«Бойтұмарым – қара өлең»
Жазиралы Жаркент қаласы тағы бір тамаша әдеби кештің куәсі болды. Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлбақыт Қасеннің «Бойтұмарым – қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті. Зал толы көрермен – туған жердің талантты перзентін қолдауға асыққан халықтың ыстық ықыласы мен ақынға деген шексіз құрметтің айғағы іспетті.
Кешке зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қатысты. Панфилов ауданының әкімдігі ұйымдастырған мәдениет ордасының сахнасы бұл күні жыр мен сырға, әуен мен әсерге толды. Ә дегеннен-ақ, Д. Рақышев атындағы халық театрының көрінісімен басталған шара көрерменді бірден сезім иіріміне жетеледі.
Гүлбақыт Қасен – поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, өлеңге адалдығымен ерекшеленген ақын. Оның жырларында аруға тән нәзіктік пен азаматқа тән асқақ ой қатар өріледі. Ақын жанының жылуын туған жеріне, еліне арнап келе жатқан қаламгерге бұл кеш – жылдар жемісінің, еңбектің мерейлі сәті.
Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ержан Алаштуған ізгі тілегін білдірді:
– Мемлекеттік қызметте жүріп, өнерін ұмытпаған, қайта бәрінен жоғары қойған Гүлбақыт Тоқтанқызымен мақтанамыз. Ол өз өңірінің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы, – деді ол.
Ал Талдықорғаннан келген «Janr» әдеби клубының президенті, жазушы Есболат Айдабосын Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтау хатын оқып, ақынға табыстады.
Кеш иесін Панфилов ауданының әкімі Мұрат Сағымбек те сахна төріне шақырып, жерлестері атынан құттықтау сөз сөйлеп, арнайы шапан жапты.

Сурет: Аввтордың мұрағатынан алынды.
Шығармашылық кеш барысында ақынның бірқатар жаңа кітаптарының тұсауы кесілді. Олар – прозалық, поэзиялық, балалар әдебиеті мен аударма жанрында жарық көрген «Қарашада өмір бар», «Тамшы тағдыр», «Баркөрнеу» және «Біз бақытты баламыз!» атты туындылар. Әр кітап Гүлбақыт Қасеннің жүрек жылуымен өрілген, ел руханиятына қосқан үлесі.

Сурет: Аввтордың мұрағатынан алынды.
Жиынға қатысқан көпшілік ақынның өлеңдерін сүйсіне тыңдап, кей сәтте көздеріне жас алды, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.
Шара соңында жиналған қонақтар Жаркенттің қастерлі нысандарының бірі – жетіғасырлық тарихы бар «Әулиеағашқа» барып, тағылымды саяхат жасады.
Аталған поэзия кеші – жүректерге жылылық, санаға сәуле сыйлаған рухани мереке болды. Гүлбақыт Қасеннің жырлары – туған жердің топырағынан нәр алып, ұлттың рухын асқақтатқан асыл мұра.
Санжар Сұлтанғазы
Жаркент қаласы
Abai.kz