Жұма, 24 Қазан 2025
Әдебиет 339 0 пікір 22 Қазан, 2025 сағат 13:42

Аға көрме! Иә, жұлдызым, жоғары!

Сурет: Глабная сайтынан алынды

Биыл орыс әдебиетінің «күміс ғасырында» жасаған, заманында «шулыған шайыр» атанған Сергей Есениннің дүниеге келгеніне 130 жыл. Оны отыз-ақ жасында, 1925-тің 27 желтоқсанында, яки бұдан жүз жыл бұрын «революция бесігі» Петроградта чекист-жаналғыштар құпия жағдайда өлтіріп, кейін Лейба Бронштейн(Троцкий) бастаған советтік-жойыттық билік ақынның «өзіне өзі қол салғандығы» жөнінде аңыз таратып жіберді.

Ақын өзі мерт тапқан 25-жылы 74 өлең, төрт көлемді дүние жазған. Төменде осыдан тура 100 жыл бұрын хатқа түскен, яғни өлер алдындағы Керез-Сөз сынды жырларын өз аудармамда жариялап отырмын. Айт-Ман.

Аға көрме! Иә, жұлдызым, жоғары!

Салқын сәулең тінтсін түннің тылсымын.

Қабірстан шарбағынан сәл әрі

Жан естімес тірі жүрек дүрсілін.

Сүмбіледе сәуле сеуіп соңғы сәт,

Кәрі сұлу құлаққа ілген сырғадай;

Жым-жырт жатқан күллі алапқа белгі сап,

Дірілдейсің сынық қанат тырнадай.

Түргелуге жетіп сонда дәрменім,

Қараймын кеп өңсіз тауға, қайыңға.

Естимін мен салған әнді әлдегім,

Атамекен, бабакүлдік жайында.

Сарқылардай қайың сөлі – қаны шын,

Таусылардай жапырақтар желге ұшып,

Сүйіп, талақ қылғаны үшін – бәрі үшін,

Бейшаралар жылап жатыр жер құшып.

Қатысынсыз кісі өлтіргіш жалдаптың,

Білем, білем, келеді, әне, жақында –

Дәл жанында қаралы бір шарбақтың

Жапырақ құсап жататын күн ақынға.

Әлсіз жалын жана-жана ақыры,

Кетеді ертең күлге айналып жүрегім.

Құрдастарым сұрғылт тасқа қатырып,

Көңілді өлең жазатынын білемін.

Бірақ жұртты өз қайғысы өртесін,

Өзіме арнап жазған қаза-нама бұл:

Сүйді ол туған Отаны мен өлкесін,

Маскүнемдер қалай сүйсе кабагын.

1925 ж.

* * *

Қылымсыма маған қарап қас қағып,

Сені емес тек! –

Сүйемін мен басқаны.

Саған әбден белгілі ғой,

білгенде –

өзіңді іздеп келмейтінім бұл жерге.

Жанай өтіп бара жатып бұрылдым,

Келді, әшейін, терезеден үңілгім...

1925 ж.

* * *

Шайтан алғыр,

мына боран күллі әлемді сапырды,

Ақ шегемен қағып жатыр азынаған шатырды.

Маған ғана қауіпті емес,

жүрегіммен қанқұйлы

сол боранға шегелеген тағдыр мендей ақынды.

1925 ж.

* * *

Қарлы дала.

Ай да әлемді ақтауда,

Бүкіл аймақ ораныпты кебінге.

Ақ қайыңдар әлдекімді жоқтауда,

Кім өлді екен?

Өлген, әлде өзім бе?

1925 ж.

***

Жапырағы желге ұшып, мұз құрсаған үйеңкім,

Ақ боранда дірдектеп тұрысыңды сүйем тым!

Нені сездің? Не білдің? Тосып тұр ма қан-дұзақ?

Бұл ауылда қыдырып жүрген сен бе жалғыз-ақ?

Ішіп кеткен құсадан

Мас күзетші құсаған,

Үсік шалып аяғын, жолын мұздақ тұсаған.

Достарыммен көп сілтеп, айтсам ұзақ тойда өлең,

Үйіме де жете алмай қалып жүрмін кейде мен.

Мойыл менен қарағай құшаққа ала жаздайды,

Ақ боранның астында ән айтамын жаз жайлы.

Сөйтіп тұрып өзім де үйеңкіге айналам,

Жапырағым жайқалып, бұтақта құс сайраған.

