Буча қырғыны. Ресей әскерінің зұлымдығы...

Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысындағы адамзат тарихы еш ұмытпайтын ең бір қасіретті, қайғылы, қанқасап қырғындардың бірі Киев түбіндегі Буча дейтін қалада болды.
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей соғыс ашып, 25-27 ақпанда Ресей әскері Бучаға шабуылдай бастады. Қала үшін қиян-кескі шайқастар болды. Ресей Бучаны аяған жоқ. Көптеген тұрғын үйлер үйінді-қирандыға айналды. Ал наурыздың басында Буча толықтай оккупацияланды.
Буча жау қолына өткенге дейін қалада 40 мың жан саны болған. Ал оккупация кезінде қалада 5 мыңнан аса адам қалған. Басқыншы Ресей әскері осы қалған 5 мың адамды тіпті аяған жоқ. Ойларнына келгенін жасады. Жас-кәрі, кемпір-сампыр, әйел-бала-шаға деген жоқ. Ұрлық-қарлық, тонауды айтпағанда, зорлайтынын зорлады, қорлайтынын қорлады. Ресей жендеттерінің ойларына қандай зұлымдық келді, соны жасады.
Буча ұзын-ырғасы 29 күн жау қолында болды. 31 наурызда Украина Бучаны толық қайтарып алды. Осы 29 күннің ішінде Ресей жендеттері 500-ден аса адамды аяусыз қырып тастаған. Жүздеген адам із-түссіз жоғалғандар тізімінде. Қынадай қырылған адамдардың мәйіттері аулаларда үйіліп жатты. Жендеттер өз дегендеріне көнбей, қарсыласқандардың бастарын кесіп, шарбақтарға іліп қойған. Бір Бучада бірнеше үлкен шұңқыр қазылып, өлгендерді үйіп-төгіп көме салған (жалпы қорымдар).
Осының бәрі кейін әшкере болды. Шарбақтарға ілінген бастардың суреттері де жарияланды. Ең сорақысы Бучада табылған көптеген мәйіттің қолдары артқа байланып, атылғандар екені, олардың дені әйел-бала-шаға екені анықталды. Табылған мәйіттердің 90 пайызы снаряд сынықтарынан емес, оқ тиіп өлгендер болып шықты.
«NBC News» жазып таратқан бір эпизод: «Ирина Абрамова дейтін әйел Буча қырғыны туралы: «Көшеде снайпер болды. Ресей сарбаздары біздің үйдің терезесінен граната тастады. Олар барлық үйге сөйтті. Үйіміз өртенген соң күйеуім көшеге жүгіріп шықты. Біз аулада тұрдық. Басқыншылар күйеуімді шешіндіріп, тізерлетіп отырғызды да атып тастады. Ал көшедегі снайпер көшеге шыққанның бәрін бірден атып тастап отырды. Сондықтан, күйеуімнің мәйіті бір ай бойы көшеде жатты. Аулаға алып кіре алмадым», - деп еске алады», - деп жазады.
Бучаның әрбір көшесі, әрбір ауласы бейбіт халықтың мәйітіне толған. Бучадағы әрбір үй туралы жеке-жеке фильм түсірсе, басқыншы Ресей әскерінің қанқұмарлығын күллі әлемнің құлағы еститін әрбір адамы білген болар еді.
Жуырда «The Sunday Times» басылымы осы Буча қырғынына қатысқан Ресейдің 13 офицерінің аттанын атап, түстерін түстеп, тізбелеп шығыпты.
Бучада қарусыз халықты қырған 13 командир: Генерал-полковниктер – Александр Чайко, Валерий Солодчук, Александр Санчик; генерал-майорлар – Сергей Чубарыкин, Владимир Селиверстов, Вадим Панков; полковниктер – Азатбек Омурбеков, Юрий Медведев. Олардың басшылығымен әрекет еткен тағы 80 адамның аты-жөндері белгілі болған. Бұл қанқұмарлардың жетпіс жеті ұрпағына қарғыс!
Abai.kz