Дүйсенбі, 29 Қыркүйек 2025
Ақордадағы кездесу 175 0 пікір 29 Қыркүйек, 2025 сағат 14:32

Қазақстан мен Италия: Президенттер не дейді?

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелланы салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.

– Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін, – деді Қазақстан Президенті.

Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.

– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын, – деді Италия Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлемі мен ықыласын жолдады.

Қазақстан мен Италия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.

– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.

Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды.

Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.

– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашады. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.

Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

Abai.kz

0 пікір