, өз ой-пікіріңді – яғни оқырманның сізді неге оқуы керегін көрсететін даралықты – әрқашан басылымның ортақ үнімен үйлестіру керек. Әр басылымның өзіндік үні бар. Бір басылымнан екіншісіне ауысу жеке стиліңді сақтап қалудың бір жолы болды. Мысалы, Village Voice, Ms. немесе Vogue-қа жазу бір басқа, ал Newsweek немесе New York Times-қа жазу мүлде басқа. Тілді, кіріспе тәсілді әртүрлі қолдануға болатын. Осы екеуін де үйретті. Теріс жақтары да осы айтқандардан аңғарылады. Біртекті ойыншыға айналып кету қаупі бар: «Мынаны осылай айтуым керек»; «Мына жерде жұмсартып жазуым керек»; «Бұл журналға жеке, интимдік кіріспе керек — соны ойлап табайын» деген сияқты. Бұл біртіндеп болжамды, жалықтыратын нәрсеге айналады. Қайталай беретін сөздеріңді байқайсың, әдеттегі өлшемнен тыс тақырып түссе, абдырап қаласың. Баяғы банальді ситкомдар сияқты: көріп отырып рахаттанғаныңмен, актердің қашан, қалай қимылдайтынын алдын ала білесің. Журналистика да сондай болуы мүмкін.

- Сын көбіне біржақты, тұйық ой білдіру, белгілі бір объективтілікке ұмтылу, маңыз беру және шектеу қоюмен шектеліп жатыр. Бұған не дейсіз?

- Мен әрдайым, айтқаныңыздай, сынның осы қағидаларына қарағанда, оларды қара түсті әйел, азшылық өкілі ретінде жазғанымның әсері зор екенін сезіндім. Newsweek-ке барғанда оларда сыншы ретінде әйел де, түсті нәсілді адам да болмаған. Times-та менен бұрын да аздағандар болды – Анатоль Бройард, мысалы, сырт көзге ақ көрінген, бірақ ол қара нәсілді еді. Сондықтан ол қағидаларды ешқашан өздігінен берілген нәрсе деп қабылдамадым. Әрине, қолдандым, бірақ толығымен бой алдыра алмадым. Әрдайым олармен белгілі бір диалогта, кейде дауда болуға тырыстым.

Дайындаған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір