Жұма, 3 Қазан 2025
Билік 167 0 пікір 3 Қазан, 2025 сағат 14:04

Қазақстан мен Мажарстан: Тарихи туыстықтан Digital болашаққа дейін...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президентімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға келгені үшін Тамаш Шуйокқа алғыс айтты.

– Сіздің бұл алғашқы ресми сапарыңыз ынтымақтастығымызды нығайту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Мажарстан – біздің егемендігімізді алғаш мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямызды қабылдаған бірінші еуропалық қала. Сондықтан Сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Тамаш Шуйок қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, елдеріміздің арасында сенімге, өзара құрмет пен тарихи байланысқа негізделген белсенді диалог орнағанын атап өтті.

– Халықтарымыздың достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ таңертең өткен Digital Bridge 2025 форумында айтқанымдай, қос мемлекет арасындағы ықпалдастықтың болашағы зор. Біз көптеген жобалар мен бастамаларды бірлесе іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мажарстан Президенті.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Мажарстанның мәдени және білім беру салаларындағы байланысын нығайтудың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық перспективасын қарастырды.

Қазақстан мен Мажарстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуымен ерекшеленгенін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.

– Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді. Халықтарымыздың тарихи жақындығы мен бауырластығының дәлелі ретінде 2023 жылы Астана көшелерінің біріне көрнекті мажар ақыны Шандор Петефидің есімі берілген болатын. Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Тамаш Шуйоктың айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады.

– Халықтарымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан байланысының тіні берік екенін ұдайы байқап жүрміз. Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына әрдайым қызығушылықпен қарайды. Сондықтан еліміз Шығыс пен Батыс, Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы алтын көпір ретінде миссиясын үнемі атқарып келеді. Президент мырза атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады. Экономикалық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады, – деді Мажарстан Президенті.

Келіссөз барысында сауда-инвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Мажарстан Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокты Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.

– Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Будапешт төрінде ашқанымыз ерекше символдық мәнге ие, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтты.

– Қазақ халқы Мажар елімен орнаған ерекше қарым-қатынастарды қашанда үлгі тұтады, қастерлейді. Бүгінде сан қырлы екіжақты ықпалдастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болатын стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Жаңа ғана Өзіңізбен өткен мазмұнды келіссөздеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын растады. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың аясын кеңейтуге мүдделі. Біз қол жеткізген маңызды уағдаластықтар қазақ-мажар ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының Өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі. Сондай-ақ осы жоғары марапат халықтарымыздың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Өз кезегінде Мажарстан Президенті көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Тамаш Шуйок әрқашан қазақ-мажар достығына қолдау көрсететініне назар аударып, Орталық Азия мен Еуропа арасында дәнекер болуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокқа шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аударған.

– Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 миллион доллардан астам инвестиция салды. MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте, энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген.

– Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады.

– Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Президент Тамаш Шуйокпен аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын айтып, әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдататынына тоқталды. Тараптар барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Осы ретте президенттер халықаралық деңгейде бір-біріне қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келісті.

– Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін. Қол жеткізген барлық келісімдер ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ. Бауырлас халықтарымыздың ынтымағы берік болсын. Елдеріміз өсіп-өркендей берсін! – деді Қазақстан Президенті.

Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.

– Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін, – деді Тамаш Шуйок.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 527
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 8656
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 532