Тәрк қылып ұяттан жұрдай болған қасқамын,

Ақ қайыңды құшамын – жұбайындай басқаның.

20.11.25.

***

Сағынышының баса алмас кісі күйігін,

Ай-һай да, менің Русім...

Аңсарым сынды жоқ сенің ұшы-қиырың,

Сенсіз де өмір құрысын!

Дұға ғып дәруіштерше бау-баққа асылған,

Көз сүзем саған еңселіп.

Әуенді тыңдап масаям аулақта тұрған

Теректер айтқан теңселіп.

Шіркеуінен үн шығып Құтқарушының

Жұтсаңыз алма, бал исін,

Шалқуы сынды жұтқан исінің,

Дабылын бидің танисың.

Жастықтың шалқып жанғанда оттары,

Жүрекке тиіп шырпысы,

Кідіріп тұрман –

сыңғырлап орман жақтағы

Шақырса қыздың күлкісі.

«Русьті таста, Бейіштен тұрағың қамда!» –

Десе егер маған Киелі үн:

«Отанымды қалдыр, – дер едім, – Жұмағыңды ал да!» –

Дірілдеп тұрып иегім.

1914

***

(«Парсы саздарынан»)

Пұлың – міне, басқа менде қайғы не,

Айырбасшы, бүгін мені құлым де,

«Сүйем сені» деген сөзді Ләйліге

Не деп айтам ғажап парсы тілінде?

Осы сөзді берші бүгін алтынға,

Айырбасшы, сұрамаймын сенен көп,

Желдей жеңіл, судай тұнық қалпында

Мен Ләйліге қайтіп айтам «өбем» деп?

Шындығында, сүйген жанның айыбы не,

Ақын жүрек шығармайды бекер үн,

Айтқым келіп бара жатыр Ләйліге,

Енді мәңгі оның «мендік» екенін.

Айырбасшы айтты сөзін, қысқасы:

«Ғашықтықты жеткізбессің сөзбенен»,

Жүзің жасып, ізін басып, түс қашып,

Айтар бәрін жақұт шашқан көзбенен.

Сүю жайлы сөзбен айту мүмкінсіз,

Табытыңа баса алмайсың таңба ғып.

Шын махаббат гүлдің үні ол үн-түнсіз,

Жұпары оның құяр келіп жанға ағып.

Мұндай ару кетпес маған өптірмей,

Қуаныш та, қайғы да бар бетте ана.

Аппақ саусақ: «Сен – мендіксің» деп тұр ғой,

Дар айырып шадырасын қап-қара.

1925

***

(«Парсы саздарынан»)

Ұстазымның несі кем,

Шәкірттіктен қашам ба –

«Сағди қызды төсінен

Сүйген, – дедің, – қашанда».

«Евфраттың гүлінен

Сұлу емес ешбір қыз».

Байып жатсам, түбі мен,

Басқа бір ән естірсіз.

Барлық гүлді жұлар ем,

Қайың шашын тарар ем –

Тану үшін мына әлем

Ең сұлу деп Шаганэм.

Жанды жырмен жуғанмын,

Бұйрық осы Иемнен:

Ақын болып туғанмын,

Тек ақынша сүйем мен.

1925

***

Қош бол, Баку! Көрмеймін енді сені.

Мұң мен үрей, бұл ненің белгісі еді?

Саусағымды қысқанда Достың қолы,

Толқытпаған дәл бұлай ешкім мені.

Қош бол, Баку! О, түрки көк айдыным!

Қаным суып, бойымда жоқ айбыным.

Алып кетем, шомылсын қабір-тамым,

Каспий үнін, Балахан мамыр таңын.

Қош бол, Баку! Ән құсап қарапайым!

Құшсын досым соңғы рет ағатайын...

Бас иезейді ол, құшаққа тұта қарпып,

Бозқараған сықылды жұпары аңқып...

Май 1925

* * *

Ал қош, достым, қоштасайық кел, кәні,

Жақын тартып кетіп едің жаныма.

Қашса да алып тағдырдың тар жолдары,

Ол жол бізді қауыштырмақ тағы да.

Қош, қадірлім, қол ұсынып қарманба,

Мұңға шомып қарай берме қадалып.

Өлу деген таңсық жәйт пе жалғанда? –

Өмір сүру – емес ол да жаңалық!

1925 ж.

Орыс тілінен аударған: Светқали Нұржан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1069
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10463