Республика күні: Кімдер мемлекеттік наградаларға ие болды?
Еліміз ертең Ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешенін және тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табысталды:
* Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы Мұрат Қаражұмановқа;
* Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ КД «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы Сергей Чернобайға.
Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызмет атқарған азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталды.
Марапат иелерінің қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері бар.
* «Отан» орденімен Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицин марапатталды.
* І дәрежелі «Барыс» ордені – «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы К.Исаевқа және Қазақстан журналистикасының ардагері С.Харченкоға табысталды.
* ІІ дәрежелі «Барыс» ордені – «Ақтоғай» су электр стансасының директоры Т.Баймолдаевқа, академик О.Сәбденге, еңбек ардагері Е.Тәжиевке, дирижер М.Серкебаевқа және басқа тұлғаларға берілді.
* ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен профессорлар А.Алматов пен Н.Измаилов, кәсіпкер Т.Шектебаев, ақын Ә.Беркенова және өзге де азаматтар марапатталды.
Еліміздің рухани және зияткерлік дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ғалымдар, мәдениет және өндіріс саласының өкілдері «Парасат» орденіне ие болды. Олардың қатарында ақын Ғ.Жайлыбай, журналистика ардагері Е.Брусиловская, дәрігер М.Башабаев және басқалар бар.
Халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан еңбегі үшін италиялық «Social theater-Camogli» театрының көркемдік жетекшісі Аквавива Джузеппе ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
«Құрмет» ордені Астанадағы №3 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері М.Абдуовқа, инженер Б.Айтжанға, «QazaqGaz Aimaq» слесарі Г.Жасыбаеваға, архив директоры С.Шілдебайға, актриса Г.Дусматоваға, сарапшы А.Чеботаревке және басқа азаматтарға табысталды.
Ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Л.Асановқа, Павлодар облысындағы славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы В.Берковскийге, неміс бірлестігі өкілі Е.Больгертке, татар-башқұрт орталығының төрағасы Р.Валиевке, өзбек қауымдастығы өкілі А.Исматуллаевқа берілді.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге өндірістік салалардың еңбеккерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, қоғам қайраткері И.Сауэрге және басқа тұлғаларға берілді.
«Қазақстанның халық жазушысы» атағына М.Айтқожа мен Ғ.Қабышұлы, ал «Қазақстанның халық әртісі» атағына Б.Әбділманов, М.Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева және Р.Машурова лайық деп танылды.
Денсаулық сақтау және ғылым саласының өкілдері «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атақтарын иеленді.
Әскери және қызметтік борышын адал атқарып, ұлттық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін әскерилер мен құқық қорғау органдарының өкілдері «Даңқ», «Айбын» ордендерімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Айта кетерлігі, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, түрлі саладағы 500-ге жуық жұмысшы мен еңбеккер, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және өз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
Abai.kz